عَنْ أَبِي ظَبْيَانَ قَالَ: «سَمِعْتُ أُسَامَةَ بْنَ زَيْدٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا يَقُولُ: بَعَثَنَا رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ إِلَى الحُرُقَةِ فَصَبَّحْنَا الْقَوْمَ فَهَزَمْنَاهُمْ. فَلَحِقْتُ أَنَا وَرَجُلٌ مِنَ الْأَنْصَارِ رَجُلًا مِنْهُمْ. فَلَمَّا غَشَيْنَاهُ قَالَ: لَا إِلَهَ إِلَّا اللَّهُ. فَكَفَّ عَنْهُ الْأَنْصَارىُّ وَطَعَنْتُهُ بِرُمْحِي فَقَتَلْتُهُ. فَلَمَّا قَدِمْنَا بَلَغَ ذَلِكَ النَّبِيَّ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ. فَقَالَ: يَا أُسَامَةُ أَقَتَلْتَهُ بَعْدَ مَا قَالَ لَا إِلَهَ إِلَّا اللَّهُ؟ قُلْتُ: إِنَّمَا قَالَ مُتَعَوِّذًا. قَالَ: أَقَتَلْتَهُ بَعْدَ أَنْ قَالَ لَا إِلَهَ إِلَّا اللَّهُ؟ فَمَا زَالَ يُكَرِّرُهَا حَتَّى تَمَنَّيْتُ أَنِّي لَمْ أَكُنْ أَسْلَمْتُ قَبْلَ ذَلِكَ الْيَوْمِ». أَخْرَجَهُ الشَّيْخَانِ وَأَبُو دَاوُدَ. وَزَادَ مُسْلِمٌ فِي رِوَايَةٍ أُخْرَى عَنْ جُنْدُبٍ: «أَقَتَلْتَهُ وَقَدْ قَالَ لَا إِلَهَ إِلَّا اللَّهُ: كَيْفَ تَصْنَعُ بِلَا إِلَهَ إِلَّا اللَّهُ إِذَا جَاءَتْ يَوْمَ الْقِيَامَةِ؟» كَرَّرَ ذَلِكَ عَلَيْهِ. الْمُتَعَوِّذُ» الْمُلْتَجِئُ خَوْفًا مِنَ القَتْلِ.
Әбу Забиян былай дейді: «Усама ибн Зәйдтің (р.а.) мына сөзін естідім: “Расулалла (с.а.с.) бізді Хуруқаға жіберді. Таңертең шабуылдап, оларды жеңдік. Ансардан бір кісі екеуміз солардың бір адамын қуып жеттік. Қолға түсерде ол: ‘Лә иләһә иллаллаһ’, – деді. Ансар сол сәтте қолын тартты. Ал мен оны найзамен түйреп өлтірдім.
Мәдинаға қайтқанда, болған іс Расулаллаға (с.а.с.) жетіпті. Ол: ‘Уа, Усама! Лә иләһә иллаллаһ деген адамды өлтірдің бе?’ – деп сұрады. ‘Ол жанын арашалау үшін ғана айтты’, – дедім. Расулалла (с.а.с.): ‘Лә иләһә иллаллаһ дегеннен кейін де оны өлтірдің бе?’ – деді. Осы сөзді қайталағаны сонша, сол күнге дейін мұсылман болмағанымда ғой деп тіледім”».1
Мүслим Жундабтан жеткізген бір риуаятта Расулалла (с.а.с.): «“Лә иләһә иллаллаһ” деген адамды өлтірдің бе? Қиямет күні “Лә иләһә иллаллаһ” алдыңнан шыққанда, не істемексің?» – деп, сауалын қайта-қайта айтқан.
Түсіндірме
1. Ғалиб ибн Убайдулла әл-Кәлби басқарған бұл жорық һижреттің жетінші жылы рамазан айында болды. Жорықтың қолбасшының емес, Усаманың есімімен аталуына сол жолы Усаманың қате іс істеп, оқиғаның көп сөз болуы себеп.
2. Хадис пен сияр кітаптарында бұған ұқсас оқиғалар бар. Кейде бір адамға әртүрлі оқиғалар телінеді. Ибн Сағд жоғарыдағы жорыққа жүз отыз адам қатысқанын жазады. Расулалла (с.а.с.) оларды Нәжидте, Батн Нахлдан әрі жатқан Майфа мекеніндегі Бәни Ахуал мен Бәни Абд ибн Сағлабаға жіберген. Бұл жер Мәдинадан сегіз күндік жолда.
Кей риуаятта Усама (р.а.) өлтірген адамның аты Мирдас ибн Нәһик делінеді. Қауымы мүшрік болса да, өзі Исламды қабылдаған қойшы еді. Мұсылмандар келгенде жұрт қашты, ал ол өзін мұсылман санағандықтан қашпады. Мұсылман атты әскеріне «Ассаламу аләйкум» деп сәлем берді. Соған қарамастан, Усама оны өлтіріп, қойларын алды.
Расулалла (с.а.с.) бұған қатты қапаланды. Бір риуаятта оның: «Оны қолындағысын алу үшін өлтірдіңдер», – дегені айтылады.
Кей риуаятта осы оқиғаға байланысты мына аяттың түскені айтылады: ﴿وَلَا تَقُولُوا لِمَنْ أَلْقَىٰ إِلَيْكُمُ السَّلَامَ لَسْتَ مُؤْمِنًا تَبْتَغُونَ عَرَضَ الْحَيَاةِ الدُّنْيَا﴾ «Өздеріңе бейбітшілік тілеп, мұсылманша сәлем бергенге дүние тіршілігінің өткінші игілігіне қызығып: “Сен мүмін емессің”, – деп айтпаңдар» («Ниса» сүресі, 94-аят).
Хадистің кей нұсқасында Расулалла (с.а.с.) Усамаға: «Оның жүрегін жарып, бұл сөзді шын көңілмен айтты ма, жоқ па, қарап көрдің бе?» – деп зекіген.
- 1Бұхари, «Дият», № 6872. Мүслим, «Иман», № 96–97. Әбу Дәуіт, «Жиһад», № 2643.