وَلِلتِّرْمِذِيِّ عَنْ عَائِشَةَ مَرْفُوعًا: الْخَالُ وَارِثُ مَنْ لَا وَارِثَ لَهُ فَقَطْ.
Тирмизи Айшадан (р.а.) мәрфуғ риуаят ретінде мына хадисті жеткізеді: «Нағашысы мұрагері жоқ адамға ғана мұрагер болады».1
Түсіндірме
Тирмизи бұл мәселе жөнінде сахабалардың пікірі әртүрлі болғанын, кейбірі нағашыға, нағашы әпкеге, әкесінің әпке-қарындасына және әкесінің аға-інісіне мирас үлесін бергенін айтады. Көпшілік ғалым осы хадиске сүйеніп, үлесі бекітілген мұрагерлер мен асаба болмаса, зәуил-архам мұрагер болады деген. Мұндағы зәуил-архам – әһл-фарайз бен асабаға кірмейтін жақын туыстар. Бұл пікірді Омар, Әли, Ибн Мәсғуд, Әбу Убайда ибн әл-Жаррах, Муаз ибн Жәбәл, Әбуд-Дарда, Ибн Аббас сияқты көптеген сахаба ұстанған. Әлқама, Нәхәи, Шурайх, Хасан, Ибн Сирин, Ата, Мужаһид, Әбу Юсуф, Мұхаммед пен Зуфәр да осы пікірде болған. Зәйд ибн Сәбиттен және сирек бір риуаятта Ибн Аббастан: «Зәуил-архамға мирас берілмейді. Әһл-фарайз бен асаба болмаса, мүлік мемлекет қазынасына өткізіледі», – деген пікір жеткен. Сағид ибн Мусайяб, Сағид ибн Жубәйр, имам Мәлик пен имам Шафиғи осы пікірді ұстанған. Бірінші пікірді ұстанғандар осы хадиспен қатар ﴿وَأُو۟لُوا۟ ٱلْأَرْحَامِ بَعْضُهُمْ أَوْلَىٰ بِبَعْضٍ﴾ «Ал ет жақын туыстарға келсек, Алланың кітабы бойынша олар бір-біріне мұрагер болуға әбден лайық» және ﴿لِّلرِّجَالِ نَصِيبٌ مِّمَّا تَرَكَ ٱلْوَٰلِدَانِ وَٱلْأَقْرَبُونَ وَلِلنِّسَآءِ نَصِيبٌ مِّمَّا تَرَكَ ٱلْوَٰلِدَانِ وَٱلْأَقْرَبُونَ﴾ «Ата-ана мен ет жақын туыстардан қалған мұрадан мирасқор ер адамдардың алар үлесі болғаны сияқты, ата-ана мен ет жақын туыстардан қалған мұра мейлі аз болсын, яки көп болсын, одан мирасқор әйелдердің де алар үлесі бар». деген аяттарға сүйенген. Өйткені бұл аяттарда туыстардың мирастағы құқығы жалпы түрде айтылады.
- 1Тирмизи, Фараиз 12 (2105).