Хадис

Кутуб ситтә, № 4668

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
707. Артықшылығы әртүрлі хадистерде айтылған амалдар мен сөздер
Нөмірі
№ 4668 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 8
4668
Кутуб ситтә, № 4668 · тараудағы реті: 8Риуаят етуші: Ибн Аббас (р.а.)

وَعَنِ ابْنِ عَبَّاسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: أَتَانِي اللَّيْلَةَ آتٍ مِنْ رَبِّي، وَفِي رِوَايَةٍ: أَتَانِي رَبِّي فِي أَحْسَنِ صُورَةٍ. فَقَالَ يَا مُحَمَّدُ. فَقُلْتُ: لَبَّيْكَ رَبِّي وَسَعْدَيْكَ. قَالَ: هَلْ تَدْرِي فِيمَ يَخْتَصِمُ الْمَلَأُ الْأَعْلَى؟ قُلْتُ: لَا أَعْلَمُ، فَوَضَعَ يَدَهُ بَيْنَ كَتِفَيَّ حَتَّى وَجَدْتُ بَرْدَهَا بَيْنَ ثَدْيَيَّ. فَعَلِمْتُ مَا فِي السَّمَوَاتِ وَمَا فِي الْأَرْضِ. ثُمَّ قَالَ: يَا مُحَمَّدُ! أَتَدْرِي فِيمَ يَخْتَصِمُ الْمَلَأُ الْأَعْلَى؟ قُلْتُ: نَعَمْ، فِي الدَّرَجَاتِ وَالْكَفَّارَاتِ وَنَقْلِ الْأَقْدَامِ إِلَى الْجَمَاعَاتِ، وَإِسْبَاغِ الْوُضُوءِ فِي السَّبَرَاتِ، وَانْتِظَارِ الصَّلَاةِ بَعْدَ الصَّلَاةِ، وَمَنْ حَافَظَ عَلَيْهِنَّ عَاشَ بِخَيْرٍ وَمَاتَ بِخَيْرٍ وَكَانَ مِنْ ذُنُوبِهِ كَيَوْمِ وَلَدَتْهُ أُمُّهُ. ثُمَّ قَالَ: يَا مُحَمَّدُ. قُلْتُ: لَبَّيْكَ وَسَعْدَيْكَ. قَالَ: إِذَا صَلَّيْتَ فَقُلِ: اللَّهُمَّ إِنِّي أَسْأَلُكَ فِعْلَ الْخَيْرَاتِ وَتَرْكَ الْمُنْكَرَاتِ، وَحُبَّ الْمَسَاكِينِ، وَإِذَا أَرَدْتَ بِعِبَادِكَ فِتْنَةً فَاقْبِضْنِي إِلَيْكَ غَيْرَ مَفْتُونٍ. قَالَ: وَالدَّرَجَاتُ إِفْشَاءُ السَّلَامِ وَإِطْعَامُ الطَّعَامِ وَالصَّلَاةُ بِاللَّيْلِ وَالنَّاسُ نِيَامٌ». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Ибн Аббастың (р.а.) жеткізуінше, Алла елшісі (с.а.с.) былай деді: «Осы түні Раббымнан бір елші келді». Бір риуаятта: «Раббым маған ең көркем кейіпте келді», – делінген. «Ол: “Уа, Мұхаммед!” – деді. Мен: “Міне, Раббым, әміріңе әзірмін”, – дедім. Ол: “Жоғары жамағаттың қандай істерде жарысатынын білесің бе?” – деп сұрады. “Білмеймін”, – дедім. Сонда Ол қолын екі иығымның арасына қойды. Тіпті оның салқынын кеудемде сездім. Сол сәтте көктер мен жердегіні білдім. Содан кейін: “Уа, Мұхаммед! Жоғары жамағаттың қандай істерде жарысатынын білесің бе?” – деп сұрады. “Иә, дәрежені көтеретін амалдар мен кәффараттарда жарысады. [Кәффараттар –] жамағат намазына жаяу бару1, аязды күндерде дәретті толық алу және бір намаздан кейін келесі намазды күту. Осы амалдарды үзбеген адам қайырлы өмір сүреді, қайырлы күйде жан тапсырады және күнәдан анасы жаңа туған күндегідей таза болады”, – дедім. Ол тағы да: “Уа, Мұхаммед!” – деді. “Міне, әміріңе әзірмін”, – дедім. Ол: “Намаз оқығанда: ‘Уа, Алла, Сенен игі істер істеуді, жаман істерден тыйылуды, кедейлерді жақсы көруді сұраймын. Құлдарыңа бүлік жіберуді қаласаң, жанымды сол бүлікке ұшыратпай ала гөр’, – деп айт”, – деді.

Ол тағы: “Дәрежені көтеретін амалдар – сәлемді жаю, өзгелерге ас беру және жұрт ұйқыда жатқанда түнде намаз оқу”, – деді».2

Түсіндірме

1. Алла елшісі (с.а.с.) осы хадисте кейбір амалдардың қаншалық маңызды, берекелі әрі сауапты екенін әсерлі түрде көрсетеді.

1) Пайғамбарымыз (с.а.с.) түсінде Раббысын ең көркем кейіпте көріп, баяндағалы тұрған ақиқатты Одан үйренген.

2) «Мәлә әл-ағла» – «ұлық жамағат» деген сөз. Оны Алла Тағалаға жақын ірі періштелер құрайды. Хадис осы ұлық жамағат мүшелерінің кейбір амалдар жөнінде өзара жарысқанын баяндайды. Біз маңызын толық аңғара бермейтін амалдар үшін ұлық періштелердің осылай жарысуы сол амалдардың қадірін көрсетеді.

Бұл жарыстың сипатын ғалымдар бірнеше түрлі түсіндірген.

• Амалдарды тіркеп, оларды көкке бәрінен бұрын жеткізуге ұмтылу болуы мүмкін.

• Амалдардың артықшылығы мен мәртебесін санап шығу болуы мүмкін.

• Адамдардың сол амалдарға ынтасын оятып, оларды игі істерге баулу және бойларында құмарлық болса да, сол істермен періштелерден артық дәрежеге жетуге жігерлендіру болуы мүмкін.

3) Періштелердің бұл ісі хадисте «мұхасама», яғни өзара сөз таластыру деп берілген. Хадис сұрақ-жауап түрінде жеткендіктен, мұны пікір алмасу мен пікірталасқа ұқсатуға болады. Біз оны «жарысу» деп аудардық.

4) Хадисте артықшылығы айтылған амалдар екі топқа бөлінеді.

1) Дәрежені көтеретін амалдар.

2) Кәффараттар, яғни күнәларды өшіретін амалдар.

Дәрежені көтеретін амалдар мыналар.

• Сәлемді жаю.

• Өзгелерге ас беру.

• Жұрт ұйқыда жатқанда түнде намаз оқу.

Кәффараттарға мына амалдар жатады.

• Жамағат намазына жаяу бару.

• Суық күндерде де дәретті толық алу.

• Бір намаздан кейін келесі намазды күту және намазды уақыты кіргенде оқу.

Осы амалдарды ұстану – Ислам көздейтін өмір салты. Оларды үзбеген адам анасынан жаңа туғандай күнәсіз күйде Аллаға қауышады.

2. Хадистегі Алланың ең көркем кейіпте көрінуі секілді тұстар кәлам ғылымында талас тудырған. Ғалымдар мұның түс екенін ескеріп, астарлы мағынада жоруды қажет деп таппаған. Әли әл-Қари: «Оқиға түсінде болғандықтан, мұны оғаш көрудің жөні жоқ. Адам түсінде өмірде болмайтын нәрсені де көреді. Пішіні жоқ нәрсені пішіні бардай, пішіні бар нәрсені пішінсіз көре алады», – дейді.

  1. 1Квадрат жақшалар риуаяттың Тирмизидегі түпнұсқасынан алынған, сәл ғана айырмашылығы бар.
  2. 2Тирмизи, Тәпсір, Сад, (3231, 3232).