عَنِ الزُّبَيْرِ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: إِنَّ صَيْدَ وَجٍّ وَعَضَاهَهُ حَرَامٌ مُحَرَّمٌ لِلَّهِ تَعَالَى». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ.
Әзірет Зубәйір (р.а.) жеткізеді: «Алла елшісі (с.а.с.): “Уәжж алқабында аң аулауға және тікенді ағаштарын кесуге тыйым салынған. Ол Алла Тағала үшін қасиетті аймақ етілген”, – деді».1
Түсіндірме
وَجٌّ» وَادٍ بَيْنَ الطَّائِفِ وَمَكَّةَ. قَالَ الْخَطَّابِي: لَا أَعْلَمُ لِتَحْرِيمِهِ مَعْنَى إِلَّا أَنْ يَكُونَ عَلَى سَبِيلِ الْحِمَى لِنَوْعٍ مِنْ مَنَافِعِ الْمُسْلِمِينَ، أَوْ أَنَّهُ حَرَّمَهُ وَقْتًا مَخْصُوصًا ثُمَّ أَحَلَّ يَدُلُّ عَلَى ذَلِكَ قَوْلُهُ فِي جَامِعِ الْأُصُولِ قَبْلَ نُزُولِهِ الطَائِفَ لِحِصَارِ ثَقِيفِ: ثُمَّ عَادَ الْأَمْرُ فِيهِ إِلَى الْإِبَاحَةِ.
1. Уәжж – Мекке мен Тайф арасындағы жазықтың атауы. Мәдинаның харам аймақ болып жариялануы жөніндегі түсіндірменің соңында айтқанымыздай, Тайф халқы Исламды өз еркімен қабылдау үшін келіссөзге келіп, орындалуы мүмкін емес бірқатар шарт қойды. Солардың бірі – Тайфты қасиетті аймақ деп жариялау еді. Алла елшісі олардың орынды деп тапқан шарттарын қабыл алды. Бұл – солардың бірі. Хаттаби былай дейді: «Бұл тыйымның мәнін түсіне алмадым. Бәлкім, ол мұсылмандардың мүддесі үшін қорық құруды көздеген шығар. Немесе ол жерге біраз уақыт тыйым салынып, кейін тыйым алынған болуы мүмкін». Хаттабидің айтуынша, соңғы жорамалға хадистегі «Уәжж Тайф алынбай тұрып харам етілген» деген түсіндірме негіз болған. Оған назар аударған соң ол: «Кейін ол жер қайтадан мұбаһ болды», – дейді.
Кейбір хадис түсіндірушілер «Уәжж жазығы Тайф қоршауға алынбай тұрып харам етілген» деген дерекке күмән келтіреді. Олар Алла елшісінің (с.а.с.) Тайфты қоршаған кезде қала тұрғындарының сағын сындыру үшін ағаштарды кестіргенін дәлел етеді. Жоғарыда аталған, Исламды қабылдауға келген елшілердің шарттары туралы риуаяттар да бұл дерекке қайшы келеді.
Имам Шафиғи Уәжж жазығын харам аймақ деп атамағанымен, ол жерде аң аулау мен ағаш кесуді мәкруһ санаған. Шафиғи фақиһтары мұны харамға жақын мәкруһ деп түсіндірген. Жалпы, фақиһтар Мекке мен Мәдинаны ғана харам аймақ деп таныған. Ал Әбу Ханифа Мәдинаның харам аймақ екені туралы үкімді де қабылдамаған.
- 1Әбу Дәуіт, Манасик 97 (2032).