Хадис

Кутуб ситтә, № 4550

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
679. Ажамдар мен румдықтардың артықшылығы
Нөмірі
№ 4550 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 2
4550
Кутуб ситтә, № 4550 · тараудағы реті: 2Риуаят етуші: Әбу Һурайра (р.а.)

وَعَنْهُ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «ذُكِرَتِ الْأَعَاجِمُ عِنْدَ رَسُولِ اللَّهِ ﷺ فَقَالَ ﷺ: أَنَا بِهِمْ، أَوْ بِبَعْضِهِمْ أَوْثَقُ مِنِّي بِكُمْ أَوْ بِبَعْضِكُمْ». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Әбу Һурайра (р.а.) жеткізеді: «Расулалланың (с.а.с.) жанында арабтан өзге халықтар жайында сөз болды. Сонда ол: “Оларға немесе кейбіріне сендерден немесе кейбіріңнен көбірек сенемін”, – деді».1

Түсіндірме

Хадистегі «сендер» сөзімен Расулалла нақты адамдарға жүгінген. Олар дүние-мүлкін Алла жолында жұмсауға шақырылғанда, бұдан тартынған. Сол себепті Алла елшісі (с.а.с.): «Мен ажамдарға сендерден көбірек сенемін», – деп, оларды жөнге салып, айыбын бетіне басқан. Мұны мына аят та аңғартады: ﴿هَٰٓأَنتُمْ هَٰٓؤُلَآءِ تُدْعَوْنَ لِتُنفِقُوا۟ فِى سَبِيلِ ٱللَّهِ فَمِنكُم مَّن يَبْخَلُ … وَإِن تَتَوَلَّوْا۟ يَسْتَبْدِلْ قَوْمًا غَيْرَكُمْ﴾ «Қазір сендер мал-дүниелеріңнің бір бөлігін Алла жолында жұмсауға шақырылудасыңдар. Алайда араларыңдағы кейбіреулер сараңдық танытуда… Егер теріс айналатын болсаңдар, онда Ол орындарыңа сендерден басқа қауымды әкеледі» («Мұхаммед», 38). Бұл аяттың алдындағы аятта: ﴿إِن يَسْـَٔلْكُمُوهَا فَيُحْفِكُمْ تَبْخَلُوا۟﴾ «Егер Ол сендерден бәрін беріңдер деп, қатаң түрде табандылықпен талап ететін болса, онда сендер сараңдық танытар едіңдер» («Мұхаммед», 37), – делінген.

Яғни: «Сендер түрлі жағдайды бастан өткердіңдер, Алла жолында дүние жұмсаудың өздеріңе қайырлы екенін де білесіңдер. Бірақ соған шақырылғанда, баяу қимылдап, жалтарасыңдар. Осылай жалтара берсеңдер, Алла орындарыңа басқа қауым әкеледі. Олар Алла жолында малы мен жанын аямайды, дүние-мүлкін молынан жұмсайды, сендер секілді сараңдық танытпайды». Бұл сөздің мақсаты – оларды Алла жолында мал жұмсауға ынталандыру. Одан бір қауымды екіншісінен тұтас артық қою мағынасы шықпайды. Әли әл-Қари былай дейді: «Хадистің мақсаты ешқандай жалпы артықшылық болмайтынын айту десек, айтылу себебін ғана емес, сөзінің жалпы мағынасын ескергенде, ол Кітап пен сүннетке қайшы келеді. Ал жалпы артықшылықтың болуы міндетті емес деген мағынада түсіндірсек, бұл дұрыс. Өйткені хадис ажамдардың кей қасиетте арабтардан артық екенін көрсетеді. Мәртебесі төменірек адамның кей қасиетте мәртебесі жоғары адамнан асып түсуі таңғаларлық жайт емес. Араб тегінің ажам тегінен артық екені күмәнсіз, ал хадис бойынша ажамдар кейбір жеке қасиеттерімен арабтардан артық». Бұл мәселеде артықшылықтың өлшемі ретінде тақуалықты белгілеген Құран аяты басшылыққа алынады.

  1. 1Тирмизи, Манақиб (3932).