Хадис

Кутуб ситтә, № 4556

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
682. Зәйд ибн Амр ибн Нуфәйл
Нөмірі
№ 4556 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 3
4556
Кутуб ситтә, № 4556 · тараудағы реті: 3Риуаят етуші: Әсма бинт Әбу Бәкір (р.а.)

وَعَنْ أَسْمَاءَ بِنْتِ أَبِي بَكْرٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَتْ: «رَأَيْتُ زَيْدَ بْنَ عَمْرِو بْنِ نُفَيْلٍ قَائِمًا مُسْنِدًا ظَهْرَهُ إِلَى الْكَعْبَةِ يَقُولُ: يَا مَعْشَرَ قُرَيْشٍ، وَاللَّهِ مَا مِنْكُمْ عَلَى دِينِ إِبْرَاهِيمَ غَيْرِي، وَكَانَ يُحْيِي الْمَوْءُودَةَ. يَقُولُ لِلرَّجُلِ إِذَا أَرَادَ أَنْ يَقْتُلَ ابْنَتَهُ: لَا تَقْتُلْهَا، أَنَا أَكْفِيكَهَا مَئُونَتَهَا، فَيَأْخُذُهَا فَإِذَا تَرَعْرَعَتْ قَالَ لِأَبِيهَا: إِنْ شِئْتَ دَفَعْتُهَا إِلَيْكَ وَإِنْ شِئْتَ كَفَيْتُكَ مُؤْنَتَهَا». أَخْرَجَهُ الْبُخَارِيُّ.

Қазақша аудармасы

Әсма бинт Әбу Бәкір (р.а.) жеткізеді: «Зәйд ибн Амрдың Қағбаға арқасын сүйеп тұрып: “Уа, Құрайыш қауымы! Аллаға ант етемін, араларыңда менен басқа Ибраһимнің (а.с.) дінін ұстанған ешкім жоқ”, – дегенін көрдім.

Зәйд тірідей көмілуге шақ қалған қыздарды аман алып қалатын. Қызын өлтірмек болған әкеге:

– Оны өлтірме, асырауын өзім мойныма аламын, – деп қызды өз қолына алатын. Қыз есейгенде, әкесіне:

– Қаласаң, өзіңе қайтарайын. Қаласаң, асырауын әрі қарай да өзім мойныма алайын, – дейтін».1

Түсіндірме

«الْمَوْؤُدَةُ» الطِّفْلَةُ، كَانُوا إِذَا وُلِدَتْ لِأَحَدِهِمْ بِنْتٌ حَفِرَ لَهَا حُفْرَةً وَدَفَنَهَا وَهِيَ حَيَّةٌ غَيْرَةً وَأَنْفَةً، فَحَرَّمَ اللَّهُ ذَلِكَ.

1. Зәйд ибн Амр ибн Нуфәйл – жәннатпен сүйіншіленген он сахабаның бірі Сағид ибн Зәйдтің әкесі, Омар ибн әл-Хаттабтың (р.а.) немере ағасы. Нуфәйл – әзірет Омар мен Зәйдтің ортақ атасы. Келтірілген риуаяттардан Зәйдтің Расулалламен Бәлдахта жолыққаны белгілі. Ол Расулаллаға пайғамбарлық берілмей тұрып дүниеден өтті. Кей риуаяттарда Зәйд Шамда жүріп Пайғамбардың шыққанын естіп, оған иман келтіру ниетімен жолға шыққаны, бірақ жолда өлтірілгені айтылады. Басқа риуаяттарда Құрайыш Қағбаны қайта салып жатқанда, Расулаллаға пайғамбарлық берілерден бес жыл бұрын дүние салған делінеді. Зәйд жаһилият дәуірінде ханифтік деп аталған Ибраһим (а.с.) дінін ұстанған. Сол жолды жалғастыруға ұмтылған басқа кісілер де болды. Зәйд жалғыз Алланы танып, Оған құлшылық еткен. Пұттарға арналып сойылған малдың етін жемеген, өсімге де тыйым салған. «Өсімнен аулақ болыңдар, ол кедейлікке ұрындырады», – дейтін. Сондай-ақ: «Құдайым – әзірет Ибраһимнің Құдайы, дінім – әзірет Ибраһимнің діні», – деген. Расулалла (с.а.с.) оның ақиқат дін іздегенін, шамасы жеткенше тәухидті ұстанып, бұйырылған құлшылықтарды атқаруға ұмтылғанын бағалап: «Ол қиямет күні менімен Исаның (а.с.) арасында жеке бір үмбет болып тіріледі», – деген.

2. Жоғарыдағы бірінші хадистің (№4554) сөздері Бұхаридегі нұсқамен дәлме-дәл келмейді. Алайда Ибн Хажардың түсіндірмеде жазған басқа нұсқаларына сай келеді. Риуаяттарда Расулалла дастарқан жайып, оны дәмге шақырды ма әлде Расулалла дәмге шақырылды ма? Осы мәселе таласты. Ал біз сөз еткен риуаятта Расулалла Зәйдті ет қойылған дастарханға шақырып, Зәйдтің бұл асты қабылдамай: «Мен сендердің пұттарға арнап сойған малдарының етінен жемеймін» деген. Бұл сөзден «Расулалла пайғамбарлық берілгенге дейін пұттарға сойылған малдың етінен жеген» деген үкім шығады. Бұл мағына пайғамбарлардың исмәтіне (барлық күнә атаулыдан пәк болуына) қайшы келіп, пайғамбарлық заңдылықтың қайшылығына себеп болады. Хаттабидің айтуы: «Расулалла (с.а.с.) Қағбаның айналасындағы ансаб деп аталатын тастарда пұттарға арнап сойылған малдың етін жемейтін, бірақ бұдан басқа Алланың атын атамай-ақ сойған малдың етін жей беретін. Өйткені әлі шариғат келмеген еді, оның үстіне Алланың атымен сойылмаған малдардың етін жеуге болмайтыны туралы тыйым Расулаллаға Пайғамбарлық міндет берілгеннен кейін ұзақ уақыттан кейін келді». Ибн Хажар Хаттабидің бұл түсіндірмесін: «Ол дастарханға Құрайыш Расулалланы сыйлап, дәмге шақырған еді. Расулалла өзіне ұсынылған етті жеуден бас тартып, оны Зәйд ибн Амрға ұсынды, ол да жеуден бас тартып Құрайыштықтарға қарата былай деді: «...» – деген түсіндірмемен салыстырғанда ақылға қонымды және орынды деп санайды. Ал екінші түсіндірме турасында: «Риуаяттарда мұндай нақты тәсіл қолдануға мүмкіндік беретін бірде-бір жорамал жоқ», – деп, одан бас тартқан. Алайда өзінің түсіндірмесі біраз өзгешелеу: «Расулалланың дастарханындағы ет қызметшісі Зәйд ибн Харисаның (р.а.) Қағбаның айналасындағы тастың (ансаб) алдында сойылған малдың еті екенін есепке алатын болсақ, ол мал пұттарға арнап сойылмаған деп жоруға болады. Аятта келген: ﴿وَمَا ذُبِحَ عَلَى ٱلنُّصُبِ﴾ «пұттардың алдында сойылған малдың [еті]» («Мәида», 3) аятындағы тыйымнан мақсат – «осы тастардың алдына пұттар үшін сойылғандар» болмақ. Хаттаби сөзін жалғастырып кейбір ғалымдардың: «Бұл тастардың алдында пұттардың атымен сойылмаған малдар туралы ешқандай уахи түспеген», – деп айтқандарын жазған. Бұл мәселе турасында басқа да хадистерді жазып, талдауды тереңдеткен Ибн Хажар да біз сөз етіп отырған қайшылық туралы Дауудидің келесі пікірін де жазған: «Расулалла (с.а.с.) пайғамбарлықтан бұрын да мүшріктердің әдет-ғұрыптарынан аулақ болды, яғни ұстанбады. Алайда ол малды союға қатысты үкімді білмейтін. Зәйд ибн Амр мұны кездескен әһл-кітап арқылы білді». Суһайли былай дейді: «Расулалла (с.а.с.) бұл қасиетке Зәйдтен лайықтырақ еді» деген уәж айтылса, бұған жауабымыз былай болады: «Хадисте Расулалланың бұл етті жегені турасында нақты мәлімет жоқ. Егер жеген болса: «Мұны өзіне жеткен шариғатпен емес, жеке көзқарасы арқылы (қалыптасқан қағидалар мен ережелер негізінде үкім шығарған) жасаған», – дейді және сөзін жалғастырып: «Жаһилият халқының алдында әзірет Ибраһимнің дінінен кейбір нәрселері мәңгілікке дейін жалғасты.

Ибраһимнің (а.с.) шариғатында өлексе жеу харам еді, ал Алланың аты аталмай сойылған малдың етін жеуге тыйым салынбаған. Бұл тыйым ислам келген соң түсті. Сол кездегі сойылған малдың адалдығына бұрынғы шариғаттан дәлел табылса және бұл әдет Құран түскенге дейін жалғасса да, шариғат келмей тұрған істі адал не арам деп кесіп айтуға болмайды. Пайғамбарлық берілгеннен аят түскенге дейін біреудің сойылған малды жеуден бас тартқаны туралы риуаят жоқ». Осы тұста Ибн Хажар: «Дауудидің “Зәйд мұны кездескен кітап иелерінен білді” дегенінен гөрі, “Зәйд мұны өз пайымымен істеді” деген абзал», – дейді. Бұдан Расулалла (с.а.с.) пайғамбарлыққа дейін өзінен бұрынғы шариғаттың бірін ұстанбаған, ал мал союға қатысты тыйым әлі түспегендіктен, бұл іс оған рұқсат еді деген қорытынды жасалады.

Ибн Хажар Зәйд ибн Харисадан (р.а.) жеткен «Ансабтың бірінің алдында қой сойдық» деген сөзді былай түсіндіреді: «Мұндағы “ансаб” тас дегенді білдіреді. Бұл – табынатын пұт емес, мал союға арналған құралдың бірі. Малды соның үстінде сояды. “Нусуб” негізінде үлкен тасты білдіреді. Мұндай тастардың бір бөлігі – мүшріктер табынып, арнап құрбан шалатын пұттар. Екінші бөлігіне табынбайды, оны мал соятын құрал ретінде пайдаланады. Пұтына құрбандық шалатын адам да малын осындай тастың үстінде сояды. Зәйд ибн Амр осы әдеттің тамырын үзу үшін одан бас тартқан болуы мүмкін».

3. Зәйд ибн Амрдың ізгі қасиеттерінің бірі – әкелері тірідей көмгелі жатқан қыздарды құтқаруы. Арабтардың бұл көне дәстүрінің екі себебі болған:

1. Ар-намысты қорғау. Арабтар бір-біріне шабуылдағанда қыздарды ұрлап әкетіп, күң ететін немесе күштеп әйелдікке алатын. Әкесі өтем төлеп қызын құтқармақ болғанда, қызға әкесі мен өзін ұрлап әкеткен адамның бірін таңдау еркі берілетін. Кей қыз әкесіне қайтпай, қожайынымен қалуды таңдап, әкесінің намысына тиетін. Әкелер осындай жағдайға түсуден қорқып, қыздарын тірідей көметін болған.

2. Тұрмыс тауқыметінен қорқу. Қызды отбасының күнкөрісіне салмақ түсіреді деп санағандар оны тірідей көмген. Хадистегі Зәйд осы себеппен көмілуге шақ қалған қыздарды құтқарған. Риуаятта «Зәйд тірідей көмілген қыздарды тірілтті» деген бейнелі сөз олардың тірідей көмілуіне жол бермегенін білдіреді. Құран арабтардың қыз балаларды өлтіру әдетін бірнеше аятта атап, оған тыйым салады («Тәкуир», 8–9, «Әнғам», 151, «Исра», 31).

4. Зәйд ибн Амрдың ақиқат дінді іздеуі кітаптарда баяндалған. Шамға бірге барған Уарақа ибн Нәуфәл христиан дінін қабылдады, ал Зәйд қабылдамады. Оның пайғамбар келетінін күтіп, жақындарына: «Ғұмырларың жетсе, сол пайғамбарды көресіңдер», – дегені жеткен. Бір риуаятта Зәйдтің: «Уа, Алла, Саған қалай құлшылық етудің абзал екенін білсем, солай етер едім. Бірақ білмеймін», – деп, алақандарын жерге қойып, сәжде еткені айтылады.

  1. 1Бұхари, Манақибул-Ансар 24.