Хадис

Кутуб ситтә, № 4089

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
554. Жаманға жору және бал ашу
Нөмірі
№ 4089 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 1
4089
Кутуб ситтә, № 4089 · тараудағы реті: 1Риуаят етуші: Бурайда (р.а.)

عَنْ بُرَيْدَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «كَانَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ لَا يَتَطَيَّرُ مِنْ شَيْءٍ، وَكَانَ إِذَا بَعَثَ عَامِلًا سَأَلَ عَنِ اسْمِهِ، فَإِذَا أَعْجَبَهُ اسْمُهُ فَرِحَ بِهِ، وَرُئِيَ بِشْرُ ذَلِكَ فِي وَجْهِهِ، وَإِنْ كَرِهَ اسْمَهُ رُئِيَ كَرَاهِيَةُ ذَلِكَ فِي وَجْهِهِ. وَإِذَا دَخَلَ قَرْيَةً سَأَلَ عَنِ اسْمِهَا، فَإِنْ أَعْجَبَهُ اسْمُهَا فَرِحَ بِهَا، وَرُئِيَ بِشْرُ ذَلِكَ فِي وَجْهِهِ، وَإِنْ كَرِهَ اسْمَهَا رُئِيَ كَرَاهِيَةُ ذَلِكَ فِي وَجْهِهِ». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ.

Қазақша аудармасы

Бурайда (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.) еш нәрсені жаманға жорымайтын. Бір қызметкерін бір жаққа жіберерде оның есімін сұрайтын. Есімі ұнаса, қуанып, шаттығы жүзінен көрінетін. Ұнамаса, оны да жүзінен аңғаруға болатын. Бір ауылға кірерде оның да атын сұрайтын. Аты ұнаса, қуанып, оны жүзінен байқауға болатын. Ұнатпағаны да жүзінен білінетін».1

Түсіндірме

Бұл риуаятта Алла елшісінің (с.а.с.) арабтар арасында кең тараған жаманға жору сенімін теріске шығарғаны баяндалады. Бұл сенім әртүрлі ырымнан көрініс тапқандықтан, Пайғамбарымыз оны сөзбен де, ісімен де жоюға тырысқан.

Алла елшісі «тәтәюр», «тәшәум» деп аталатын жаманға жоруды теріске шығарып, «тәфәул», яғни жақсыға жоруды ұнатқан. Сондықтан жұмсайтын кісісінің есімі немесе кіретін ауылының аты жақсы болса, қуанған. Жағымсыз атқа көңілі толмауы оның жамандық күткенінен емес, жақсыға жоруға себеп таппағанынан еді.

Әлемдерге рақым етіп жіберілген Пайғамбарымыз айналасындағыларды жақсы есіммен атауға мән берген. Жағымсыз есімдерді жақсысына ауыстырған. Бұған қатысты мысалдарды өзге бөлімдерде де келтірдік.

Алла елшісі адамның жағымсыз есімдерін ғана емес, ауылдар мен асулардың аттарын да өзгерткен. Жақсы аттан жақсылық күтуінің бір мақсаты – мұсылмандарға әдемі есім қоюдың мәнін ұғындыру. Өйткені ол балаға жақсы ат қоюды әкенің міндеті, баланың ақысы деп санаған. Бұл өсиетті ісімен де бекіткен.

Жағымсыз ат қоюдың жөнсіздігі туралы Ибн Мәлік былай дейді: «Сүннет бойынша адам баласы мен қызметшісіне жақсы есім таңдауы керек. Кейде жаман есім басқа түскен сынаққа тұспа-тұс келеді. Мәселен, баласына Хасарәт, яғни “шығын” деп ат қойған кісінің өзіне не баласына бір зиян келсе, кей адамдар оны есімнен көріп, жаманға жориды. Содан ол кісімен араласудан, бірге жүріп-тұрудан қашады».

Демек, Алла елшісі жақсы есімді құп көріп, оған қуанған. Осы арқылы жақсылық пен жамандықты есімнен күтпей, бәрі Алланың қалауымен болатынын үйретіп, жаманға жору әдетіне қарсы тұрған.

  1. 1Әбу Дәуіт, «Тибб», 24 (№ 3920).