Хадисте бірнеше мәселе қозғалған.
1. Мәһди мәселесі
Кей ғалымдар Мәдинадан қашып, Меккеге барған адамды Мәһди деп таныған. Тиби осы пікіріне Әбу Дәуіттің бұл хадисті «Китабул-Мәһди» бөлімінде келтіргенін дәлел етеді.
Хадиске қарағанда, халифа қайтыс болғанда, оның орнына кім сайланатыны жөнінде таңдау құқығы бар әһл әл-халл уәл-ақд арасында келіспеушілік туады. Хадисте айтылған адам, яғни Мәһди, биліктің жауапкершілігінен немесе бүлік шығуынан қауіптеніп, Меккеге қашады. Мекке – пана іздегендер үшін қауіпсіз, сол жерде тұратындарға ғибадат орны болған қасиетті мекен.
Меккеліктер оның жағдайын түсініп, жалғыз қалдырмайды. Оны үйінен шығарып, Қағбаның алдында Қара тас тұрған Рүкін мен Ибраһим мақамының арасында оған биғат етеді. Сосын оларды жою үшін Шамнан әскер аттанады, алайда оны Мекке мен Мәдина жолындағы Бәйдада жер жұтады. Осы оқиғадан кейін әлгі адамның дәрежесі белгілі болып, айналасына ізгі адамдар жиналады. Шамның әбдалдары мен Ирактың ізгі адамдары келіп, оған биғат етеді.
Одан кейін анасы Кәлб тайпасынан шыққан бір құрайыштық Мәһдиге қарсы әскер жасақтайды. Мәһди мен оның жақтастары сол әскерді жеңіп, мол олжа алады.
Мәһди жеті жыл, кей риуаят бойынша тоғыз жыл өмір сүреді. Ол сүннетті жаңғыртып, жұрттың сүннетке сай амал етуіне жағдай жасайды. Осылайша Ислам жер бетінде берік орнығады.
Хадисте Мәһдидің істейтін істері осылай түйінделеді. Алла елшісі (с.а.с.) басқа да көптеген хадисінде ақырзаманда шығатын Мәһдидің істері мен сипаттары туралы хабар берген. Мәһди мәселесі №5004–5008 хадистерде кеңірек қарастырылады.
2. Абдал туралы
Хадисте Шамның абдалдары да аталады. «Абдал» – араб тіліндегі «бәдәл» сөзінің көпше түрі. Түрік тілінде «абдал» түрінде айтылады. Көпше тұлғада болғанымен, оны жекеше сөз сияқты қолданамыз. Араб тілінде де оның жекеше тұлғасы «бәдәл» сирек қолданылады. «Ән-Ниһаяда» былай түсіндірілген: «Бұлар – әулиелер мен ғибадат иелері. Олар абдал аталған, өйткені біреуі дүниеден өтсе, орнын басқасы басады». Суюти «Мирқатус-суғудта» былай дейді: «“Кутуб ситтада” абдал туралы өзге хадис жоқ. Олар тек Әбу Дәуіт жеткізген осы хадисте аталады. Алайда Хаким де хадисті “әл-Мустадракта” келтіріп, сахих деп көрсеткен. “Кутуб ситтадан” тыс еңбектерде абдал туралы көптеген хадис бар. Оларды жеке кітапқа жинадым». Ибн әл-Жәузи абдалға қатысты риуаяттардың бәрін маудуғ (жалған) деп санаған. Суюти оған қосылмай, бұл хабардың сахих, тіпті мутауатир деуге келетінін айтады: «Риуаяттар мағыналық мутауатир дәрежесіне жеткендіктен, абдалдың бар екеніне нақты үкім беру қажет». Ибн Хажар пәтуаларында: «Абдал туралы көптеген хадис жеткен, олардың арасында сахихы да, сахих емесі де бар. Құтыб кейбір риуаяттарда аталады. Ал сопылар арасында белгілі сипаттарымен танылған ғаус жөнінде бірде-бір сенімді риуаят жетпеген», – дейді.
Абдалға қатысты бірнеше хадистің мағынасын келтірейік.
عَنْ عُبَادَةَ بْنِ الصَّامِتِ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ، عَنِ النَّبِيِّ ﷺ قَالَ: «الْأَبْدَالُ فِي هَذِهِ الْأُمَّةِ ثَلَاثُونَ رَجُلًا، قُلُوبُهُمْ عَلَى قَلْبِ إِبْرَاهِيمَ خَلِيلِ الرَّحْمَنِ، كُلَّمَا مَاتَ رَجُلٌ أَبْدَلَ اللَّهُ مَكَانَهُ رَجُلًا». أَخْرَجَهُ أَحْمَدُ.
• Ахмад ибн Ханбал Убада ибн әс-Самиттен марфуғ түрде былай жеткізген: «Бұл үмбетте отыз абдал бар. Жүректері Халилур-Рахман атанған Ибраһимнің (а.с.) жүрегіне сай келеді. Біреуі дүниеден өтсе, Алла оның орнына басқасын қояды».2
عَنْ عُبَادَةَ بْنِ الصَّامِتِ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ، عَنِ النَّبِيِّ ﷺ قَالَ: «لَا يَزَالُ فِي أُمَّتِي ثَلَاثُونَ بِهِمْ تَقُومُ الْأَرْضُ، وَبِهِمْ تُمْطَرُونَ، وَبِهِمْ تُنْصَرُونَ».
• Убаданың басқа риуаятында: «Үмбетімде отыз абдал бар. Жер солардың арқасында тірегін сақтайды. Солардың арқасында жаңбырға және жәрдемге ие боласыңдар», – делінген.3
Осы екі хадистің жеткізушілер тізбегі сахих деп бағаланған.
عَنْ عَوْفِ بْنِ مَالِكٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ، عَنِ النَّبِيِّ ﷺ قَالَ: «الْأَبْدَالُ فِي أَهْلِ الشَّامِ، وَبِهِمْ يُنْصَرُونَ، وَبِهِمْ يُرْزَقُونَ». أَخْرَجَهُ الطَّبَرَانِيُّ.
• Ауф ибн Мәліктен Табарани жеткізген риуаятта: «Абдалдар Шам халқының арасында. Шам жұрты солардың арқасында жәрдем мен ризыққа ие болады», – делінген.4
عَنْ عَلِيِّ بْنِ أَبِي طَالِبٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ، قَالَ: سَمِعْتُ رَسُولَ اللَّهِ ﷺ يَقُولُ: «الْأَبْدَالُ يَكُونُونَ بِالشَّامِ، وَهُمْ أَرْبَعُونَ رَجُلًا، كُلَّمَا مَاتَ رَجُلٌ أَبْدَلَ اللَّهُ مَكَانَهُ رَجُلًا، يُسْقَى بِهِمُ الْغَيْثُ، وَيُنْتَصَرُ بِهِمْ عَلَى الْأَعْدَاءِ، وَيُصْرَفُ عَنْ أَهْلِ الشَّامِ بِهِمُ الْعَذَابُ». أَخْرَجَهُ أَحْمَدُ.
• Әлидің (р.а.) риуаятында: «Абдалдар Шамда. Олар – қырық ер адам. Біреуі дүниеден өтсе, Алла орнына басқасын қояды. Солардың арқасында жаңбыр жауады, дұшпанға қарсы жәрдем келеді, Шам халқынан азаптың беті қайтады», – делінген.5
Соңғы екі риуаят хасан деп бағаланған.
Әбу Нуғайым «Хилиятул-әулияда» Ибн Омардан былай жеткізеді: «Әр дәуірде үмбетімнің ең қайырлы адамдары бес жүз, ал абдалдары қырық болады. Бес жүздің де, қырықтың да саны кемімейді. Араларынан бір кісі дүниеден өтсе, Алла оның орнына бес жүздің бірін қояды да, қырықтың орнын да толтырады». Жанындағылар: «Уа, Алла елшісі! Олардың амалдарын айтып беріңізші!» – деді. Ол: «Өздеріне зұлымдық жасағандарды кешіреді, жамандық жасағандарға жақсылық жасайды, Алланың бергенін өзгелермен жомарттықпен бөліседі», – деді.
Жоғарыдағы хадистерде абдалдың саны бірде отыз, бірде қырық деп келеді. Түсіндірме жазған ғалымдар бұл айырманы былай ұғындырған: «Бір хадисте “қырық ер адам” делінсе, екіншісінде “Ибраһимнің жүрегіне сай отыз адам” делінген. Демек, олардың отызы Ибраһимнің жүрегіне сай, он адамы ондай емес». Мунауи жердің абдалдар арқылы тірегін сақтауын, жаңбыр мен жәрдемнің солар арқылы келуін былай түсіндіреді: «Пайғамбарлар жердің тіректері еді. Пайғамбарлық тоқтағанда Алла олардың орнына осы адамдарды қойды. Олардың бір бөлігі жер жүзіне жәрдем етіп, рухани игіліктің артуына себепші болады». Кейбір деректерде: «Пайғамбарлар кеткенде жер Аллаға шағымданды. Алла Тағала: “Үстіңе отыз сыддық қоямын”, – деп жауап берді. Сонда жер тынышталды», – делінген. Убада хадисіндегі «жер солардың арқасында тірегін сақтайды» деген сөз «Хилиядағы» басқа риуаятта былай келеді: «Солар арқылы тірілтіледі әрі өлтіріледі, жаңбыр жауады, өсімдік өседі, бәле қайтарылады». Рауи былай дейді: «Хабарды жеткізген Ибн Мәсғудтан: “Солардың арқасында тірілту, өлтіру, жаңбырдың жаууы қалай болады?” – деп сұрағанда, ол: “Олар Алладан үмбеттердің көбеюін тілейді, сонда үмбеттер көбейеді. Залымдарға қарғыс айтады, сонда залымдар азаяды. Жаңбыр тілесе, жаңбыр жауады. Өсімдік тілесе, жер өсімдік шығарады. Дұға етсе, сол дұғаның арқасында талай бәле қайтады”, – деп жауап берді». Хаким әт-Тирмизи мына риуаятты келтіреді: «Жер пайғамбарлықтың тоқтағанын айтып Аллаға шағымданды. Алла Тағала: “Үстіңе қырық сыддық қоямын. Біреуі дүниеден өтсе, орнына басқа біреуін қоямын”, – деді. Сондықтан оларды бәдәл деп атаған. Алла олардың мінез-құлқын өзгертті. Олар – жердің тіректері. Жер солардың арқасында тірегін сақтап, жаңбыр солардың арқасында жауады».
Мунауи «Бұл үмбетте отыз абдал бар. Бәрінің жүрегі Халилур-Рахман атанған Ибраһимнің жүрегіне сай. Араларынан біреу дүниеден өтсе, Алла оның орнына басқасын қояды» деген хадисті былай түсіндіреді: «Аллаға бет алғанда олардың жүрегіне Ибраһимнің (а.с.) жолы ашылады». Басқа бір риуаятта: «Жүректері бір адамның жүрегіне сай», – делінген. Хаким әт-Тирмизи: «Олар бір жүректей болды. Өйткені жүректерін Алладан өзге нәрсемен шұғылданудан тыйды. Бәрінің жүрегі Аллаға ғана бұрылғанда, араларында толық бірлік орнады», – дейді. Ибн Араби «Футухатул-Мәккияда» былай түсіндіреді: «Бұл хадисте “Ибраһимнің жүрегіне сай”, ал басқа хадисте “Адамның жүрегіне сай” делінген. Ұлы адамның немесе періштенің жүрегіне қатысты мұндай сөздер иләһи танымға ие болуда сол тұлғаның жүрегімен үндесуді білдіреді. Өйткені иләһи ілім жүректерге беріледі. Әрбір ілім ұлық періштенің не пайғамбардың жүрегіне жетеді. Сол тұлға ілімді өз жүрегіне сай өзге жүректерге жеткізеді. Кейбір ұлылардың “Пәленше пәленшенің ізімен жүрді” деуінің мәні де осы». Әл-Қайсари әр-Руми ғариф Ибн Арабиден мына түсіндірмені жеткізеді: «Хадисте “Ибраһимнің (а.с.) жүрегіне сай” делінген. Өйткені уәлаят екіге бөлінеді: мутлақ (жалпы) және муқайяд (шектеулі). Мутлақ уәлаят – барлық жекелеген уәлаятты қамтитын тұтас уәлаят. Муқайяд уәлаят – хадистегі Ибраһимнің жолы, Адамның жолы сияқты жекелеген уәлаяттар.
Жалпы болсын, жекелеген болсын, осы уәлаяттардың әрқайсысы иләһи танымның ашылуын қалайды. Бұл үмбетте барша пайғамбарлардың уәлаяты мұрагерлік жолмен көрініс тапқан. Сондықтан бұл хадисте “Ибраһимнің (а.с.) жүрегіне сай”, басқа хадисте “Мұсаның (а.с.) жүрегіне сай” делінген. Өзге хадистерде басқа есімдер де аталады. Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафа (с.а.с.) тұтас уәлаят аясының иесі болғандықтан, уәлаят күллияның иесі саналады. Себебі осы тұтас пайғамбарлықтың ішкі мәні – барлығын қамтитын мутлақ уәлаят. Бұл үмбетте әр пайғамбардың уәлаяты көрініс тапқан соң, ұлық пайғамбарлардың әрқайсысының жүрегіне сай адамдар да табылады».
Мунауи олардың абдал аталу себебін былай түсіндіреді: «Олар жаман мінездерін жақсы мінезге алмастырып, нәпсілерін соған көндірді. Сөйтіп көркем мінез амалдарының ажарына айналды».
Мунауи отыз санына қатысты мына түсіндірмені келтіреді: «Ақиқат иелерінің сөзінен аңғарылатыны – “отыз” олардың әртүрлі дәрежелерін білдіреді». Ғариф әл-Мурси былай дейді: «Мәләкут әлемін араладым. Әбу Мәдианды Арштың төбесіне ілінген күйде көрдім. Өңі қызыл шырайлы, көзі көк кісі екен. Одан сұрадым:
– Қанша ілім білесің, дәрежең қандай?
– Жетпіс бір ілім білемін. Дәрежем – халифалардың төртіншісі, жеті абдалдың басымын, – деп жауап берді.
– Ал Шазалидің дәрежесі қандай? – деп сұрадым.
– Ол – шегіне жету мүмкін емес теңіз, – деді».
Ғариф әл-Мурси тағы былай дейді: «Ұстазым Шазалидің алдында отыр едім. Қасына бір топ адам келді. Сонда ол маған:
– Бұлар – абдалдар, – деді. Мен ішкі түйсікпен үңіле қарадым. Олардың абдал екенін аңғара алмай, таңғалдым. Сонда ұстазым:
– Кім күнәларын ізгі істерге алмастырса, сол адам бәдәл болады, – деді. Осыдан абдалдықтың алғашқы дәрежесі күнәлардың сауапқа айналуы екенін ұқтым».
Ибн Асакир келтірген хабарда Ибн әл-Мусанна Ахмад ибн Ханбалдан Бишр ибн әл-Харис әл-Хафи туралы сұрайды. Ахмад ибн Ханбал: «Ол – жеті абдалдың төртіншісі», – деп жауап береді.
Мунауи Ибн Арабидің «Хилиятул-абдал» кітабынан мына әңгімені жеткізеді: «Бір досымыз былай деді: “Бір түні күнделікті зікірімді аяқтап, жайнамазымда отыр едім. Басымды тіземе қойып, Алланы еске алып отырдым. Кенет әлдекімнің астымдағы жайнамазды тартып алып, орнына ши төсегенін сездім. ‘Осының үстінде намаз оқы’, – деді ол. Ал бөлменің есігі жабық еді. Қорқып кеттім. Сонда ол: ‘Алланың досы қорқыныш сезбейді. Әр халіңде Алладан қорық!’ – деді. Ішімнен бір үн шыққандай болды да: ‘Уа, мырзам! Абдалдар несімен абдал болады?’ – деп сұрадым. ‘Төрт нәрсемен. Оларды Әбу Талиб әл-Қут кітабында атаған: үндемеу, оңаша қалу, аштық және түнде ұйықтамау’, – деді. Содан кейін әлгі адам кетіп қалды. Есігім жабық еді, бөлмеме қалай кіріп, қалай шыққанын білмеймін”». Ибн Араби былай дейді: «Ол – абдалдың бірі, есімі Муаз ибн Әшрас. Аталған төрт нәрсе осы ұлы жолдың негізін құрайды. Кім осы жолға қадам басып, табандылық танытпаса, Алланың жолынан адасқан болады». Ибн Араби сөзін былай жалғайды: «Абдал бір мекеннен кеткенде, орнына рухани ақиқат қалдырады. Сол мекендегі адамдардың рухтары көшіп кеткен әулиенің айналасына жиналады. Сол жұрттың бірінің оған деген сағынышы мен ықыласы күшейсе, ол кісі орнына қалдырған рухани ақиқат тәнге еніп, олармен сөйлеседі. Ол кісі көзден таса болса да, жұрт онымен тілдеседі. Мұндай хәл абдалға жатпайтын кісінің басында да кездеседі. Айырмасы мынада: абдал кеткенін де, орнына біреу қалдырғанын да біледі. Абдалға жатпайтын адам сондай хәлді өткерсе де, оны білмейді. Өйткені аталған төрт шарт оған қатысты қолданылмайды».
Кейбір риуаяттарда абдалдың қасиетін иелену жолы көп намаз оқып, көп ораза ұстаудан гөрі мінез кемелдігіне байланысты екені айтылған. Хаким әт-Тирмизи Әбуд-Дәрдадан жеткізген риуаятында: «Олар намазды көп оқумен, оразаны көп ұстаумен немесе тәсбихты көп тартумен өзгелерден озған жоқ. Оларды алға шығарған – көркем мінез, күнәдан сақтанып, тақуалықта шынайы болу, ықылас пен ішкі тазалық сияқты қасиеттер. (Осы қасиеттерді ұстанғандар – Алланың жақтастары. ﴿أَلَآ إِنَّ حِزْبَ ٱللَّهِ هُمُ ٱلْمُفْلِحُونَ﴾ “Біліп қойыңдар, Алланың тобы – құтылып, мақсат-мұраттарына жеткендер”6)», – дейді. Бұлар абдал аталған, өйткені басқа жерге көшкенде, бұрынғы мекенінде өзіне ұқсас бір кісіні орнына қалдырады.
Жындардың алуан бейнеге енуі мүмкін болса, періштелер мен әулиелерге мұндай мүмкіндік тән болуы одан да қисынды. Сопылардың пайымынша, тәндер әлемі мен рухтар әлемінің арасында «мысал әлемі» деген аралық әлем бар. Ол тәндер әлемінен нәзік, рухтар әлемінен тығыздау. Рухтардың тәнге еніп, әртүрлі бейнеде көрінуін олар осы мысал әлемімен байланыстырады. Әулиенің бір қалыптан екінші қалыпқа өтуі үш түрлі жолмен жүзеге асады.
1) Жындар сияқты әртүрлі бейнеге енеді.
2) Бейнесін өзгертпей, арақашықтықтың қысқаруы арқылы әртүрлі жерде көрінеді. Сонда оны екі адам екі бөлек жерден, бір дене мен бір бейнеде көре алады. Алла мұны арақашықтықты қысқартып, көруге кедергі перделерді алып тастау арқылы жүзеге асырады. Негізінде бір жерде тұрған адам екі жерде тұрғандай көрінеді. Мұның айқын мысалы – Миғраждан кейін меккеліктердің сұрауы бойынша Алла елшісі (с.а.с.) мен Бәйтул-Мақдистің арасындағы перделер алынып, Алла елшісінің оны сипаттап беруі.
3) Әулиенің дене тұрқы дүниені қамтардай ұлғайып, сол арқылы әр жерде көрінеді.
Ғазали былай дейді: «Абдалдар көпшіліктің көзінен таса жүреді. Өйткені өз дәуірінің ғалымдарына қарауға төзе алмайды. Абдалдардың көзінде ол ғалымдар Алланы танымайды, ал өз көздерінде және білімсіз жұрттың алдында олар – ғалымдар». Ибн Араби былай түйіндейді: «Алла дүниені төрт тірек арқылы сақтайды. Олар абдалдардан жоғары. Екі имамның дәрежесі олардан да жоғары, ал құтыбтың дәрежесі бәрінен жоғары. Абдал – жаман қасиеттерін жақсы қасиетке ауыстырған әр кісіге айтылатын ортақ атау. Оны саны белгілі топқа да қолданады. Олардың саны қырық, отыз немесе жеті делінген. Әрқайсысына төрт тіректің бірі және Қағбаның төрт бұрышының бірі тиесілі. Исаның (а.с.) жүрегіне сай жандарға Йемен бұрышы, Адамның (а.с.) жүрегіне сай жанға Шам бұрышы, Ибраһимнің (а.с.) жүрегіне сай жанға Ирак бұрышы, Мұхаммедтің (с.а.с.) жүрегіне сай жанға Хажарул-әсуад бұрышы тиесілі. Аллаға мадақ, бұл бізге нәсіп болды».
3. Асаиб туралы
«Ән-Ниһаядағы» түсіндірмеге сай, «асаиб» – «исаба» сөзінің көпше түрі. Оннан қырық адамға дейінгі топ осылай аталған. Хадисте бұл сөз «қайырлы адамдардың тобы» деген мағынаны білдіреді. Әлиден (р.а.) жеткен бір риуаятта: «Абдалдар Шамда, нужәбалар Мысырда, асаибтер Иракта», – делінген. Демек, «асаиб» ізгі адамдарды білдіреді. Хадисте ол Ирактың ізгі жандарын атайтын термин ретінде қолданылған.
Хадисте абдал, нужәбә және асаиб деп аталған ізгі, дүниеге қызықпаған әулие құлдар Мәһдиді танытып, оның кім екенін көрсететіні айтылады.