Хадис

Кутуб ситтә, № 4669

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
707. Артықшылығы әртүрлі хадистерде айтылған амалдар мен сөздер
Нөмірі
№ 4669 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 9
4669
Кутуб ситтә, № 4669 · тараудағы реті: 9Риуаят етуші: Әли (р.а.)

وَعَنْ عَلِيٍّ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: «إِنَّ فِي الْجَنَّةِ غُرَفًا يُرَى ظُهُورُهَا مِنْ بُطُونِهَا، وَبُطُونُهَا مِنْ ظُهُورِهَا، فَقَامَ أَعْرَابِيٌّ فَقَالَ: لِمَنْ هِيَ يَا رَسُولُ اللَّهِ؟ قَالَ: لِمَنْ أَطَابَ الْكَلَامَ، وَأَطْعَمَ الطَّعَامَ، وَأَدَامَ الصِّيَامَ، وَصَلَّى بِاللَّيْلِ وَالنَّاسُ نِيَامٌ». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Әли (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.): “Жәннатта сыртынан іші, ішінен сырты көрінетін бөлмелер бар”, – деді. Бір бәдәуи тұрып: “Уа, Алла елшісі, олар кімдерге арналған?” – деп сұрады. Ол: “Жақсы сөз сөйлеген, өзгелерге ас берген, оразасын үзбеген және жұрт ұйқыда жатқанда түнде намаз оқыған адамдарға”, – деді».1

Түсіндірме

1. Бұл хадис алдыңғы хадисте айтылған игі амалдарға тағы бірін қосып, соған ынталандырады. Ғалымдар жақсы сөз сөйлеуді адамдарға ілтипат көрсету, бос әрі пайдасыз сөз айтпау, кісі көңілін қалдырмау, әдепсіз, дөрекі және жағымсыз сөзден аулақ болу деп түсіндірген. Аятта: ﴿وَعِبَادُ ٱلرَّحْمَٰنِ ٱلَّذِينَ يَمْشُونَ عَلَى ٱلْأَرْضِ هَوْنًا وَإِذَا خَاطَبَهُمُ ٱلْجَٰهِلُونَ قَالُوا۟ سَلَٰمًا﴾ «Рахманның хас құлдары жер бетінде кішіпейілділік танытып, байыпты түрде жүретін жандар. Оларға жөн білмес надандар тіл қатқанда: “Аман болыңдар!” – деп, өз жөндеріне кете барады», – делінген. Осылайша адам жер бетінде әдептен аспайтын Рахманның хас құлы болып, бірнеше аяттан кейін уәде етілген сыйға қол жеткізеді: ﴿أُو۟لَٰٓئِكَ يُجْزَوْنَ ٱلْغُرْفَةَ بِمَا صَبَرُوا۟ وَيُلَقَّوْنَ فِيهَا تَحِيَّةً وَسَلَٰمًا﴾ «Міне, осынау ізгі жандар хақ жолды ұстауда сабырлылық пен табандылық танытқандары үшін жұмақтағы ең жоғарғы мәртебелермен марапатталады. Әрі олар онда ерекше қошеметпен және сәлеммен қарсы алынады»2

Осы тұрғыдан хадис аятты тәпсірлеп тұр деуге болады. Аятта «Рахманның хас құлдары» деп аударған «ибадур-Рахманның» кейбір амалдары санамаланып, оларға ең биік мәртебе уәде етіледі. Демек, аятта уәде етілген жайлар хадисте сипатталғандай, сырты ішінен, іші сыртынан көрінетін бөлмелер болуы мүмкін.

2. «Өзгелерге ас берген» деген сөз ең әуелі қамқорлық жасау міндеттелген отбасы мүшелеріне, туған-туысқа, кедейлерге, жолаушылар мен қонақтарға Алланың разылығын көздеп, адал жолмен ас беруді білдіреді.

3. «Оразасын үзбеген» деген сөз парыздан тыс оразаны, соның ішінде тұрақты ұсталатын нәпіл оразаларды білдіреді. Мұның нақты санын белгілеу орынды болмас еді. Алла елшісінің (с.а.с.) сүннетіне жүгіну керек. Ол Дәуіттің (а.с.) бір күн тұтып, бір күн тұтпаған оразасын ең сауапты ораза деп айтқан. Алайда өзінің оны әрдайым ұстағаны риуаят етілмеген. Кей хадисте дүйсенбі мен бейсенбіде, яғни аптасына екі күн, кей хадисте айына үш күн ораза ұстау ұсынылған. Риуаяттар әртүрлі келгендіктен, бір ғалым айына кемінде үш күн ораза ұстаған адам осы хадистің үкіміне кіреді деген. Аятта ең биік дәреже сабыр еткендерге уәде етіледі. Мұны хадистегі «оразасын үзбеген» деген сөзбен байланыстырып, осы тұста оразаны жалғастыру сабырдың айқын көрінісі екенін айтқан.

  1. 1Тирмизи, Бирр 53 (1985).
  2. 2(«Фурқан», 63, 75).