وَعَنْ سَعِيدِ بْنِ الْمُسَيَّبِ قَالَ: أَبَى عُمَرُ أَنْ يُوَرِّثَ أَحَدًا مِنَ الْأَعَاجِمِ إِلَّا أَحَدًا وُلِدَ فِي الْعَرَبِ. أَخْرَجَهُ مَالِكٌ. وَزَادَ رَزِينُ: «وَامْرَأَةٌ جَاءَتْ حَامِلًا فَوَلَدَتْ فِي الْعَرَبِ فَهُوَ يَرِثُهَا إِنْ مَاتَتْ وَتَرِثُهُ إِنْ مَاتَ، وَمِيرَاثُهُ فِي كِتَابِ اللَّهِ تَعَالَى».
Сағид ибн әл-Мұсайяб былай деген: «Омар (р.а.) араб жерінде туған адамнан өзге араб еместерді мұрагер етпейтін».1
Рәзин мына сөзді қосқан: «Аяғы ауыр әйел араб жеріне келіп босанса, анасы дүние салғанда баласы оған мұрагер болады. Бала дүние салғанда, анасы оған мұрагер болады. Оның мирасы Алланың кітабында белгіленген».
Түсіндірме
Зурқанидің түсіндіруінше, Мәликтің Ибн әл-Мұсайябтан жеткізген бұл риуаяты араб емес адамның «Мен марқұмның туысы әрі мұрагерімін» деп, дәлелсіз немесе куәсіз мәлімдеуіне қатысты. Өзге араб еместер оны растағанның өзінде, Омар мұндай талапты қабылдамаған. Ал туыстығы анықталып, әділ мұсылмандар куәлік етсе, ол Ислам елінде туған адам сияқты мұрагерлік құқығына ие болады және екеуі бір-біріне мұрагер бола алады.
Мәлик былай деген: «Аяғы ауыр әйел жау елінен келіп, араб жерінде босанса, баланың сол әйелдікі екені анық. Анасы қайтыс болса, баласы оған мұрагер болады, баласы қайтыс болса, анасы оған мұрагер болады. Ананың алатын үлесі Алланың кітабында көрсетілген. Ол – алтыдан бір немесе үштен бір».
- 1Муатта, Фараиз 14, (2, 520).