Хадис

Кутуб ситтә, № 4670

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
707. Артықшылығы әртүрлі хадистерде айтылған амалдар мен сөздер
Нөмірі
№ 4670 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 10
4670
Кутуб ситтә, № 4670 · тараудағы реті: 10Риуаят етуші: Әбу Һурайра (р.а.)

وَعَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: يَقُولُ اللَّهُ عَزَّ وَجَلَّ: أَنَا عِنْدَ ظَنِّ عَبْدِي بِي، وَأَنَا مَعَهُ حِينَ يَذْكُرَنِي. فَإِذَا ذَكَرَنِي فِي نَفْسِهِ ذَكَرْتُهُ فِي نَفْسِي، وَإِنْ ذَكَرَنِي فِي مَلَإٍ ذَكَرْتُهُ فِي مَلَإٍ خَيْرٍ مِنْهُ. فَإِنِ اقْتَرَبَ إِلَيَّ شِبْرًا اقْتَرَبْتُ إِلَيْهِ ذِرَاعًا وَإِنِ اقْتَرَبَ إِلَيَّ ذِرَاعًا اقْتَرَبْتُ إِلَيْهِ بَاعًا، وَإِنْ أَتَانِي مَشْيًا أَتَيْتُهُ هَرْوَلَةً». أَخْرَجَهُ الشَّيْخَانِ.

Қазақша аудармасы

Әбу Һурайраның (р.а.) жеткізуінше, Алла елшісі (с.а.с.) былай деді: «Алла Тағала айтты: “Құлым Мені қалай деп ойласа, оған солай боламын. Ол Мені еске алғанда, онымен біргемін. Мені іштей еске алса, Мен де оны іштей еске аламын. Мені жамағат ішінде еске алса, Мен оны одан қайырлы жамағат ішінде еске аламын. Ол Маған бір қарыс жақындаса, Мен оған бір шынтақ жақындаймын. Ол Маған бір шынтақ жақындаса, Мен оған бір құлаш жақындаймын. Ол Маған аяңдап келсе, Мен оған жүгіріп барамын”».1

Түсіндірме

1. Хадистің мәні бойынша, Алла құлы Өзі жайлы қалай ойласа, оған солай мәміле етуге құдіретті. Ибн Хажар бұл сөз адамның Алла туралы жақсы ойлап, Одан үмітін үзбеуіне үндейді дейді. Кісі Алланың жазалайтынын ғана ойлап қоймай, кешіреді деп үміттенгені жөн. Дініміздің әдебі бойынша, Оның кешірімінен, кеңшілігінен және мейірімінен үміттенгендей, ашуынан, жазасы мен қаһарынан да қорқу керек. Үміт пен қорқынышты тең ұстау маңызды қағида болғандықтан, таразыны үнемі бір жағына басып қою дұрыс болмайды.

Осы хадис таразының басын үмітке қарай бұруға үндейді. Алла Өзі жайлы ойымызға сай мәміле ететінін білдіріп, әр құлының Өзі туралы жақсы ойда болуын қалайды.

Нәуәуи бұл жөнінде Ислам ғалымдарының мына сөзін келтіреді: «Алла туралы жақсы ойлау – Оның кешіріп, рақымына бөлейтініне сену». Үміт пен қорқыныш – адамға тән екі сезім. Кей ғалымдар өмірде қорқыныш басым болғаны жөн дейді. Алайда ажалдың белгілері білінгенде үміт басым болады немесе кісіні тұтас билейді. Қорқыныш адамды күнәлардан және жамандықтардан сақтайды, ғибадат пен игі істерге құлшындырады. Қарттықта бұл амалдарды орындау ауырлайтындықтан, Алла туралы жақсы ойда болу мұстахаб. Мұндай ой кісіге Аллаға мұқтаж екенін сездіріп, тілегін Одан сұрауға жетелейді.

Мүслимнің бір риуаятында: «Ешқайсың Алла туралы жақсы ойда болмай жан тапсырмасын», – делінген. Хадис ажал жақындағанда Алланың рақымынан үміт басым болуы керегін көрсетеді. Мүслимдегі басқа хадисте: «Әр құл қандай күйде жан тапсырса, сол күйде қайта тіріледі», – делінген. Демек, қартайғанда үмітті басым ұстау, Алла туралы жақсы ойлау және Рақымды Алланың мейіріміне сүйену – Исламдағы мұстахаб әдеп.

2. Кей ғалымдар хадистегі «занн» («ой») сөзін «білу» мағынасында түсінген. Сонда хадис «Адам Алланы қалай танып-білсе, Алла оған солай мәміле етеді» деген мағынаға келеді.

Құртуби хадистің басқа бір түсіндірмесін келтірген: «“Құлым Мен туралы қалай ойласа” деген сөз дұға еткенде қабыл боларына, тәубе еткенде тәубесінің қабыл боларына, кешірім сұрағанда кешірілеріне, ғибадатын шарттарына сай орындағанда сауап аларына сенуді білдіреді». Бұлай түсіндіргендер Алланың Өз уәдесіне шын берік екенін айтқан. Алла елшісі бұл уәдені жеткізген соң, біз оған сеніп, жақсы ойда болуға тиіспіз. Басқа хадисте: «Дұғаларыңның қабыл боларына сеніп, Аллаға дұға етіңдер», – делінген. Құртуби былай жалғайды: «Адам өзіне жүктелген міндеттерді Алла оларды қабыл алып, өзін кешіреді деген сеніммен толық орындауға тырыссын. Алла осылай уәде берген және Ол уәдесінен таймайды. Істеген амалымды Алла қабыл алмайды, маған одан пайда жоқ деп сену – Оның мейірімінен үміт үзу. Бұл – үлкен күнәлардың бірі. Кім осы ойда жан тапсырса, сол ойына сай қарымын көреді». Хадистің бір нұсқасында: «Солай болған соң, құлым Мен туралы қандай ойда болғысы келсе, сондай ойда болсын», – делінген.

Ғалымдар күнәда табандап тұрып, «Алла мені кешіреді» деуді надандық және өзін-өзі алдау деп санаған. Олардың айтуынша, мұндай түсінік адамды Мүржия ағымының көзқарасына жетелейді.

3. Хадистегі «Құлым Мені еске алса, онымен біргемін» деген сөз Алланың ілімімен бірге болуын білдіреді. Яғни Ол Өзін еске алған құлының зікірін біледі. Аятта: ﴿قَالَ لَا تَخَافَآ إِنَّنِى مَعَكُمَآ أَسْمَعُ وَأَرَىٰ﴾ «Сонда Алла: “Қорықпаңдар! Өйткені Мен қашан да сендермен біргемін. Мен бәрін де естіп, көріп тұрамын”, – деп екеуіне дем берді»2, – делінген. Бұл бірге болу мына аяттағы жалпы бірге болудан ерекше: ﴿أَلَمْ تَرَ أَنَّ ٱللَّهَ يَعْلَمُ مَا فِى ٱلسَّمَٰوَٰتِ وَمَا فِى ٱلْأَرْضِ مَا يَكُونُ مِن نَّجْوَىٰ ثَلَٰثَةٍ إِلَّا هُوَ رَابِعُهُمْ وَلَا خَمْسَةٍ إِلَّا هُوَ سَادِسُهُمْ وَلَآ أَدْنَىٰ مِن ذَٰلِكَ وَلَآ أَكْثَرَ إِلَّا هُوَ مَعَهُمْ أَيْنَ مَا كَانُوا۟ ثُمَّ يُنَبِّئُهُم بِمَا عَمِلُوا۟ يَوْمَ ٱلْقِيَٰمَةِ إِنَّ ٱللَّهَ بِكُلِّ شَىْءٍ عَلِيمٌ﴾ «Алланың жеті қат көк пен жердегінің бәрін білетіндігін көрмеймісің?! Үш кісі оңаша бас қосып сыбырласса, сөзсіз, олардың төртіншісі Алла болмақ. Әрі бес кісі оңаша бас қосып, сыбырласса, сөзсіз, олардың алтыншысы Алла болмақ. Тіпті одан да аз яки көп адам қай жерде болмасын жасырын бас қосып құпия сөйлессе, Алла міндетті түрде олармен бірге болмақ. Кейін қиямет күні оларды не істеп, не қойғанынан толық хабардар етеді. Шүбәсіз, Алла – барлық нәрсені білуші!».3

4. Алланы еске алудың түрлері

Ғалымдар осы хадисті түсіндіре отырып, Алланы еске алудың төрт түрін атаған.

Бірінші түрі – Алланы тілмен еске алу.

Екінші түрі – Алланы жүрекпен еске алу.

Үшінші түрі – Алланы жүрекпен де, тілмен де еске алу.

Төртінші түрі – Алланың әміріне бойсұнып, тыйғанынан тыйылу арқылы Оны еске алу.

5. Құлдың Алланы іштей еске алуы – Оны жасырын дәріптеп, мадақтауы. Ал Алланың құлын еске алуы – оған жасырын сауап беріп, рақымымен еске алуы.

6. Періште артық па, әлде адам ба? Кейбір ғалымдар хадистегі «Құлым Мені жамағат ішінде еске алса, Мен оны одан да қайырлы жамағат ішінде еске аламын» деген сөзді періштелердің адамдардан артық екенінің айқын дәлелі санаған. «Қайырлы жамағат» деп Аллаға жақын періштелерді түсінген. Ибн Баттал мұны көпшіліктің пікірі деп келтіреді. Ал әһлі сүннет ғалымдарының басым бөлігі пайғамбарларды бүкіл жаратылыстан артық санаған.

Періштелерді сөзсіз артық санағандардың алғашқылары – философтар. Кейін бұл пікірді Мұғтазила ағымы жалғастырып, кей сопылар да қабылдаған. Заһири ағымының бірқатар өкілі осы көзқарасты ұстанған.

Кей ғалымдар адамның да, періштенің де өзіне тән артықшылықтары бар деген. Олардың айтуынша, періштенің болмысы адам болмысынан жоғары. Періште нұрдан жаратылған әрі қайырлы, жұмсақ, ілімі кең, қуатты, пәк болмыс иесі. Алайда бұл әр періште әр адамнан артық деген сөз емес. Кейбір адамдарда періштелік сипаттар молынан болуы мүмкін.

Кей ғалымдар таласты ізгі адамдар мен періштелерге ғана қатысты қарастырған. Енді бір тобы мәселені пайғамбарлармен шектеген.

Кей ғалымдар періштелерді пайғамбарлардан өзге барлық адамнан артық санаған.

Кейбіреулер періштелер Пайғамбарымыздан (с.а.с.) өзге барлық пайғамбардан артық деген.

Алла елшісінің (с.а.с.) періштелерден артық екенін айтқандардың бір дәлелі – Алланың періштелерге ﴿ٱسْجُدُوا۟ لِـَٔادَمَ﴾ «Адамға сәжде етіңдер» деп, оларды Адам пайғамбарға (а.с.) сәжде еткізуі. Бұл сәжде Адамды ұлықтау үшін жасалған. Ібіліс тәкаппарланып, Құранның әртүрлі аятында айтылған сылтауларын алға тартып, сәжде етуден бас тартқан.

Алла Тағала «Сад» сүресінің 75-аятында Адам туралы ﴿لِمَا خَلَقْتُ بِيَدَىَّ﴾ «Өзім ардақтап жаратқаныма» деген. Құрандағы тағы бір дәлел – ﴿إِنَّ ٱللَّهَ ٱصْطَفَىٰٓ ءَادَمَ وَنُوحًا وَءَالَ إِبْرَٰهِيمَ وَءَالَ عِمْرَٰنَ عَلَى ٱلْعَٰلَمِينَ﴾ «Расында, Алла Адамды, Нұхты, Ибраһим әулетін және Имран әулетін бүкіл адамзаттан үстем әрі таңдаулы қылды»4 деген аят.

Тағы бір дәлел – мына аят: ﴿وَسَخَّرَ لَكُم مَّا فِى ٱلسَّمَٰوَٰتِ وَمَا فِى ٱلْأَرْضِ جَمِيعًا مِّنْهُ﴾ «Әрі Ол өз тарапынан жеті қат көк пен жердегінің бәрін түгелдей сендерге бағындырды»5 Аяттағы «бәрі» дегенге періштелер де кіреді. «Игілігіне жаратылған нәрселер иесіне бағынышты болады, сондықтан ол өзіне бағындырылғандардан артық», – делінген. Сондай-ақ періштелердің құлшылығы олардың жаратылысына тән. Адам болса, құлшылық ету үшін нәпсісімен күреседі. Өйткені оның табиғатына құмарлық, ашкөздік, әуестік пен ашу секілді сезімдер берілген. Осындай сезімдермен құлшылық ету қиынырақ.

Періштелер құлшылықты өздеріне тікелей келген Алланың әмірімен орындайды. Ал адамның кейбір құлшылығы аят пен хадиске, кейбірі ижтиһадқа, кейбірі дәлелдерден үкім шығаруға сүйеніп орындалады. Сондықтан ол қиынырақ.

Періштелер шайтанның азғыруынан, күмән салуынан және адастыруынан қорғалған. Ал адам ондай азғыруға ұшырауы мүмкін. Періштелер ғайып әлеміне қатысты ақиқаттарды көре алады. Адамдар оны көрмейді, олар туралы тек Алла білдіргенде біледі.

Бұл мәселе жөніндегі пікірлер мен олардың дәлелдерін талқылау ұзаққа созылады. Сондықтан енді хадистегі келесі мәселеге тоқталамыз.

7. Құлдың Аллаға, Алланың құлға жақындауы және сол жақындаудың «жүру», «жүгіру» сөздерімен берілуі

Ибн Баттал былай дейді: «Бұл сөздердің әрқайсысын тура мағынада да, астарлы мағынада да түсінуге болады. Тура мағына қашықтықты жүріп өтуді, денелердің бір-біріне жақындауын талап етеді. Мұны Аллаға қатысты айту мүмкін емес. Араб тілінде сөзді тура мағынада түсіну мүмкін болмаса, оның астарлы мағынасы алынады. Демек, құлдың Аллаға қарыс не шынтақ жақындауы, Оған қарай келуі мен жүруі – бойсұнып, парыз бен нәпіл амалдарын орындау арқылы жеткен рухани жақындығы. Алланың құлға жақындауы, оған келуі мен жүруі – құлының бойсұнғанына сауап беріп, оған рақымымен жақындауы. Демек, “Оған жүгіріп келемін” дегені – “Сауабым оған тез жетеді” деген сөз». Табариден жеткен түсіндірмеде аз ғибадат «қарыс», Алланың мол сауабы мен сыйы «шынтақ» арқылы бейнеленген. Бұл – Алланың құлшылыққа бет бұрған құлына берер сауабы мен сыйының молдығына дәлел.

Рағиб мұны өзгеше түсіндірген: «Құлдың Аллаға жақындауы – Алланы сипаттауға жарайтын кейбір сипаттардың адамда да, оның шама-шарқынша көрініс табуы. Даналық, ілім, жұмсақтық пен мейірім – сондай сипаттар. Адам надандық, жеңілтектік, ашу секілді рухани кеселдерден арылғанда, осы қасиеттерге шамасы жеткенше ие болады. Бұл – рухани жақындық».

  1. 1Бұхари, Тәухид 15; 35; Мүслим, Зикр 2, (2675), Тәубе 1 (2675).
  2. 2«Taһа» 46.
  3. 3«Мужәдила», 7.
  4. 4«Әли Имран» 33.
  5. 5Жасия, 13.