وَعَنْ مَالِكٍ أَنَّهُ بَلَغَهُ أَنَّ ابْنَ عُمَرَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا: «سُئِلَ عَنْ الرَّقَبَةِ الْوَاجِبَةِ تُشْتَرَى بِشَرْطِ الْعِتْقِ، فَقَالَ: لَا».
Имам Мәликке жеткен риуаят бойынша, Ибн Омардан (р.а.) азат ету шартымен сатып алынған құлды азат ету арқылы кәффараттағы міндет өтеле ме деп сұраған. Ол: «Жоқ, болмайды», – деп жауап берген.1
Түсіндірме
«Рақаба уәжибә» – діни міндет бойынша азат етілуге тиіс құл. Бұл ұғым Құранда аталған антты бұзу, кісі өлтіру немесе зиһар кәффараты сияқты жағдайларда қолданылады. Бұған қоса, Расулалла (с.а.с.) уәде еткен сауапқа қол жеткізу үшін өз еркімен құл азат ету де бар. Бұл екі амалдың мақсаты бөлек болғандықтан, азат етілетін адамға қойылатын шарттар да әртүрлі болуы мүмкін.
Ибн Омардан «Мойнында құл азат ету міндеті бар адам басқа біреуден белгілі шартпен құл сатып алып, оны босатса, міндеті өтеле ме?» деп сұраған. Ол: «Жоқ», – деп жауап берген.
Демек, мұндай міндетті өтеу үшін құлды толық азат ету керек. Өзге адамның үлесі бар не біреуге қарызын өтеуге, қызмет көрсетуге міндеттелген құлды босату арқылы міндет өтелмейді.
Имам Мәлик Ибн Омардың жауабын былай түсіндіреді: «Бұл – толық иелік етілген құлдың үкіміне жатпайды. Өйткені сатушы оны азат ету шартымен алған кісіге бағасының бір бөлігін кеміткен».
Имам Мәлик: «Өз еркімен, сауап ниетімен азат ететін құлды бостандық беру шартымен сатып алуға болады», – дейді.
Ол міндетті кәффарат үшін христиан не яһуди құлды, мүкатабты, мүдәббарды, үмм уәләдті, бірнеше жылдан кейін бостандық алуы белгіленген құлды және зағип құлды азат етуге болмайтынын айтқан.
Осы пікір бойынша, міндетті кәффарат үшін азат етілетін құл мұсылман және оған өзгенің үлесі не бостандығын белгілейтін бұрынғы шарт байланбаған болуы керек. Ал сауап ниетімен ерікті түрде азат еткенде христианды, яһудиді немесе мәжусиді де босатуға болады.
Имам Мәлик «Муаттада» міндетті кәффарат үшін азат етілетін құлдың мүмін болуы керегін айтып, кәффарат асы да мұсылман мұқтаждарға берілетінін қосқан.
Имам Мәлик міндетті кәффаратта құлдың мұсылман болу шартын кісі өлтіру кәффараты туралы аяттан алған. Онда ﴿فَتَحْرِيرُ رَقَبَةٍ مُؤْمِنَةٍ﴾ «бір мүмін құлды азат етуі» деп айтылады («Ниса» сүресі, 92-аят). Басқа кәффараттарда бұл шарт ашық айтылмаған. Ғалымдар осы аяттағы шартты қияс арқылы өзгелеріне де қолданған.
- 1«Муатта», «Итқ», 12 (2-том, 778-бет).