Хадис

Ашу

Кутуб ситтә, 9-том, 607-тарау · 8 хадис · № 4311–4318

Хадистер

4311
Кутуб ситтә, № 4311 · тараудағы реті: 1Риуаят етуші: Ибн Мәсғуд (р.а.)

عَنِ ابْنِ مَسْعُودٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: مَا تَعُدُّونَ الصُّرَعَةَ فِيكُمْ؟ قَالُوا: الَّذِي لَا يَصْرَعُهُ الرِّجَالُ. قَالَ: لَا، وَلَكِنَّهُ الَّذِي يَمْلِكُ نَفْسَهُ عِنْدَ الْغَضَبِ». أَخْرَجَهُ مُسْلِمٌ وَأَبُو دَاوُدُ.

Қазақша аудармасы

Ибн Мәсғуд (р.а.) айтады: «Алла елшісі (с.а.с.): “Араларыңда кімді балуан санайсыңдар?” – деп сұрады. Сахабалар: “Ешкім жеңе алмайтын адамды”, – деді. Алла елшісі: “Жоқ, нағыз балуан – ашуланғанда өзін ұстай алатын адам”, – деді1».

  1. 1Мүслим, «Ізгілік, туыстық және әдеп», № 2608. Әбу Дәуіт, «Әдеп», № 4779.
4312
Кутуб ситтә, № 4312 · тараудағы реті: 2Риуаят етуші: Әбу Һурайра (р.а.)

عَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ: «أَنَّ رَسُولَ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ قَالَ: لَيْسَ الشَّدِيدُ بِالصُّرَعَةِ، إِنَّمَا الشَّدِيدُ الَّذِي يَمْلِكُ نَفْسَهُ عِنْدَ الْغَضَبِ».

Қазақша аудармасы

Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткен хадисте Алла елшісі (с.а.с.): «Күшті адам – күресте қарсыласын жыққан адам емес. Күшті адам – ашуланғанда өзін ұстай білген адам», – деген.1

Түсіндірме

Бұл екі хадисте Алла елшісі (с.а.с.) ашуға бой алдырмауды, ашу қысқанда өзін ұстап, асығыс шешім қабылдамауды ескерткен. Ашу үстінде нәпсіні тізгіндеуге үндейтін аяттар да бар. Соның бірінде: ﴿الَّذِينَ يُنْفِقُونَ فِي السَّرَّاءِ وَالضَّرَّاءِ وَالْكَاظِمِينَ الْغَيْظَ وَالْعَافِينَ عَنِ النَّاسِ ۗ وَاللَّهُ يُحِبُّ الْمُحْسِنِينَ﴾ «Нағыз тақуалы жандар – кеңшілікте де, таршылықта да Алла жолында садақа бергендер, ашуын жеңе білгендер һәм адамдарға кешірімді болғандар. Шүбәсіз, Алла ізгі жандарды жақсы көреді»2, – делінеді. Тағы бір аятта: ﴿وَإِذَا مَا غَضِبُوا هُمْ يَغْفِرُونَ﴾ «ашуланғанда кешіре білетін жандар»3, – делінген.

  1. 1Бұхари, «Әдеп», № 6114. Мүслим, «Ізгілік, туыстық және әдеп», № 2609. Мәлік, «Муатта», «Көркем мінез», 12 (2-том, 906-бет).
  2. 2«Әли Имран» сүресі, 134-аят.
  3. 3«Шура» сүресі, 37-аят.
4313
Кутуб ситтә, № 4313 · тараудағы реті: 3

وَعَنْ أَبِي وَائِلٍ قَالَ: «دَخَلْنَا عَلَى عُرْوَةَ بْنِ مُحَمَّدٍ السَّعْدِيِّ فَكَلَّمَهُ رَجُلٌ فَأَغْضَبَهُ فَقَامَ فَتَوَضَّأَ ثُمَّ رَجَعَ وَقَدْ تَوَضَّأَ، فَقَالَ: حَدَّثَنِي أَبِي عَنْ جَدِّي عَطِيَّةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: إِنَّ الْغَضَبَ مِنَ الشَّيْطَانِ، وَإِنَّ الشَّيْطَانَ خُلِقَ مِنَ النَّارِ، وَإِنَّمَا تُطْفَأُ النَّارُ بِالْمَاءِ. فَإِذَا غَضِبَ أَحَدُكُمْ فَلْيَتَوَضَّأْ». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدُ.

Қазақша аудармасы

Әбу Уаил айтады: «Уруа ибн Мұхаммед әс-Сағдидың қасына бардық. Бір кісі оған тіл қатып, ашуландырып жіберді. Уруа орнынан тұрып, дәрет алып қайтып келді. Содан соң: “Әкем атам Атиядан (р.а.) мына сөзді жеткізген. Алла елшісі (с.а.с.): ‘Ашу – шайтаннан. Шайтан оттан жаратылған. От сумен өшіріледі. Сондықтан араларыңнан біреу ашуланса, дәрет алсын’, – деген”, – деді».1

  1. 1Әбу Дәуіт, «Әдеп», № 4784.
4314
Кутуб ситтә, № 4314 · тараудағы реті: 4Риуаят етуші: Әбу Зәрр (р.а.)

وَعَنْ أَبِي ذَرِّ الْغِفَارِيِّ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ لَنَا رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: إِذَا غَضِبَ أَحَدُكُمْ وَهُوَ قَائِمٌ فَلْيَجْلِسْ، فَإِنْ ذَهَبَ عَنْهُ الْغَضَبُ، وَإِلَّا فَلْيَضْطَجِعْ». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدُ.

Қазақша аудармасы

Әбу Зәрр әл-Ғифари (р.а.) жеткізген хадисте Алла елшісі (с.а.с.): «Қайсыбірің түрегеп тұрған күйі ашуланса, отырсын. Осылай ашуы басылса, жөн. Басылмаса, жатсын», – деген.1

Түсіндірме

Бұл хадистер ашу үстінде кейін өкініп қалатын іс істемеуді ескертеді. Ашуына ерген кісінің игі іс істеуі қиын. Ашуы қайтқанда жасағанына өкініп қалуы мүмкін. Сондықтан Алла елшісі ашу қысқан адамның назарын басқа іске бұруын немесе қимылға бармай тұра тұруын жөн көрген. Бірінші хадисте ашуланған адамға дәрет алу кеңес етіледі. Бұл назарды басқаға бұрып, ашудың жетегіне ермеуге көмектеседі.

Ибн Баттал: «Хадис нәпсімен күрестің дұшпанмен шайқастан да қиын екенін аңғартады. Өйткені Алла елшісі (с.а.с.) ашуын жеңе білген адамды ең күшті адам деп бағалаған», – дейді.

Кей ғалымдар: «Сұрақ қойған кісі тез ашуланатын адам болуы мүмкін. Алла елшісі әркімнің жайына қарай, өзіне лайық кеңес беретін. Сондықтан оған болмашыға ашуланбауды айтумен шектелді», – деген.

Екінші хадисте ашуланған адамның түрегеп тұрса отыруы, ашуы сонда да басылмаса жатуы айтылады. Хаттаби: «Түрегеп тұрған адам әрекетке дайын тұрады. Отырған кісі қимылға бірден бара қоймайды, жатқан кісі одан да алыс. Алла елшісінің ашуланған адамға отыруды және жатуды бұйыруы – тік тұрып не отырып, кейін өкінетін іс істеп қоймасын дегені», – дейді.2

  1. 1Әбу Дәуіт, «Әдеп», № 4782.
  2. 2Ибраһим Жанан, «Күтүб-и ситте. Аударма және түсіндірме», 12-том, 296-бет.
4315
Кутуб ситтә, № 4315 · тараудағы реті: 5Риуаят етуші: Мұғаз (р.а.)

وَعَنْ مُعَاذِ بْنِ جَبَلٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «اسْتَبَّ رَجُلَانِ عِنْدَ النَّبِيِّ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ حَتَّى عُرِفَ الْغَضَبُ فِي وَجْهِ أَحَدِهِمَا. فَقَالَ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: إِنِّي أَعْرِفُ كَلِمَةً لَوْ قَالَهَا لَذَهَبَ عَنْهُ مَا يَجِدُ مِنَ الْغَضَبِ: أَعُوذُ بِاللَّهِ مِنَ الشَّيْطَانِ الرَّجِيمِ». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدُ وَالتِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Әзірет Муаз ибн Жәбәл (р.а.) айтады: «Алла елшісінің (с.а.с.) алдында екі кісі бір-біріне тіл тигізді. Бірінің ашуы жүзінен білініп тұрды. Сонда Алла елшісі: “Мен бір сөз білемін. Оны айтса, бойындағы ашуы тарқайды. Ол – أَعُوذُ بِاللَّهِ مِنَ الشَّيْطَانِ الرَّجِيمِ, яғни ‘Қуылған шайтаннан Аллаға сыйынамын’”, – деді».1

  1. 1Тирмизи, «Дұғалар», № 3452. Әбу Дәуіт, «Әдеп», № 4780.
4316
Кутуб ситтә, № 4316 · тараудағы реті: 6Риуаят етуші: Әбу Һурайра (р.а.)

وَعَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ: «أَنَّ رَجُلًا قَالَ: يَا رَسُولَ اللَّهِ، أَوْصِنِي وَلَا تُكْثِرْ عَلَيَّ لَعَلِّي لَا أَنْسَى. قَالَ: لَا تَغْضَبْ. فَرَدَّدَ ذَلِكَ مِرَارًا، كُلَّ ذَلِكَ يَقُولُ: لَا تَغْضَبْ». أَخْرَجَهُ الْبُخَارِيُّ وَمَالِكٌ وَالتِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Әбу Һурайра (р.а.) айтады: «Бір кісі: “Уа, Расулалла! Маған өсиет айтыңыз. Ұмытып қалмауым үшін сөзді көбейтпеңіз”, – деді. Алла елшісі (с.а.с.): “Ашуланба!” – деді. Әлгі кісі өтінішін бірнеше рет қайталағанда, Алла елшісі әр жолы: “Ашуланба!” – деп жауап берді».1

Түсіндірме

Өзге нұсқаларда әлгі адамның: «Мені жәннатқа жеткізетін амалды айт», «Істеуім керек бірнеше нәрсені үйрет. Көп болмасын, ұмытып қаламын», «Пайдама жарайтын бір нәрсе айт, көп болмасын», «Есте сақтап алатындай қысқа бір сөз айт», – дегені жеткізіледі. Мұнда келтірілмеген нұсқалар да бар. Кей риуаятта сұрақ қойған сахабаның аты аталады, кейінде «бір адам» деп қана айтылады. Анығы – Алла елшісі (с.а.с.) оның өтінішіне: «Ашуланба», – деп жауап берген.

Ахмад ибн Ханбал мен Ибн Хиббан келтірген бір риуаяттың соңында есімі аталмаған адам: «Алла елшісінің (с.а.с.) сөзіне ой жүгірткен соң, ашудың бар жамандықтың басы екенін түсіндім», – дейді.

Хаттабидің түсіндіруінше, «Ашуланба» дегені – «Ашуды туғызатын себептерден аулақ бол. Ашуға бастайтын нәрселерге жол берме» деген сөз. Адамның табиғатына тән ашуды біржола жою мүмкін емес. Өзге ғалымдар да адамның табиғи сезімдерін түп-тамырымен жою қолдан келмейтінін, мұндай тыйым адамның қолынан келмейтінді талап ету болатынын айтады. Демек, мақсат – нәпсіні тәрбиелеп, оны тізгіндеу арқылы ұстамдылыққа үйрену.

Кей ғалымдар хадисті былай түсіндіреді: «Ашуланба. Ашу тәкаппарлықтан туады. Адамның қалауына қарсы келгенде, тәкаппарлығы оянып, оны ашу билейді. Байсалды кісі мұндайда нәпсінің талабын тез тыйып, ашудың кесірінен құтылады». Басқа ғалымдардың пікірінше, хадистің мағынасы – «Ашу үстінде оның дегенін істеме».

Бәдиуззаман адамның табиғатына біткен кейбір мінездерді қолдану жөнінде өз пікірін айтады. Ол да Хаттаби сияқты бірқатар мінезді біржола жою мүмкін емес деп санайды. Оның айтуынша, «ашуланба», «қыңырлық танытпа» деу адамға «мінезіңді өзгерт» деумен бірдей. Ал бұл адамның қолынан келмейді. Сондықтан әр сезім мен әр қабілетті шариғатқа сай, ізгі жолға бағыттаған жөн. Бәдиуззаман былай дейді: «Қазіргі уағыздың әсер етпеуінің бір себебін мынадан көремін. Мінезі жаман кісілерге “Жамандық істеме, құмарлыққа берілме, ешкімге дұшпандық қылма, қыңырлық танытпа, дүниені сүйме”, – дегенде, сырттай “мінезіңді өзгерт” деп, олардың қолынан келмейтінді талап етеді. Егер “Осы мінездеріңнің бағытын жақсы жаққа бұрыңдар” десе, уағыз да әсерлі болып, адамға қолынан келетін істі ұсынар еді».

Демек, ашуды дінге қайшы нәпсі талабын тежеуге, нәпсіні тәрбиелеуге және күпірлікке ұмтылуға қарсылық білдіруге жұмсау – Исламның таралып, берік орнығуына сай жол.

Ибн әт-Тин былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.) “Ашуланба” деген сөзге дүние мен ақыреттің жақсылығын сыйғызған. Өйткені ашу адамдарды бір-бірінен алыстатып, арадағы сүйіспеншілікті жояды. Ашу кейде адамды ашуланған кісісіне қиянат жасауға итермелейді. Мұның өзі – мінездің кемшілігі». Бәйдауи былай түсіндіреді: «Алла елшісі адамға келетін жамандықтар оның құмарлығы мен ашуынан туатынын білді. Сұрақ қойған кісінің құмарлығын тыя алатынын аңғарып, оны жамандықтан сақтайтын кеңес ретінде ең зор зиян келтіретін ашуға бой алдырмауды айтты. Адам ашу үстінде нәпсісіне ие болса, ең күшті дұшпанын жеңгені».

Ибн Хажар: «Хадисте үлкенін айтып, кішісін де ескерткен болуы мүмкін. Адамның ең үлкен дұшпаны – шайтан мен нәпсі. Ашу осы екеуінен туады. Кім қиындыққа қарамастан осы екі дұшпанымен күресіп, оларды жеңсе, нәпсісінің қалауынан да басым түседі», – дейді. Ибн Хиббанның түсіндіруінше, Алла елшісі (с.а.с.): «Ашу қысқан соң тыйым салынған істің ешбіріне барма», – деген. Пайғамбар адамның қолынан келмейтін нәрсені талап етпеген.

Кей ғалымдар былай деген: «Алла тағала ашуды оттан жаратқан. Ол адамның табиғатында бар. Кісі бір істі қалап, оған кедергі кезіксе, ашу оты тұтанып, жүзі мен көзі қызарғанша күшейеді. Өйткені тері өз ар жағындағы реңкті білдіреді. Мұндай күй өзінен әлсіз адамға ашуланып, одан өзін күшті сезінген кісіден байқалады. Өзіне күші жетпейтін адамға ашуланса, қан теріден жүрекке қарай қайтып, күйзелгеннен өңі бозарып кетеді. Ал өзімен тең адамға ашуланғанда, бір қызарып, бір бозарады. Ашу жан дүниені де, сыртқы кейіпті де өзгертеді. Өңі құбылып, денесі дірілдейді, әрекеті жүйесізденіп, әдеттегі қалпынан айырылады. Бұлар – сырттай байқалатын өзгерістер.

Ішкі өзгеріс бұдан да көп. Ашу жүрекке ыза мен кек ұялатып, ішке талай жамандық жинайды. Ашу алдымен ішкі дүниені бұзады. Адамның сыртқы кейпінің өзгеруі – ішкі күйінің салдары. Осы белгілер ашудың адам тәніне қалай әсер ететінін көрсетеді.

Ашудың тілге де әсері көп. Ашу ақыл-есі орнындағы адамның айтуға ұялатын, ашуы басылған соң өкінетін сөздерін айтқызып қояды.

Іс-әрекеттегі көрінісі – ұруға, тіпті өлтіруге дейін баруы. Ашуланған адамы қашып кетіп, оған қолы жетпесе, ашуын өзінен алады. Киімін жыртып, бетін тырнап, өзін ұрады, кейде есінен танып қалады. Айналасындағы заттарды қиратып, іске қатысы жоқ адамға да қол көтеруі мүмкін.

Осының бәрін ойлаған адам Алла елшісінің (с.а.с.) “Ашуланба” деген кеңесіне қаншама даналық сыйғанын, қанша пайда әкеліп, қанша залалдың алдын алатынын түсінеді. Мұнда дін үшін туған ашу емес, дүние ісіне байланысты ашу сөз болып отыр».

Ибн Хажар дін үшін ашулануды ақиқат пен Алла разылығы үшін ашулану деп түсіндіреді. Алла елшісі өз басына қатысты жайттарда сабыр сақтап, дінге қатысты істің бұзылғанын көргенде ашуланған. Мәселен, Ибн Мәсғуд былай дейді: «Бір кісі Алла елшісіне келіп: “Пәленше қырағатты тым ұзартатындықтан, таң намазына келе алмай жүрмін”, – деді. Алла елшісінің сол күнгідей ашуланғанын бұрын көрген емеспін. Ол: “Уа, адамдар! Кейбірің жұртты діннен бездіресіңдер. Араларыңнан біреу жамағатқа намаз оқытса, қысқа оқысын. Өйткені жамағаттың арасында науқас, қарт және мұқтаж адамдар бар”, – деді».

Алла елшісінің (с.а.с.) ақиқат пен дін үшін ашуланғанын баяндайтын хадистер аз емес. Осыдан табиғи ашуды шариғатқа сай орнында білдіруге болатыны аңғарылады.

  1. 1Бұхари, «Әдеп», № 6116. Тирмизи, «Ізгілік және туыстық», № 2020. Мәлік, «Муатта», «Көркем мінез», 11 (2-том, 906-бет).
4317
Кутуб ситтә, № 4317 · тараудағы реті: 7

وَعَنْ سَهْلِ بْنِ مُعَاذِ بْنِ أَنَسٍ الْجُهَنِيِّ عَنْ أَبِيهِ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: مَنْ كَظَمَ غَيْظًا وَهُوَ يَسْتَطِيعُ أَنْ يُنَفِّذَهُ دَعَاهُ اللَّهُ تَعَالَى يَوْمَ الْقِيَامَةِ عَلَى رُؤُوسِ الْخَلَائِقِ حَتَّى يُخَيِّرَهُ مِنْ أَيِّ الْحُورِ الْعَيْنِ شَاءَ». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدُ وَالتِّرْمِذِيُّ. وَ«كَظْمُ الْغَيْظِ» تَجَرُّعُهُ وَتَرْكُ الْمُقَابَلَةِ عَلَيْهِ.

Қазақша аудармасы

Сәһл ибн Муаз ибн Әнәс әл-Жуһани әкесінен (р.а.) мына хадисті жеткізген: «Алла елшісі (с.а.с.): “Ашуына еріп әрекет етуге шамасы жете тұра, оны тыйған адамды Алла Тағала қиямет күні бүкіл жаратылыстың алдына шақырып, қалаған хор қызын таңдауына мұрсат береді”, – деді».1

  1. 1Тирмизи, «Ізгілік және туыстық», № 2021. Әбу Дәуіт, «Әдеп», № 4777.
4318
Кутуб ситтә, № 4318 · тараудағы реті: 8Риуаят етуші: Ибн Аббас (р.а.)

وَعَنِ ابْنِ عَبَّاسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: «لَمَّا قَدِمَ عُيَيْنَةُ بْنُ حِصْنٍ نَزَلَ عَلَى ابْنِ أَخِيهِ الْحُرِّ بْنِ قَيْسٍ، وَكَانَ مِنَ النَّفَرِ الَّذِينَ يُدْنِيهِمْ عُمَرُ، وَكَانَ الْقُرَّاءُ أَصْحَابَ مَجْلِسِ عُمَرَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ وَمُشَاوَرَتِهِ كُهُولًا كَانُوا أَوْ شُبَّانًا. فَقَالَ عُيَيْنَةُ: يَا ابْنَ أَخِي اسْتَأْذِنْ لِي عَلَى أَمِيرِ الْمُؤْمِنِينَ. فَاسْتَأْذَنَ لَهُ. فَلَمَّا دَخَلَ قَالَ: هِيَ يَا بْنَ الْخَطَّابِ! فَوَاللَّهِ مَا تُعْطِينَا الْجَزْلَ، وَلَا تَحْكُمُ بَيْنَنَا بِالْعَدْلِ. فَغَضِبَ عُمَرُ حَتَّى هَمَّ أَنْ يُوقِعَ بِهِ. فَقَالَ الْحُرُّ: يَا أَمِيرَ الْمُؤْمِنِينَ، إِنَّ اللَّهَ تَعَالَى يَقُولُ لِنَبِيِّهِ: ﴿خُذِ الْعَفْوَ وَأْمُرْ بِالْعُرْفِ وَأَعْرِضْ عَنِ الْجَاهِلِينَ﴾، وَإِنَّ هَذَا مِنَ الْجَاهِلِينَ. فَوَاللَّهِ مَا جَاوَزَهَا عُمَرُ حِينَ تَلَاهَا عَلَيْهِ، وَكَانَ وَقَّافًا عِنْدَ كِتَابِ اللَّهِ تَعَالَى». أَخْرَجَهُ الْبُخَارِيُّ.

Қазақша аудармасы

Ибн Аббас (р.а.) айтады: «Ұяйна ибн Хисн Мәдинаға келгенде, бауырының ұлы Хурр ибн Қайстың үйіне түсті. Хурр Омар өзіне жақын тұтқан адамдардың бірі еді. Омардың мәжілісіне қатысып, кеңес беретіндер жасына қарамай, Құранды жетік білетін кісілер болатын. Ұяйна: “Бауырымның баласы, мүміндердің әміршісіне кіруге маған рұқсат сұрашы”, – деді. Хурр рұқсат алып берді. Ұяйна Омардың алдына кіргенде: “Әй, Хаттабтың ұлы! Уаллаһи, бізге мол үлес бермейсің, арамызда әділ үкім де шығармайсың!” – деді. Омар қатты ашуланып, оған қол көтермек болды. Сонда Хурр: “Уа, мүміндердің әміршісі! Алла Тағала елшісіне: ﴿خُذِ الْعَفْوَ وَأْمُرْ بِالْعُرْفِ وَأَعْرِضْ عَنِ الْجَاهِلِينَ﴾ ‘Сен сонда да кешірімді бол, жақсылықты бұйыр, сауапты һәм пайдалы істер істе. Ондай надандардан теріс бұрыл, олардың қылықтары мен сөздерін көңіліңе алма’ (‘Ағраф’, 199) деген. Бұл да надандардың бірі ғой”, – деді. Уаллаһи, Хурр осы аятты оқығанда, Омар одан әрі әрекет етпей, тоқтады. Ол Алланың кітабындағы әмірге келгенде одан аттамайтын».1

Түсіндірме

Бұл хадисте бәдәуи Ұяйна ибн Хисн Омарды ашуландыратындай дөрекілік танытқан. Ұяйна тік мінезімен, дөрекі сөзімен аты шыққан сахаба еді. Мекке азат етілгенде Исламды қабылдап, көңілі Исламға бұрылсын деп үлес берілгендердің қатарына қосылды. Алла елшісімен Хунайн шайқасына қатысты. Алла елшісі оны «ахмақул-мутағ», яғни «жұрт бағынатын ақымақ» деп атаған.

Туләйха әл-Әсәди өзін пайғамбар деп жариялап, мұсылман билігіне қарсы шыққанда, Ұяйна соған ерді. Мұсылмандар оларды жеңген соң, Туләйха қашып, Ұяйна ұсталып, Мәдинаға жеткізілді. Әзірет Әбу Бәкір тәубе етуді ұсынғанда, Ұяйна тәубеге келді. Риуаяттағы Мәдинаға келуі бұдан кейін, ол Исламға қайта оралып, бірқатар жорыққа қатысқан соң, Омардың халифалығы кезінде болды. Мінезінен бәдәуилерге тән кейбір сипаттар аңғарылады.

Риуаят бойынша, ол бірде Алла елшісінің (с.а.с.) алдына рұқсатсыз кірді. Алла елшісі: «Рұқсат сұрамадың ба?» – деді. Ол: «Мудар жұртынан ешкімнің алдына рұқсат сұрап кірген емеспін», – деген.

Хадис Құранның бір аяты есіне салынғанда, әзірет Омардың оған құрмет көрсетіп, ашуын тыйғанын баяндайды.

  1. 1Бұхари, «Тәпсір» («Ағраф»), № 4642, «Құран мен сүннетті берік ұстану», № 7286.