Хадис

Кутуб ситтә, № 4316

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
607. Ашу
Нөмірі
№ 4316 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 6
4316
Кутуб ситтә, № 4316 · тараудағы реті: 6Риуаят етуші: Әбу Һурайра (р.а.)

وَعَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ: «أَنَّ رَجُلًا قَالَ: يَا رَسُولَ اللَّهِ، أَوْصِنِي وَلَا تُكْثِرْ عَلَيَّ لَعَلِّي لَا أَنْسَى. قَالَ: لَا تَغْضَبْ. فَرَدَّدَ ذَلِكَ مِرَارًا، كُلَّ ذَلِكَ يَقُولُ: لَا تَغْضَبْ». أَخْرَجَهُ الْبُخَارِيُّ وَمَالِكٌ وَالتِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Әбу Һурайра (р.а.) айтады: «Бір кісі: “Уа, Расулалла! Маған өсиет айтыңыз. Ұмытып қалмауым үшін сөзді көбейтпеңіз”, – деді. Алла елшісі (с.а.с.): “Ашуланба!” – деді. Әлгі кісі өтінішін бірнеше рет қайталағанда, Алла елшісі әр жолы: “Ашуланба!” – деп жауап берді».1

Түсіндірме

Өзге нұсқаларда әлгі адамның: «Мені жәннатқа жеткізетін амалды айт», «Істеуім керек бірнеше нәрсені үйрет. Көп болмасын, ұмытып қаламын», «Пайдама жарайтын бір нәрсе айт, көп болмасын», «Есте сақтап алатындай қысқа бір сөз айт», – дегені жеткізіледі. Мұнда келтірілмеген нұсқалар да бар. Кей риуаятта сұрақ қойған сахабаның аты аталады, кейінде «бір адам» деп қана айтылады. Анығы – Алла елшісі (с.а.с.) оның өтінішіне: «Ашуланба», – деп жауап берген.

Ахмад ибн Ханбал мен Ибн Хиббан келтірген бір риуаяттың соңында есімі аталмаған адам: «Алла елшісінің (с.а.с.) сөзіне ой жүгірткен соң, ашудың бар жамандықтың басы екенін түсіндім», – дейді.

Хаттабидің түсіндіруінше, «Ашуланба» дегені – «Ашуды туғызатын себептерден аулақ бол. Ашуға бастайтын нәрселерге жол берме» деген сөз. Адамның табиғатына тән ашуды біржола жою мүмкін емес. Өзге ғалымдар да адамның табиғи сезімдерін түп-тамырымен жою қолдан келмейтінін, мұндай тыйым адамның қолынан келмейтінді талап ету болатынын айтады. Демек, мақсат – нәпсіні тәрбиелеп, оны тізгіндеу арқылы ұстамдылыққа үйрену.

Кей ғалымдар хадисті былай түсіндіреді: «Ашуланба. Ашу тәкаппарлықтан туады. Адамның қалауына қарсы келгенде, тәкаппарлығы оянып, оны ашу билейді. Байсалды кісі мұндайда нәпсінің талабын тез тыйып, ашудың кесірінен құтылады». Басқа ғалымдардың пікірінше, хадистің мағынасы – «Ашу үстінде оның дегенін істеме».

Бәдиуззаман адамның табиғатына біткен кейбір мінездерді қолдану жөнінде өз пікірін айтады. Ол да Хаттаби сияқты бірқатар мінезді біржола жою мүмкін емес деп санайды. Оның айтуынша, «ашуланба», «қыңырлық танытпа» деу адамға «мінезіңді өзгерт» деумен бірдей. Ал бұл адамның қолынан келмейді. Сондықтан әр сезім мен әр қабілетті шариғатқа сай, ізгі жолға бағыттаған жөн. Бәдиуззаман былай дейді: «Қазіргі уағыздың әсер етпеуінің бір себебін мынадан көремін. Мінезі жаман кісілерге “Жамандық істеме, құмарлыққа берілме, ешкімге дұшпандық қылма, қыңырлық танытпа, дүниені сүйме”, – дегенде, сырттай “мінезіңді өзгерт” деп, олардың қолынан келмейтінді талап етеді. Егер “Осы мінездеріңнің бағытын жақсы жаққа бұрыңдар” десе, уағыз да әсерлі болып, адамға қолынан келетін істі ұсынар еді».

Демек, ашуды дінге қайшы нәпсі талабын тежеуге, нәпсіні тәрбиелеуге және күпірлікке ұмтылуға қарсылық білдіруге жұмсау – Исламның таралып, берік орнығуына сай жол.

Ибн әт-Тин былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.) “Ашуланба” деген сөзге дүние мен ақыреттің жақсылығын сыйғызған. Өйткені ашу адамдарды бір-бірінен алыстатып, арадағы сүйіспеншілікті жояды. Ашу кейде адамды ашуланған кісісіне қиянат жасауға итермелейді. Мұның өзі – мінездің кемшілігі». Бәйдауи былай түсіндіреді: «Алла елшісі адамға келетін жамандықтар оның құмарлығы мен ашуынан туатынын білді. Сұрақ қойған кісінің құмарлығын тыя алатынын аңғарып, оны жамандықтан сақтайтын кеңес ретінде ең зор зиян келтіретін ашуға бой алдырмауды айтты. Адам ашу үстінде нәпсісіне ие болса, ең күшті дұшпанын жеңгені».

Ибн Хажар: «Хадисте үлкенін айтып, кішісін де ескерткен болуы мүмкін. Адамның ең үлкен дұшпаны – шайтан мен нәпсі. Ашу осы екеуінен туады. Кім қиындыққа қарамастан осы екі дұшпанымен күресіп, оларды жеңсе, нәпсісінің қалауынан да басым түседі», – дейді. Ибн Хиббанның түсіндіруінше, Алла елшісі (с.а.с.): «Ашу қысқан соң тыйым салынған істің ешбіріне барма», – деген. Пайғамбар адамның қолынан келмейтін нәрсені талап етпеген.

Кей ғалымдар былай деген: «Алла тағала ашуды оттан жаратқан. Ол адамның табиғатында бар. Кісі бір істі қалап, оған кедергі кезіксе, ашу оты тұтанып, жүзі мен көзі қызарғанша күшейеді. Өйткені тері өз ар жағындағы реңкті білдіреді. Мұндай күй өзінен әлсіз адамға ашуланып, одан өзін күшті сезінген кісіден байқалады. Өзіне күші жетпейтін адамға ашуланса, қан теріден жүрекке қарай қайтып, күйзелгеннен өңі бозарып кетеді. Ал өзімен тең адамға ашуланғанда, бір қызарып, бір бозарады. Ашу жан дүниені де, сыртқы кейіпті де өзгертеді. Өңі құбылып, денесі дірілдейді, әрекеті жүйесізденіп, әдеттегі қалпынан айырылады. Бұлар – сырттай байқалатын өзгерістер.

Ішкі өзгеріс бұдан да көп. Ашу жүрекке ыза мен кек ұялатып, ішке талай жамандық жинайды. Ашу алдымен ішкі дүниені бұзады. Адамның сыртқы кейпінің өзгеруі – ішкі күйінің салдары. Осы белгілер ашудың адам тәніне қалай әсер ететінін көрсетеді.

Ашудың тілге де әсері көп. Ашу ақыл-есі орнындағы адамның айтуға ұялатын, ашуы басылған соң өкінетін сөздерін айтқызып қояды.

Іс-әрекеттегі көрінісі – ұруға, тіпті өлтіруге дейін баруы. Ашуланған адамы қашып кетіп, оған қолы жетпесе, ашуын өзінен алады. Киімін жыртып, бетін тырнап, өзін ұрады, кейде есінен танып қалады. Айналасындағы заттарды қиратып, іске қатысы жоқ адамға да қол көтеруі мүмкін.

Осының бәрін ойлаған адам Алла елшісінің (с.а.с.) “Ашуланба” деген кеңесіне қаншама даналық сыйғанын, қанша пайда әкеліп, қанша залалдың алдын алатынын түсінеді. Мұнда дін үшін туған ашу емес, дүние ісіне байланысты ашу сөз болып отыр».

Ибн Хажар дін үшін ашулануды ақиқат пен Алла разылығы үшін ашулану деп түсіндіреді. Алла елшісі өз басына қатысты жайттарда сабыр сақтап, дінге қатысты істің бұзылғанын көргенде ашуланған. Мәселен, Ибн Мәсғуд былай дейді: «Бір кісі Алла елшісіне келіп: “Пәленше қырағатты тым ұзартатындықтан, таң намазына келе алмай жүрмін”, – деді. Алла елшісінің сол күнгідей ашуланғанын бұрын көрген емеспін. Ол: “Уа, адамдар! Кейбірің жұртты діннен бездіресіңдер. Араларыңнан біреу жамағатқа намаз оқытса, қысқа оқысын. Өйткені жамағаттың арасында науқас, қарт және мұқтаж адамдар бар”, – деді».

Алла елшісінің (с.а.с.) ақиқат пен дін үшін ашуланғанын баяндайтын хадистер аз емес. Осыдан табиғи ашуды шариғатқа сай орнында білдіруге болатыны аңғарылады.

  1. 1Бұхари, «Әдеп», № 6116. Тирмизи, «Ізгілік және туыстық», № 2020. Мәлік, «Муатта», «Көркем мінез», 11 (2-том, 906-бет).