وَلِلْخَمْسَةِ إِلَّا أَبَا دَاوُدَ عَنِ الْبَرَاءِ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ: «لَمَّا نَزَلَتْ ﴿لَا يَسْتَوِي الْقَاعِدُونَ مِنَ الْمُؤْمِنِينَ﴾ دَعَا رَسُولُ اللَّهِ ﷺ زَيْدًا، فَجَاءَ بِكَتِفٍ يَكْتُبُهَا، وَشَكَا ابْنُ أُمِّ مَكْتُومٍ ضَرَارَتَهُ، فَنَزَلَتْ ﴿لَا يَسْتَوِي الْقَاعِدُونَ مِنَ الْمُؤْمِنِينَ غَيْرُ أُولِي الضَّرَرِ وَالْمُجَاهِدُونَ فِي سَبِيلِ اللَّهِ﴾».
Бәра (р.а.) былай дейді: «﴿لَا يَسْتَوِي الْقَاعِدُونَ مِنَ الْمُؤْمِنِينَ﴾ “Қол қусырып үйлерінде отырған мүміндер … тең емес…” деген аят түскенде, Алла елшісі Зәйдті шақырды. Зәйд аятты жазу үшін жауырын сүйегін ала келді. Сол кезде Ибн Үммі Мактум зағиптығын айтып, үзір сұрады. Сонда ﴿لَا يَسْتَوِي الْقَاعِدُونَ مِنَ الْمُؤْمِنِينَ غَيْرُ أُولِي الضَّرَرِ وَالْمُجَاهِدُونَ فِي سَبِيلِ اللَّهِ﴾ “Үзірлі болмаса да қол қусырып үйлерінде отырған мүміндер мен малын да, жанын да аямай Алла жолында күресіп жүрген мүміндер тең емес”1 деген сөздер түсті».2
Түсіндірме
Аят Алла жолында малы мен жанын аямай күрескендер мен үйінде қалған мүміндердің дәрежесі бірдей емес екенін білдіріп, жиһадқа ынталандырады. Хадис аяттағы «үзірлі болмаса да» деген сөздің қандай жағдайда түскенін баяндайды.
Амр ибн Үммі Мактум
Аяттың осы бөлігінің түсуіне себеп болған Амр ибн Үммі Мактум Алла елшісінің Біләлдан кейінгі азаншысы еді. Оның есімі жайында ғалымдардың пікірі әртүрлі, кейбірі Абдулла деп атаған. Риуаяттан оның дінге ықыласы ерекше болғанын аңғарамыз. «Абәсә» сүресінің түсуіне де осы кісі себеп болған. Бірде Алла елшісі Құрайыштың беделді адамдарын Исламға шақырып отырғанда, Амр біреудің жетелеуімен келіп: «Уа, Алланың елшісі, маған Құран оқытыңыз. Алланың сізге үйреткенінен маған да үйретіңізші», – дейді. Рабиғаның ұлдары Утба мен Шәйба, Әбу Жәһил, ол кезде әлі мұсылман болмаған Аббас ибн Абдулмутталиб, Умәйя ибн Халаф пен Уәлид ибн Мұғира отырған әңгіменің бөлінуін қаламаған Алла елшісі оған көңіл бөлмейді. Амр өтінішін бірнеше мәрте қайталағанда, Пайғамбар қабағын шытып, әңгімесін жалғастырады. Осы оқиғадан кейін «Абәсә» сүресінің мына аяттары түсті. ﴿عَبَسَ وَتَوَلَّىٰ﴾ «Қабақ шытып, теріс айналды.» ﴿أَنْ جَاءَهُ الْأَعْمَىٰ﴾ «Қасына бір зағип кісі келгені үшін.» ﴿وَمَا يُدْرِيكَ لَعَلَّهُ يَزَّكَّىٰ﴾ «Қайдан білесің, бәлкім, ол күнәларынан арылар,» ﴿أَوْ يَذَّكَّرُ فَتَنْفَعَهُ الذِّكْرَىٰ﴾ «я болмаса, ақыл алар, сөйтіп, айтылған ақыл-насихаттың оған пайдасы тиер?!» ﴿أَمَّا مَنِ اسْتَغْنَىٰ﴾ «Ал дін-иманды қажетсінбейтінге келсек,» ﴿فَأَنْتَ لَهُ تَصَدَّىٰ﴾ «сен оған ерекше ықылас қойып, көңіл бөлесің.» ﴿وَمَا عَلَيْكَ أَلَّا يَزَّكَّىٰ﴾ «Сен оның күнәларынан арылғысы келмегені үшін айыпты емессің.» ﴿وَأَمَّا مَنْ جَاءَكَ يَسْعَىٰ﴾ «Ал жаныңа еміне ентелеп келген,» ﴿وَهُوَ يَخْشَىٰ﴾ «Һәм Алладан шын именген жанға келсек,» ﴿فَأَنْتَ عَنْهُ تَلَهَّىٰ﴾ «сен оған тиісінше көңіл бөлмейсің.»3
Осы аяттар түскеннен кейін Алла елшісі (с.а.с.) Амр ибн Үммі Мактумды кездестірген сайын: «Раббымның маған ескерту жасауына себеп болған сүйікті досым, амансың ба?» – деп сәлемдесетін.
Амрдың анасы Үммі Мактумның есімі Атиқа бинт Абдулла әл-Махзумия еді. Әкесі Қайс мүміндердің анасы Хадишаның нағашысы болатын. Риуаяттарда Ибн Үммі Мактумның Мәдинаға алғаш һижрет еткендердің қатарында болғаны әрі Дәрул-Қуррада қонақ болғаны айтылады. Оның Бәдір шайқасынан көп ұзамай һижрет еткенін айтқандар да бар. Алла елшісі Мәдинадан сапарға шыққан сайын оны орнына қалдыратын. Ол бұл міндетті он үш рет атқарған. Қадисия шайқасына ту ұстаушы болып қатысып, сол жерде қаза тапқан делінеді. Кей риуаяттарда оның Қадисиядан оралып, Мәдинада көз жұмғаны айтылады.