Хадис

Кутуб ситтә, № 681

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
69. «Исра» сүресі
Нөмірі
№ 681 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 4
681
Кутуб ситтә, № 681 · тараудағы реті: 4Риуаят етуші: Әбу Һурайра (р.а.)

وَعَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ فِي قَوْلِهِ تَعَالَى: ﴿يَوْمَ نَدْعُو كُلَّ أُنَاسٍ بِإِمَامِهِمْ﴾: «يُدْعَى أَحَدُهُمْ فَيُعْطَى كِتَابَهُ بِيَمِينِهِ، وَيُمَدُّ لَهُ فِي جِسْمِهِ سِتُّونَ ذِرَاعًا، وَيُبَيَّضُ وَجْهُهُ، وَيُجْعَلُ عَلَى رَأْسِهِ تَاجٌ مِنْ لُؤْلُؤٍ يَتَلَأْلَأُ، فَيَنْطَلِقُ إِلَى أَصْحَابِهِ الَّذِينَ كَانُوا يَجْتَمِعُونَ إِلَيْهِ، فَيَرَوْنَهُ مِنْ بَعِيدٍ، فَيَقُولُونَ: اللَّهُمَّ ائْتِنَا بِهَذَا. فَيَأْتِيهِمْ فَيَقُولُ: أَبْشِرُوا، لِكُلِّ رَجُلٍ مِنْكُمْ مِثْلُ هَذَا الْمَتْبُوعِ عَلَى الْهُدَى. وَأَمَّا الْكَافِرُ فَيُعْطَى كِتَابَهُ بِشِمَالِهِ، وَيُسَوَّدُ وَجْهُهُ، وَيُمَدُّ لَهُ فِي جِسْمِهِ سِتُّونَ ذِرَاعًا، وَيُلْبَسُ تَاجًا مِنْ نَارٍ. فَإِذَا رَآهُ أَصْحَابُهُ يَقُولُونَ: نَعُوذُ بِاللَّهِ مِنْ شَرِّ هَذَا، اللَّهُمَّ لَا تَأْتِنَا بِهِ. فَيَأْتِيهِمْ فَيَقُولُونَ: اللَّهُمَّ أَخِّرْهُ. فَيَقُولُ لَهُمْ: أَبْعَدَكُمُ اللَّهُ، لِكُلِّ رَجُلٍ مِنْكُمْ مِثْلُ هَذَا». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Әбу Һурайра (р.а.) жеткізген риуаятта Алла елшісі (с.а.с.) ғарасат күні жайлы «Күндердің күнінде барлық адамдарды өздері пір тұтқан көсемдерімен бірге шақырамыз»1 деген аятқа қатысты былай деді: «Олардың бірі шақырылып, амал дәптері оң қолына беріледі. Денесі алпыс шынтаққа ұлғайтылып, жүзі аппақ болады, басына жарқыраған інжуден тәж кигізіледі. Ол өз маңына жиналып жүретін жолдастарына қарай беттейді. Жолдастары оны алыстан көріп: “Уа, Алла! Мынаны бізге жеткізе көр!” – дейді. Ол жандарына келіп: “Сүйінші! Тура жолдағы мына көсемге берілгендей сый сендердің әрқайсыңа да беріледі”, – дейді. Ал кәпірдің амал дәптері сол қолына беріледі. Жүзі қап-қара болып, денесі алпыс шынтаққа ұлғайтылады, басына оттан тәж кигізіледі. Жолдастары оны көріп: “Мұның жамандығынан Аллаға сыйынамыз. Уа, Алла! Оны бізге жолата көрме!” – дейді. Ол қастарына жеткенде: “Уа, Алла! Оны бізден аулақ ет!” – деп жалбарынады. Сонда ол: “Алла сендерді мейірімінен алыстатсын! Әрқайсыңа дәл осындай үлес тиеді”, – дейді».2

Түсіндірме

Бұл аят қиямет күні әр үмбеттің өз басшысымен бірге есепке тартылатынын білдіреді. Басқа бір аятта: «Әр үмбетке бір елші-пайғамбар белгіленген. Әрбір елші-пайғамбар өз үмбетіне келгенде олардың арасында әділ үкім шығарылады әрі ешкімге қиянат жасалмайды»3 – делінген.

Аятта «көсем» деп аударылған сөздің түпнұсқасы – «имам». Кейбір ғалымдар мұнда пайғамбар меңзелген десе, енді біреулері амалдар жазылған кітапты меңзейді деген. Соңғы пікірді қуаттайтын аяттар да бар: «Өлілерді қайта тірілтетін мына Біз! Һәм Біз адамдардың дүниеде өз қолымен істеп, ақыретке жолдаған сауаптары мен күнәларын және (дүниеден озған соң) арттарында қалған (қияметке дейін амал дәптеріне жазыла беретін) жақсылықтары мен жамандықтарын түгелдей жазып алудамыз. Біз онсыз да барлық нәрсені жіпке тізіп, ап-айқын Кітапқа жазып қойдық.»4 Сондай-ақ: «Әр адамның алдына өзінің амал дәптері қойылады. Сол кезде дүниеде күнәға белшесінен батқан күнәһарлардың есі шыққанын көресің. Сонда олар аһ ұрып: “Құрыдық! Мынау өзі қандай дәптер?! Үлкенді-кішілі бірде-бір сөзді де, істі де қалдырмай, бәрін жіпке тізгендей жазып алыпты ғой!” – дейді. Міне, осылайша, олар дүниеде не істесе бәрі алдарынан шығады. Раббың ешкімге әділетсіздік жасамайды.»5

«Имам» сөзінің амал дәптерін білдіруі оның пайғамбарды да меңзеуіне кедергі емес. Әр үмбеттің өз пайғамбарының алдында, оның куәлік етуімен есеп беретіні де айтылған.

  1. 1«Исра» сүресі, 71-аят (үзінді).
  2. 2Тирмизи, «Тәпсір», «Бәну Исрайыл» (3136, кей басылымда 3135). Мәтін Ибн әл-Әсирдің «Жамиғул-усул» жинағында (132) келтірілген нұсқаға сай. Тирмизидегі нұсқада жолдастары бірінші кісіні көргенде: «Уа, Алла! Мынаны бізге жеткізе көр әрі оны біз үшін берекелі ет!» – дейді. Екінші кісіні көргенде: «Уа, Алла! Оны қор қыл!» – дейді.
  3. 3«Юнус» сүресі, 47-аят.
  4. 4«Иәсин» сүресі, 12-аят.
  5. 5«Кәһф» сүресі, 49-аят.