Хадис

Кутуб ситтә, № 4767

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
728. Болашақ оқиғалар мен бүліктер
Нөмірі
№ 4767 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 2
4767
Кутуб ситтә, № 4767 · тараудағы реті: 2

وَفِي رِوَايَةٍ لِمُسْلِمٍ رَحِمَهُ اللَّهِ قَالَ: سَمِعْتُ رَسُولَ اللَّهِ ﷺ يَقُولُ: تُعْرَضُ الْفِتَنُ عَلَى الْقُلُوبِ كَالْحَصِيرِ عَوْدًا عَوْدًا. فَأَيُّ قَلْبٍ أُشْرِبَهَا نَكَتَتْ فِيهِ نُكْتَةً سَوْدَاءَ، وَأَيُّ قَلْبٍ أَنْكَرَهَا نَكَتَتْ فِيهِ نُكْتَةً بَيْضَاءَ حَتَّى يَصِيرَ عَلَى قَلْبَيْنِ: قَلْبٍ أَبْيَضَ مِثْلِ الصَّفَا فَلَا يَضُرُّهُ فِتْنَةٌ مَا دَامَتِ السَّمَاوَاتُ وَالْأَرْضُ وَالْآخَرُ أَسْوَدُ مُرْبَادٌّ كَالْكُوزِ مَجْخِيًّا لَا يَعْرِفُ مَعْرُوفًا وَ لَا يُنْكِرُ مُنْكَرًا إِلَّا مَا أُشْرِبَ مِنْ هَوَاهُ؛ وَفِيهِ قَالَ حُذَيْفَةُ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ: إِنَّ بَيْنَكَ وَبَيْنَهَا بَابًا مُغْلَقًا يُوشِكُ أَنْ يُكْسَرَ قَالَ عُمَرُ: أَكَسْرًا لًا أُبَالَكَ؟ فَلَوْ أَنَّهُ فُتِحَ، كَانَ لَعَلَّهُ يُعَادُ. قَالَ: وَحَدَّثْتُهُ أَنَّ ذَلِكَ الْبَابَ رَجُلٌ يُقْتَلُ أَوْ يَمُوتُ حَدِيثًا لَيْسَ بِالْأَغَالِيطِ. فَقُلْتُ لِسَعْدِ بْنِ طَارِقٍ: مَا أَسْوَدُ مُرْبَادٌّ؟ قَالَ: شِدَّةُ الْبَيَاضِ فِي سَوَادٍ. قُلْتُ: فَمَا الْكُوزُ مُجْخِيًّا؟ قَالَ: مَنْكُوسًا.

Қазақша аудармасы

Мүслимнің бір риуаятында Хузайфа (р.а.) былай дейді: «Алла елшісінің (с.а.с.) мына сөзін естідім: “Бүліктер жүректерге ши тоқылғандай бір талдан, біртіндеп ұсынылады. Қай жүрек оны бойына сіңірсе, оған қара дақ түседі. Қай жүрек оны қабылдамаса, оған ақ дақ түседі. Сөйтіп, жүректер екі түрлі болады. Бірі – тегіс тастай аппақ, көк пен жер тұрғанша оған ешбір бүлік зиян келтірмейді. Екіншісі – ала-құла қара, төңкерілген құмырадай. Ол жақсылықты жақсылық деп танымайды, жамандықты жамандық деп білмейді. Нәпсісінен бойына сіңгенін ғана мойындайды”».

Осы риуаятта Хузайфа (р.а.) Омарға: «Сіз бен сол бүліктің арасында жабық есік бар. Ол жуырда сынады», – дейді. Омар: «Сына ма? Әттеген-ай, ашылса ғой, онда қайта жабылар еді», – дейді.

Хузайфа: «Мен оған сол есіктің өлтірілетін немесе дүние салатын бір адам екенін айттым. Жаңсақ хабар жеткізген жоқпын», – дейді.

Рауи айтады: «Сағд ибн Тариқтан: “Асуаду мурбадд деген не?” – деп сұрадым. Ол: “Қараға араласқан айқын ақтық”, – деді. Мен: “Әл-кузу мәжхийян деген не?” – деп сұрадым. Ол: “Төңкерілген құмыра”, – деді».1

Түсіндірме

1. Бұл хадис – Алла елшісінің (с.а.с.) болашақтан хабар берген мұғжизаларының бірі. Ғайыпты Алла ғана біледі. Алла хабар бергенде ғана адам ғайыптан біле алады. Бұл нығметке пайғамбарлар көбірек бөленген, ал Алла елшісі (с.а.с.) оған ең кемел дәрежеде ие болған. Түсіндірмешілер хадисте Омардың (р.а.) шейіт болатыны мен Осман (р.а.) тұсында бүлік шығатыны хабарланғанын айтады.

2. Автор бүлікке бой алдырған адамның жан дүниесі жайында айтылған хабарды да мұғжизаға жатқызады. Бүлікке бой алдырған адам жұрт мойындаған құндылықтарынан айырылып, өзіне сіңірілген өлшемнен өзгені қабылдамай қалады. Бүгінде осындай адамдарды көргендіктен, хадистің айтпағын анығырақ ұғына аламыз. Хадисті түсіну үшін «мағруф» пен «мүнкәр» ұғымдарына оралайық. Мағруф – ақыл мен шариғат құптаған жақсылық, ал мүнкәр – екеуі де теріске шығарған, жаман әрі зиянды іс. Бұл өлшемдер жеке адамның қалауы мен нәпсісінен тумайды. Бүлікке бой алдырған адам жұрт жақсылық деп танығанды қабылдамайды, жаман деп білгенін жаман санамайды. Ол бойына сіңірілген жат өлшемдер бойынша үкім етеді. Хадис осы өлшемді «һәуа», яғни нәпсі қалауы деп атайды. Құранда Алланың өлшемінің орнына нәпсі қалауын қойған адам туралы былай делінген: ﴿أَرَءَيْتَ مَنِ ٱتَّخَذَ إِلَٰهَهُۥ هَوَىٰهُ أَفَأَنتَ تَكُونُ عَلَيْهِ وَكِيلًا ۝ أَمْ تَحْسَبُ أَنَّ أَكْثَرَهُمْ يَسْمَعُونَ أَوْ يَعْقِلُونَ إِنْ هُمْ إِلَّا كَٱلْأَنْعَٰمِ بَلْ هُمْ أَضَلُّ سَبِيلًا﴾ «Өз әуейілігін тәңір тұтқанды көрдің бе?! Сонда оған сен кепіл боласың ба?! Жоқ әлде олардың көбі шынымен де айтқан сөзді тыңдайды немесе ақылға салып ойланады деп ойлайсың ба?! Анығында, олар мал сияқты, тіпті жолдан одан бетер адасқыш келеді»2.

Аятта нәпсінің жетегінде кетіп, Алла белгілеген жақсылық пен жамандықтың аражігін ажыратпаған адамдар төрт түлік малға теңеліп, одан да адасқаны айтылады.

Автор бұл хадисті неке, әдеп, бүркену, ұят пен ғибадатты артта қалушылық санап, азғындық, ішімдік, құмар ойын, жалаңаштық пен арсыздықты ілгерілеу ретінде дәріптейтін адамдардың қалыптасуы мен рухани күйінің сипаттамасы деп түсіндіреді. Ол заманға сай болу, гуманизм және зайырлылық деген атаулардың осы мақсатқа пайдаланылуын сөз етеді. Хадиске қатысты қосымша түсіндірмелер алда беріледі.

  1. 1Мүслим, Иман 231 (144).
  2. 2Фурқан сүресі, 43–44-аяттар.