وَلَهُ عَنِ ابْنِ عَبَّاسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا أَنَّهُ كَانَ يَقُولُ: «دُلُوكُ الشَّمْسِ إِذَا فَاءَ الْفَيْءُ، وَغَسَقُ اللَّيْلِ اجْتِمَاعُ اللَّيْلِ وَظُلْمَتُهُ».
«Муаттадағы» тағы бір риуаятта Ибн Аббас (р.а.) «дулукуш-шәмс» дегенді «көлеңкенің қайта бұрылған шағы» деп түсіндіреді. Аяттың жалғасындағы «ғасақул-ләйл» тіркесін «түн қоюланып, қараңғылық басқан шақ» деп түсіндірген.1
Түсіндірме
Бұл – күн тас төбеден батысқа қарай ауып, көлеңке шығысқа қарай ығысатын шақ. «Зәуәл» деп аталатын осы мезгіл бесін уақытының басталуына тұспа-тұс келеді.
Осы хадис пен № 682 хадистің екеуінде де аяттағы «дулукуш-шәмс» тіркесі түсіндіріледі. Ғалымдар оны екі түрлі ұққан:
1. Бірінші пікір бойынша, «дулук» – «ғуруб», яғни күннің батуы. Мұндай жорамал әзірет Әли, Ибн Мәсғуд, Ибн Аббас секілді сахабалардан жеткен.
2. Екінші пікір бойынша, «дулукуш-шәмс» – күннің түсте тас төбеден батысқа қарай ауған шағы. Сахабалар мен табиғиндердің көбі осы пікірді ұстанған. Жоғарыдағы риуаяттарда да бұл тіркес осы мағынада түсіндіріледі. Тәпсірлерде бұл пікірді қуаттайтын дәлелдер молынан келтірілген. Мұнда олардың бәрін тізіп жатпаймыз.
- 1Мәлик, «Муатта», «Уқутус-салат», 20 (1/11).