وَعَنْ خَبَّابِ بْنِ الْأَرَتِّ قَالَ: «كُنْتُ قَيْنًا فِي الْجَاهِلِيَّةِ، فَعَمِلْتُ لِلْعَاصِ بْنِ وَائِلٍ السَّهْمِيِّ سَيْفًا، فَجِئْتُ أَتَقَاضَاهُ. فَقَالَ: لَا أُعْطِيكَ حَتَّىٰ تَكْفُرَ بِمُحَمَّدٍ. فَقُلْتُ: لَا أَكْفُرُ حَتَّىٰ يُمِيتَكَ اللَّهُ تَعَالَىٰ ثُمَّ تُبْعَثَ. قَالَ: وَإِنِّي لَمَيِّتٌ ثُمَّ مَبْعُوثٌ؟ قُلْتُ: بَلَىٰ. قَالَ: دَعْنِي حَتَّىٰ أَمُوتَ وَأُبْعَثَ، فَسَأُوتَىٰ مَالًا وَوَلَدًا فَأَقْضِيَكَ. فَنَزَلَتْ: ﴿أَفَرَأَيْتَ الَّذِي كَفَرَ بِآيَاتِنَا وَقَالَ لَأُوتَيَنَّ مَالًا وَوَلَدًا﴾ الْآيَةُ». أَخْرَجَهُ الشَّيْخَانِ وَالتِّرْمِذِيُّ.
Хаббаб ибн әл-Әратт былай дейді: «Жаһилият дәуірінде темір ұстасы едім. Ас ибн Уәил әс-Сәһмиге қылыш соғып беріп, ақымды алуға бардым. Сонда ол:
– Мұхаммедті мойындаудан бас тартпайынша, ақыңды бермеймін, – деді. Оған:
– Сен өлгеннен кейін Алла сені қайта тірілткенге дейін де оны теріске шығармаймын, – дедім.
– Сонда мен өліп, қайта тіріледі екенмін ғой? – деді ол мысқылдап. Мен:
– Иә, – дедім. Сонда ол:
– Олай болса, мені қоя бер. Өлейін де, қайта тірілейін. Сонда маған мал-мүлік пен бала-шаға беріледі. Қарызыңды сол кезде өтеймін, – деді. Осыған орай мына аяттар түсті: “Аяттарымызды жоққа шығарып, күпірлік қылғанды һәм: ‘Маған байлық та, бала-шаға да беріледі’, – деп көкігенді көрдің бе? Сонда ол ғайыптан хабар алудың амалын тапты ма әлде Рахманның құзырында уәде алды ма? Жоқ, әсте олай болған емес! Біз оның айтқан сөзін жазып аламыз, содан кейін тартар азабын үстемелеп, созған үстіне соза түсеміз. Оның айтқандары Бізге мұра болып қалады да, дәргейімізге қара басы ғана келеді”1»2.
Түсіндірме
«الْقَيْنُ»: الْحَدَّادُ.
Хаббаб ибн әл-Әраттың (р.а.) осы риуаяты алғашқы мұсылмандардың мүшріктерден көрген мазағы мен қорлығының бір мысалы. Хаббаб та зор азап шеккендердің қатарында еді. Автор оның басқалардан көп қорлық көруін Меккенің тумасы болмағанымен байланыстырады. Оның Хузаға не Тәмим руынан шыққаны жөнінде әртүрлі пікір бар. Жаһилият дәуірінде оны араб текті құл ретінде Меккеде сатқан. Қожайынының кім болғаны жөнінде де бір пікір жоқ. Хаббаб – алғашқы мұсылмандардың бірі. Тіпті Исламды қабылдаған алғашқы алты кісінің алтыншысы болғаны айтылады. Мужаһидтің бір риуаятында Исламды алғаш ашық ұстанғандар ретінде Алла елшісі (с.а.с.), Әбу Бәкір, Хаббаб, Сухайб, Біләл, Аммар және Сумайя (Алла оларға разы болсын) аталады.
Мужаһидтің айтуынша, Алла елшісін (с.а.с.) көкесі Әбу Талиб, ал Әбу Бәкірді өз руы қорғаған. Ал қалған мұсылмандарды мүшріктер жалаңаш денелеріне темір сауыт кигізіп, аптап күннің астына тастап азаптаған. Хаббаб осының бәріне сабыр етіп, мүшріктерге бас имеген. Олар оның арқасына қызған темір басып, етін де, терісін де күйдірген. Хаббаб кейін былай деген: «Бір күні Алла елшісін (с.а.с.) Қағбаның көлеңкесінде шапанын жастанып жатқан жерінен көріп: “Бізге жәрдем тілемейсің бе? Аллаға біз үшін дұға етпейсің бе?” – дедік. Ол жүзі қызарып, дереу отырды да: “Сендерден бұрын өмір сүрген бір кісіні сенімі үшін қазылған шұңқырға отырғызған. Араны басына салып, денесін екіге бөлсе де, ол дінінен қайтпаған. Басқа біреулерді дінінен тайдырмақ болып, денелерін темір тарақпен сүйегі мен сіңіріне дейін тараса да, олар дінінен бас тартпаған. Сабыр етіңдер! Аллаға ант етейін, Ол бұл дінді толық орнықтырады. Сонда Сана қаласынан Хадрамаутқа бара жатқан жолаушы Алладан басқа ешкімнен қорықпайды. Қойына қасқыр шабар деп қана қауіптенеді. Ал сендер асығыстық жасап жатырсыңдар!” – деді».3
Хаббаб темір ұстасы, қылыш соғудың шебері еді. Алла елшісі (с.а.с.) оған анда-санда соғып тұратын. Мұны естіген қожайын әйел оны жазалап, басына қызған темір басады. Хаббаб болған жайды Алла елшісіне (с.а.с.) шағып айтады. Ол: «Уа, Раббым, Хаббабқа жәрдем ете гөр!» – деп дұға етеді. Сол сәтте әлгі әйелдің басы қатты ауырып, жан шыдатпас азаптан итше ұлыған. Жұрт оған: «Басыңды қызған темірмен қарыту керек», – дегенде, Хаббаб оның басын өз қолымен қарыған. Хаббаб ибн әл-Әратт Бәдір мен Ұхұдтан бастап Алла елшісімен (с.а.с.) бірге барлық жорыққа қатысқан.
Әзірет Омар (р.а.) мүшріктердің қандай қорлық көрсеткенін сұрағанда, Хаббаб арқасын ашып көрсетті. Терең тыртықтарын көрген Омар шошып: «Бүгінге дейін мұндай арқа көрмеппін!» – деді. Хаббаб: «Жерге от жағып, мені үстіне жатқызатын. Арқамнан еріп аққан май сол отты сөндіретін», – деп түсіндірді.
Хаббаб Исламның алғашқы жылдарындағы азапты еске алып: «Сондай ауыр күндерді бастан өткердік. Алла елшісі (с.а.с.) тыйым салмағанда, өлім тілеуші едік», – дейтін.
Бұрын көрген азабының зардабынан Хаббаб бір жолы ем үшін денесінің жеті жерін қарыттырған. Төсек тартып жатқанда, халін білуге келген сахабалар: «Неткен бақытты жансың! Бауырларыңмен Кәусар хауызында табысасың», – дейді. Хаббаб: «Өмірден озған бауырларымды есіме салдыңдар. Олар еткен қызметі мен тартқан азабының өтеуін бұл дүниеде көрмей кетті. Біз олардың соңында қалып, көп дүние-мүлікке кенелдік. Мұның бәрі бұрынғы амалдарымыз үшін дүниеде беріліп, ақыретке қалмаған сый ма деп қорқамын», – деп жауап береді.
Бір күні Хаббаб ибн әл-Әратт мешітке кіріп, бір шетке үнсіз жайғасады. Жұрт оған: «Бауырларың сені тыңдау үшін жиналды. Хадис айт немесе жақсылыққа үндеп бір ауыз сөз сөйле», – дейді. Сонда ол: «Оларға не айтамын? Өзім істемеген амалды оларға бұйырып қоярмын», – деп жауап береді.
Хаббаб ибн әл-Әратт Куфаға қоныстанып, һижраның 37-жылы сол жерде жетпіс үш жасында дүние салған. Оған дейін жұрт мәйітін үй ауласына немесе үйіне жақын жерге қоятын. Хаббаб алғаш болып өзін Куфаның сыртына жерлеуді өсиет еткен. Риуаятта әзірет Әли (р.а.) Сыффиннен қайтып келе жатып, Куфаға кіреберісте оң жақта қаз-қатар жатқан жеті қабірді көріп: «Мыналар не?» – деп сұрайды. Қасындағылар: «Уа, мүміндердің әміршісі! Сіз Сыффинге аттанғаннан көп ұзамай Хаббаб дүние салды. Куфа сыртына жерлеуді өсиет еткен соң, оны осында қойдық. Мұны естіген жұрт та марқұмдарын осы маңға жерлей бастады», – деп жауап береді.
Мұны естіген әзірет Әли: «Алла Хаббабқа мейірімін молынан жаудырсын! Өз еркімен мұсылман болды, әмірге бойсұнып, һижрет етті. Алла жолында күресіп ғұмыр кешті, тәні талай азап тартты. Алла игі амал істегеннің сыйын зая кетірмейді!» – деді.
Хаббабтың әзірет Әлимен бірге Сыффин мен Нахрауанға қатысқаны және жаназа намазын Әлидің өзі оқығаны да айтылады. Кей риуаяттарда Хаббаб әзірет Омардың халифалығы тұсында, һижраның 19-жылы дүние салған делінеді.