Хадис

Кутуб ситтә, № 4256

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
584. Ухуд шайқасы
Нөмірі
№ 4256 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 1
4256
Кутуб ситтә, № 4256 · тараудағы реті: 1Риуаят етуші: Әбу Һурайра (р.а.)

عَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «بَعَثَ النَّبِيُّ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ عَشَرَةً عَيْنًا وَأَمَّرَ عَلَيْهِمْ عَاصِمَ بْنِ ثَابِتٍ، وَهُوَ جَدُّ عَاصِمِ بْنِ عُمَرَ بْنِ الْخَطَّابِ. فَانْطَلَقُوا حَتَّى إِذَا كَانُوا بَيْنَ عُسْفَانَ وَمَكَّةَ، ذُكِرُوا لِحَيٍّ مِنْ هُذَيْلٍ يُقَالَ لَهُمْ بَنُو لِحْيَانَ. فَتَبِعُوهُمْ بِقَرِيبٍ مِنْ مِائَةِ رَامٍ فَاقْتَصُّوا آثَارَهُمْ حَتَّى أَتَوْا مَنْزِلًا نَزَلُوهُ فَوَجَدُوا فِيهِ نَوَى تَمْرٍ تَزَوَّدُوهُ مِنَ الْمَدِينَةِ. فَقَالُوا: هَذَا تَمْرُ يَثْرِبَ. فَتَبِعُوا آثَارَهُمْ حَتَّى لَحِقُوهُمْ فَلَمَّا أَحَسَّ بِهِمْ عَاصِمٌ وَأَصْحَابُهُ لَجَؤُوا إِلَى فَدْفَدٍ، وَجَاءَ الْقَوْمُ فَأَحَاطُوا بِهِمْ فَقَالُوا: لَكُمْ الْعَهْدُ وَالْمِيثَاقُ إِنْ نَزَلْتُمْ إِلَيْنَا أَنْ لَا نَقْتُلَ مِنْكُمْ رَجُلًا. فَقَالَ عَاصِمٌ: أَمَّا أَنَا فَلَا أَنْزِلُ فِي ذِمَّةِ كَافِرٍ. اللَّهُمَّ أَخْبِرْ عَنَّا رَسُولَكَ. فَقَاتَلُوهُمْ حَتَّى قَتَلُوا عَاصِمًا فِي سَبْعَةِ نَفَرٍ بِالنَّبْلِ وَبَقِيَ خُبَيْبٌ وَزَيْدٌ وَرَجُلٌ آخَرُ. فَأَعْطَوْهُمْ الْعَهْدَ وَالْمِيثَاقَ. فَنَزَلُوا إِلَيْهِمْ. فَلَمَّا اسْتَمْكَنُوا مِنْهُمْ حَلُّوا أَوْتَارَ قِسِيِّهِمْ فَرَبَطُوهُمْ بِهَا. فَقَالَ الرَّجُلُ الثَّالِثُ الَّذِي مَعَهُمَا: هَذَا أَوَّلُ الْغَدْرِ. فَأَبَى أَنْ يَصْحَبَهُمْ فَجَرَّرُوهُ وَعَالَجُوهُ عَلَى أَنْ يَصْحَبَهُمْ. فَأَبَى أَنْ يَفْعَلَ فَقَتَلُوهُ. وَانْطَلَقُوا بِخُبَيْبٍ وَزَيْدٍ حَتَّى بَاعُوهُمَا بِمَكَّةَ فَاشْتَرَى خُبَيْبًا بَنُو الْحَارِثِ بْنِ عَامِرِ بْنِ نَوْفَلٍ. وَكَانَ خُبَيْبٌ هُوَ قَتَلَ الْحَارِثَ يَوْمَ بَدْرٍ. فَمَكَثَ عِنْدَهُمْ أَسِيرًا حَتَّى أَجْمَعُوا قَتْلَهُ. فَاسْتَعَارَ مُوسَى مِنْ بَعْضِ بَنَاتِ الْحَارِثِ لِيَسْتَحِدَّ بِهَا. فَأَعَارَتْهُ. قَالَتْ: فَغَفَلْتُ عَنْ صَبِيٍّ لِي فَدَرَجَ إِلَيْهِ حَتَّى أَتَاهُ فَوَضَعَهُ عَلَى فَخْذِهِ فَلَمَّا رَأَيْتُهُ فَزِعْتُ فَزْعَةً حَتَّى عَرَفَ ذَلِكَ مِنِّي وَفِي يَدِهِ الْمُوسَى. فَقَالَ: أَتَخْشَيْنَ أَنْ أَقْتُلَهُ؟ مَا كُنْتُ أَفْعَلُ ذَلِكَ إِنْ شَاءَ اللَّهِ. وَكَانَتْ تَقُولُ: مَا رَأَيْتُ أَسِيرًا قَطُّ خَيْرًا مِنْ خُبَيْبٍ، وَلَقَدْ رَأَيْتُهُ يَأْكُلُ مِنْ قِطْفِ عِنَبٍ، وَمَا بِمَكَّةَ يَوْمَئِذٍ ثَمَرَةٌ، وَإِنَّهُ لَمُوثَقٌ بِالْحَدِيدِ، وَمَا كَانَ إِلَّا رِزْقًا رَزَقَهُ اللَّهُ خَبِيبًا. فَخَرَجُوا بِهِ مِنَ الْحَرَمِ لِيَقْتُلُوهُ فَقَالَ: دَعُونِي أُصَلِّي رَكْعَتَيْنِ ثُمَّ انْصَرَفَ إِلَيْهِمْ فَقَالَ: لَوْلَا أَنْ تَرَوْا أَنَّ مَا بِي جَزَعٌ مِنَ الْمَوْتِ لَزِدْتُ. فَكَانَ أَوَّلُ مَنْ سَنَّ الرَّكْعَتَيْنِ عِنْدَ الْقَتْلِ هُوَ. وَقَالَ: اللَّهُمَّ أَحْصِهِمْ عَدَدًا. ثُمَّ قَالَ: مَا أُبَالِي حِينَ أُقْتَلُ مُسْلِمًا عَلَى أَيِّ شِقٍّ كَانَ فِي اللَّهِ مَصْرَعِي وَذَلِكَ فِي ذَاتِ اللَّهِ وَإِنْ يَشَأْ يُبَارِكْ عَلَى أَوْصَالِ شِلْوٍ مُمَزَّعِ ثُمَّ قَامَ إِلَيْهِ عُقْبَةُ بْنِ الْحَارِثِ فَقَتَلَهُ. وَبَعَثَتْ قُرَيْشٌ إِلَى عَاصِمٍ لِيُؤْتَوْا بِشَيْءٍ مِنْ جَسَدِهِ بَعْدَ مَوْتِهِ، وَكَانَ قَتَلَ عَظِيمًا مِنْ عُظَمَائِهِمْ يَوْمَ بَدْرٍ. فَبَعَثَ اللَّهُ عَلَيْهِ مِثْلَ الظُّلَّةِ مِنَ الدَّبْرِ. فَحَمَتْهُ مِنْ رُسُلِهِمْ فَلَمْ يَقْدِرُوا مِنْهُ عَلَى شَىْءٍ». أَخْرَجَهُ الْبُخَارِيُّ وَأَبُو دَاوُدَ. «الْفَدْفَدُ» الْمَوْضِعُ الْغَلِيظُ الْمُرْتَفِعُ. وَمَعْنَى «عَالِجُوهُ» أَىْ مَارَسُوهُ، وَأَرَادَ بِهِ أَنَّهُمُ خَدَعُوهُ لِيَتَّبِعَهُمُ فَأَبَى. وَ«الِاسْتِحْدَادُ» حَلْقُ الْعَانَةِ. وَ«الْقَطْفُ» الْعُنْقُودُ، وَهُوَ اسْمٌ لِكُلِّ مَا يُقْطَفُ. وَ«الشَّلْوُ» الْعُضْوُ مِنْ أَعْضَاءِ إِنْسَانٍ. وَ«الْمُمَزَّعُ» الْمُفَرَّقُ. «الظَّلَّةُ» الشَّيْءُ الْمُظِلُّ مِنْ فَوْقُ. «الدَّبْرُ» جَمَاعَةُ النَّحْلِ.

Қазақша аудармасы

Әбу Һурайра (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.) он кісілік барлаушы жасақ аттандырып, Асым ибн Сәбитті басшы етті. Ол Асым ибн Омар ибн әл-Хаттабтың нағашы атасы еді. Жасақ Усфан мен Меккенің арасындағы бір жерге жеткенде, бұл хабар Хузайлдың Бәни Лихян деген тармағына жетті. Олардың жүзге жуық садақшысы жасақтың ізіне түсті. Із қуып жүріп, сахабалар аялдаған жерге келді де, Мәдинадан азыққа ала шыққан құрманың дәндерін тапты. “Бұл – Ясрибтің, яғни Мәдинаның, құрмасы”, – деп, ізімен жүре беріп, жасақты қуып жетті. Асым мен серіктері оларды байқап, бір биік жерді паналады. Қуғыншылар келіп, оларды қоршап алды.

“Бізге берілсеңдер, ешқайсыңды өлтірмейміз деп серт береміз”, – деді. Асым: “Мен кәпірдің панасына түспеймін. Уа, Аллам, елшіңе бізден хабар жеткізе гөр!” – деді. Шайқас басталып, қуғыншылардың жебесінен Асым бастаған жеті кісі қаза тапты. Хубайб, Зәйд және тағы бір кісі қалды. Қуғыншылар бұларға да амандыққа уәде бергенде, үшеуі төмен түсіп, берілді. Қолға түскен бойда, қуғыншылар садақтарының кірісін шешіп, үшеуін байлады.

Хубайб пен Зәйдтің жанындағы үшінші кісі: “Бұл – серттеріңді бұзған алғашқы істерің”, – деп, олармен бірге жүруден бас тартты. Оны сүйреп, ертіп кетпек болды. Ол көнбеген соң, өлтірді. Хубайб пен Зәйдті Меккеге апарып, сатып жіберді. Хубайбты әл-Харис ибн Амир ибн Нәуфалдың балалары сатып алды. Хубайб Бәдір күні әл-Харисті өлтірген еді. Оны тұтқында ұстап, ақыры өлтіруге келісті. Бірде Хубайб әл-Харистің қыздарының бірінен қырынуға ұстара сұрады. Ол ұстарасын берді. Әйелдің айтуынша, баласына бір сәт қарамай қалғанда, бала Хубайбтың жанына барып, тізесіне отырған. Хубайбтың қолында ұстара барын көріп, әйел қатты шошып кетті. Хубайб оның қорыққанын байқады.

Хубайб: “Балаңды өлтіре ме деп қорқып тұрсың ба? Алла қаласа, ондай іс істемеймін”, – деді. Әлгі әйел кейін былай айтатын: “Хубайбтан жақсы тұтқын көрмедім. Бірде бір шоқ жүзімнен жеп отырғанын көрдім. Ол кезде Меккеде еш жеміс жоқ еді. Өзі темір шынжырмен байлаулы болатын. Ол жүзім – Алланың Хубайбқа берген несібесі”.

Хубайбты өлтіру үшін Харам аймағынан сыртқа алып шықты. Ол: “Екі рәкат намаз оқуыма мұрсат беріңдер”, – деді. Намазын оқып, оларға қарай бұрылып: “Өлімнен қорқып, намазын ұзартты демесеңдер, бұдан да ұзағырақ оқыр едім”, – деді. Жазаға тартылар алдында екі рәкат намаз оқуды алғаш жолға қойған – осы Хубайб (р.а.).

Ол: “Уа, Аллам, бұлардың бәрін бір-бірлеп есепке ала гөр!” – деді. Содан соң мына бәйіттерді айтты:

“Мұсылман күйде өлсем, еш қам жемеймін,

Қай тұста ажал жетсе де, Алла үшін өлемін.

Бұл өлім – Оның разылығы жолында,

Қаласа, бөлшектенген денемнің буынына береке дарытар”.

Содан кейін Хубайб: “Уа, Аллам, елшіңе сәлемімді жеткізер ешкім таппадым. Өзің жеткізе гөр”, – деді.

Осыдан кейін Уқба ибн әл-Харис Хубайбты өлтірді.

Бәдірде өздерінің бір беделді адамын өлтірген Асым қайтыс болған соң, Құрайыш оның денесінен бір бөлшек әкелуге кісі жіберді. Алла Тағала Асымның үстіне көлеңкедей үйірілген ара тобын жіберді. Аралар денесін Құрайыш жібергендерден қорғап, олар ештеңе ала алмай қайтты».1

Түсіндірме

1. Ибн әл-Әсирдің пікірінше, Ражи оқиғасы һижреттің төртінші жылының басында, Сафар айында, Ухуд шайқасынан кейін болды. Ибн Исхақтың жеткізуінше, Ухудтан соң Адал мен әл-Қара тайпаларынан бір топ кісі келіп: «Уа, Алла елшісі! Арамызда ислам таралып жатыр. Бізге дінді үйрету үшін сахабаларыңыздың біразын қосып жіберсеңіз», – деп өтінді. Алла елшісі (с.а.с.) оларға алты кісіні қосып, Асым ибн Сәбитті, бір риуаят бойынша, Марсад ибн Әбу Марсадты (р.а.) басшы етті.

Оқиғаның баяндалуында нұсқа айырмасы бар. Жоғарыдағы риуаятта он кісі делінсе, Ибн Исхақтың риуаятында алты кісі аталады. Ибн Хажар үш кісі соларға ерген адамдар болуы, сондықтан олардың аты-жөніне көп мән берілмеуі мүмкін деп болжайды.

Топ әл-Һаддаға келгенде, серт бұзушылардың қолына түсті. Алып келе жатқандар Хузайл тайпасынан жүзге жуық садақшы жинап, жоғарыдағы хадисте баяндалған қастандықты жасаған.

2. Риуаятта Асымның денесінен бір бөлшек әкелуге кісі жіберілгені айтылады. Басқа нұсқаларда оның басын кесіп, Сулафа бинт Сағдқа сатпақ болғаны жазылған. Асым осы әйелдің екі ұлын шайқаста өлтірген еді. Әйел Асымның (р.а.) бас сүйегінен шарап ішуге серт берген. Алла тағала денені аралармен қорғағанда, күндіз маңына жолай алмады. Түнде қайта барғанда да денені таба алмай, құралақан қайтты.

Меккеге әкелінген екінші тұтқын Зәйд ибн әд-Дасиннаны Сафуан ибн Умайя Бәдірде өлген әкесі Умайя ибн Халафтың кегін алу үшін сатып алды. Сафуан оны Нистас атты азат еткен құлына тапсырып, Харамнан тыс Танғимға апартты. Сол жердегі құрайыштықтардың бірі Әбу Суфиян Зәйдтен: «Алла үшін айтшы, өзің отбасыңа аман оралып, орныңда Мұхаммедтің өлтірілгенін қалар ма едің?» – деп сұрады. Зәйд: «Аллаға ант етемін, өзім үйімде отырып, Мұхаммедтің отырған жерінде аяғына бір тікен батып, ауырғанын да қаламаймын», – деді. Сонда Әбу Суфиян: «Мұхаммедтің сахабалары оны қалай сүйсе, ешкімнің өзге біреуді дәл солай сүйгенін көрмеппін», – деді.2

Сахабалардың Алла елшісіне (с.а.с.) деген сүйіспеншілігін көрсететін бірқатар оқиға Ухуд шайқасында да болды. Осындай оқиғаларды осы жерде еске алған жөн. Олар исламның аз уақытта кең тарауының және арада ғасырлар өтсе де, шынайылығын сақтап қалуының сырын ұқтырады.

Ухудта жұрт абыржып қалғанда, Әнәс ибн ән-Надыр жалғыз ілгері ұмтылып, сасып тұрған бір топ мұһажирге жолықты. «Неге қимылдамай тұрсыңдар?» – деп сұрады. «Алла елшісі (с.а.с.) қаза тауыпты», – деді олар. Әнәс: «Ол қаза тапқан соң, қандай мұратпен өмір сүрмексіңдер? Ол жанын берген мұрат үшін сендер де жан аямаңдар! Уа, жұртым! Мұхаммед қаза тапса да, Мұхаммедтің Раббысы мәңгі тірі, мұраты да жоғалмайды. Ол не үшін күрессе, сендер де сол үшін күресіңдер!» – деді.

Сафия бинт Абдулмутталиб Хамзаның мәйітін қорлағанын, ішін жарып, бауырын алғанын естіп, оны көруге майданға барды. Алла елшісі (с.а.с.) Сафияның ұлы Зубәйірге (р.а.): «Анаңды кері қайтар. Бауыры Хамзаны сол күйінде көрмесін», – деді. Зубәйір анасын қарсы алып, Алла елшісінің (с.а.с.) сөзін жеткізді. Сонда Сафия анамыз: «Бауырымның мәйітін қорлағанын естідім. Алла жолында мұның өзі аз. Бұдан да ауырына разымыз. Сауабын Алладан күтіп, сабыр етемін», – деді.

Зубәйір (р.а.) анасының осы сөзін Алла елшісіне (с.а.с.) жеткізгенде, ол: «Ендеше, бара берсін», – деп рұқсат етті.

Сафия Хамзаның жанына барып, сабырмен дұға етті. ﴿إِنَّا لِلَّهِ وَإِنَّا إِلَيْهِ رَاجِعُونَ﴾ «Шүбәсіз, бәріміз бір Аллаға тиесіліміз және түбінде Оған қайтамыз», – деп, сол жерден кетті.3

Шайқастан кейін Алла елшісі (с.а.с.) сахабаларымен Мәдинада Бәни Динардың бір әйеліне жолықты. Оның күйеуі, туған бауыры және әкесі Ухудта шейіт болған еді. Сахабалар үшеуінің қазасын бір-бірлеп жеткізді. Әйел: «Алла елшісінің жағдайын айтыңдаршы», – деді. Сахабалар: «Аллаға шүкір, ол дін аман, өзің қалағандай сау», – деді. «Көрсетіңдерші, өз көзіммен көрейін», – деп сұрады. Олар Алла елшісінің (с.а.с.) тұрған жерін нұсқады. Әйел оны көргенде: «Сіз аман болсаңыз, өзге қайғының бәрі жеңіл», – деді.

3. Хадистен алынған тұжырымдар

– Тұтқынның қарсы жақ ұсынған пананы қабылдамауына рұқсат.

– Пананы қабылдауға да рұқсат бар. Дегенмен пана сұрамауды жөн көргендер болған. Хасан Басри пана сұраудың айыбы жоқ десе, Суфиян әс-Сәури оны мәкрүһ деп санаған.

– Хадисте мүшріктерге берген сертті сақтау, олардың балаларын өлтіруден тыйылу, өзін өлтірмек болғандарға ізгілік таныту үлгісі бар.

– Әулиелердің кереметі – ақиқат.

– Шархта кәпірлерге жалпылай қарғыс айтуға рұқсат делінген.

– Өлім жазасы орындалар алдында намаз оқуға болады.

– Өлім жазасы орындалар алдында өлең айтуға да болады.

– Оқиға Хубайбтың (р.а.) иманының беріктігі мен дініне кәміл сенімін көрсетеді.

– Алла мұсылман құлдарын да алуан ауыртпалықпен сынайды.

– Бұл риуаятта мұсылманның дұғасына көзі тірісінде де, қайтыс болғаннан кейін де Алла жауап беретініне мысал бар. Алла тағала Асымның денесін қайтыс болған соң қорғап, мүшріктерге тигізбеді. Оған шейіттік дәрежесін нәсіп ету үшін өлтірілуіне бөгет жасамады.

4. Керемет туралы

Хубайбтың (р.а.) бір шоқ жүзім жеуі – сахабаларға нәсіп болған кереметтің мысалы. Кереметтің растығы жайындағы таласты баяндаған Ибн Хажар кейбіреудің оны мойындамағанын айтады. Бұдан соң екі пікірдің ортасын ұстанған Ибн Батталдың түсіндірмесін келтіреді: «Әһлі сүннет уәл-жамағат арасында кең тараған пікір бойынша, керемет – ақиқат. Дегенмен Әбулқасым әл-Қушайри секілді ғалымдар кей пайғамбарларға қарсы жаққа дәлел ретінде берілген мұғжизалардың әулиелерде көрінуін бұдан тыс санайды. Мысалы, әкесіз балалы болу секілді ғажайыпты олар жасай алмайды. Керемет жайындағы ең дұрыс пікір – осы. Өйткені дұғаның дереу қабыл болуы, дұғамен ас-судың көбеюі, көзге көрінбес жайттың ашылуы және болашақ оқиғаның алдын ала білінуі секілді кереметтер жиі кездескендіктен, оларды ізгі кісілерден көру үйреншікті саналды. Қазіргі кезде ғажайып саналатын құбылыс әл-Қушайри атаған сипатпен шектелді. Сондықтан “Пайғамбарға мұғжиза болып көрінген кез келген құбылыс әулиеге де керемет болып берілуі мүмкін” деген сөзді шектеп түсіну қажет. Бұл таластың астарында жұрт арасына тараған “Кімнің қолынан ғажайып іс келсе, сол адам – әулие” деген қате түсінік жатыр. Ғажайып құбылыс кейде бақсы, балгер, сиқыршы немесе дін қызметкері секілді теріс жолдағы кісілердің қолынан да көрінуі мүмкін. Сондықтан ғажайып құбылысты әулиеліктің дәлелі деп есептеген адам керемет пен өзге ғажайыптың аражігін ажырататын өлшемге сүйенуі керек. Бұл жайда ең орынды пікір мынау: “Ғажайып құбылыс көрінген адамның өмір салтына қарайды. Ол діннің бұйрықтары мен тыйымдарын берік ұстанса, бұл оның әулиелігіне дәлел болады. Ол сипат болмаса, әулие саналмайды”. Дұрысын Алла біледі».

Ислам ғалымдары Ибн Хажар «бақсы, балгер, сиқыршы немесе дін қызметкері секілді теріс жолдағы кісілер» деп сипаттаған адамдардан көрінетін ғажайыпты «истидраж» деп атайды. Бәдиүззаман керемет пен истидраждың айырмасын былай түсіндіреді: «Керемет пен истидраж рухани тұрғыдан бір-біріне кереғар. Керемет те мұғжиза секілді Алланың ісі. Керемет нәсіп болған кісі оны Алладан деп біледі және Алланың өзін қорғап, бақылап тұрғанын ұғынады. Тәуекелі мен кәміл сенімі артады. Кейде Алланың қалауымен өзіне берілген кереметті аңғарады, кейде аңғармайды. Кереметін аңғармағаны – абзалы әрі қауіпсізі.

Истидраж – адам ғапылдықта жүргенде оған жасырын жайттардың ашылып, тосын іс көрсетуі. Истидраж иесі мұны өз қабілетіне балап, нәпсісіне сүйенгенде, өзімшілдігі мен тәкаппарлығы күшейеді. Ақыры Қарунның ﴿إِنَّمَا أُوتِيتُهُ عَلَىٰ عِلْمٍ عِنْدِي﴾ “Бұл байлық маған өз бойымдағы ілімнің арқасында ғана берілді” («Қасас», 78-аят) деген сөзін айта бастайды. Жасырын жайттар нәпсіні тазартып, жүректі нұрландыру нәтижесінде ашылса, бастапқы сатыда истидраж иесі мен керемет иесінің арасындағы айырма байқалмайды. Ал фәна дәрежесіне толық жеткендерге де Алланың қалауымен жасырын жайттар ашылады. Олар сол жайттарды фәна филлаһ күйіндегі сезімімен көреді. Мұның истидраждан айырмасы анық. Олардың ішкі нұры сыртқа шыққанда, көзбояушылардың қараңғылығымен шатаспайды».

Бәдиүззаман кереметті екіге бөледі.

1. Адамның еркінен тыс, өзі аңғармай көрінетін керемет. Мысалы, біреудің сұрағын қоймай тұрып-ақ оған жауап беріп, кейін әлгі адамның сол сұрақты қоймақ болғанын білу.

2. Адамның еркімен көрінетін керемет. Бәдиүззаман екінші түрін аса қажеттіліксіз көрсетудің зиян екенін айтады. Еркінен тыс болған керемет – Алланың сыйы. Оған адамның еңбегі сіңбегендіктен, нәпсі де араласпайды. Мұндай кереметті айту зиян келтірмейді, Алланың нығметін айтумен тең.

Бәдиүззаман: «Керемет нәсіп болған адам ғажайып істі біліп тұрып көрсетсе және жамандыққа бұйыратын нәпсісі әлі басым болса, өзіне, нәпсісіне және көріп-білгеніне сүйеніп, тәкаппарлыққа ұрынуы мүмкін. Сонда бұл истидражға айналады», – дейді. Мақтан үшін әдейі керемет көрсетудің зиянын былай түсіндіреді: «Сырт көзге бұған адамның әрекеті араласқандай көрінетіндіктен, ол істі өзіне телуі мүмкін».

  1. 1Бұхари, «Мағази», 9, 38, «Жиһад», 170 (№ 3045), «Таухид», 14. Әбу Дәуіт, «Жиһад», 115 (№ 2660–2661), «Жанаиз», 16 (№ 3112).
  2. 2Ибн Һишам, «әс-Сира ән-набауия», 2-том, 172-бет. Оқиғаны Ибн Сағд «әт-Табақат әл-кубрада» да келтіреді.
  3. 3Ибраһим Жанан, «Күтүб-и Ситтә тәржімесі мен шархы», 12-том, 138–140-беттер.