Хадис

Кутуб ситтә, № 4170

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
569. Азат ету
Нөмірі
№ 4170 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 7
4170
Кутуб ситтә, № 4170 · тараудағы реті: 7Риуаят етуші: Сәфина (р.а.)

وَعَنْ سَفِينَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «كُنْتُ مَمْلُوكًا لِأُمِّ سَلَمَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا. فَقَالَتْ: أُعْتِقُكَ وَأَشْتَرِطُ عَلَيْكَ أَنْ تَخْدُمَ رَسُولَ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ مَا عِشْتَ. فَقُلْتُ: وَلَوْ لَمْ تَشْتَرِطِي عَلَيَّ لَمْ أَفْعَلْ غَيْرَهُ، فَأَعْتَقَتْنِي وَاشْتَرَطَتْ عَلَيَّ». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ.

Қазақша аудармасы

Сәфина (р.а.) былай дейді: «Мен Үммі Сәләманың (р.анһа) құлы едім. Бір күні ол маған: “Сені азат етемін. Шартым – тірі жүргеніңде Расулаллаға (с.а.с.) қызмет етуің”, – деді. Мен: “Бұл шартты қоймасаң да, Алла елшісіне қызмет етер едім”, – дедім. Сөйтіп ол мені азат етіп, осы шартын қойды».1

Түсіндірме

Хаттаби былай дейді: «Бұл жерде “шарт” деп аталғаны – өтініш. Оны орындау-орындамау азат етілген адамның еркінде. Фиқһ ғалымдарының көбі құлды азат еткенде мұндай шарт қоюды дұрыс көрмеген. Азаттық алған адам өзгенің бұйрығын орындамауға, өтінішінен бас тартуға құқылы».

Бәғауидің «Шарх әс-сүннә» еңбегінде былай түсіндіріледі: «Біреу құлын “Маған бір ай қызмет етесің деген шартпен азат етемін” десе, құл қабылдаған сәтте азат болып, бір ай қызмет етуге міндеттеледі. Ал “өмір бойы қызмет етесің” десе не қызмет мерзімін мүлде белгілемесе, құл қабылдаған бойда азат болады, бірақ қожайынына құлдың құнындай қарыз болады. Шарт азат етуден бұрын қойылса, ол қызмет етпей-ақ өз құнын өтейді. Ал қожайыны шартты азат еткеннен кейін қойса, азат болған кісі құн да төлемейді, қызмет те етпейді». Көпшілік ғалымның пікірі осыған саяды.

«Нәйл әл-аутар» еңбегінде осы хадис құлды шартпен азат етуге дәлел ретінде келтірілген. Ибн Рашид қожайыны қызмет ету шартымен азат еткен құл қызметін атқарып болғанша азат болмайды деген тұжырымның даулы екенін айтады.

Ибн Раслан былай дейді: «Бұл жөнінде пікір көп. Ибн Сирин осыған ұқсас жағдайлардың бәрінде шартты жарамды деп таныған. Ахмад ибн Ханбалдан сұралғанда, ол: “Азат етілген адам қызмет міндетін қожайынынан сатып алып, бостандықта қала береді”, – деді. “Ақша төлей ме?” деген сұраққа: “Иә”, – деп жауап берді».

  1. 1Әбу Дәуіт, «Итқ», 3 (№ 3932). Ибн Мәжа, «Итқ», 6 (№ 2526).