وَعَنِ السُّدِّيِّ قَالَ: سَأَلْتُ مُرَّةَ الْهَمْدَانِيَّ عَنْ قَوْلِ اللَّهِ عَزَّ وَجَلَّ: ﴿وَإِنْ مِنْكُمْ إِلَّا وَارِدُهَا﴾، فَحَدَّثَنِي أَنَّ عَبْدَ اللَّهِ بْنَ مَسْعُودٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ حَدَّثَهُمْ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: «يَرِدُ النَّاسُ النَّارَ ثُمَّ يَصْدُرُونَ مِنْهَا بِأَعْمَالِهِمْ، فَأَوَّلُهُمْ كَلَمْحِ الْبَرْقِ، ثُمَّ كَالرِّيحِ، ثُمَّ كَحُضْرِ الْفَرَسِ، ثُمَّ كَالرَّاكِبِ فِي رَحْلِهِ، ثُمَّ كَشَدِّ الرَّجُلِ، ثُمَّ كَمَشْيِهِ». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ.
Судди былай дейді: «Мурра әл-Һамданиден “Сендерден тозақтың басына бармай қалатын ешкім болмайды” деген аят жайында сұрадым. Сонда ол Абдулла ибн Мәсғуд (р.а.) жеткізген мына хадисті айтты. Алла елшісі (с.а.с.): “Адамдар тозаққа соғады, содан кейін амалдарына қарай одан шығады. Алғашқылары найзағайдай жарқ етіп, келесілері желдей есіп өтеді. Одан кейінгілері – аттың шабысындай, келесілері салт аттының жүрісіндей, одан кейінгілері адамның жүгірісіндей, ең соңғылары жаяу жүргендей жылдамдықпен шығады”, – деген».1
Түсіндірме
«الْحُضْرُ» بِضَمِّ الْحَاءِ الْمُهْمَلَةِ وَسُكُونِ الضَّادِ الْمُعْجَمَةِ: الْعَدْوُ. وَ«الشَّدُّ» أَيْضًا الْعَدْوُ.
Арабша мәтіндегі «худр» және «шадд» сөздерінің екеуі де жүгіру дегенді білдіреді.
Ғалымдар аяттағы «уруд» сөзінің мағынасын әртүрлі түсіндірген. Біз оны «соға кету» деп тәржімаладық. Кей ғалымдар «кіру» деп ұққан. Бұл мағынаны қуаттайтын марфуғ риуаятты Жәбир (р.а.) жеткізген. Онда Алла елшісі (с.а.с.): «“Уруд” сөзі “духул”, яғни кіру дегенді білдіреді. Жақсысы да, жаманы да, ешкім қалмай тозаққа кіреді. Бірақ ол мүміндерге салқын болады және оларға зиян келтірмейді», – деген.
Абдулла ибн Мәсғуд (р.а.) былай түсіндіреді: «Аят “тозаққа кіреді” деген мағынаны білдіреді. Әркім жасаған амалына қарай одан ерте не кеш шығады». «Уруд» сөзін «үстінен өту» деп түсіндіргендер де бар. Бұл мағынаны Әбу Һурайра, Абдулла ибн Мәсғуд, Қатада және Кағб әл-Ахбардан жеткен риуаяттар қуаттайды. Кейбірінде мына сөздер қосылған:
«Содан кейін бір жаршы: “Уа, тозақ! Өз адамдарыңды алып қал да, менің адамдарымды жібер!” – деп жар салады. Сонда мүміндер денесіндегі дымқыл кеппей тұрып, тозақтан шығады». Аятты түсіндіретін риуаяттардың ішінде осы екі пікір ең сенімді саналады. Екі түсініктің мағынасы сабақтас. «Урудты» «кіру» деп ұққан кісі оның үстімен өтуді де меңзейді. Сырат арқылы тозақтың үстінен өткен адамның тозаққа кіргені де айтыла береді. Әркім сыраттан жасаған амалына сай әртүрлі күйде өтеді. Амалында ең жоғары дәрежеге жеткендер найзағайдай жарқ етіп, тіпті қиялдың ұшқынындай лезде өтеді деген түсіндірме бар. Осы пікірді Мүслим келтірген бір риуаят қуаттайды. Әзірет Хафса (р.а.) Алла елшісінің (с.а.с.) «Хұдайбияда серт бергендердің ешқайсысы тозаққа кірмейді» деген сөзіне орай «Сендерден тозақтың басына бармай қалатын ешкім болмайды» деген аятты еске салған. Риуаят № 706 хадисте толық келтірілген.
Осы риуаятқа сүйенсек, аяттағы «урудты» тек кәпірлердің тозаққа кіруі, тозаққа жақындау, оны алыстан көру немесе мүміннің бұл дүниеде тұмау, безгек секілді аурулардан дене қызуының көтерілуі деп түсіндіру негізсіз. Демек, Алла елшісінің (с.а.с.) «Адамдар тозаққа соғады» деген сөзін мынадай мағынада түсінеміз: адамдар астында тозақ оты лаулаған сырат көпірінің үстімен өтеді. Олар лапылдаған жалынмен бетпе-бет келіп, оның гүрілін өз құлағымен естиді. Тирбуштидің айтуынша, «уруд» сөзінің бастапқы мағынасы – «суатқа келу». Кейін өзге мағынада да қолданыла бастаған. Аятта ол тозақтың үстіндегі көпірден өтуді білдіреді. Тибидің пікірінше, хадистегі «содан кейін амалдарына қарай одан шығады» деген тіркестегі «содан кейін» сөзі «Содан кейін тақуалы жандарды құтқарып...» деген аяттағы қолданысқа ұқсайды. Мұнда уақыт реті емес, дәреже айырмасы білдірілген. Аятта Алла тағала адамдардың тозаққа соғуы мен тақуалардың одан құтылуының айырмасын баяндайды. Хадисте де Алла елшісі (с.а.с.) тозаққа соғу мен одан шығудың айырмасын көрсеткен. Хадистегі «судур» сөзі «инсираф», яғни қайту, оралу мағынасында қолданылған.
Әли әл-Қари бұл пікірлерді былай түйіндейді: «Адамдар тозаққа соққан сәттен-ақ оның үрейінен, сұсты көрінісінен, шарпыған жалыны мен түтінінен, ілінген ілмектерінен және сол секілді ауыртпалықтардан ізгі амалдарының дәрежесіне қарай әртүрлі жылдамдықпен әрі әрқалай қиындық көріп құтылады».
Хадисте тозақтың үстімен алғаш өткендер найзағайдай жарқ етіп, одан кейінгілер тұлпардай жүйткіп, соңғылары аяң жүріспен өтетіні айтылған.
- 1«Мәриям» сүресі, 71-аят (үзінді). Тирмизи, «Тәпсір», «Мәриям» (Дарұссалам басылымында 3159, Жанан жинағында 3158).