وَعَنْ جَابِرٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «طُلِّقَتْ خَالَتِي فَأَرَادَتْ أَنْ تَجُدَّ نَخْلَهَا، فَزَجَرَهَا رَجُلٌ أَنْ تَخْرُجَ، فَأَتَتِ النَّبِيَّ ﷺ فَقَالَ: بَلَى، فَجُدِّي نَخْلَكِ، فَإِنَّكِ عَسَى أَنْ تَصَدَّقِي أَوْ تَفْعَلِي مَعْرُوفًا». أَخْرَجَهُ مُسْلِمٌ وَأَبُو دَاوُدَ وَالنَّسَائِيُّ. «جَدَّ النَّخْلَ» إِذَا قَطَعَ ثَمَرَهَا.
Жәбир (р.а.) былай дейді: «Нағашы апама күйеуі талақ берді. Ол құрмасын жинауға шықпақ еді, бір кісі оған тыйым салды. Нағашы апам Пайғамбарға (с.а.с.) барып, осыны сұрады. Ол: “Иә, құрмаңды жина. Бәлкім, содан садақа берерсің немесе бір игі іс істерсің”, – деді».1
Түсіндірме
Хаттаби бұл хадистен ғиддат күткен әйелдің күндіз үйден шыға алатынын айтады. Құрма әдетте күндіз жиналады. Әйел сыртқа бүркеніп шығады, ал түнде құрма жинауға шықпайды. Ансарлардың құрма бақтары үйлеріне жақын болғандықтан, таңертең кеткен әйел ақшамға дейін оралып үлгеретін. Бұл пікір үш талақпен ажырасқан әйелге қатысты. Талақ үштен кем болса, күндіз де үйден шықпайды. Әбу Ханифа ажырасқан әйелдің ғиддат кезінде күндіз де, түнде де шықпауын айтқан. Шафиғи хадиске сүйеніп, күндіз шыға алады, түнде шықпайды деген.
Әли әл-Қари Пайғамбардың (с.а.с.) әйелге құрмасынан садақа беру немесе өзге игі іс істеу мүмкіндігін атап, сол себеппен шығуға рұқсат еткенін айтады.
Ханафилер бір немесе екі рижғи талақ алған әйел ғиддат кезінде күндіз де, түнде де үйден шықпайды деген. Олар ﴿لَا تُخْرِجُوهُنَّ مِنْ بُيُوتِهِنَّ وَلَا يَخْرُجْنَ إِلَّا أَنْ يَأْتِينَ بِفَاحِشَةٍ مُبَيِّنَةٍ﴾ «Талақ айтқан әйелдеріңді анық арсыздыққа бармайынша, үйлерінен шығармаңдар, олар да өз беттерімен кетіп қалмасын.» («Талақ» сүресі, 1-аят) деген аятты дәлел етеді.2
Аяттағы «анық арсыздықты» кей ғалымдар зина деп түсіндірген. Бұл түсіндірмеде әйел жаза қолдану үшін ғана үйден шығарылады. Өзге ғалымдар аяттағы сөзді «мойынсұнбау» деп түсіндіріп, осының салдарынан әйелдің ғиддат өтейтін баспанаға қақысы жойылады деген.
Осы пікір бойынша әйел теріс әрекет жасамайынша үйден шығарылмайды. Нәпақасын күйеуі беретіндіктен, күнкөріс үшін сыртқа шығуға мұқтаж болмайды. Ал күйеуі қайтыс болған әйел күнкөріс қажетімен күндіз сыртқа шыға алады.
Ол түнді ғиддатын өткізіп жүрген үйінде өткізуге тиіс.