Хадис

Кутуб ситтә, № 4549

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
679. Ажамдар мен румдықтардың артықшылығы
Нөмірі
№ 4549 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 1
4549
Кутуб ситтә, № 4549 · тараудағы реті: 1Риуаят етуші: Әбу Һурайра (р.а.)

عَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «تَلَا رَسُولُ اللَّهِ ﷺ سُورَةَ الْجُمُعَةِ، فَلَمَّا بَلَغَ: ﴿وَآخَرِينَ مِنْهُمْ لَمَّا يَلْحَقُوا بِهِمْ﴾، قَالَ لَهُ رَجُلٌ: يَا رَسُولَ اللَّهِ، مَنْ هَؤُلَاءِ الَّذِينَ لَمْ يَلْحَقُوا بِنَا؟ فَوَضَعَ ﷺ يَدَهُ عَلَى سَلْمَانَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ وَقَالَ: وَالَّذِي نَفْسِي بِيَدِهِ لَوْ كَانَ الْإِيمَانُ بِالثُّرَيَّا لَتَنَاوَلَهُ رِجَالٌ مِنْ هَؤُلَاءِ، وَفِي أُخْرَى: رَجُلٌ مِنْ فَارِسَ». أَخْرَجَهُ الشَّيْخَانِ وَالتِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Әзірет Әбу Һурайра (р.а.) жеткізеді: «Расулалла (с.а.с.) “Жұма” сүресін оқып, ﴿وَءَاخَرِينَ مِنْهُمْ لَمَّا يَلْحَقُوا۟ بِهِمْ﴾ “Һәм оны сол үмми қауымға әлі қосыла қоймаған басқа қауымдарға да жібереді” (“Жұма”, 3) аятына келгенде, бір адам: “Уа, Расулалла, бізге әлі қосылмағандар кімдер?” – деп сұрады. Алла елшісі (с.а.с.) қолын Салманға (р.а.) қойып: “Жаным қолында болған Аллаға ант етемін, иман Үркерде болса да, мына қауымнан шыққан кісілер оған жетер еді”, – деді. Басқа риуаятта: “Парсылардан бір адам”, – делінген».1

Түсіндірме

«Ажам» сөзі араб тілінде арабтан өзге халықтарды білдіреді, ал бұл хадисте парсылар меңзелген. Расулалла (с.а.с.) ерте заманда ірі мемлекет құрып, мәдениеті мен білімі терең тамыр жайған Иран халқын осы тұрғыдан бағалаған. Хадистегі мадаққа алғаш ие болған – Салман әл-Фариси. Ол Расулалланың ардақты сахабаларының бірі. Пайғамбарымыз: «Салман бізден, әһл-бәйттен, яғни Пайғамбар әулетінен», – деген.

Кейбір түсіндірмешілер бұл хадисте Имам Ағзам Әбу Ханифаға да ишара бар деген. Ислам ғылымының дамуына үлес қосқан өзге де талай ирандық ғалымды хадистің мағынасына жатқыза аламыз. Нәуәуи хадисте ажамдардың артықшылығына және орнымен айтылған бейнелі әсірелеудің рұқсат екеніне анық дәлел барын айтқан.

  1. 1Бұхари, Тәпсір, Жұма 1; Мүслим, Фазаилус-Сахаба (2546); Тирмизи, Манақиб (3229).