Хадис

Кутуб ситтә, № 4318

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
607. Ашу
Нөмірі
№ 4318 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 8
4318
Кутуб ситтә, № 4318 · тараудағы реті: 8Риуаят етуші: Ибн Аббас (р.а.)

وَعَنِ ابْنِ عَبَّاسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: «لَمَّا قَدِمَ عُيَيْنَةُ بْنُ حِصْنٍ نَزَلَ عَلَى ابْنِ أَخِيهِ الْحُرِّ بْنِ قَيْسٍ، وَكَانَ مِنَ النَّفَرِ الَّذِينَ يُدْنِيهِمْ عُمَرُ، وَكَانَ الْقُرَّاءُ أَصْحَابَ مَجْلِسِ عُمَرَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ وَمُشَاوَرَتِهِ كُهُولًا كَانُوا أَوْ شُبَّانًا. فَقَالَ عُيَيْنَةُ: يَا ابْنَ أَخِي اسْتَأْذِنْ لِي عَلَى أَمِيرِ الْمُؤْمِنِينَ. فَاسْتَأْذَنَ لَهُ. فَلَمَّا دَخَلَ قَالَ: هِيَ يَا بْنَ الْخَطَّابِ! فَوَاللَّهِ مَا تُعْطِينَا الْجَزْلَ، وَلَا تَحْكُمُ بَيْنَنَا بِالْعَدْلِ. فَغَضِبَ عُمَرُ حَتَّى هَمَّ أَنْ يُوقِعَ بِهِ. فَقَالَ الْحُرُّ: يَا أَمِيرَ الْمُؤْمِنِينَ، إِنَّ اللَّهَ تَعَالَى يَقُولُ لِنَبِيِّهِ: ﴿خُذِ الْعَفْوَ وَأْمُرْ بِالْعُرْفِ وَأَعْرِضْ عَنِ الْجَاهِلِينَ﴾، وَإِنَّ هَذَا مِنَ الْجَاهِلِينَ. فَوَاللَّهِ مَا جَاوَزَهَا عُمَرُ حِينَ تَلَاهَا عَلَيْهِ، وَكَانَ وَقَّافًا عِنْدَ كِتَابِ اللَّهِ تَعَالَى». أَخْرَجَهُ الْبُخَارِيُّ.

Қазақша аудармасы

Ибн Аббас (р.а.) айтады: «Ұяйна ибн Хисн Мәдинаға келгенде, бауырының ұлы Хурр ибн Қайстың үйіне түсті. Хурр Омар өзіне жақын тұтқан адамдардың бірі еді. Омардың мәжілісіне қатысып, кеңес беретіндер жасына қарамай, Құранды жетік білетін кісілер болатын. Ұяйна: “Бауырымның баласы, мүміндердің әміршісіне кіруге маған рұқсат сұрашы”, – деді. Хурр рұқсат алып берді. Ұяйна Омардың алдына кіргенде: “Әй, Хаттабтың ұлы! Уаллаһи, бізге мол үлес бермейсің, арамызда әділ үкім де шығармайсың!” – деді. Омар қатты ашуланып, оған қол көтермек болды. Сонда Хурр: “Уа, мүміндердің әміршісі! Алла Тағала елшісіне: ﴿خُذِ الْعَفْوَ وَأْمُرْ بِالْعُرْفِ وَأَعْرِضْ عَنِ الْجَاهِلِينَ﴾ ‘Сен сонда да кешірімді бол, жақсылықты бұйыр, сауапты һәм пайдалы істер істе. Ондай надандардан теріс бұрыл, олардың қылықтары мен сөздерін көңіліңе алма’ (‘Ағраф’, 199) деген. Бұл да надандардың бірі ғой”, – деді. Уаллаһи, Хурр осы аятты оқығанда, Омар одан әрі әрекет етпей, тоқтады. Ол Алланың кітабындағы әмірге келгенде одан аттамайтын».1

Түсіндірме

Бұл хадисте бәдәуи Ұяйна ибн Хисн Омарды ашуландыратындай дөрекілік танытқан. Ұяйна тік мінезімен, дөрекі сөзімен аты шыққан сахаба еді. Мекке азат етілгенде Исламды қабылдап, көңілі Исламға бұрылсын деп үлес берілгендердің қатарына қосылды. Алла елшісімен Хунайн шайқасына қатысты. Алла елшісі оны «ахмақул-мутағ», яғни «жұрт бағынатын ақымақ» деп атаған.

Туләйха әл-Әсәди өзін пайғамбар деп жариялап, мұсылман билігіне қарсы шыққанда, Ұяйна соған ерді. Мұсылмандар оларды жеңген соң, Туләйха қашып, Ұяйна ұсталып, Мәдинаға жеткізілді. Әзірет Әбу Бәкір тәубе етуді ұсынғанда, Ұяйна тәубеге келді. Риуаяттағы Мәдинаға келуі бұдан кейін, ол Исламға қайта оралып, бірқатар жорыққа қатысқан соң, Омардың халифалығы кезінде болды. Мінезінен бәдәуилерге тән кейбір сипаттар аңғарылады.

Риуаят бойынша, ол бірде Алла елшісінің (с.а.с.) алдына рұқсатсыз кірді. Алла елшісі: «Рұқсат сұрамадың ба?» – деді. Ол: «Мудар жұртынан ешкімнің алдына рұқсат сұрап кірген емеспін», – деген.

Хадис Құранның бір аяты есіне салынғанда, әзірет Омардың оған құрмет көрсетіп, ашуын тыйғанын баяндайды.

  1. 1Бұхари, «Тәпсір» («Ағраф»), № 4642, «Құран мен сүннетті берік ұстану», № 7286.