وَعَنْ أَنَسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «مُرَّ عَلَى رَسُولِ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ بِجَنَازَةٍ فَأَثْنَوْا عَلَيْهَا خَيْرًا. فَقَالَ: وَجَبَتْ. ثُمَّ مُرَّ بِأُخْرَى، فَأَثْنَوْا عَلَيْهَا شَرًّا. فَقَالَ: وَجَبَتْ. فَقَالَ عُمَرُ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ: مَا وَجَبَتْ يَا رَسُولَ اللَّهِ؟ قَالَ: هَذَا أَثْنَيْتُمْ عَلَيْهِ خَيْرًا فَوَجَبَتْ لَهُ الْجَنَّةُ، وَهَذَا أَثْنَيْتُمْ عَلَيْهِ شَرًّا فَوَجَبَتْ لَهُ النَّارُ. أَنْتُمْ شُهَدَاءُ اللَّهِ فِي الْأَرْضِ». أَخْرَجَهُ الْخَمْسَةُ إِلَّا أَبَا دَاوُدَ.
Әнәс (р.а.) былай деген: «Алла Елшісінің (с.а.с.) жанынан жерлеуге апара жатқан бір мәйіт өтті. Қасындағылар марқұмды жақсылықпен еске алды. Пайғамбарымыз: “Уәжіп болды”, – деді. Тағы бір мәйіт өткенде, жұрт оны жаман жағынан еске алды. Алла Елшісі тағы да: “Уәжіп болды”, – деді. Омар ибн әл-Хаттаб: “Уа, Алланың Елшісі, не уәжіп болды?” – деп сұрады. Ол: “Біріншісін жақсылықпен еске алдыңдар, оған жәннат уәжіп болды. Екіншісін жаман жағынан еске алдыңдар, оған тозақ уәжіп болды. Сендер – Алланың жер бетіндегі куәгерлерісіңдер”, – деді»1.
Түсіндірме
1. Бұл хадис бірнеше нұсқада жеткен. Ол қайтыс болған кісіні жақсы жағынан еске алуға рұқсат екенін көрсетеді. Кейбір нұсқада «Жақсы кісі еді», «Арлы адам еді», «Мұсылман еді» деген сияқты сөздер келтірілген.
2. Хадистегі «уәжіп болды» деген тіркес үкімнің бекітілгенін білдіреді. Сауап – Алланың кеңшілігі, жаза – Оның әділеті. Алладан ісінің есебін сұрайтын ешкім жоқ.
3. «Сендер – Алланың жер бетіндегі куәгерлерісіңдер» деген сөз сахабаларға айтылған. Даууди мұнда шыншыл әрі ізгі кісілердің куәлігі есепке алынатынын ескерткен. Ол марқұмның дұшпанының сөзіне де сақтықпен қараған. Кей ғалымдар мақтау марқұмның шынайы халіне сай болуға тиіс деген. Нәуәуи сөздің аясын кеңірек түсінген. Бір топ ғалым бұл ерекшелікті сахабаларға тән деп санаса, көпшілік ізгі ерлер мен әйелдердің куәлігін де қамтиды деген. Бұхаридің өзге нұсқасында мүміндер Алланың жер бетіндегі куәгерлері деп аталады. Ахмад, Хаким және Ибн Хиббан жеткізген бір хабарда төрт көршісі марқұмның жақсылығына куәлік етсе, Алла олардың сөзін қабыл етіп, олар білмеген күнәларын да кешіретіні айтылады.
4. Нәуәуи жаман жағынан еске алынған кісіні мұнафық деп түсіндірген. Ахмад ибн Ханбал келтірген бір риуаятта Алла Елшісінің (с.а.с.) мақталған адамның жаназа намазын оқып, екіншісінікін оқымағаны айтылады.
5. Түсіндірушілер мұны осы үмбеттің артықшылықтарының бірі деп санаған. Адам туралы үкімде көзге көрінген істері ескеріледі.
6. Қажет кезде адамның пайдасына немесе зиянына болатын жайтты шын айтып куәлік етуге болады. Мұндай куәлік ғайбатқа жатпайды.
- 1Бұхари, Жанаиз 86, Шаһадат 6; Мүслим, Жанаиз 60, (949); Тирмизи, Жанаиз 63, (1058); Нәсәи, Жанаиз 50, (4, 49, 50); Әбу Дәуіт, Жанаиз 80, (3233).