وَعَنِ الْمِقْدَامِ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: مَنْ تَرَكَ كَلًّا فَإِلَيَّ، وَمَنْ تَرَكَ مَالًا فَلِوَرَثَتِهِ، وَأَنَا وَارِثُ مَنْ لَا وَارِثَ لَهُ أَعْقِلُ عَنْهُ وَأَرِثُهُ. وَالْخَالُ وَارِثُ مَنْ لَا وَارِثَ لَهُ. يَعْقِلُ عَنْهُ، وَيَفُكُّ عَلَيْهِ عَانِيَهُ وَيَرِثُهُ. أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ.
Миқдам (р.а.) айтады: «Алла елшісі (с.а.с.) былай деді: “Кім артында ауыртпалық қалдырса, оны мен көтеремін. Кім мал-мүлік қалдырса, ол мұрагерлерінікі. Мұрагері жоқ адамның мұрагері – менмін. Оның атынан құн төлеймін әрі мұрасын аламын. Нағашысы да мұрагері жоқ адамның мұрагері болады. Оның атынан құн төлейді, тұтқынын пидия беріп босатады әрі мұрасын алады”».1
Түсіндірме
1. «Ауыртпалық» деп аударылған كَلٌّ сөзі «қарыз» және «бала-шаға» деген мағыналарды да білдіреді. Сонда хадистің мәні былай болады: «Артында қамқорлыққа мұқтаж бала-шағасы қалған адам уайымдамасын. Оларды асырап, қорғау менің мойнымда. Олар маған паналай алады. Қарыз қалдырса, оны да өтеймін». Басқа риуаятта «менің мойнымда» дегеннің орнына «Алла мен Оның елшісінің мойнында» делінген.
2. Алла елшісі (с.а.с.) мұрагері жоқ адамның мұрагері болатынын әрі қажет кезде оның атынан құн төлеу, тұтқынын босатуға қаражат беру сияқты міндеттерді атқаратынын айтты. Бұл сөздер Алла елшісінің (с.а.с.) мемлекет басшысы ретіндегі қызметі тұрғысынан қарағанда, Ислам мемлекетінің мұсылман азаматы алдындағы құқықтық міндетін көрсетеді.
3. Әдетте нағашы мұрагер бола алмайды. Хадисте әке жағынан мұрагер болатын ешкім табылмаса, нағашысы мирас алатыны әрі марқұмның атынан құн төлейтіні айтылады. Зәуил-архамның мұрагер болатынын айтқандар осы хадиске сүйенген. Алайда бұл хадис әлсіз саналған және осы мәселеге қатысты қуатты хадис жетпегені айтылған. Кей ғалымдардың пікірінше, Алла елшісі (с.а.с.) басқа мұрагер жоқ кезде мүлікті нағашысына мұра есебінде емес, сый ретінде беруді меңзеген. Осыны «мирас» деу – ауыспалы мағына. «Аштық – асы жоқтың асы, сабыр – айласы жоқтың айласы» деген тіркестер де осыған ұқсас.
- 1Әбу Дәуіт, Фараиз 8 (2900).