Хадис

Кутуб ситтә, № 574

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
56. «Ниса» сүресі
Нөмірі
№ 574 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 40
574
Кутуб ситтә, № 574 · тараудағы реті: 40

وَعَنْ مُحَمَّدِ بْنِ عَبْدِ الرَّحْمَنِ قَالَ: «قُطِعَ عَلَى أَهْلِ الْمَدِينَةِ بَعْثٌ فَاكْتَتَبْتُ فِيهِ، فَلَقِيتُ عِكْرِمَةَ مَوْلَى ابْنِ عَبَّاسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا فَأَخْبَرْتُهُ، فَنَهَانِي أَشَدَّ النَّهْيِ، ثُمَّ قَالَ: أَخْبَرَنِي ابْنُ عَبَّاسٍ أَنَّ أُنَاسًا مِنَ الْمُسْلِمِينَ كَانُوا مَعَ الْمُشْرِكِينَ يُكَثِّرُونَ سَوَادَهُمْ، يَأْتِي السَّهْمُ يُرْمَى بِهِ فَيُصِيبُ أَحَدَهُمْ فَيَقْتُلُهُ، أَوْ يُضْرَبُ فَيُقْتَلُ، فَأَنْزَلَ اللَّهُ تَعَالَى: ﴿إِنَّ الَّذِينَ تَوَفَّاهُمُ الْمَلَائِكَةُ ظَالِمِي أَنْفُسِهِمْ﴾ الْآيَةَ».

Қазақша аудармасы

Әтбағут-табиғиндердің бірі Мұхаммед ибн Абдуррахман былай дейді: «Абдулла ибн Зубәйірдің халифалығы тұсында Шам жұртына қарсы аттандыру үшін Мәдина халқынан әскер жасақтау ұйғарылды. Мен де жасаққа жазылдым. Ибн Аббастың азат еткен адамы Икриманы кездестіріп, мән-жайды айттым. Ол менің бұл жорыққа қатысуыма қатаң тыйым салды. Содан кейін былай деді: “Ибн Аббас (р.анһума) маған мұсылмандардың бір тобы Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) тұсында мүшріктермен бірге жүріп, солардың санын көбейткенін айтты. Мүшріктерге атылған оқ кейде сол мұсылмандардың біріне тиіп, ол көз жұматын. Қылыштан қаза тапқандары да болды. Сонда Алла Тағала мына аятты түсірді”. ﴿إِنَّ الَّذِينَ تَوَفَّاهُمُ الْمَلَائِكَةُ ظَالِمِي أَنْفُسِهِمْ قَالُوا فِيمَ كُنْتُمْ ۖ قَالُوا كُنَّا مُسْتَضْعَفِينَ فِي الْأَرْضِ ۚ قَالُوا أَلَمْ تَكُنْ أَرْضُ اللَّهِ وَاسِعَةً فَتُهَاجِرُوا فِيهَا ۚ فَأُولَٰئِكَ مَأْوَاهُمْ جَهَنَّمُ ۖ وَسَاءَتْ مَصِيرًا﴾ “Өлім періштелері өз-өздеріне қиянат жасағандардың жанын аларда: ‘Қандай іспен шұғылдандыңдар?’ – деп сұрағанда, олар: ‘Біз бұл жерде қысым көрген қауқарсыз жандар едік’, – дейді. Сонда періштелер: ‘Әйтсе де, Алланың жері кең емес пе еді?! Қоныс аударам десеңдер, сендерге қой деген кім бар?!’ – деп айтады. Міне, ондайлардың түбінде барып паналайтын жері тозақ болады. Ол қандай жаман барар жер, қандай жаман ақырғы тұрақ еді!”1».2

Түсіндірме

Бұл риуаятта түсу себебі баяндалған аят – мүміндерге һижрет етуді бұйырған маңызды аяттардың бірі. Мүшріктердің арасында қалып, олардың көп болып көрінуіне себепкер болудың өзі үлкен жауапкершілік жүктейді.

Ибн Аббастың (р.анһума) өзге еңбектерде егжей-тегжейлі келтірілген баяндауынша, Алла елшісі (с.а.с.) һижрет еткеннен кейін Меккеде Исламды қабылдағандар болды. Олар көшкісі келмей, сол қалада қалу үшін мұсылман болғандарын жасырып жүрді. Бәдір шайқасында мүшріктер оларды да ұрысқа қатысуға мәжбүрледі. Олардың біразы оқ тиіп, қылышқа ілініп қаза тапты. Мұсылмандар: «Бұлар мүмін еді, шайқасқа мәжбүрліктен қатысты. Олар үшін Алладан кешірім тілейік», – деді. Сонда жоғарыда келтірілген аят түсті. Мәдинадағы мұсылмандар оны Меккеде қалғандарға жазып, сол жерде қала беруге үзірлері жоқ екенін білдірді. Олар Меккеден шыққанда, мүшріктер қуып жетіп, бөгеп, азап көрсетті. Сол кезде мына аят түсті. ﴿وَمِنَ النَّاسِ مَنْ يَقُولُ آمَنَّا بِاللَّهِ فَإِذَا أُوذِيَ فِي اللَّهِ جَعَلَ فِتْنَةَ النَّاسِ كَعَذَابِ اللَّهِ وَلَئِنْ جَاءَ نَصْرٌ مِنْ رَبِّكَ لَيَقُولُنَّ إِنَّا كُنَّا مَعَكُمْ ۚ أَوَلَيْسَ اللَّهُ بِأَعْلَمَ بِمَا فِي صُدُورِ الْعَالَمِينَ﴾ «Кей адамдар “Аллаға иман келтірдік” дейді, алайда Алла жолында қысым көріп, жапа шексе, адамдардың қысымы мен озбырлығын Алланың азабындай көреді. Ал керісінше, саған Раббыңнан қандай да бір медет келсе: “расында, біз сендермен бірге болған едік”, – деп айтады. Алла адамдардың көкірегінде не жатқанын бәрінен де жақсы біледі емес пе?!»3 Мұсылмандар бұл аятты да оларға жазып жіберді. Меккедегілер қатты налып, жақсылықтан үміт үзе бастады.

Содан кейін мына аят түсті. ﴿ثُمَّ إِنَّ رَبَّكَ لِلَّذِينَ هَاجَرُوا مِنْ بَعْدِ مَا فُتِنُوا ثُمَّ جَاهَدُوا وَصَبَرُوا إِنَّ رَبَّكَ مِنْ بَعْدِهَا لَغَفُورٌ رَحِيمٌ﴾ «Сонымен қатар иман келтіргені үшін жазықсыз жапа шегіп, қысым көргеннен соң Алла үшін һижрет еткен, содан кейін Алла жолында қасық қаны қалғанша күрескен, әрі басқа түскен қиыншылықтарға сабырлылық танытқан жандарға Раббың өзі жар болады. Содан кейін Раббың – өте кешірімді, ерекше мейірімді.»4 Мәдинадағы мұсылмандар оларға бұл аятты да жазып: «Алла сендерге құтылар жолды көрсетті», – деді. Олар тағы да Меккеден шықты. Мүшріктер жолдарын кескенде, екі жақ қақтығысып, бір бөлігі құтылды, енді бір бөлігі қаза тапты.

  1. 1«Ниса» сүресі, 97-аят.
  2. 2Бұхари, «Тәфсир», «Ниса», 19 (4596); «Фитән», 12 (7085).
  3. 3«Анкәбут» сүресі, 10-аят.
  4. 4«Нахыл» сүресі, 110-аят.