Хадис

Кутуб ситтә, № 4255

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
583. Ухуд шайқасы
Нөмірі
№ 4255 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 10
4255
Кутуб ситтә, № 4255 · тараудағы реті: 10Риуаят етуші: Әнәс (р.а.)

وَعَنْ أَنَسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ: «إِنَّ رَسُولَ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: كُسِرَتْ رَبَاعِيَّتُهُ يَوْمَ أُحُدٍ وَشُجَّ فِي رَأْسِهِ. فَجَعَلَ يَسْلُتُ الدَّمَ عَنْ وَجْهِهِ وَيَقُولُ: كَيْفَ يُفْلِحُ قَوْمٌ شَجُّوا نَبِيَّهُمْ وَكَسَرُوا رَبَاعِيَّتَهُ، وَهُوَ يَدْعُوهُمْ إِلَى اللَّهِ؟ فَأَنْزَلَ اللَّهُ: لَيْسَ لَكَ مِنَ الْأَمْرِ شَىْءٌ الْآيَةُ». أَخْرَجَهُ مُسْلِمٌ وَالتِّرْمِذِيُّ. «شُجَّ رَأْسُهُ» إِذَا شَقَّ وَخَرَجَ دَمُهُ. وَ«سَلَتَ الدَّمَ عَنِ الْجُرْحِ» إِذَا مَسَحَهُ.

Қазақша аудармасы

Әнәс (р.а.) былай дейді: «Ухуд күні Алла елшісінің (с.а.с.) күрек тісі сынып, басы жараланды. Ол жүзіндегі қанды сүртіп: “Өздерін Аллаға шақырған пайғамбардың басын жарып, тісін сындырған қауым қалай оңбақ?” – деді. Осыған байланысты мына аяттар түсті: ﴿لَيْسَ لَكَ مِنَ الْأَمْرِ شَيْءٌ أَوْ يَتُوبَ عَلَيْهِمْ أَوْ يُعَذِّبَهُمْ فَإِنَّهُمْ ظَالِمُونَ ۝ وَلِلَّهِ مَا فِي السَّمَاوَاتِ وَمَا فِي الْأَرْضِ ۚ يَغْفِرُ لِمَنْ يَشَاءُ وَيُعَذِّبُ مَنْ يَشَاءُ ۚ وَاللَّهُ غَفُورٌ رَحِيمٌ﴾ “Әсілі, сенің бұл іске еш қатысың да, ықпалың да жоқ. Алла қаласа, оларды тәубеге келтіріп, күнәларын кешіреді, қаласа, оларды залымдар ретінде азаптайды. Күллі аспан әлеміндегі һәм жердегі жаратылыс атаулының бәрі бір Аллаға тиесілі. Ол қалағанын жарылқап кешіреді, қалағанын азаптайды. Дегенмен Алла – Ғафур, Рахим”» («Әли Имран», 128–129-аяттар).1

Түсіндірме

1. Соңғы риуаятта (№ 4255) Алла елшісінің (с.а.с.) Ухудта жараланғаны айтылады. Ибн Хишамның Әбу Сағид әл-Худриден (р.а.) жеткізуінше, Утба ибн Әбу Уаққас Алла елшісінің (с.а.с.) төменгі күрек тістерінің бірін сындырып, астыңғы ернін жаралаған. Абдулла ибн Шиһаб әз-Зуһри маңдайын жаралады. Абдулла ибн Қамиа бет сүйегін жарақаттағанда, дулығасының екі шығыршығы бетіне кіріп кеткен. Бір риуаятта Сағд ибн Әбу Уаққас: «Ухудта Алла елшісін (с.а.с.) жаралаған бауырым Утбаны өлтіргім келгені сонша, өмірімде ешкімді бұлай өлтіргім келмеген», – деген.

Ибн Марда Утба ибн Әбу Уаққастың кейін исламды қабылдағанын айтқан. Басқа авторлар бұл пікірге қосылмай, мұсылман болмай қайтыс болғанын жазады. Абдулла ибн Қамиаға Алла елшісі (с.а.с.): «Алла сені қор қылсын!» – деген. Кейін оны жабайы арқар сүзіп өлтірген.

Абдулла ибн Шиһаб әз-Зуһридің есімі сахабалар арасында аталады. Кейін исламды қабылдап, Меккеде қайтыс болған. Әйгілі хадисші Мұхаммед ибн Шиһаб әз-Зуһридің атасы екені айтылады.

  1. 1Мүслим, «Жиһад», 104 (№ 1791). Тирмизи, «Тәпсір», «Әли Имран» (№ 3005–3006). Бұхари мұны муаллақ түрде келтірген («Мағази», 21).