Хадис

Ажамдар мен румдықтардың артықшылығы

Кутуб ситтә, 10-том, 679-тарау · 3 хадис · № 4549–4551

Хадистер

4549
Кутуб ситтә, № 4549 · тараудағы реті: 1Риуаят етуші: Әбу Һурайра (р.а.)

عَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «تَلَا رَسُولُ اللَّهِ ﷺ سُورَةَ الْجُمُعَةِ، فَلَمَّا بَلَغَ: ﴿وَآخَرِينَ مِنْهُمْ لَمَّا يَلْحَقُوا بِهِمْ﴾، قَالَ لَهُ رَجُلٌ: يَا رَسُولَ اللَّهِ، مَنْ هَؤُلَاءِ الَّذِينَ لَمْ يَلْحَقُوا بِنَا؟ فَوَضَعَ ﷺ يَدَهُ عَلَى سَلْمَانَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ وَقَالَ: وَالَّذِي نَفْسِي بِيَدِهِ لَوْ كَانَ الْإِيمَانُ بِالثُّرَيَّا لَتَنَاوَلَهُ رِجَالٌ مِنْ هَؤُلَاءِ، وَفِي أُخْرَى: رَجُلٌ مِنْ فَارِسَ». أَخْرَجَهُ الشَّيْخَانِ وَالتِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Әзірет Әбу Һурайра (р.а.) жеткізеді: «Расулалла (с.а.с.) “Жұма” сүресін оқып, ﴿وَءَاخَرِينَ مِنْهُمْ لَمَّا يَلْحَقُوا۟ بِهِمْ﴾ “Һәм оны сол үмми қауымға әлі қосыла қоймаған басқа қауымдарға да жібереді” (“Жұма”, 3) аятына келгенде, бір адам: “Уа, Расулалла, бізге әлі қосылмағандар кімдер?” – деп сұрады. Алла елшісі (с.а.с.) қолын Салманға (р.а.) қойып: “Жаным қолында болған Аллаға ант етемін, иман Үркерде болса да, мына қауымнан шыққан кісілер оған жетер еді”, – деді. Басқа риуаятта: “Парсылардан бір адам”, – делінген».1

Түсіндірме

«Ажам» сөзі араб тілінде арабтан өзге халықтарды білдіреді, ал бұл хадисте парсылар меңзелген. Расулалла (с.а.с.) ерте заманда ірі мемлекет құрып, мәдениеті мен білімі терең тамыр жайған Иран халқын осы тұрғыдан бағалаған. Хадистегі мадаққа алғаш ие болған – Салман әл-Фариси. Ол Расулалланың ардақты сахабаларының бірі. Пайғамбарымыз: «Салман бізден, әһл-бәйттен, яғни Пайғамбар әулетінен», – деген.

Кейбір түсіндірмешілер бұл хадисте Имам Ағзам Әбу Ханифаға да ишара бар деген. Ислам ғылымының дамуына үлес қосқан өзге де талай ирандық ғалымды хадистің мағынасына жатқыза аламыз. Нәуәуи хадисте ажамдардың артықшылығына және орнымен айтылған бейнелі әсірелеудің рұқсат екеніне анық дәлел барын айтқан.

  1. 1Бұхари, Тәпсір, Жұма 1; Мүслим, Фазаилус-Сахаба (2546); Тирмизи, Манақиб (3229).
4550
Кутуб ситтә, № 4550 · тараудағы реті: 2Риуаят етуші: Әбу Һурайра (р.а.)

وَعَنْهُ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «ذُكِرَتِ الْأَعَاجِمُ عِنْدَ رَسُولِ اللَّهِ ﷺ فَقَالَ ﷺ: أَنَا بِهِمْ، أَوْ بِبَعْضِهِمْ أَوْثَقُ مِنِّي بِكُمْ أَوْ بِبَعْضِكُمْ». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Әбу Һурайра (р.а.) жеткізеді: «Расулалланың (с.а.с.) жанында арабтан өзге халықтар жайында сөз болды. Сонда ол: “Оларға немесе кейбіріне сендерден немесе кейбіріңнен көбірек сенемін”, – деді».1

Түсіндірме

Хадистегі «сендер» сөзімен Расулалла нақты адамдарға жүгінген. Олар дүние-мүлкін Алла жолында жұмсауға шақырылғанда, бұдан тартынған. Сол себепті Алла елшісі (с.а.с.): «Мен ажамдарға сендерден көбірек сенемін», – деп, оларды жөнге салып, айыбын бетіне басқан. Мұны мына аят та аңғартады: ﴿هَٰٓأَنتُمْ هَٰٓؤُلَآءِ تُدْعَوْنَ لِتُنفِقُوا۟ فِى سَبِيلِ ٱللَّهِ فَمِنكُم مَّن يَبْخَلُ … وَإِن تَتَوَلَّوْا۟ يَسْتَبْدِلْ قَوْمًا غَيْرَكُمْ﴾ «Қазір сендер мал-дүниелеріңнің бір бөлігін Алла жолында жұмсауға шақырылудасыңдар. Алайда араларыңдағы кейбіреулер сараңдық танытуда… Егер теріс айналатын болсаңдар, онда Ол орындарыңа сендерден басқа қауымды әкеледі» («Мұхаммед», 38). Бұл аяттың алдындағы аятта: ﴿إِن يَسْـَٔلْكُمُوهَا فَيُحْفِكُمْ تَبْخَلُوا۟﴾ «Егер Ол сендерден бәрін беріңдер деп, қатаң түрде табандылықпен талап ететін болса, онда сендер сараңдық танытар едіңдер» («Мұхаммед», 37), – делінген.

Яғни: «Сендер түрлі жағдайды бастан өткердіңдер, Алла жолында дүние жұмсаудың өздеріңе қайырлы екенін де білесіңдер. Бірақ соған шақырылғанда, баяу қимылдап, жалтарасыңдар. Осылай жалтара берсеңдер, Алла орындарыңа басқа қауым әкеледі. Олар Алла жолында малы мен жанын аямайды, дүние-мүлкін молынан жұмсайды, сендер секілді сараңдық танытпайды». Бұл сөздің мақсаты – оларды Алла жолында мал жұмсауға ынталандыру. Одан бір қауымды екіншісінен тұтас артық қою мағынасы шықпайды. Әли әл-Қари былай дейді: «Хадистің мақсаты ешқандай жалпы артықшылық болмайтынын айту десек, айтылу себебін ғана емес, сөзінің жалпы мағынасын ескергенде, ол Кітап пен сүннетке қайшы келеді. Ал жалпы артықшылықтың болуы міндетті емес деген мағынада түсіндірсек, бұл дұрыс. Өйткені хадис ажамдардың кей қасиетте арабтардан артық екенін көрсетеді. Мәртебесі төменірек адамның кей қасиетте мәртебесі жоғары адамнан асып түсуі таңғаларлық жайт емес. Араб тегінің ажам тегінен артық екені күмәнсіз, ал хадис бойынша ажамдар кейбір жеке қасиеттерімен арабтардан артық». Бұл мәселеде артықшылықтың өлшемі ретінде тақуалықты белгілеген Құран аяты басшылыққа алынады.

  1. 1Тирмизи, Манақиб (3932).
4551
Кутуб ситтә, № 4551 · тараудағы реті: 3

وَعَنِ الْمُسْتَوْرِدِ الْقُرَشِيِّ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «سَمِعْتُ رَسُولَ اللَّهِ ﷺ يَقُولُ: تَقُومُ السَّاعَةُ وَالرُّومُ أَكْثَرُ النَّاسِ. فَقَالَ عَمْرُو بْنُ الْعَاصِ: أَبْصِرْ مَا تَقُولُ. قَالَ: أَقُولُ مَا سَمِعْتُ مِنْ رَسُولِ اللَّهِ ﷺ: قَالَ: إِنْ قُلْتَ ذَلِكَ، إِنَّ فِيهِمْ لَخِصَالًا أَرْبَعَةً، إِنَّهُمْ أَحْلَمُ النَّاسِ عِنْدَ فِتْنَةٍ، وَأَسْرَعُهُمْ إِفَاقَةً عِنْدَ مُصِيبَةٍ، وَأَوْشَكُهُمْ كَرَّةً بَعْدَ فَرَّةٍ، وَخَيْرُهُمْ لِمِسْكِينٍ وَيَتِيمٍ وَضَعِيفٍ، وَخَامِسَةٌ حَسَنَةٌ جَمِيلَةٌ: وَأَمْنَعُهُمْ مِنْ ظُلْمِ الْمُلُوكِ». أَخْرَجَهُ مُسْلِمٌ.

Қазақша аудармасы

Мұстәурид әл-Құрайыши (р.а.) жеткізеді: «Расулалланың (с.а.с.): “Қиямет орнағанда, адамдардың ең көбі румдықтар болады”, – дегенін естідім». Сонда Амр ибн әл-Ас (р.а.): «Не айтып тұрғаныңа абай бол!» – деді. Мұстәурид: «Расулалладан (с.а.с.) естігенімді айтып тұрмын», – деді. Амр: «Солай десең, олардың төрт қасиеті бар. Бүлік кезінде олар – адамдардың ең ұстамдылары. Апаттан кейін ең тез ес жияды. Шегінген соң ең жылдам қайта шабуылдайды. Міскінге, жетімге және әлсізге ең көп қамқорлық жасайды. Бесінші көркем қасиеті – патшалардың зұлымдығына бәрінен берік қарсы тұруы», – деді.1

Түсіндірме

Расулалла (с.а.с.) қиямет орнағанда, румдықтардың адамзаттың басым бөлігін құрайтынын хабарлаған. Хадистегі «рум» сөзін қазіргі Грекия деп түсіну дұрыс емес. Ол дәуірде «рум» Рим мемлекетін, кеңірек айтқанда, христиан дүниесін білдіретін. Осыған сүйеніп, хадистегі «рум» сөзін Батыс әлемі, христиан дүниесі деп түсінеміз. Қазір де батыстықтардың бойынан Амр ибн әл-Ас румдықтарға теліген бірқатар қасиетті байқауға болады. Хадис исламға қарсы тұрғандарды да жақыннан танып, олардың ерекшеліктері мен жақсы қасиеттерін байқауға, тіпті сол жақсы қасиеттерін бағалай білуге үлгі болады.

  1. 1Мүслим, Фитән 35 (2898).