Хадис

Аты аталмаған фитналар

Кутуб ситтә, 10-том, 729-тарау · 25 хадис · № 4773–4797

Хадистер

4773
Кутуб ситтә, № 4773 · тараудағы реті: 1Риуаят етуші: Әбу Һурайра (р.а.)

عَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: بَادِرُوا بِالْأَعْمَالِ فِتَنًا كَقِطَعِ اللَّيْلِ الْمُظْلِمِ يُصْبِحُ الرَّجُلُ مُؤْمِنًا، وَيُمْسِي كَافِرًا أَوْ يُمْسِي مُؤْمِنًا وَيُصْبِحُ كَافِرًا يَبِيعُ دِينَهُ بِعَرَضٍ مِنَ الدُّنْيَا. أَخْرَجَهُ مُسْلِمٌ وَالتِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Әбу Һурайра (р.а.) жеткізеді: «Алла елшісі (с.а.с.): “Түннің тас қараңғы бөліктеріндей бүліктер келмей тұрып, ізгі амалдар жасауға асығыңдар. Ол кезде адам мүмін болып таң атырып, кәпір болып кеш батырады немесе мүмін болып кеш батырып, кәпір болып таң атырады. Дінін дүниенің өткінші пайдасына сатады”, – деді».1

  1. 1Мүслим, Иман 186 (118); Тирмизи, Фитән 30 (2196).
4774
Кутуб ситтә, № 4774 · тараудағы реті: 2Риуаят етуші: Ибн Мәсғуд (р.а.)

وَعَنِ ابْنِ مَسْعُودٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: تَكُونُ فِي هَذِهِ الْأُمَّةِ أَرْبَعُ فِتَنٍ، فِي آخِرِهَا الْفَنَاءُ. أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ.

Қазақша аудармасы

Ибн Мәсғуд (р.а.) жеткізеді: «Алла елшісі (с.а.с.): “Бұл үмбетте төрт бүлік болады. Соңғысында дүние жойылады”, – деді».1

Түсіндірме

Алла елшісі (с.а.с.) бұл хадисте қияметке дейін үмбеттің ішінде болатын төрт ірі бүлік жайында хабар берген. Олардың жалпы сипаты Табаранидің Имран ибн Хусайннан жеткізген риуаятында баяндалады: «Төрт үлкен бүлік болады. Біріншісінде қан төгу адал саналады. Екіншісінде қан төгу де, мал-мүлікті иемдену де адал саналады. Үшіншісінде қан төгу, мал-мүлікті иемдену және зина адал саналады. Төртіншісі – Дәжжал бүлігі».

  1. 1Әбу Дәуіт, Фитән 1 (4241).
4775
Кутуб ситтә, № 4775 · тараудағы реті: 3

وَعَنْ عَرْفَجَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: سَتَكُونُ هَنَاتٌ وَهَنَاتٌ، فَمَنْ أَرَادَ أَنْ يُفَرِّقَ أَمْرَ هَذِهِ الْأُمَّةِ وَهِيَ جَمِيعٌ فَاضْرِبُوهُ بِالسَّيْفِ كَائِنًا مَنْ كَانَ. وَفِي رِوَايَةٍ: فَاقْتُلُوهُ. أَخْرَجَهُ مُسْلِمٌ وَأَبُو دَاوُدَ وَالنَّسَائِيُّ.

Қазақша аудармасы

Арфажа (р.а.) жеткізеді: «Алла елшісі (с.а.с.): “Бірінен соң бірі бүліктер туады. Бірлігі сақталып тұрған осы үмбетті бөлгісі келген адам кім болса да, оны қылышпен ұрыңдар”, – деді». Басқа риуаятта «оны өлтіріңдер» делінген.1

  1. 1Мүслим, Имарат 59 (1852); Әбу Дәуіт, Сүннет 30 (4762); Нәсәи, Тахрим 6, (7, 93).
4776
Кутуб ситтә, № 4776 · тараудағы реті: 4Риуаят етуші: Мұғауия (р.а.)

وَعَنْ مُعَاوِيَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: قَامَ فِينَا رَسُولُ اللَّهِ ﷺ فَقَالَ: أَلَا إِنَّ مَنْ كَانَ قَبْلَكُمْ مِنْ أَهْلِ الْكِتَابِ افْتَرَقُوا عَلَى ثِنْتَيْنِ وَسَبْعِينَ مِلَّةً، وَإِنَّ هَذِهِ الْأُمَّةَ سَتَفْتَرِقُ عَلَى ثَلَاثٍ وَسَبْعِينَ فِرْقَةً: ثِنْتَانِ وَسَبْعُونَ فِي النَّارِ، وَوَاحِدَةٌ فِي الْجَنَّةِ، وَهِيَ الْجَمَاعَةُ. أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ. وَزَادَ فِي رِوَايَةٍ: «سَيَخْرُجُ مِنْ أُمَّتِي أَقْوَامٌ تَتَجَارَى بِهِمُ الْأَهْوَاءُ كَمَا يَتَجَارَى الْكَلَبُ بِصَاحِبِهِ لَا يَبْقَى مِنْهُ عِرْقٌ وَلَا مَفْصِلٌ إِلَّا دَخَلَهُ».

Қазақша аудармасы

Мұғауия (р.а.) жеткізеді: «Алла елшісі (с.а.с.) ортамызда тұрып: “Біліп қойыңдар, сендерден бұрынғы кітап иелері жетпіс екі топқа бөлінген. Бұл үмбет жетпіс үш топқа бөлінеді. Оның жетпіс екісі тозақта, біреуі жәннатта болады. Ол – жамағат”, – деді».1

Әбу Дәуіттің бір риуаятында мына сөздер қосылған: «Үмбетімнен нәпсі қалауы бойын билеген топтар шығады. Құтырма ауруы науқастың бірде-бір тамыры мен буынын қалдырмай жайлағанындай, сол әуестік те олардың бүкіл бойын билейді».

Түсіндірме

«Бидғат» сөзіне бұған дейін тоқталғанбыз. Жалпы бұл атау сүннетте болмаған, кейін пайда болған жаңалықтарға қолданылады. Қоғамның дамуына ілесе туған жаңалықтарға қарсы болмаған ғалымдар да бар. Олар مَنْ سَنَّ سُنَّةً حَسَنَةً «Кім жақсы жол бастаса...» деген хадиске сүйеніп, кейбір жаңалықтарды енгізуге және қолдануға үндеген. Мұны «бидғатул-хасана» (жақсы бидғат) деп атаған. Ал жоғарыдағы хадисте сүннетке қайшы бидғат айтылған. Мұны «бидғатус-сәйиә» (жаман бидғат) дейді.

Мынаған да назар аударайық. Көпшілік бидғатты заттық жаңалықпен шектеп түсінеді. Ал бұл хадис заттық жаңалықты ғана сөз етпейді. Кейіннен пайда болған нанымдар, ой-пікірлер мен өз бетінше шығарылған үкімдер де бидғатқа жатады. Мұндай жаңалық әуелі адамның ойында туып, кейін іс жүзінде көрінеді. Дін ғалымдары әһлі сүннет уәл-жамағаттан тыс ағымдарды әһлі бидғат деп атайды. Мұнда жұрттың сыртқы түрі мен пайдаланған бұйымдарынан гөрі, сенімі мен ұстанымына қарайды.

2. Хадисте бидғат жұққан дененің бірде-бір мүшесін қалдырмай жайлайтын құтырма ауруына теңелген. Осы мысал сүннеттен айныған адамның халін түсіндіреді. Сүннетті тәрк ету рухани дүниесін шайқап, сеніміне селкеу түсіреді, адамды ақиқаттан алыстатады. Сөйтіп, бөтен ойлар мен нәпсі қалауына негізделген діннің жетегінде кетуге жол ашады. Ал сүннет адамның бүкіл тіршілігіне бағыт береді. Киім кию, жүріп-тұру, ішіп-жеу, ұйықтап-тынығу, сөз сөйлеу және ел басқаруға дейін Алла елшісі үлгі көрсеткен.

  1. 1Әбу Дәуіт, Сүннет 1 (4597).
4777
Кутуб ситтә, № 4777 · тараудағы реті: 5Риуаят етуші: Абдулла ибн Амр ибн әл-Ас (р.а.)

وَعَنِ ابْنِ عَمْرِو بْنِ الْعَاصِ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: لَيَأْتِيَنَّ عَلَى أُمَّتِي مَا أَتَى عَلَى بَنِي إِسْرَائِيلَ حَذْوَ النَّعْلِ بِالنَّعْلِ، حَتَّى إِنْ كَانَ مِنْهُمْ مَنْ أَتَى أُمَّهُ عَلَانِيَةً لَيَكُونَنَّ فِي أُمَّتِي مَنْ يَصْنَعُ ذَلِكَ، وَإِنَّ بَنِي إِسْرَائِيلَ تَفَرَّقَتْ عَلَى ثِنْتَيْنِ وَسَبْعِينَ مِلَّةً، وَسَتَفْتَرِقُ أُمَّتِي عَلَى ثَلَاثٍ وَسَبْعِينَ مِلَّةً؛ كُلُّهَا فِي النَّارِ إِلَّا مِلَّةً وَاحِدَةً. قَالُوا: مَنْ هِيَ؟ قَالَ: مَنْ كَانَ عَلَى مَا أَنَا عَلَيْهِ وَأَصْحَابِي. أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Абдулла ибн Амр ибн әл-Ас (р.а.) жеткізеді: «Алла елшісі (с.а.с.): “Бәни Исраилдің басынан өткен жағдай үмбетімнің де басынан айна-қатесіз өтеді. Олардың арасында өз анасымен ашықтан-ашық жақындасқан біреу болса, үмбетімнен де сол істі жасайтын адам міндетті түрде шығады. Бәни Исраил жетпіс екі ағымға бөлінген. Үмбетім жетпіс үш ағымға бөлінеді. Біреуінен басқасының бәрі тозақта болады”, – деді. “Ол қай ағым?” – деп сұралғанда: “Мен және сахабаларым ұстанған жолдан айнымағандар”, – деп жауап берді».1

Түсіндірме

1. Алла елшісі (с.а.с.) бұл хадисте әр ағымды «милләт» деп атаған. Негізінде «милләт» – адамдар Аллаға жақындай алуы үшін Оның пайғамбарлары арқылы бекіткен жолы, яғни дін. Бұл сөз барлық шариғатқа қолданылады. Белгілі бір шариғатты атағанда «Ибраһимнің милләті», «Мұхаммедтің милләті» деп тіркестіріп айтады. Кейін ғалымдар бұл сөзді көбіне жалған ағымдарға қатысты қолданған. Өйткені олар өзара айырмашылықтарын ұлғайтып, әрқайсысы өз алдына бір дін секілді болып көрінгендіктен, ауыспалы мағынада «милләт» аталған. Кейбір ғалымдар ақиқат жолында болсын, болмасын, белгілі бір жамағат ортақ ұстанған амал мен сөзді де «милләт» деп атаған.

Демек, хадисте үмбеттің ой-пікірі мен іс-әрекеті бір-бірінен өзгеше топтарға бөлінетіні айтылған. Нәпсі қалауынан туған айырмашылықтар жалған. Сүннеттен айнымайтын бір ағым ақиқат жолында қалады.

Әли әл-Қари «Мирқатта» «Мауақифтен» келтіріп, исламдағы негізгі ағымдарды сегіз топқа бөледі.

1) Мұғтазила. «Құл өз ісін өзі жаратады» дейді, Алланы ақыретте көруді теріске шығарады, сауап пен жазаны міндетті деп біледі. Негізінен жиырма тармаққа бөлінеді.

2) Шиғалар. Әлиге (р.а.) деген сүйіспеншілікте шектен шыққан. Жиырма екі тармаққа бөлінеді.

3) Харижилер. Әлиді (р.а.) және үлкен күнә жасағандарды кәпір санауда шектен шыққан. Жиырма тармаққа бөлінеді.

4) Мүржия. «Иман барда күнә зиян етпейді, күпірлік барда амал пайда бермейді» дейді. Бес тармаққа бөлінеді.

5) Нәжжәрия. Амалдардың жаратылуы жөнінде әһлі сүннеттің ұстанымына қосылады. Алланың сипаттарын теріске шығаруда және Оның кәләмін кейін пайда болған деп санауда мұғтазилаға қосылады. Үш тармаққа бөлінеді.

6) Жәбрия. Адамның ерік-таңдауы жоқ, ол амалын мәжбүрлі түрде жасайды деп санайды. Бір ағым.

7) Мүшәббиһа. Алланы дене тұрғысынан адамға ұқсатып, Оның өзге денеге енетінін айтады. Бір ағым.

8) Әһлі сүннет. Бұл да бір ағым.

Осы топтардың жалпы саны жетпіс үшке жетеді. Олардың қосалқы тармақтары бұл санаққа кірмеген.

2. Хадисті түсіндірген ғалымдар Алла елшісі (с.а.с.) мұнда фиқһтағы халал мен харам жөніндегі пікір айырмасын меңземегенін айтады. Хадисте сыналған топтар – таухид қағидалары, жақсылық пен жамандықтың тағдырда белгіленуі, елшілік пен пайғамбарлықтың шарттары, сахабаларға құрмет сияқты сенім мәселелерінде ақиқаттан ауытқып, нәпсі қалауының жетегіне түскендер. Өйткені мұндай мәселелерде келіспегендер бірін-бірі кәпір санаған. Ал фиқһ пен оның тармақтары жөнінде келіспеген ғалымдар бірін-бірі кәпір немесе пасық деп айыптамаған. Сондықтан хадистегі үмбеттің ағымдарға бөлінуі сенім мәселелеріндегі жіктелу деп түсіндірілген.

Бұл жіктелу сахабалар дәуірінің соңына таман, сахабалар әлі тірі кезде Мағбәд әл-Жуһани мен оның соңынан ергендерден басталған. Уақыт өте ағымдар көбейіп, негізгілерінің саны жетпіс үшке жеткен.

  1. 1Тирмизи, Иман 18 (2643).
4778
Кутуб ситтә, № 4778 · тараудағы реті: 6Риуаят етуші: Айша (р.а.)

وَعَنْ عَائِشَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا قَالَتْ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: لَا يَذْهَبُ اللَّيْلُ وَالنَّهَارُ حَتَّى تُعْبَدَ اللَّاتُ وَالْعُزَّى. فَقُلْتُ: يَا رَسُولَ اللَّهِ، إِنْ كُنْتُ لَأَظُنُّ حِينَ أَنْزَلَ اللَّهُ تَعَالَى: هُوَ الَّذِي أَرْسَلَ رَسُولَهُ بِالْهُدَى وَدِينِ الْحَقِّ لِيُظْهِرَهُ عَلَى الدِّينِ كُلِّهِ وَلَوْ كَرِهَ الْمُشْرِكُونَ أَنَّ ذَلِكَ تَامٌّ. قَالَ: إِنَّهُ سَيَكُونُ مِنْ ذَلِكَ مَا شَاءَ اللَّهُ تَعَالَى ثُمَّ يَبْعَثُ اللَّهُ رِيحًا طَيِّبَةً فَتَوَفَّى كُلَّ مَنْ كَانَ فِي قَلْبِهِ مِثْقَالُ حَبَّةٍ مِنْ خَرْدَلٍ مِنْ إِيمَانٍ، فَيَبْقَى مَنْ لَا خَيْرَ فِيهِ فَيَرْجِعُونَ إِلَى دِينِ آبَائِهِمْ». أَخْرَجَهُ مُسْلِمٌ.

Қазақша аудармасы

Айша (р.а.) жеткізеді: «Алла елшісі (с.а.с.): “Лат пен Уззаға қайта табынбайынша, түн мен күндіздің алмасуы тоқтамайды”, – деді. Мен: “Уа, Алла елшісі! Алла Тағала ﴿هُوَ ٱلَّذِىٓ أَرْسَلَ رَسُولَهُۥ بِٱلْهُدَىٰ وَدِينِ ٱلْحَقِّ لِيُظْهِرَهُۥ عَلَى ٱلدِّينِ كُلِّهِۦ وَلَوْ كَرِهَ ٱلْمُشْرِكُونَ﴾ ‘Ол – мүшріктер жек көріп жақтырмаса да, елші-пайғамбарын тура жолмен және бүкіл діндерден үстем ету үшін хақ дінмен жіберген Алла!’1 деген аятты түсіргенде, бұл іс толық жүзеге асты деп ойлаған едім”, – дедім. Ол: “Оның Алла қалаған бөлігі жүзеге асады. Содан кейін Алла хош иісті жел жібереді. Ол жүрегінде қыша дәнінің салмағындай иманы бар әр адамның жанын алады. Бойында жақсылық қалмағандар ғана қалып, ата-бабаларының дініне қайтады”, – деді».2

  1. 1Саф сүресі, 9-аят.
  2. 2Мүслим, Фитән 52 (2907).
4779
Кутуб ситтә, № 4779 · тараудағы реті: 7Риуаят етуші: Сәубан (р.а.)

وَعَنْ ثَوْبَانِ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: إِنَّمَا أَخَافُ عَلَى أُمَّتِي الْأَئِمَّةَ الْمُضِلِّينَ، وَإِذَا وُضِعَ السَّيْفُ فِي أُمَّتِي لَمْ يُرْفَعْ عَنْهَا إِلَى يَوْمِ الْقِيَامَةِ، وَلَا تَقُومُ السَّاعَةُ حَتَّى تَلْتَحِقَ قَبَائِلُ مِنْ أُمَّتِي بِالْمُشْرِكِينَ، وَحَتَّى تَعْبُدَ قَبَائِلُ مِنْ أُمَّتِي الْأَوْثَانَ، وَإِنَّهُ سَيَكُونُ فِي أُمَّتِي ثَلَاثُونَ كَذَّابًا كُلُّهُمْ يَدَّعِي أَنَّهُ نَبِيٌّ، وَأَنَا خَاتَمُ النَّبِيِّينَ لَا نَبِيَّ بَعْدِي، وَلَا تَزَالُ الطَّائِفَةُ مِنْ أُمَّتِي عَلَى الْحَقِّ لَا يَضُرُّهُمْ مَنْ خَالَفَهُمْ حَتَّى يَأْتِيَ أَمْرُ اللَّهِ وَهُمْ عَلَى ذَلِكَ. قَالَ عَلِيُّ بْنُ الْمَدِينِيِّ رَحِمَهُ اللَّهِ تَعَالَى: هُمْ أَصْحَابُ الْحَدِيثِ. أَخْرَجَهُ مُسْلِمٌ وَأَبُو دَاوُدَ وَ التِّرْمِذِيُّ مُفَرِّقًا، وَأَخْرَجَهُ رَزِينُ بِهَذَا اللَّفْظِ.

Қазақша аудармасы

Сәубан (р.а.) жеткізеді: «Алла елшісі (с.а.с.): “Үмбетім үшін жұртты адастыратын басшылардан ғана қорқамын. Үмбетімнің арасына қылыш кірсе, қиямет күніне дейін одан алынбайды. Үмбетімнің кейбір тайпалары мүшріктерге қосылып, кейбір тайпалары пұттарға табынбайынша, қиямет орнамайды. Үмбетімнен отыз өтірікші шығып, әрқайсысы өзін пайғамбармын деп жариялайды. Мен – пайғамбарлардың мөрімін. Менен кейін пайғамбар болмайды. Үмбетімнің бір тобы ақиқат жолынан таймайды. Оларға қарсы шыққандар зиян келтіре алмайды. Олар осы күйінде тұрғанда Алланың әмірі келеді”, – деді».

Әли ибн әл-Мәдини (Алла оны рақымына алсын): «Олар – хадис ілімінің иелері», – деген.1

Түсіндірме

1. Хадисте қияметке дейін болатын оқиғалар баяндалады. «Тәйсир» авторының айтуынша, Рәзин бірнеше дереккөзде бөлек-бөлек келген мәтіндерді бір риуаятқа біріктірген. Ғалымдар сенімділік дәрежесі бірдей хадистерді біріктіруге болады деп санаған. Сенімділік дәрежесі әртүрлі хадистерді біріктіруге рұқсат бермеген.

2. Хадисте үмбетті тура жолдан тайдырып, бұзғындыққа шақыратын басшылар аталады. Олар адамдарға теріс пікірлерді сіңіріп, көркем мінезден алыстатады. Басқа риуаяттарда «Адамдар басшыларының дінінде» делінген. Кейбір хадистерде адастырушы басшылардың білімсіз әрі Алладан қорықпайтыны айтылады. Мүслимдегі бір хадисте: «Адамдар надан кісілерді басшы етіп алады. Олар ілімсіз пәтуа беріп, өздері де адасады, жұртты да адастырады», – делінген. Бұл риуаят Бұхариде де бар.

3. Үмбеттің арасына қылыш кіруі – мұсылмандардың жікке бөлініп, бір-бірінің қанын төгуі. Халифа Османның (р.а.) шейіт етілуінен басталған бұл жағдай бүгінге дейін жалғасып келеді. Сондықтан ғалымдар бұл хабарды Алла елшісінің (с.а.с.) мұғжизаларының бірі деп санаған.

4. Үмбеттен кейбір топтардың пұттарға табынуы және мүшріктерге қосылуының мысалдары бүгінде де байқалады. Кей түсіндірмеде адамның дүниелік нәрселерге құл болуы да осыған жатқызылған. Бір хадисте «Динар мен дирхамның құлы болған адам опат болсын!» делінген. Бүгінде ақшаға, атаққа және дүниенің өзге де жылтырағына құныққандар аз емес.

5. Алла елшісі (с.а.с.) бұл хадисте қияметке дейін жалған пайғамбарлар шығатынын хабарлаған. Өзін пайғамбармын деп жариялайтындардың саны отызға жетеді.

6. Хадисте Алла мен елшісінің жолында еңбек етіп, қияметке дейін ислам аясынан шықпайтын бір жамағат болатыны айтылады. Ахмад ибн Ханбал бұларды хадис ілімінің иелері деп, Бұхари ілім иелері деп түсіндірген. Нәуәуи олардың әскер арасындағы ержүрек адамдар, ғалымдар арасындағы ақиқаттан айнымайтын және өміріне қауіп төнсе де шындықты айтатын кісілер, ал жұрт арасындағы өсек пен жалаға қарамай тақуалықтан таймайтын, дүниеге қызықпайтын, жақсылыққа шақырып, жамандықтан тыятын жандар болуы мүмкін екенін айтады. Дін жолын ұстанғаны үшін жұмысынан шығып, түрмеге түсіп, жәбір көріп, жақындарынан айырылса да тақуалығынан айнымағандар да осы жамағатқа кірсе керек.

7. «Олар осы күйінде тұрғанда Алланың әмірі келеді» деген сөз ақиқат жолындағы жамағаттың қиямет жақындағанға дейін сақталатынын білдіреді. Өзге хадистерде қияметтің мүміндердің басына келмейтіні айтылады. Осы алапаттың алдында Йемен жақтан хош иісті жел соғып, мүміндердің жанын қинамай алады. Қияметтің жан түршігерлік азабы кәпірлерге қалады.

  1. 1Мүслим, Имарат 170 (1920). Әбу Дәуіт, Фитән 1 (4252). Тирмизи, Фитән 32 (2203, 2220, 2230). Мүслим, Әбу Дәуіт пен Тирмизи хадистің бөліктерін жеке-жеке риуаят еткен. Рәзин оларды осы сөздермен бір риуаятқа біріктіріп келтірген.
4780
Кутуб ситтә, № 4780 · тараудағы реті: 8Риуаят етуші: Әбу Һурайра (р.а.)

وَعَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: لَيَأْتِيَنَّ عَلَى النَّاسِ زَمَانٌ لَا يَدْرِي الْقَاتِلُ فِي أَيِّ شَيْءٍ قَتَلَ، وَلَا الْمَقْتُولُ فِي أَيِّ شَيْءٍ قُتِلَ. قِيلَ: وَكَيْفَ ذَلِكَ؟ قَالَ: الْهَرْجُ، الْقَاتِلُ وَالْمَقْتُولُ فِي النَّارِ. أَخْرَجَهُ مُسْلِمٌ.

Қазақша аудармасы

Әбу Һурайра (р.а.) жеткізеді: «Алла елшісі (с.а.с.): “Адамдарға сондай заман келеді, кісі өлтірген адам не үшін өлтіргенін, өлтірілген адам не үшін өлтірілгенін білмейді”, – деді. “Бұл қалай болады?” – деп сұралғанда: “Бұл – жаппай қырғын. Өлтірген де, өлтірілген де тозақта”, – деп жауап берді».1

  1. 1Мүслим, Фитән 56 (2908).
4781
Кутуб ситтә, № 4781 · тараудағы реті: 9Риуаят етуші: Усама ибн Зәйд (р.а.)

وَعَنْ أُسَامَةَ بْنِ زَيْدٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: أَشْرَفَ النَّبِيُّ ﷺ عَلَى أُطُمٍ مِنْ آطَامِ الْمَدِينَةِ. فَقَالَ: هَلْ تَرَوْنَ مَا أَرَى؟ قَالُوا: لَا. قَالَ: فَإِنِّي أَرَى مَوَاقِعَ الْفِتَنِ خِلَالَ بُيُوتِكُمْ كَمَوَاقِعِ الْقَطْرِ. أَخْرَجَهُ الشَّيْخَانِ.

Қазақша аудармасы

Усама ибн Зәйд (р.а.) жеткізеді: «Пайғамбар (с.а.с.) Мәдинадағы биік қамалдардың бірінің үстіне шығып: “Менің көріп тұрғанымды сендер де көріп тұрсыңдар ма?” – деп сұрады. Жанындағылар: “Жоқ”, – деді. Ол: “Мен үйлеріңнің арасына бүліктердің жаңбыр тамшыларындай түсіп жатқанын көріп тұрмын”, – деді».1

Түсіндірме

1. «Үтүм» деп Мәдинада тастан қаланған, қамал тәрізді берік ғимараттарды атаған. Кей сипаттамаларда олар Батыстағы шағын қамал-сарайларға ұқсатылады.

2. Алла елшісі (с.а.с.) Мәдинаға бірінен соң бірі келетін бүліктерді жаңбыр тамшыларына теңеген. Ғалымдар әзірет Османның шейіт етілуінен кейін толастамаған бүліктерді еске алып, осы хабарды Алла елшісінің (с.а.с.) мұғжизаларының бірі деп санаған.

Хадистегі «көру» ілім арқылы білу немесе көзбен көру деп түсіндірілген. Екінші жағдайда бүліктер Алла елшісінің (с.а.с.) көзіне бейнеленіп көрсетілген болуы мүмкін. Ол намазда тұрғанда құбыла жақтан жәннат пен тозақ та осылай көрінген.

Алла елшісі (с.а.с.) алдағы бүлікті хабарлап, сахабаларын оны сабырмен қарсы алуға даярлаған. Осындай хабарларға байланысты сұрақ қойылғанда, ол бүлік кезінде үндемеу, араласпау, қиындыққа төзу және бүлік шыққан жерден аулақ жүру керектігін түсіндірген.

  1. 1Бұхари, Фазаилул-Мәдина 8, Мазалим 25, Манақиб 25, Фитән 4; Мүслим, Фитән 9 (2885).
4782
Кутуб ситтә, № 4782 · тараудағы реті: 10Риуаят етуші: Әбу Сағид (р.а.)

وَعَنْ أَبِي سَعِيدٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: تَمْرُقُ مَارَقَةٌ عِنْدَ فِرْقَةٍ مِنَ الْمُسْلِمِينَ يَقْتُلُهَا أَوْلَى الطَّائِفَتَيْنِ بِالْحَقِّ. أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ.

Қазақша аудармасы

Әбу Сағид (р.а.) жеткізеді: «Алла елшісі (с.а.с.): “Мұсылмандар екіге бөлінген кезде діннен шығып кететін бір топ пайда болады. Оларды екі топтың ақиқатқа жақыны өлтіреді”, – деді».1

Түсіндірме

Бұл хадис – Алла елшісінің (с.а.с.) келешекті хабарлаған мұғжизаларының бірі. Мұсылмандар арасындағы тартыста бір жақта әзірет Әли мен оның жақтастары, екінші жақта оған қарсы топ тұрды. Осы текетірес кезінде харижилер деп аталған үшінші ағым шықты. Кейін оларды Әли мен оның жақтастары жеңді.

Нәуәуи былай дейді: «Бұл риуаяттарда қақтығысқан екі мұсылман тобының ішінде әзірет Әли мен жақтастарының ақиқатқа жақынырақ болғаны, ал оларға қарсы соғысқан әзірет Мұғауия жағының қателескені баяндалады. Екі жақтың ешқайсысы діннен шыққан немесе пасық деп саналмаған».

Әһлі сүннет уәл-жамағаттың ұстанымынша, екі жақ та Алланың разылығын көздеп, ақиқатқа жетуге ұмтылған, бірақ ижтиһадтары әртүрлі болған. Әзірет Әлидің ұстанымы ақиқатқа жақынырақ еді. «Бір мүжтаһидтің ижтиһады екіншісінің ижтиһадын жоққа шығармайды» және «мүжтаһид қателессе, күнәһар болмайды, ізденісінің сауабын алады» деген қағидаларға сәйкес, екі жақ та Алланың сыйына ие болады.

Әзірет Әли мен жақтастарынан жеңілген харижилердің Әлиді кәпір санауы олардың адасқанының белгісі деп қарастырылған.

  1. 1Мүслим, Зекет 150 (1065); Әбу Дәуіт, Сүннет 13 (4467).
4783
Кутуб ситтә, № 4783 · тараудағы реті: 11Риуаят етуші: Ибн Омар (р.а.)

وَعَنِ ابْنِ عُمَرَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: إِذَا مَشَتْ أُمَّتِي الْمُطَيْطِيَاءَ وَخَدَمَهَا أَبْنَاءُ الْمُلُوكِ، أَبْنَاءُ فَارِسَ وَالرُّومِ، سُلِّطَ شِرَارُهَا عَلَى خِيَارِهَا. أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Ибн Омар (р.а.) жеткізеді: «Алла елшісі (с.а.с.): “Үмбетім кердең басып, оған Рим мен Парсының патша ұрпақтары қызмет ете бастағанда, жамандары жақсыларына үстем болады”, – деді».1

Түсіндірме

1. Түсіндірме жазған ғалымдар бұл хадисті де Алла елшісінің (с.а.с.) мұғжизаларына жатқызады. Византия мен Парсы жерлері алынып, қазыналары мен мал-мүлкі олжаға айналып, адамдары тұтқынға түскеннен кейін, мұсылмандардың арасында ішкі бүліктер басталды. Әуелі әзірет Османға шабуыл жасалды. Кейін Әмәуилер Хашимилерге қарсы шықты. Осылай тұтанған бүліктер бүгінге дейін үзілмей келеді. 2. Кердең басу – тәкаппарлық пен менмендікке салынып, құлдық шегінен шығу. Тәкаппарлық – Аллаға серік қосудың және Оны мойындамаудың бір түрі.

  1. 1Тирмизи, Фитән 64 (2262).
4784
Кутуб ситтә, № 4784 · тараудағы реті: 12Риуаят етуші: Абдулла ибн Амр ибн әл-Ас (р.а.)

وَعَنِ ابْنِ عَمْرِو بْنِ الْعَاصِ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: إِذَا فُتِحَتْ عَلَيْكُمْ خَزَائِنُ فَارِسَ وَالرُّومِ، أَيُّ قَوْمٍ أَنْتُمْ؟ قَالَ عَبْدُ الرَّحْمَنِ بْنُ عَوْفٍ: نَكُونُ كَمَا أَمَرَنَا اللَّهُ تَعَالَى. فَقَالَ ﷺ: بَلْ تَتَنَافَسُونَ وَتَتَحَاسَدُونَ ثُمَّ تَتَدَابَرُونَ وَتَتَبَاغَضُونَ، ثُمَّ تَنْطَلِقُونَ إِلَى مَسَاكِينَ الْمُهَاجِرِينَ فَتَحْمِلُونَ بَعْضَهُمْ عَلَى رِقَابِ بَعْضٍ. أَخْرَجَهُ مُسْلِمٌ.

Қазақша аудармасы

Абдулла ибн Амр ибн әл-Ас (р.а.) жеткізеді: «Бір күні Алла елшісі (с.а.с.): “Парсы мен Римнің қазыналары сендерге ашылғанда, қандай қауым боласыңдар?” – деп сұрады. Абдуррахман ибн Ауф: “Алла бұйырғандай әрекет етеміз”, – деді. Сонда ол: “Керісінше, өзара бәсекеге түсесіңдер, бір-біріңді күндейсіңдер, содан соң бір-біріңнен теріс айналып, бір-біріңе өш боласыңдар. Содан кейін мұһажирлердің кедейлеріне барып, олардың бірін екіншісіне үстем етесіңдер”, – деп жауап берді».1

  1. 1Мүслим, Зуһд 7 (2962).
4785
Кутуб ситтә, № 4785 · тараудағы реті: 13Риуаят етуші: Әбу Һурайра (р.а.)

وَعَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: إِذَا كَانَتْ أُمَرَاؤُكُمْ خِيَارَكُمْ، وَأَغْنِيَاؤُكُمْ سُمَحَاءَكُمْ، وَأُمُورُكُمْ شُورَى بَيْنَكُمْ فَظَهْرُ الْأَرْضِ خَيْرٌ لَكُمْ مِنْ بَطْنِهَا؛ وَإِذَا كَانَتْ أُمَرَاؤُكُمْ شَرَارَكُمْ، وَأَغْنِيَاؤُكُمْ بُخَلَاءَكُمْ وَأُمُورُكُمْ إِلَى نِسَائِكُمْ فَبَطْنُ الْأَرْضِ خَيْرٌ لَكُمْ مِنْ ظَهْرِهَا. أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Әбу Һурайра (р.а.) жеткізеді: «Алла елшісі (с.а.с.): “Басшыларың араларыңдағы ең ізгі адамдар, байларың ең жомарт адамдар болса және істеріңді өзара кеңесіп шешсеңдер, сендерге жердің үсті астынан қайырлы. Ал басшыларың ең жаман адамдар, байларың ең сараң адамдар болып, істерің әйелдеріңнің қолына көшсе, сендерге жердің асты үстінен қайырлы”, – деді».1

  1. 1Тирмизи, Фитән 78 (2267).
4786
Кутуб ситтә, № 4786 · тараудағы реті: 14Риуаят етуші: Әли (р.а.)

وَعَنْ عَلِيٍّ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: كَيْفَ بِكُمْ إِذَا فَسَقَ فِتْيَانُكُمْ، وَطَغَى نِسَاؤُكُمْ؟ قَالُوا: يَا رَسُولَ اللَّهِ؛ وَإِنَّ ذَلِكَ لَكَائِنٌ؟ قَالَ: نَعَمْ وَأَشَدُّ. كَيْفَ إِذَا لَمْ تَأْمُرُوا بِالْمَعْرُوفِ وَلَمْ تَنْهَوْا عَنِ الْمُنْكَرِ؟ قَالُوا: يَا رَسُولَ اللَّهِ، وَإِنَّ ذَلِكَ لَكَائِنٌ؟ قَالَ: نَعَمْ وَأَشَدُّ. كَيْفَ بِكُمْ إِذَا أَمَرْتُمْ بِالْمُنْكَرِ وَنَهَيْتُمْ عَنِ الْمُعْرُوفِ؟ قَالُوا: يَا رَسُولَ اللَّهِ، وَإِنَّ ذَلِكَ لَكَائِنٌ؟ قَالَ: نَعَمْ وَأَشَدُّ. كَيْفَ بِكُمْ إِذَا رَأَيْتُمْ الْمَعْرُوفَ مُنْكَرًا وَالْمُنْكَرَ مَعْرُوفًا؟ قَالُوا: يَا رَسُولَ اللَّهِ، وَإِنَّ ذَلِكَ لَكَائِنٌ؟ قَالَ: نَعَمْ. أَخْرَجَهُ رَزِينُ.

Қазақша аудармасы

Әли (р.а.) жеткізеді: «Алла елшісі (с.а.с.): “Жастарың пасықтыққа салынып, әйелдерің шектен шыққанда, жағдайларың қандай болмақ?” – деп сұрады. “Уа, Алла елшісі, осындай күн де туа ма?” – десті. Ол: “Иә, бұдан да ауыры болады. Жақсылыққа үндемей, жамандықтан тыймаған кезде жағдайларың қандай болмақ?” – деді. “Уа, Алла елшісі, мұндай да бола ма?” – десті. Ол: “Иә, бұдан да ауыры болады. Жамандыққа үндеп, жақсылықтан тыйған кезде жағдайларың қандай болмақ?” – деді. “Уа, Алла елшісі, мұндай да бола ма?” – десті. Ол: “Иә, бұдан да ауыры болады. Жақсылықты жамандық, жамандықты жақсылық деп білгенде, жағдайларың қандай болмақ?” – деді. “Уа, Алла елшісі, мұндай да бола ма?” – деп сұрағанда: “Иә”, – деп жауап берді».1

Түсіндірме

Руханият гүлденген дәуірде өмір сүріп, ғасырлардан кейін болатын бейберекетсіздіктер мен қоғамдық кемшіліктерді алдын ала көру – Алла жіберген пайғамбарларға тән мұғжиза.

Алла елшісі (с.а.с.) уақыт өте үмбетінің басынан өтетін қиындықтарды ретімен атаған.

1) Жастар пасықтыққа бейімделіп, әйелдер шектен шығады.

2) Жақсылыққа шақыру мен жамандықтан тыю тоқтайды.

3) Жамандыққа шақырып, жақсылықтан тыя бастайды.

4) Жақсылық пен жамандықтың орны ауысады.

Хадистен қоғамның іріп-шіруі мен рухани құндылықтардың әлсіреуі әуелі жастар мен әйелдердің рухани дүниесінен басталатынын аңғаруға болады. Демек, әйелдер мен өсіп келе жатқан жастардың тәрбиесі қоғам үшін айрықша маңызды.

Бұл мәселеге көңіл бөлінбесе, уақыт өте жұрт жақсылық жасауды да, оған шақыруды да қояды. Жақсылыққа шақырушылар азайған сайын жамандыққа шақырушылар көбейеді. Арсыз істер алдымен ашық айтылады, кейін ашық жасала бастайды.

Қоғам бұл дерттің емін таппаса, бара-бара жақсылық пен жамандықтың орны ауысады. Ізгі іс жасағандар айыпталып, жамандық жасағандар жұрттың мақтауына бөленіп, қоғамның қаһармандарына айналады.

Алла елшісінің (с.а.с.) мұғжизасы деп қарастырылған бұл хадистің тағы бір ескерер тұсы бар. Айтылған жайлар мұсылман жұртшылығының басынан өтеді. Бүгінде мұндай көріністер айналамызда да байқала бастады.

  1. 1Рәзиннен жеткен. Бұл риуаят қысқартылған күйде Әбу Яғланың Муснәдында және Табаранидің әл-Муғжәмул-Әусатында жазылған. Хәйсәми Мәжмауз-Зәуәидта жазып қалдырған (7, 281).
4787
Кутуб ситтә, № 4787 · тараудағы реті: 15

وَعَنْ أَبِي مَالِكٍ أَوْ أَبِي عَامِرٍ الْأَشْعَرِيِّ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: لَيَكُونَنَّ مِنْ أُمَّتِي قَوْمٌ يَسْتَحِلُّونَ الْحِرَ وَالْحَرِيرَ، وَالْخَمْرَ وَالْمَعَازِفَ، وَلَيَنْزِلَنَّ أَقْوَامٌ إِلَى جَنْبِ عَلَمٍ، تَرُوحُ عَلَيْهِمْ سَارِحَةٌ لَهُمْ فَيَأْتِيهِمْ رَجُلٌ لِحَاجَتِهِ، فَيَقُولُونَ: ارْجِعْ إِلَيْنَا غَدًا فَيُبَيِّتُهُمُ اللَّهُ تَعَالَى، وَيَضَعُ الْعَلَمَ، وَيَمْسَخُ آخَرِينَ قِرَدَةً وَخَنَازِيرَ إِلَى يَوْمِ الْقِيَامَةِ. أَخْرَجَهُ الْبُخَارِيُّ.

Қазақша аудармасы

Әбу Мәлік немесе Әбу Амир әл-Ашғари (р.а.) жеткізеді: «Алла елшісі (с.а.с.): “Үмбетімнен зинаны, жібекті, ішімдікті және музыкалық аспаптарды адал санайтын адамдар шығады. Бір топ адам таудың баурайына қонады. Өрістен малдары қайтып келгенде, оларға бір мұқтаж адам келеді. Олар: ‘Бізге ертең кел’, – дейді. Алла оларды түн ішінде жазалап, төбелеріне тауды құлатады. Ал өзгелерін қиямет күніне дейін маймылдар мен доңыздарға айналдырады”, – деді».1

Түсіндірме

Ғалымдар хадистегі жаза тура мағынасында жүзеге асуы да, ауыспалы мағынада айтылуы да мүмкін деп түсіндірген. Мұндай оқиғалардың бұрынғы қауымдардың басына келгені діни дереккөздерде баяндалады. Ауыспалы мағынада адамдардың сол хайуандардай күй кешуі меңзелуі мүмкін. Ибн Хажар: «Мұның тура мағынасында орын алуы әбден мүмкін», – деген.

  1. 1Бұхари, Әшриба 6.
4788
Кутуб ситтә, № 4788 · тараудағы реті: 16Риуаят етуші: Хузайфа (р.а.)

وَعَنْ حُذَيْفَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: كَانَ النَّاسُ يَسْأَلُونَ رَسُولَ اللَّهِ ﷺ عَنِ الْخَيْرِ، وَكُنْتُ أَسْأَلُهُ عَنِ الشَّرِّ، مَخَافَةَ أَنْ يُدْرِكَنِي. فَقُلْتُ: يَا رَسُولَ اللَّهِ إِنَّا كُنَّا فِي جَاهِلِيَّةٍ وَشَرٍّ فَجَاءَنَا اللَّهُ بِهَذَا الْخَيْرِ، فَهَلْ بَعْدَ هَذَا الْخَيْرِ مِنْ شَرٍّ؟ قَالَ: نَعَمْ. قُلْتُ: فَهَلْ بَعْدَ ذَلِكَ الشَّرِّ مِنْ خَيْرٍ؟ قَالَ: نَعَمْ، وَفِيهِ دَخَنٌ. فَقُلْتُ: وَمَا دَخَنُهُ؟ قَالَ: قَوْمٌ يَسْتَنُّونَ بِغَيْرِ سُنَّتِي وَيَهْتَدُونَ بِغَيْرِ هَدْيِي، تَعْرِفُ مِنْهُمْ وَتُنْكِرُ. قُلْتُ: فَهَلْ بَعْدَ ذَلِكَ الْخَيْرِ مِنْ شَرٍّ؟ قَالَ: نَعَمْ. دُعَاةٌ عَلَى أَبْوَابِ جَهَنَّمَ، مَنْ أَجَابَهُمْ إِلَيْهَا قَذَفُوهُ فِيهَا. قُلْتُ: يَا رَسُولَ اللَّهِ، فَمَا تَأْمُرُنِي إِنْ أَدْرَكَنِي ذَلِكَ؟ قَالَ: تَلْزَمُ جَمَاعَةَ الْمُسْلِمِينَ وَإِمَامَهُمْ. قُلْتُ: فَإِنْ لَمْ يَكُنْ جَمَاعَةٌ وَلَا إِمَامٌ؟ قَالَ: فَاعْتَزِلْ تِلْكَ الْفِرَقَ كُلِّهَا وَلَوْ أَنْ تَعَضَّ بِأَصْلِ شَجَرَةٍ؛ حَتَّى يُدْرِكَكَ الْمَوْتُ وَأَنْتَ عَلَى ذَلِكَ. أَخْرَجَهُ الشَّيْخَانِ وَأَبُو دَاوُدَ.

Қазақша аудармасы

Хузайфа (р.а.) жеткізеді: «Жұрт Алла елшісінен (с.а.с.) жақсылық жайында сұрайтын. Ал мен жамандыққа тап болып қаламын ба деп қауіптеніп, одан жамандық жайында сұрайтынмын. Бір күні былай дедім:

– Уа, Алла елшісі! Біз надандық пен жамандық ішінде едік. Алла бізге осы жақсылықты нәсіп етті. Осы жақсылықтан кейін жамандық бола ма?

– Иә, болады, – деді ол.

– Сол жамандықтан кейін жақсылық бола ма?

– Иә, бірақ онда кірбің болады.

– Ол қандай кірбің?

– Бір қауым менің сүннетімнен өзге сүннет ұстанады, мен көрсеткен жолдан өзге жолмен жүреді. Олардың кей ісін құптайсың, кей ісін теріс көресің, – деді.

– Сол жақсылықтан кейін тағы жамандық бола ма?

– Иә. Тозақ қақпаларының алдында шақырушылар болады. Кім олардың шақыруына ерсе, оны тозаққа лақтырады.

– Уа, Алла елшісі! Сол күнге жетсем, маған не бұйырасыз? – деп сұрадым.

– Мұсылмандардың жамағаты мен имамынан ажырама. [Имам арқаңнан ұрып, мал-мүлкіңді тартып алса да, оны тыңда және оған бағын], – деді.

– Жамағат та, имам да болмаса ше?

– Онда ол топтардың бәрінен аулақ жүр. Тіпті ағаштың тамырына тісіңмен жармасуға тура келсе де, ажалың жеткенше сол күйіңде қал, – деді».1

Түсіндірме

Ибн Хажардың түсіндірмесіне сай, ғалымдар осы хадистен мұсылман жамағатынан ажырамау шарт, ал басшылар күнә жасаса да, оларға бағыну қажет деген үкім шығарған.

Бәйдауи былай дейді: «Жер жүзінде халифа болмаса, оңаша қалып, заманның қиындығына сабыр етуің керек. “Ағаштың тамырына тісіңмен жармасу” – “Пәленше қиналғаннан тас шайнайды” деген сөз секілді, қиындыққа төзуді білдіретін астарлы тіркес. Ол “ұстану” деген мағына беруі де мүмкін. Басқа хадисте “Оған азу тістеріңмен жармасыңдар” делінген. Ал “Ағаштың тамырына тісіңмен жармасқан күйде жан тапсырғаның бүлікші топтардың біріне ергеннен қайырлы” деген риуаят бірінші мағынаны қуаттайды».

Ибн Баттал былай дейді: «Бұл хадис мұсылман жамағатынан ажырамау және залым имамдарға қарсы бүлікке бармау керек деген фақиһтардың пікіріне дәлел. Хадисте соңғы топ “тозақ қақпаларына шақырушылар” деп сипатталған. Олар жайында “Кей ісін құптайсың, кей ісін теріс көресің” делінбеген. Өйткені олар ақиқат жолында емес. Соған қарамастан, хадисте жамағаттан ажырамау бұйырылған».

Табари былай дейді: «Ғалымдардың бұл әмір мен жамағатқа қатысты пікірі әртүрлі. Бір топ ғалым “Бұл әмір міндеттеуді білдіреді. Ал жамағат – пікірі бөлінген жұрттың көпшілігі” деген. Ибн Мәсғуд әзірет Осман қоршауда қалып, өлімі таяған кезде өзіне қойылған сұраққа: “Жамағаттан ажырамауға кеңес беремін. Өйткені Алла Мұхаммедтің (с.а.с.) үмбетін тұтасымен адастырмайды”, – деп жауап берген. Бір топ ғалым “Мұндағы жамағат – сахабалар” десе, екінші топ “Мұнда ілім иелері меңзеледі, өйткені Алла оларды жұртқа үлгі еткен және адамдар дін мәселесінде соларға ереді” деген».

Табари осы пікірлерді келтіріп, былай түйіндейді: «Дұрысы – ілім иелері бірігіп таңдаған имамға және соған ерген жамағатқа қосылу. Адалдық сертін бұзған адам жамағаттан шыққан саналады. Хадистен шығатын тағы бір үкім мынау: имам болмай, жұрт жік-жікке бөлінсе, адам жамандық жасаушыларға қосылып кетпеу үшін ол топтардың ешқайсысына ермеуі керек. Мұндай мазмұн басқа хадистерде де бар».

Ибн Әбу Жәмра хадистен мынадай тұжырымдар шығарған.

• Хадистен Алла Тағаланың құлдарына Өз қалауынша жол ашатынын көреміз. Олардың бір бөлігіне ізгі іс жасау, бір бөлігіне дінді жеткізу, енді бір бөлігіне жақсылық туралы сұрау нәсіп болған. Хузайфаға (р.а.) жамандықтың өзіне де жетуінен сақтанып, сол жайында сұрау нәсіп етілген.

• Хадис Алла елшісінің (с.а.с.) ілімі терең болғанын және сауал қойған әр адамға көңілі орнығатындай егжей-тегжейлі жауап бергенін көрсетеді.

• Алла кімнің көңіліне бір нәрсені салса, сол нәрсенің оған пайдасы көбірек. Хузайфаға (р.а.) өзге жұрт сұрамаған мәселелерді сұрау нәсіп болды. Сол себепті ол «сыр иесі» атанды. Ол мұнафықтардың кім екенін және кейін сөз ететін көптеген хадисті білген.

• Хадистің тәлім-тәрбиеге қатысты тұжырымы мынау: шәкірт рұқсат етілген ілімнің қай саласына бейім болса, соны үйрету керек. Өйткені бейімі бар салада жетістікке жету мүмкіндігі жоғары.

• Жақсылыққа бастайтын нәрсе жақсылық, жамандыққа бастайтын нәрсе жамандық деп аталады.

• Құран мен сүннетті екінші орынға қойып, өзге дереккөзді негізге алу орынсыз. Мұндай ұстанымға сүйеніп амал етуге болмайды.

• Пайғамбар көрсеткен тура жолды теріске шығаратын және ойдан шығарылған нәрсеге қарсы тұру міндет. Сүннетке қайшы сөзді атақ-дәрежесі жоғары не бай адам айтса да қабылдамау керек.

  1. 1Бұхари, Фитән 11, Манақиб 25; Мүслим, Имарат 51 (1847); Әбу Дәуіт, Фитән 1, (4244, 4245, 4246, 4247).
4789
Кутуб ситтә, № 4789 · тараудағы реті: 17

وَعَنْ عَبْدِ الرَّحْمَنِ بْنِ عَبْدِ رَبِّ الْكَعْبَةِ، قَالَ: دَخَلْتُ الْمَسْجِدَ فَإِذَا عَبْدُ اللَّهِ بْنُ عَمْرِو بْنِ الْعَاصِ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا جَالِسٌ فِي ظِلِّ الْكَعْبَةِ، وَالنَّاسُ فِي ظِلِّ الْكَعْبَةِ مُجْتَمِعُونَ إِلَيْهِ فَجَلَسْتُ إِلَيْهِ. فَقَالَ: كُنَّا مَعَ رَسُولِ اللَّهِ ﷺ فِي سَفَرٍ، فَنَزَلْنَا مَنْزِلًا فَمِنَّا مَنْ يُصْلِحُ خِبَاءَهُ وَمِنَّا مَنْ يُنَضِّدُ رَحْلَهُ، وَمِنَّا مَنْ هُوَ فِي جَشَرِهِ، إِذْ نَادَى مُنَادِي رَسُولِ اللَّهِ ﷺ: الصَّلَاةُ جَامِعَةٌ، فَاجْتَمَعْنَا إِلَيْهِ. فَقَالَ: إِنَّهُ لَمْ يَكُنْ نَبِيٌّ قَبْلِي إِلَّا كَانَ عَلَيْهِ أَنْ يَدُلَّ أُمَّتَهُ عَلَى خَيْرِ مَا يَعْلَمُهُ لَهُمْ، وَيُنْذِرَهُمْ شَرَّ مَا يَعْلَمُهُ لَهُمْ، وَإِنَّ أُمَّتَكُمْ هَذِهِ جُعِلَ عَافِيَتُهَا فِي أَوَّلِهَا، وَسَيُصِيبُ آخِرَهَا بَلَاءٌ، وَأُمُورٌ تُنْكِرُونَهَا، فَتَجِيءُ فِتْنَةٌ فَيَزْلِقُ بَعْضُهَا بَعْضًا. فَيَقُولُ الْمُؤْمِنُ: هَذِهِ مُهْلِكَتِي. ثُمَّ تَنْكَشِفُ وَتَجِيءُ الْفِتْنَةُ. فَيَقُولُ الْمُؤْمِنُ: هَذِهِ هَذِهِ. فَمَنْ أَحَبَّ أَنْ يُزَحْزَحَ عَنِ النَّارِ وَيُدْخَلَ الْجَنَّةَ، فَلْتَأْتِهِ مَنِيَّتُهُ وَهُوَ يُؤْمِنُ بِاللَّهِ وَالْيَوْمِ الْآخِرِ، وَلْيَأْتِ إِلَى النَّاسِ مَا يُحِبُّ أَنْ يُؤْتَى إِلَيْهِ، وَمَنْ بَايَعَ إِمَامًا فَأَعْطَاهُ صَفْقَةَ يَدِهِ وَثَمْرَةَ قَلْبِهِ فَلْيُطِعْهُ مَا اسْتَطَاعَ. فَإِنْ جَاءَ آخَرُ يُنَازِعُهُ فَاضْرِبُوا عُنُقَ الْآخَرِ. قَالَ: فَدَنَوْتُ مِنْهُ. فَقُلْتُ: أَنْشُدُكَ اللَّهَ، أَأَنْتَ سَمِعْتَ هَذَا مِنْ رَسُولِ اللَّهِ ﷺ؟ فَأَهْوَى إِلَى أُذُنَيْهِ وَقَلْبِهِ بِيَدِهِ؛ وَقَالَ: سَمِعَتْهُ أُذُنَايَ، وَوَعَاهُ قَلْبِي. فَقُلْتُ: إِنَّ ابْنَ عَمِّكَ مُعَاوِيَةَ يَأْمُرُنَا أَنْ نَأْكُلَ أَمْوَالَنَا بَيْنَنَا بِالْبَاطِلِ، وَنَقْتُلَ أَنْفُسَنَا، وَاللَّهُ تَعَالَى يَقُولُ: يَا أُيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا لَا تَأْكُلُوا أَمْوَالَكُمْ بَيْنَكُمْ بِالْبَاطِلِ إِلَّا أَنْ تَكُونَ تِجَارَةً عَنْ تَرَاضٍ مِنْكُمْ وَلَا تَقْتُلُوا أَنْفُسَكُمْ إِنَّ اللَّهَ كَانَ بِكُمْ رَحِيمًا. فَسَكَتَ عَنِّي سَاعَةً؛ ثُمَّ قَالَ: أَطِعْهُ فِي طَاعَةِ اللَّهِ، وَاعْصِهِ فِي مَعْصِيَةِ اللَّهِ. أَخْرَجَهُ مُسْلِمٌ وَالنَّسَائِيُّ.

Қазақша аудармасы

Абдуррахман ибн Абд Рабб әл-Қағба жеткізеді: «Мешітке кірсем, Абдулла ибн Амр ибн әл-Ас (р.а.) Қағбаның көлеңкесінде отыр екен. Жұрт та Қағбаның көлеңкесінде оны айнала жайғасыпты. Мен де қасына отырдым. Сонда ол былай деді: “Алла елшісімен (с.а.с.) сапарда едік. Бір жерге аялдадық. Біріміз шатырымызды жөндеп, біріміз жүгімізді реттеп, біріміз малымызды бағып жүрдік. Сол кезде Алла елшісінің (с.а.с.) жаршысы: ‘Әс-салату жамиға! Жамағат намазына жиналыңдар!’ – деп дауыстады. Алла елшісінің (с.а.с.) қасына жиналдық. Ол: ‘Менен бұрынғы әр пайғамбар үмбетіне өзі білген ең қайырлы істі көрсетіп, өзі білген жамандықтан сақтандыруға міндетті еді. Біліп қойыңдар, осы үмбеттің амандығы алғашқы буынына нәсіп етілді. Кейінгілеріне сынақ пен өздерің теріс көретін істер келеді. Бүліктер бірінен кейін бірі туып, кейінгісі алдыңғысын жеңіл етіп көрсетеді. Мүмін осы бүліктен құримын деп ойлайды. Ол басылған соң, тағы бір бүлік келіп, мүмін өзін құртатын осы екеніне кәміл сенеді. Кім тозақтан алыстатылып, жәннатқа кіргісі келсе, ажалы жеткенде Аллаға және ақырет күніне иман еткен күйде болсын. Жұрт өзіне қалай қарағанын қаласа, өзі де жұртқа солай қарасын. Кім имамға қол беріп, шын жүректен адалдық сертін берсе, шамасы жеткенше оған бағынсын. Кейін басқа біреу келіп, имамдыққа таласса, кейін келгеннің мойнын шабыңдар’, – деді”».

Абдуррахман сөзін былай жалғайды: «Абдулла ибн Амрға жақындап: “Алланың атымен сұраймын, мұны Алла елшісінен (с.а.с.) өзің естідің бе?” – дедім. Ол қолымен құлағы мен жүрегін көрсетіп: “Құлағым естіді, жүрегіме тоқыдым”, – деді. Мен: “Әкеңнің бауырының ұлы Мұғауия бізге бір-біріміздің мал-мүлкімізді арам жолмен иемденуді және бір-бірімізді өлтіруді бұйырады. Ал Алла Тағала Құранда ﴿يَٰٓأَيُّهَا ٱلَّذِينَ ءَامَنُوا۟ لَا تَأْكُلُوٓا۟ أَمْوَٰلَكُم بَيْنَكُم بِٱلْبَٰطِلِ إِلَّآ أَن تَكُونَ تِجَٰرَةً عَن تَرَاضٍ مِّنكُمْ وَلَا تَقْتُلُوٓا۟ أَنفُسَكُمْ إِنَّ ٱللَّهَ كَانَ بِكُمْ رَحِيمًا﴾ ‘Уа, иман келтіргендер! Бір-біріңнің мал-дүниелеріңді арам жолмен жемеңдер. Ал өзара келісіп жасаған сауда-саттықтың жөні бөлек. Әрі бір-біріңді өлтірмеңдер. Шүбәсіз, Алла сендерге өте мейірімді’1 дейді”, – дедім. Ол біраз үнсіз қалып: “Аллаға бағынуға қатысты істе оған бағын. Аллаға қарсы келетін істе оған бағынба”, – деді».2

Түсіндірме

Хадис түсіндіруді қажет етпейтіндей анық. Соңғы бөлігінен әңгіменің әзірет Мұғауияның (р.а.) тұсында болғаны көрінеді. Халифаның ісі, тіпті билігінің заңдылығы туралы қауесет тараған шақта оған бағыну мәселесі көтерілген. Рауи Абдуррахман Мұғауияның бұйрығына бағынудың жөн-жосығына күмәнданып, реті келгенде Абдулла ибн Амр ибн әл-Астан аятты дәлел ете отырып сұрайды. Сахаба бүлік кезіне қатысты үкімді былай жеткізген: «Аллаға бағынуға қатысты бұйрығына бағын. Аллаға қарсы келуге шақыратын бұйрығына бағынба».

  1. 1Ниса сүресі, 29-аят.
  2. 2Мүслим, Имарат 46 (1844); Нәсәи, Байғат 25, (7, 153); Әбу Дәуіт, Фитән 1 (4248); ибн Мәжа, Фитән 9 (3956).
4790
Кутуб ситтә, № 4790 · тараудағы реті: 18

عَنْ أَبِي نَضْرَةَ، قَالَ: كُنَّا عِنْدَ جَابِرِ بْنِ عَبْدِ اللَّهِ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا، فَقَالَ: يُوشِكُ أَهْلُ الْعِرَاقِ أَنْ لَا يُجْبَى إِلَيْهِمْ قَفِيزٌ وَلَا دِرْهَمٌ. قُلْنَا: مِنْ أَيْنَ ذَاكَ؟ قَالَ: مِنْ قِبَلِ الْعَجَمِ، يَمْنَعُونَ ذَاكَ. ثُمَّ قَالَ: يُوشِكُ أَهْلُ الشَّامِ أَنْ لَا يُجْبَى إِلَيْهِمْ دِينَارٌ وَلَا مُدْيٌ. قُلْنَا: مِنْ أَيْنَ ذَاكَ؟ قَالَ: مِنْ قِبَلِ الرُّومِ. ثُمَّ سَكَتَ هُنَيَّةً، ثُمَّ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: «يَكُونُ فِي آخِرِ أُمَّتِي خَلِيفَةٌ يَحْثِي الْمَالَ حَثْيًا لَا يَعُدُّهُ عَدَدًا». أَخْرَجَهُ مُسْلِمٌ.

Қазақша аудармасы

Әбу Надра былай жеткізеді: «Жәбир ибн Абдулланың (р.а.) қасында отырған едік. Ол: “Ирак жұртына бір қафиз азық та, бір дирхам да келмейтін күн таяп қалды”, – деді. Біз: “Бұл қай жақтан болады?” – деп сұрадық. Ол: “Ажам жұрты бөгет жасайды”, – деді. Содан кейін: “Шам жұртына бір динар да, бір мүди азық та келмейтін күн таяп қалды”, – деді. Біз: “Бұл қай жақтан болады?” – деп сұрадық. Ол: “Рим жұрты жағынан”, – деді. Жәбир біраз үнсіз қалды да, сөзін жалғады: “Алла елшісі (с.а.с.): ‘Үмбетімнің соңғы буынында бір халифа болады. Ол мал-мүлікті санамай, уыстап таратады’1, – деді”».

Түсіндірме

1. Хадисте ислам елінде тұратын мұсылман емес азаматтардың жизия салығын төлемей қоятыны айтылған. Мұның екі себебі болуы мүмкін.

• Олар исламды қабылдайды. Ондай жағдайда жизия төлеу міндеті түсіп, зекет береді.

• Олар мұсылман емес қалпында қалады. Мемлекет әлсіреп, жизия жинай алмай қалуы немесе олар мекендеген өңірлер мұсылман билігінен шығуы мүмкін.

Хадисте бұл екі себептің қайсысы болатыны анық айтылмаған.

2. Мүслимдегі риуаят бұдан ұзағырақ. «Тәйсирде» қысқартылған бөлігінің аудармасын тік жақша ішінде бердік.

3. «Қафиз» бен «мүди» деген сөздерді көлем өлшемі ретінде аударып, нақты мөлшеріне тоқталмадық. Хадисте өлшемнің нақты шамасы сөз болып отырған жоқ. Қафиз – Иракта, мүди – Сирияда қолданылған көлем өлшемдері.

  1. 1Мүслим, Фитән 67 (2913).
4791
Кутуб ситтә, № 4791 · тараудағы реті: 19

وَعَنْهُ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: يَكُونُ فِي آخِرِ أُمَّتِي خَلِيفَةٌ يَحْثِي الْمَالَ حَثْيًا لَا يَعُدُّهُ عَدًّا. قِيلَ لِأَبِي نَضْرَةَ وَأَبِي الْعَلَاءِ: أَتَرَيَانِ أَنَّهُ عُمَرُ بْنُ عَبْدِ الْعَزِيزِ؟ قَالَا: لَا. أَخْرَجَهُ مُسْلِمٌ.

Қазақша аудармасы

Жабир (р.а.) жеткізеді: «Алла елшісі (с.а.с.): “Үмбетімнің соңғы буынында бір халифа болады. Ол мал-мүлікті санамай, уыстап таратады”, – деді».

Жабирден осы хадисті жеткізген Әбу Надра мен Әбул-Аладан: «Ол Омар ибн Абдулазиз деп ойлайсыңдар ма?» – деп сұралды. Олар: «Жоқ», – деп жауап берді.1

Түсіндірме

Омар ибн Абдулазиздің өміріне тоқталғанда айтқанымыздай, ол ел басқаруда әділдік орнатты, үнемшілдік танытып, ысырапқа жол бермеді және сүннетті толық ұстанды. Соның арқасында түрлі сала түзеліп, аз уақыт ішінде елдің тұрмысы оңалды. Тіпті Мысыр сияқты өңірлерде зекет алатын адам табылмайтындай молшылық орнады. Сондықтан кейбір ғалымдар хадистерде ақырзаманда келетіні айтылған Мәһди, мүжәддид тәрізді ізгі тұлғаны Омар ибн Абдулазиз деп оның көзі тірісінде-ақ жорыған, жұрт та мұны құп көрген. Зерделі ғалым Суюти өз дәуіріне дейін мұсылман әлемінің түрлі ортасынан шыққан мәһдилерді атай келе, Омар ибн Абдулазизді һижраның екінші ғасырының мәһдиі деп көрсеткен.

Демек, бұл риуаят Жабирдің хадисінде «мал-мүлікті санамай, уыстап тарататын» ақырзаман халифасын Омар ибн Абдулазиз деп жорыған пікірдің болғанын көрсетеді.

  1. 1Мүслим Фитән 67 (2913).
4792
Кутуб ситтә, № 4792 · тараудағы реті: 20Риуаят етуші: Әбу Һурайра (р.а.)

وَعَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: مُنِعَتِ الْعِرَاقُ قَفِيزَهَا وَدِرْهَمَهَا، وَمُنِعَتِ الشَّامُ مُدْيَهَا وَدِينَارَهَا، وَمُنِعَتْ مِصْرُ أَرْدَبَّهَا وَدِينَارَهَا، وَعُدْتُمْ مِنْ حَيْثُ بَدَأْتُمْ، ثَلَاثَ مَرَّاتٍ، شَهِدَ عَلَى ذَلِكَ لَحْمُ أَبِي هُرَيْرَةَ وَدَمُهُ. أَخْرَجَهُ مُسْلِمٌ وَأَبُو دَاوُدَ.

Қазақша аудармасы

Әбу Һурайра (р.а.) жеткізеді: «Алла елшісі (с.а.с.): “Иракқа қафизі мен дирхамы берілмейді. Шамға мүдиі мен динары берілмейді. Мысырға ирдәббі мен динары берілмейді. Сендер бастаған жерлеріңе қайтасыңдар”, – деді». Соңғы сөзін үш рет қайталады. Бұған Әбу Һурайраның еті мен қаны куә.1

Түсіндірме

1. Соңғы үш хадисте Алла елшісі (с.а.с.) үш өңірде қолданылған көлем және ақша өлшемдерін атаған.

• Қафиз – Иракта қолданылған көлем өлшемі. Ол сегіз мәккукке тең. Ибн әл-Әсир «ән-Ниһаяда» «мәккук» сөзінің «мүдд» мағынасында қолданылғанын және мөлшері туралы пікірлер әртүрлі екенін айтқан.

• Мүди – Шамда, яғни Сирия өңірінде қолданылған көлем өлшемі. Оның қырық бес ратлға тең екені айтылады.

• Ирдәбб – Мысырда қолданылған көлем өлшемі. Бір сағ бес бүтін үштен бір ратл деп есептелгенде, ирдәбб жиырма төрт сағқа тең.

• Ратл – кейбір есептер бойынша 2564 грамға тең салмақ өлшемі.

• Дирхам – күміс ақша.

• Динар – алтын ақша.

2. Ибн әл-Әсир «әл-Жамиғул-усулда» хадистің екі түсіндірмесін келтіреді.

1) Алла елшісі (с.а.с.) Ирак, Шам және Мысыр жұртының исламды қабылдайтынын хабарлаған. Исламды қабылдаған кезде мойнындағы жизия міндеті түседі. Бұған «Сендер бастаған жерлеріңе қайтасыңдар» деген сөз дәлел етілген. Өйткені әу бастан-ақ Алланың ілімінде, қазасы мен тағдырында олардың мұсылман болатыны белгіленген. Осылайша олар әуелгі бастауына қайтады.

2) Екінші түсіндірме бойынша, олар бағынудан бас тартады. Бұхаридің «Сахихындағы» мына риуаят осы мағынаны қуаттайды: «Дирхам мен динар жинай алмай қалған кезде не істейсіңдер?» – деп сұрады. «Оның боларын қайдан білесің?» – дегенде, ол: «Жаным құдіретті қолында болған Алланың атымен ант етемін, мұны шын сөйлеген және сөзі Алла тарапынан расталған кісіден жеткізіп отырмын», – деді. «Неге олай болады?» – деп қайта сұралғанда: «Алланың харамы бұзылып, елшісінің кепілдігі аяқасты болады. Сонда Алла мұсылман билігіндегі өзге дін өкілдерінің жүрегін қатайтады. Олар қолындағын бермейді», – деп жауап берді.

Ибн әд-Дәйбағ бұл хадис жөнінде былай дейді: «Хадисте әлі болмаған, бірақ Алланың ілімінде бар оқиға хабарланған. Алла елшісі (с.а.с.) келешекте болатын оқиғаны өтіп кеткен оқиға секілді, өткен шақпен жеткізген. Мұндай тәсіл оқиғаның сөзсіз орын алатынын білдіреді. Оны алдын ала хабарлауы – Алла елшісінің (с.а.с.) пайғамбарлығына дәлел. Хадисте әзірет Омардың мұсылман емес христиандарға жизия салығын белгілеп, оның мөлшерін бекіткеніне де дәлел бар».

  1. 1Мүслим, Фитән 33 (2896); Әбу Дәуіт, Хараж 29 (3035).
4793
Кутуб ситтә, № 4793 · тараудағы реті: 21Риуаят етуші: Жәбир (р.а.)

وَعَنْ جَابِرٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: إِنَّ عَرْشَ إِبْلِيسَ عَلَى الْبَحْرِ، فَيَبْعَثُ سَرَايَاهُ فَيَفْتِنُونَ النَّاسَ، وَأَعْظَمُهُمْ عِنْدَهُ مَنْزِلَةً أَعْظَمُهُمْ فِتْنَةً، يَجِيءُ أَحَدُهُمْ فَيَقُولُ: فَعَلْتُ كَذَا وَكَذَا. فَيَقُولُ: مَا صَنَعْتَ شَيْئًا. ثُمَّ يَجِيءُ آخَرُ، فَيَقُولُ: مَا تَرَكْتُهُ حَتَّى فَرَّقْتُ بَيْنَهُ وَبَيْنَ امْرَأَتِهِ. فَيُدْنِيهِ مِنْهُ وَيَلْتَزِمُهُ. فَيَقُولُ: نَعَمْ أَنْتَ. أَخْرَجَهُ مُسْلِمٌ.

Қазақша аудармасы

Жабир (р.а.) жеткізеді: «Алла елшісі (с.а.с.): “Ібілістің тағы теңіздің үстінде. Ол сол жерден жасақтарын жұмсап, олар жұрт арасына бүлік салады. Ең үлкен бүлік салғаны Ібілістің алдында ең жоғары дәрежеге ие болады. Олардың бірі келіп: ‘Мынаны, мынаны істедім’, – дейді. Ібіліс: ‘Ештеңе істемепсің’, – деп жауап береді. Екіншісі келіп: ‘Пәленшені әйелімен айырылыстырмайынша, оның қасынан кетпедім’, – дейді. Сонда Ібіліс оны өзіне жақын тартып, құшақтап: ‘Міне, жарайсың!’ – дейді”, – деді».1

  1. 1Мүслим, Мунафиқун 66, 67 (2813).
4794
Кутуб ситтә, № 4794 · тараудағы реті: 22

وَعَنْ أَبِي الْبَخْتَرِيِّ، قَالَ: حَدَّثَنِي مَنْ سَمِعَ النَّبِيَّ ﷺ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: لَنْ يَهْلِكَ النَّاسُ حَتَّى يَعْذِرُوا، أَوْ يُعْذِرُوا مِنْ أَنْفُسِهِمْ. أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ.

Қазақша аудармасы

Әбу әл-Бахтари жеткізеді: «Пайғамбардың (с.а.с.) сөзін естіген бір кісі маған Алла елшісінің (с.а.с.): “Адамдар өздері жазаға лайық болатындай күнәға батпайынша, опат болмайды”, – дегенін айтты».1

Түсіндірме

1. Бұл нұсқада сахабаның есімі аталмаған. Ибн Жәрир әт-Табари тәпсіріндегі риуаяттан оның Абдулла ибн Мәсғуд екені аңғарылады. Ол хадисті Алла елшісінен (с.а.с.) жеткізген. «Бұл қалай болады?» – деп сұралғанда, Абдулла Құранның мына аятымен жауап берген: ﴿فَمَا كَانَ دَعْوَىٰهُمْ إِذْ جَآءَهُم بَأْسُنَآ إِلَّآ أَن قَالُوٓا۟ إِنَّا كُنَّا ظَٰلِمِينَ﴾ «Азабымыз келгенде, олардың ең соңғы сөздері “Біз расында да барып тұрған залым едік” деу ғана болды»2.

2. Хадисте عَذَرَ етістігі екі түрлі тұлғада қолданылған. Бұл айырма хадистің мағынасын өзгертпейді.

  1. 1Әбу Дәуіт, Мәләһим 17 (4347).
  2. 2Ағраф сүресі, 5-аят.
4795
Кутуб ситтә, № 4795 · тараудағы реті: 23

وَعَنْ سَلَمَةَ بْنِ الْأَكْوَعِ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: مَنْ سَلَّ عَلَيْنَا السَّيْفَ فَلَيْسَ مِنَّا. أَخْرَجَهُ مُسْلِمٌ.

Қазақша аудармасы

Сәләма ибн әл-Ақуа (р.а.) жеткізеді: «Алла елшісі (с.а.с.): “Бізге қарсы қылыш суырған адам бізден емес”, – деді».1

  1. 1Мүслим, Иман 162, (99).
4796
Кутуб ситтә, № 4796 · тараудағы реті: 24

وَعَنْ أَبِي مُوسَى وَابْنِ عُمَرَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَا: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: مَنْ حَمَلَ عَلَيْنَا السِّلَاحَ فَلَيْسَ مِنَّا. أَخْرَجَهُ الشَّيْخَانِ وَالتِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Әбу Мұса мен Ибн Омар (р.а.) жеткізеді: «Алла елшісі (с.а.с.): “Бізге қарсы қару көтерген адам бізден емес”, – деді».1

  1. 1Бұхари, Фитән 7; Мүслим, Иман 163 (100); Тирмизи, Худуд 26 (1459).
4797
Кутуб ситтә, № 4797 · тараудағы реті: 25

وَعَنْ عَبْدِ اللَّهِ بْنِ الزُّبَيْرِ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: مَنْ شَهَرَ سَيْفَهُ ثُمَّ وَضَعَهُ فَدَمُهُ هَدَرٌ. أَخْرَجَهُ النَّسَائِيُّ.

Қазақша аудармасы

Абдулла ибн әз-Зубайр (р.а.) жеткізеді: «Алла елшісі (с.а.с.): “Кім қылышын жалаңдатып, оны адамдарға қарсы жұмсаса, оның қаны сұралмайды”, – деді».1

Түсіндірме

1. Соңғы үш хадистің үкімдері өзара жақын. Бір мүміннің екінші мүмінге қару көтеруі – харам. Алла елшісі (с.а.с.) бұл тыйымды әртүрлі сөзбен жеткізген. «Қару кезеу», «қару асыну», «қару көтеру» сияқты тіркестер әдетте қақтығысу, шайқасу мағынасында айтылады.

2. «Бізден емес» деген сөз екі түрлі түсіндірілген.

1) Мұсылманға мұсылман болғаны үшін қару көтерген кісі мұсылман саналмайды. Мұнда ол мұсылманға қару көтеруді адал санап тұр. Харамды адал санау – күпірлік. Осы мағынада қару көтерген адам кәпір деп танылады. Қару көтергенінің өзі оны кәпір деуге негіз болмайды.

2) «Біздің жолымызбен жүрмейді, сүннетімізді ұстанбайды» деген мағына береді. Сүннетімізде мұсылманның басқа мұсылманға қару көтеруіне рұқсат жоқ. Мұсылман мұсылманнан жәрдем күтуге құқылы. Ол бауыры үшін күресуге міндетті, ал онымен шайқасу немесе оны өлтіру үшін қару кезеп қорқытуға құқығы жоқ.

Алғашқы дәуір ғалымдары тыйымның әсері айқын әрі күшті болуы үшін мұндай риуаяттарды жорамал қоспай, сол қалпында баяндауды жөн көрген. Суфиян ибн Уяйна мұндай хадистерді сыртқы мағынасынан ауытқытып жоруға қарсы болып, «Мұның мағынасы біз жорығандай емес» дейтін. Оның пікірінше, хадистегі ескерту ақиқат жолындағы жұртқа шабуыл жасаған қарақшыларға қарсы қару көтергендерге жүрмейді. Қарақшылар мен негізсіз қақтығыс бастағандарға қарумен қарсы тұруға рұқсат бар.

Бүліктердің сипаты

Осыған дейін келтірген хадистерде бүліктердің сипаттары әр тұста аталды. Енді сол сипаттарды тиісті түсіндірмелерімен рет-ретімен қарастырамыз.

Алла елшісі (с.а.с.) өзінен кейін туатын фитналарды хабарлағанда, олардың негізгі сипаттарын атаған. Жоғарыда айтқанымыздай, фитна, бұзғыншылық пен бейберекеттік – адамдар арасындағы қарым-қатынастың бұзылуынан туатын, қоғамда қалыптасқан қолайсыз жағдайлардың табиғи салдары, яғни қоғамдық дерт. Осындай жағдайлар белең алып, қоғамға үстемдік еткенде, олардың жеке адамның мінез-құлқынан қалай көрінетінін алдын ала болжауға болады. Сондықтан жаратылыс заңдылықтарын және адамдар бағынатын қоғамдық заңдылықтарды жақсы білетін кісілер белгілі бір әрекеттің қандай салдарға әкелетінін айта алады. Құран мен хадисте мұның мысалы көп. «Ахзаб» сүресінің 62-аятында, «Фатыр» сүресінің 43-аятында және «Фәтх» сүресінің 23-аятында Алланың орнатқан заңдылығы өзгермейтіні айтылған. Қоғам мен адамзаттың келешегі жайында дәл болжам айтқан даналар мен ойшылдардың болуы да осы пікірімізді қуаттайды.

Уахи алған ардақты Пайғамбарымыз (с.а.с.) осы жайттарды адам болмысын жаратып, оны белгілі заңдылықтарға бағындырған Алла Тағаланың бағыт беруімен және илһамымен баяндады. Ол дүние салғаннан бері өткен он төрт ғасырда болған оқиғалар оның бірде-бір сөзін теріске шығарған жоқ.

Енді Алла елшісінің (с.а.с.) өзінен кейін туатын фитналардың сипаттары жайында не айтқанына кезек берейік. Мына бір жайтты тағы еске салайық. Төменде аталатын белгілердің бәрі әр фитнадан түгел көріне бермейді. Өйткені Алла елшісінің (с.а.с.) хадистерінде «әл-фитна» деген жекеше атаудан гөрі «әл-фитән», яғни бірнеше фитна туралы айтылады. Сондықтан олардың кейбірінде осы белгілердің біреуі, кейбірінде бірнешеуі, ал енді бірінде бәрі көрінуі мүмкін.

1. Бүлік біртіндеп өршиді

Бұған дейін де айтқанымыздай, бүлік – қоғамдық құбылыс. Қоғамдық құбылыстар бірден тумайды, белгілі бір даму кезеңінен өтеді. Өсімдіктің тұқымы өніп, жеміс беруі үшін топырақ, су, жылу мен жарық керек. Сол сияқты сенімдегі, мінездегі, шаруашылықтағы, адам мен қоғам қатынасындағы кемшіліктерден нәр алып өршіген бүлік әбден жетілгенде қарапайым бір себептен тұтанады. Оны сол күнгі әлдебір әрекетпен байланыстырып, сол әрекетті жасағандарды бүліктің кінәлісі санауы мүмкін. Шын мәнінде, олардың ісі толып тұрған ыдысты тасытқан соңғы тамшы ғана. Бүлік пен сол әрекет өзара тұспа-тұс келуі мүмкін, бірақ мұны түпкі себеп деуге болмайды. Олай деу қазіргі саясатта кездесетін білмегенсудің, сөзбұйдалықтың немесе қоғамдық құбылыстарды билейтін негізгі заңдылықты білмеудің салдары. Мысалы, түрлі ұстаздан жылдар бойы тәлім алып, инженер атанған адамның осы дәрежеге жетудегі бар еңбегі мен құрметін дипломын салтанатты жиында қолына ұстатқан адамға телу қисынсыз. Бүліктің шығуына түрткі болған соңғы әрекеттің орны да диплом берген кісінің орнындай.

№4767 хадис осы ойды қуаттайды. Алла елшісі (с.а.с.) бүліктің өршуін былай суреттейді: «Бүлік адамдардың жүрегіне бірден түспейді. Ши тоқылғандай тал-талымен өріледі. Оны қабылдаған жүректе қара дақ, одан бас тартқан жүректе ақ дақ пайда болады».

Алла елшісі (с.а.с.) бүліктің бір себебі – аманаттың жоғалуы жайында айтқанда, жүректегі осы өзгерісті мысалмен түсіндірген. Хузайфа жеткізген риуаятты Бұхари мен Мүслим келтірген. Алла елшісі (с.а.с.) былай дейді: «Аманат (дін сезімі, әділдік пен сенім) адамдардың жүрегінің түбіне түсірілді. Кейін олар Құран мен сүннеттен үйреніп, оны бекіте түсті. Аманат біртіндеп жоғалады. Кісі бір ұйықтап тұрғанда, аманат жүрегінен алынып, түсі оңған күйік тәрізді жұқа із қалады. Тағы бір ұйықтағанда, аманаттың қалғаны алынып, аяққа түскен шоқтың көтерген күлдіреуігіндей із қалады. Күлдіреуіктің іші бос болғанындай, жүректе қалған іздің де ықпалы болмайды. Адамдар саудаға шығады, бірақ араларынан аманатты өтейтін кісі табылмайды деуге болады. Ақырында: “Пәлен жерде бір сенімді адам бар екен”, – деседі. Біреу туралы: “Неткен ақылды, неткен сыпайы, неткен қайратты кісі!” – дейді. Ал оның жүрегінде қыша дәніндей де иман болмайды».

عَنْ حُذَيْفَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: حَدَّثَنَا رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: «أَنَّ الْأَمَانَةَ نَزَلَتْ فِي جَذْرِ قُلُوبِ الرِّجَالِ، ثُمَّ عَلِمُوا مِنَ الْقُرْآنِ، ثُمَّ عَلِمُوا مِنَ السُّنَّةِ». وَحَدَّثَنَا عَنْ رَفْعِهَا قَالَ: «يَنَامُ الرَّجُلُ النَّوْمَةَ فَتُقْبَضُ الْأَمَانَةُ مِنْ قَلْبِهِ، فَيَظَلُّ أَثَرُهَا مِثْلَ أَثَرِ الْوَكْتِ، ثُمَّ يَنَامُ النَّوْمَةَ فَتُقْبَضُ فَيَبْقَى أَثَرُهَا مِثْلَ الْمَجْلِ، كَجَمْرٍ دَحْرَجْتَهُ عَلَى رِجْلِكَ فَنَفِطَ، فَتَرَاهُ مُنْتَبِرًا وَلَيْسَ فِيهِ شَيْءٌ، فَيُصْبِحُ النَّاسُ يَتَبَايَعُونَ فَلَا يَكَادُ أَحَدٌ يُؤَدِّي الْأَمَانَةَ، فَيُقَالُ: إِنَّ فِي بَنِي فُلَانٍ رَجُلًا أَمِينًا. وَيُقَالُ لِلرَّجُلِ: مَا أَعْقَلَهُ وَمَا أَظْرَفَهُ وَمَا أَجْلَدَهُ! وَمَا فِي قَلْبِهِ مِثْقَالُ حَبَّةِ خَرْدَلٍ مِنْ إِيمَانٍ». أَخْرَجَهُ الشَّيْخَانِ.

Хузайфа жеткізген риуаятты Бұхари мен Мүслим келтірген. Алла елшісі (с.а.с.) былай дейді: «Аманат адамдардың жүрегінің түбіне түсірілді. Кейін олар Құран мен сүннеттен үйреніп, оны бекіте түсті. Аманат біртіндеп жоғалады. Кісі бір ұйықтап тұрғанда, аманат жүрегінен алынып, түсі оңған күйік тәрізді жұқа із қалады. Тағы бір ұйықтағанда, аманаттың қалғаны алынып, аяққа түскен шоқтың көтерген күлдіреуігіндей із қалады. Сырты томпайып тұрады, ал іші бос. Адамдар саудаға шығады, бірақ араларынан аманатты өтейтін кісі табылмайды деуге болады. Ақырында: “Пәлен рудың ішінде бір сенімді адам бар екен”, – деседі. Біреу туралы: “Неткен ақылды, неткен сыпайы, неткен қайратты кісі!” – дейді. Ал оның жүрегінде қыша дәніндей де иман болмайды».2

Айнидің түсіндірмесіне сай, діндегі бұзғындықтың дәрежесіне қарай аманат әуелі бір топтан, кейін басқа топтан, заман өткен сайын біртіндеп алынады. Ол сөзін былай түйіндеген: «Аманат біртіндеп жоғалғанда, жүрек одан мүлде босайды. Оның бір бөлігі кетсе, нұры да бірге кетіп, орнында күйіктің ізіндей қара дақ қалады. Тағы бір бөлігі кеткенде, қара дақ ұлғайып, күйіктің күлдіреуігіндей бірден кетпейтін ізге айналады. Жүректе орныққан нұрдың осылай біртіндеп жойылуы аяққа түскен шоққа ұқсатылған. Шоқ домалап кетеді, бірақ орнында күлдіреуігі қалады».

2. Бір басталған бүліктің салдары үзілмейді

Алла елшісінің (с.а.с.) бүлік жайында жиі ескертуінің бір себебі – оның зардабының оңайлықпен жойылмауы. Қай жерде, қандай себептен, қандай бүлік шықса да, оның қоғамға салған жарасы біржола жазылмайды. Бүлік басылып, жұрт тынышталғанның өзінде ізі қалып, жүректер бұрынғы тазалығы мен тұнықтығына қайта алмайды. Алла елшісі (с.а.с.): «Үмбетімнің арасына қылыш кірсе, қияметке дейін алынбайды», – деген. Күл астындағы шоқтай, бейбітшілік орнағанның өзінде бүліктің зардабы жалғаса беретінін Хузайфа ибн әл-Яманның риуаятынан көреміз. Бұған дейін толық келтірген хадисте Хузайфа жамандықтан соң жақсылық бола ма деп сұрағанда, Алла елшісі (с.а.с.): «Иә, болады, бірақ оған түтін араласады», – деп жауап берген. Әбу Дәуіттегі нұсқада «Осы жамандықтан соң бұлдыр бітім болады» делінеді. «Бұлдыр» деп аударылған сөздің түпнұсқасы – «дахан».

Ғалымдар «дахан» сөзінің «бұлдырлық» мағынасын арнайы түсіндірген. Әли әл-Қаридің айтуынша, жамандықтан соң келген жақсылыққа, яғни бүліктен кейін орнаған бейбітшілікке қулық, екіжүзділік пен қиянат араласады. Ол: «Бүліктен кейін басшы болған адамның маңына жұрт ықыласпен емес, амалсыздан жиналуы да мүмкін», – деген.

Замахшари «әл-Фаиқта» Алла елшісі (с.а.с.) осы мысал арқылы сырт көзге жағдай түзелсе де, іштегі бұзғындық жалғаса беретінін білдіргенін жазады.

Ибн Хажар «дахан» сөзінің кек, кемшілік, жүректегі бұзғындық деген бір-біріне жақын үш мағына беретінін айтады. Ол: «Хадисте жамандықтан кейін келетін жақсылықтың таза болмайтыны, кемшін әрі бұлдыр болатыны меңзелген», – дейді. Содан соң Әбу Убайдтың мына түсіндірмесін келтіреді: «Бұл хадистің мағынасын Алла елшісінің (с.а.с.) “Адамдардың жүрегі бұрынғы қалпына қайтпайды” деген сөзі ашады». Ибн Хажар мұны «Жұрттың бір-біріне деген ықыласы бұрынғыдай таза болмайды» деп түйіндейді. Нәуәуидің түсіндірмесі де осыған жақын.

3. Араласқан адам шыға алмайды

Кейбір хадистерде мүмінді сақтандыру үшін бүліктің өлімді тілеуге дейін жеткізетін зардабы және араласқан адамның одан шыға алмайтыны айтылады. Мұның себебі бүліктің ерік-жігерді жеңетін сұм қызығында ма, бүлікшіл ұйымның қысымында ма, әлде басқа нәрседе ме – ол жағы ашық айтылмаған. Әбу Һурайраның жеткізуінше, Алла елшісі (с.а.с.): «Керең, тілсіз, соқыр бүлік болады. Кім оған жақындаса, бүлік оны өзіне тартып алады», – деген. Түсіндірме жазған ғалымдардың пайымдауынша, бүлікке араласқандар ақиқат пен жалғанды айыра алмайды, ақыл-кеңеске және жақсылыққа шақырып, жамандықтан тыюға құлақ аспайды. Шындықты айтқандар жәбір көреді, ал бүлікке сәл бейімделген адамды ол өзіне қатты тартады.

4. Бүлік кезінде жұрт ұстанымына қарай жіктеледі

Кейбір хадистерден ірі бүліктердің дінге қайшы ой ағымдарынан туатыны көрінеді. «Дінге қайшы» деген сөзге ерекше назар аударамыз. Өйткені Алланың разылығын көздеп, дінге қызмет етуді және сүннетті жаңғыртуды мақсат тұтқан, ісі мен ойында Құран мен сүннет қағидаларынан айнымаған жамағаттар әр дәуірде болған, әлі де болады. Ақиқат жолындағы мәзһабтар мен тариқаттар соның мысалы. Олар бір-біріне жауласпай, жақсылықта жарысуын тоқтатпағанда, мұндай жіктелу Құран мен сүннеттің рухына сай келеді. Осыған қатысты Алла елшісі (с.а.с.): «Бүлік адам жүрегіне ши тоқылғандай тал-талымен түседі. Оны қабылдаған жүректе қара дақ, одан бас тартқан жүректе ақ дақ пайда болады. Сөйтіп адамдар екі топқа бөлінеді. Бірінің жүрегі жалпақ, жылтыр тастай аппақ болады. Аспан мен жер тұрғанда бүлік оларға зиян тигізбейді. Екіншісінің жүрегі отқа күйген қазандай қара, бұлдыр болады. Ол жақсылықты жақсылық, жамандықты жамандық деп танымайды. Нәпсі қалауы нені құптатса, соны ғана таниды», – деген.

Бұл сөздер белгілі бір көзқарас пен жүйеге байланып қалған адамдарды сипаттайды. Жалған ағымға кіргендер үшін өз ұйымы жақсы дегеннен өзге жақсылық, жаман дегеннен өзге жамандық жоқ. Кейде басқаша өлшем қабылдауға еркіндігі де болмайды. Хадистегі «нәпсі қалауы нені құптатса» деген тіркесті «ұйымы не айтса» деп түсінуге болады. Өйткені кімнен шықса да, иләһи өлшемге салынбайтын және оған қайшы нәрсе – нәпсінің қалауы. Құранда мұндай адамдардың нәпсі қалауын құдай етіп алғаны айтылады.

5. Өтірік көбейеді

Алла елшісі (с.а.с.) өтірікті зина, ұрлық, ішімдік ішу секілді зияны жұртқа мәлім дерттерден де қатерлі санап, оны мүміндікке сыйымсыз деп көрсеткен. Бүлік кезінде өтірік пен жаланың қатты көбейетінін де ескерткен. Тоқсан пайызы өтірікке құрылған бүгінгі саяси өмірді мүміндердің дұрыс бағалауы үшін де осы ескерту қажет. Өйткені өтірік пен жалаға сүйенген саясат кірмеген мұсылман отбасы жоқ деуге болады.

Ибн Мәсғудтың риуаятында қиямет жақындағанда көбейетін «хәрждің» не екені сұралғанда, Алла елшісі (с.а.с.): «Әл-қатлу уәл-кизб», – деп жауап берген. Яғни нақақ кісі өлтіру мен өтірік айту көбейеді.

6. Ақиқат теріс мақсатқа пайдаланылады

Кейбір хадистерде бүлікшілер жалған сөзбен қатар кейбір шындықтарды да алға тартатыны айтылады. Олар ақиқатты жақтаған болып көрініп, сол шындықты жалған мұраттарының пайдасына бұрады.

Алла елшісі (с.а.с.) үмбеті үшін алаңдаған үш қатердің бірі ретінде «Құранды білетін мұнафықты» атаған. Осы тақырыптағы бір хадисте: «Үмбетім үшін мүміннен де, мүшріктен де қорықпаймын. Мүмінді жамандықтан иманы, мүшрікті күпірлігі тежейді. Қорқатыным – ілімді мұнафық. Олар сендерге ұнайтын, өздерің құптайтын сөздерді айтады, ал ісімен зиян тигізеді», – делінген. Алла елшісі (с.а.с.) ниеті таза мұсылмандарды екіжүзді бүлікшілердің әдемі сөзбен алдап кетуінен алаңдаған. Мұның айқын мысалы – әзірет Әли мен харижилер арасындағы әңгіме. Харижилер халифа мен билеушінің қажеті жоқ деген сеніміне дәлел етіп, Құрандағы «Үкім тек Аллаға тән» деген сөзді ұранға айналдырған. Мұны естіген әзірет Әли: «Бұл – ақиқат сөз, бірақ оны жалған мақсат үшін айтып отыр», – деп жауап берген.

Абдулла ибн Сәбәдан бастап қарматилерге, рафизилерге, исмаилиттерге және бүгінге дейін жалғасқан бүлікшіл қозғалыстар да діни ұранмен шыққан. Олар Құранды ашық теріске шығармай, өз қалауынша жорып, білімсіз жұртты алдаған.

Алла елшісі (с.а.с.) «Құранды білетін мұнафықтан» сақтандыру арқылы осы тұстан келетін бүліктерге назар аударған. Діндарлығы сөз жүзінде қалып, ісіне көшпеген адамдарды алда тағы сөз етеміз.

7. Әркім өз пікірін ғана дұрыс санайды

Хадистердегі бүлік белгілерінің бірі – әркімнің өз пікірін ғана құптауы. №4758 хадисте Алла елшісі (с.а.с.) мүмінге қоғамдық тартысқа араласпай, үйінде қалуды қажет ететін жағдайларды атаған. Солардың бірі – пікір иелерінің өз пікірін ғана дұрыс санауы. Ғалымдар мұны Құран, сүннет және ижмағ арқылы жеткен үкімдерге қарамай, сахабалар, табиғиндер және өзге ізгі буындардың ұстанымын тастап, нәпсі қалауымен үкім шығару деп түсіндірген.

8. Білімсіздік артады

«Оқы» әмірінің және қаламның орны ерекше екенін айтып кеткен Ислам дінінің аса ден қойған мәселесінің бірі – ілім. Мүмін адамға иманнан кейін ілім алуы керек. Діннен ажырамай өмір сүру және оны қорғау, дұшпанға қарсы тұру т. б. барлығы да іліммен жүзеге асады. Шынайы ілім бар жерде дін де бар, иман да бар, Аллаға деген махаббат та бар, қорқу да бар. Құранда: ﴿إِنَّمَا يَخْشَى ٱللَّهَ مِنْ عِبَادِهِ ٱلْعُلَمَٰٓؤُا۟﴾ «Расында, Алладан құлдарының арасынан тек ғұламалар ғана шын именеді»3 делінген. Ішімдік ішу, құмар ойын ойнау, зина жасау, жалған сөйлеу, зұлымдық ету – барлығы да ұлы есеп күнінен, Алладан қорықпаудың салдарынан туындайды. Аятта Алладан қорқуды іліммен байланыстырған. Ретсіздік пен шырғалаңның артында білімсіздік жатады. Осы тақырыпта жеткен хадистерде білімсіздіктің зияны кеңінен баяндалған: «Қияметтен бұрын орын алатын фитна дәуірінде ілім атаулы кетіп, білімсіздік артады...»

9. Жұрт не істерін білмей абдырайды

№4767 хадисінен шығаратын тағы бір үкім – фитна заманында адамдардың ақиқат пен жалғанның ара-жігін ажырата алмай іркілуі. Ғалымдар Алла елшісінің (с.а.с.) «соқыр фитна» деп анықтама берген сипаттамаларын, кейбір фитна уақытында адамдардың абдырап, дұрыс шешім шығаруда іркіліс ішінде қалады деп түсіндірген. Әрі Усдул-Ғабадан жеткен басқа риуаятта Хузайфаның айтқан хадисіндегі фитна – фитнаның ең қорқыныштысы деп жазылған. Бір адам Хузайфадан «қандай фитна өте жаман?» – деп сұрағанда, ол былай деп жауап берген: «Сен жақсылық пен жамандықтың екеуіне қатар ұшырасып, қайсысын таңдарыңды білмей тосырқап қалған кезіңдегі (фитна)».

Асылында, адам баласының табиғаты үнемі ақиқатты іздейді. Алла елшісі мұсылмандардың парасаттылығы, болған жайды таразылауы, сараптауы иманынан қайнар алғандықтан ақиқатты көруде қиыншылыққа ұшырамайтындықтарын айтқан: «Мүміндердің парасаттылығынан сақтаныңдар. Өйткені олар Алланың нұры арқылы көреді». Бұл хадистің Құран аятындағы тәпсірінде баяндалғаны негізге алынумен, адамдардағы сезім мүшесінің маңыздылығы аңғарылады. Фитна атаулының сипаттарының бірі ретінде ақиқат пен жалғанның ара жігін ажырата алмай, іркіліс ішінде болуы, олардың сол уақытта бастан өткеретін қиыншылықтарының сойқан болатынын білдірсе керек.

عَنْ أَبِي سَعِيدٍ الْخُدْرِيِّ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: «اتَّقُوا فِرَاسَةَ الْمُؤْمِنِ، فَإِنَّهُ يَنْظُرُ بِنُورِ اللَّهِ». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ.

Алла елшісі (с.а.с.) былай деген: «Мүміннің қырағылығынан сақтаныңдар. Өйткені ол Алланың нұрымен көреді».4

10. Дін мен биліктің бөлінуі

Исламда дүние мен ақырет істері бір-бірімен байланысты. Мүміннің дүниелік тіршілігі де дінімен ұштасады. Фиқһ кітаптарында оның ісі діни және діннен тыс болып бөлінбейді. Ғибадат, муамалат сияқты тармақтардың бәрі дін аясында қарастырылады. Мысалы, муамалатқа сауда, егіншілік пен неке сияқты күнделікті тұрмысқа қатысты істер кіреді.

Алла елшісі (с.а.с.) құлшылықты сергек әрі ықыласпен атқаруға көмектесетін тән қажеттерін өтеудің де сауап екенін айтқан. Оған ұйықтау, тынығу, тамақтану, тіпті жұбайына көңіл бөлу сияқты істер жатады.

Асыл дініміз ақырет пен дүниені бірдей қамтиды. Ел басқару ісінен бастап, мемлекет басшыларының билік жүргізуіне дейін дін ықпал етеді. Мемлекет басшыларының дін үкімдерін, соған қатысты жол-жоралғыларды ел басқару ісінен бөле қарастырып, «дін бөлек, мемлекет бөлек, екеуі бір-біріне араласпауы қажет» деген түсінікпен амал ету Ислам діні бойынша фитнаның қатарына кіреді. Тіпті Алла елшісі (с.а.с.) бір хадисінде былай дейді: «Ихсан және адамгершілікті сақтауға тырысыңыз. Дінді ақшаға сатып, қадірін кетірмеңдер. Өкінішке орай сендерді (ертеңгі күнге деген) қорқыныш пен кедейлік бұл пасық амалды тәрк етуде тосқауыл болады. Біліп жүріңдер, иман шеңбері мәңгілік айналымда болады. Бұл дөңгелек қай жерде айналса да Алланың кітабына сай айналдырыңдар. Біліп жүріңдер, кітап пен сұлтандық бір-бірінен бөлінеді. Алайда сендер кітаптан айырылмаңдар. Біліп жүріңдер, сендерге өздеріне шығарған үкімді, сендерге де теңдей етпейтін сондай басшылар билік жүргізетін болады. Егер оларға итағат ететін болсаңдар, адасып тынасыңдар. Егер итағат етпесеңдер, сендерді өлтіріп, шаруаларыңды бітіреді». Сонда жамағаттан баз біреулер: «Уа, Расулалла! Ендеше не істеуіміз керек?» Сонда ардақты Пайғамбар (с.а.с.): «Әзірет Исаның үмбеті сияқты амал етіңдер. Олар өздерін отқа лақтырып, қазандарда қуырылды (алайда діндерінен шыққан емес). Аллаға итағат ішінде жан тәсілім ету, оған қарсы келіп өмір сүруден әлдеқайда қайырлы».

Осы хадисте айтылған хабарлар Ислам тарихында кейбір елді мекендерде шындыққа айналған. Ақырзаманда билік жүргізетін басшылар жайында басқа хадисте былай делінген: «(Менен кейін) біршама басшылар келеді. Олардың жалған сөздеріне ешкім қарсы шықпайды. Олар өздерін жалындаған отқа лақтырады. Адасушылықта және тозаққа бет алуға бір-біріне жәрдем етеді». Хадисті риуаят еткен әзірет Муғауия (р.а.) халықтың қарсы тұруы керек болған қандай да бір әділетсіз үкімге, бір мешітте, бір жамағатта осы нәрсені үш жұма бойы қайталайтын болады. Үшінші мәртесінде бір адам бұл үкімге разы еместігін білдіреді. Сонда әлгі (имам немесе басшы) өзінің сол қарсы шыққан адамның жамағатынан емес екеніне қуанып өзінше мәз болады.

11. Дін сөз жүзінде қалады

Алла елшісі (с.а.с.) хабар берген фитна дәуірі орнағанда дін тек есімге, бейнеге, жол-жоралғыға айналады. Біршама риуаяттардың мазмұны осыны ұқтырады. Әрі кейбір хадистерде біршама фитналарға себеп болатындардың тәлім-тәрбиесі дін шеңберінің шегінен шыққан немесе кемшін қалған жастардың себебінен екені айтылған. Әзірет Әлидің риуаят еткен бір хадисінде Алла елшісі (с.а.с.) былай деген: «Ақырзаманда сондай жамағаттар шығады, олардың жастары кіші, ақылдары қысқа. Олар сөз сөйлеген кезде ең қайырлы сөздерден (яғни Құраннан, хадистен) сөз етеді. Әрі Құранды өздерінің сөздері расталғанын алға тартады. Алайда имандары кеңірдегінен төмен түспейді. Бұл жебенің нысанаға тиіп, тесіп өткен сияқты, дінге де кіріп, қайта шығып кеткенімен бірдей».

Яғни, жастықтың жалынымен жалындған, тек белгілі бір ғана қағидаларды естіп, өзінше бір-екі себебін қарастырып, салдарына куә болу арқылы шешім шығарып, ақылы қабылдаған істі орындауға асығатын, шала ойлы жастар. Олар сезімдеріне еріп, сабырсыздық танытып, қате басатын кездері көп болады. Олар бір тыңдағанда көңілге жағатын керемет қанатты сөздерді сөйлеп, көпті аузына қаратуы мүмкін. Бұл, бәлкім, қасиетті Құраннан бір аят немесе Алла елшісінің бір хадисі болуы ықтимал. Алайда олар бұл қасиетті сөздерді айтқанымен, тірліктерінде нәпсісі бұйырған амалды жасайды. Әрі бір-бірімен жарысқан, бәсеке өмірдің ағынымен жүріп, дұрыс пен бұрысты соған қарай таразылап, Құранда айтылған сөздерді тек бір-екі ауыз сөз ретінде қолданып, негізгі бағыт-бағдар ретінде алмайды. Бұл сөздерді тілімен қасиетті деп санағанымен, түсініктерінде тек ескінің сарқыншағы деп қабылдайды.

Хадисте бұл жастардың асыл мақсаттары – дүниелік (мал-мүлік, атақ-абырой, билік т. б.) екені, діндері тек тілдеріндегі құрғақ сөз екені айтылған. «Ақырзаманда адамдардың арасында дін арқылы дүниені іздейтін адамдар пайда болады. Олардың жұмсақ тілді, діндар, дүниені тәрк еткен адамдай қой терісін жамылған (қасқыр) іспеттес. Тілдері сондай майда, құлаққа жағымды. Ал жүректері бәз бір аждаһаның жүрегіндей. Алла Тағала оларға айтады: «Мені мазақ қылғыларың келе ме! Ұлылығым мен үстемдігіме серт, мен оларға сабақ болатындай фитна жіберемін де, араларындағы жақсыларының өзі үрейленіп (ол фитнаны кері қайтара алмайды, не одан өздерін де құтқара алмайды)».

12. Дінді ұстану қиындайды

Ақыр заман фитнасының ең анық әрі ең қатерлі сипаттарының бірі – дінімізге қайшы, әрі руханият әлеміне дұшпандық бағытындағысы. Расулалланың (с.а.с.) Дәжжал фитнасына қатысты айтқан белгілерінен мынадай қорытынды шығаруға болады: «Ақырзаманда адамдардың ойынан туындаған көзқарастар мен түсініктер, дін түсінігінің орнын алады. Бұл көзқарастарға дін деген атау берілмегенімен қоғамға әсері жойқын, әрі қауіпті. Тіпті діннің жолына кесе-көлденең қарсы келіп, адамдардың сеніміне үлкен шабуыл жасайды. Дін атаулының барлығын жалғанға шығарып, қоғамдық жаңа түсінік қалыптастыруға тырысады. Ғалымдардың кейбірі коммунизмді осындай дін түсінігіне қайшы қоғамдық көзқарастардың қатарына жатқызған.

Алла елшісі (с.а.с.) адамдардың ойдан шығарған жалған дін, асыл дінімізді жоққа шығарып, Ұлы Жаратушыдан қол үзуге шақыратынын, мұсылман атаулы неше түрлі қиын жағдайда қалатынын хабарлап кеткен. Расында, Алла елшісінің айтқандары соңғы ғасырларда байқалуда.

Бұл ардақты Пайғамбарымыздың келешекте үмбетінің басына келетін қиын күндерді сөз етіп, иләһи дінге адамдардың ойдан құрастырған дін іспеттес түсініктің қарсы тұрып, жер-жаһанды мәнсіз, баянсыз өмірге айналдыруға тырысатынын айтып, таблиғатында орын берген. «Сондай қиын бір дәуір орнайды, тіпті дін ұстанып, оған сабыр ету бейне бір алақанда шоқ ұстағанмен бірдей болады. Себебі сол күндерде мұсылмандардың қадірі кетіп, абыройы айрандай төгіледі. Алланың берік дінінен бекем жармаспағандар, әлсіздік танытқандар, жеке бастың пайдасы үшін сенімі мен дінін саудаға салады. Тіпті сондай бір күн келеді, адамдар жария түрде: “Бір уыс өтемақы үшін дінін, сенімін кім сатады?” – деп сұрайды. Әрі олардың бұл ұсыныстары кері қайтпайды. Біршамасы дінін, сенімін аз ғана бағаға сатып, жалғанның жылтырағына алданып, ұтылыс ішінде қалады».

Алла елшісі (с.а.с.) осындай қиын замандарда Алланың әмірінен алыстамай, сүннетіміздің сара жолымен жүрген адамның көп сауап еншілейтінін айтып: «Хәрж, фитналар орын алып әрі адамдардың руханияты тым әлсіреген шақта ғибадат ету, бейнебір маған һижрет етіп, үлкен сауапқа қол жеткізгендей». Басқа риуаятта ардақты Пайғамбарымыз фитна дәуіріндегі ауыртпалықтың дәрежесін білдіру барысында былай деген: «Сендер сондай бір заманда өмір сүрудесіңдер, егер қайсыбірің өздеріне бұйырылғанның оннан бірін тәрк етсе құрдымға кетеді. Алайда одан кейін сондай бір заман орнайды, кімде-кім өзіне бұйырылғанның оннан бірін орындаса, азаптан құтылады».

№4758 хадисте фитнаның қиын-қыстау кезеңдерінде діннің әмірлерінен ұзамай, (дінге қызмет еткендерге) әдеттегі уақытта жасалған ғибадаттың сауабы елу еселеніп берілетіні уәде етілген. Ардақты Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Алдымен өздеріңе қараңдар, өздерің түзеліңдер!» аятына қатысты Әбу Сағлаба тарапынан қойылған сұраққа былай жауап берген, сөзін аяқтай келе: «...Өйткені алдарыңызда “сабыр күндері” бар. Ол күндерде сабыр ету, қолда қып-қызыл шоқты ұстағанмен бірдей. Ол уақыттарда діннің әмірлерінен шықпаған адамға, дәл сол сияқты амал еткен елу адамның сауабы тиеді...» Сонда «Бұл сол адамдардың (дәрежесімен) елу рет еселене ме?» – деп, бір кісі сұрақ қойды. Ардақты Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Бізден болған елу адамның дәрежесіндей» – деген.

13. Діннен безу көбейеді

Дініміздің насихатталуы, тәлім-тәрбиесі тоқтаған шақта, діндар адамдарға опасыздықтар жасалып, ілім адамдарының қадір-қасиеті азаяды. Шындығында, Алла елшісінің келешек жайында жеткізген хабарлары бостан-босқа айтылмаған. Асылында, асыл дінімізге қарсы жасалған әрекеттер мен жоспарлар жүйелі түрде іске асады. Олардың негізгі мақсаты – адамзатты асыл қазынасының бірі «ілімнен» алыстатып, халықты білімсіз тобыр жамағатқа айналдыру. Әрі дінді адамдардың көңілінен өшіру үшін неше түрлі айла-тәсілдер, уағыз-насихаттар жасау үстінде. Нәтижеде мұсылмандардың дінге деген көзқарастары өзгеріп, қате білімнен сусындап, ақыр аяғы руханият әлемінен біржола ара-қатынасын үзеді. Тіпті осы жолда жүрген адамдарға деген жеккөрініштік сезім пайда болып, бұл сезім амалға айналған кезде мұсылмандардың өміріне қиыншылық туындатып, өзгелерді де діннен бездіреді. Алла елшісінің (с.а.с.) фитнаға қатысты кейбір баяндары осы жайында айтылған. Әзірет Жабир (р.а.) Алла елшісінің (с.а.с.): «Адамдар бұл дінге топ-тобымен кірді және топ-тобымен шығады» – деп айтқанын, көзіне жас ала отырып жеткізген. Әзірет Айшаның Мүслимде келген бір риуаятында ардақты Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Күндіз-түні Лат пен Уззаға ғибадаттар жасалады» – деген. Мүслимнің басқа риуаятында Дәустіктердің «Зул-Халаса» атындағы жаһилият дәуірінің пұттарын қайта тірілтетіні айтылған. Бұл риуаяттарды растайтын басқа хадисте: «Пұттар қайтадан тұрғызылмайынша қиямет орнамайды. Мұны жасайтын Тихама аймағының тұрғыны болады» делінген.

Бұл риуаятта қиямет жақындағанда білімсіздік пен теріс тәрбиеден туатын діни бүліктің салдары айтылады: «Ол кезде адам мүмін болып таң атырып, кәпір болып кеш батырады. Алла ілім беріп, жүрегін сақтағандар бұған кірмейді». Бұл ерекшелік ілімнің адамды діннен безуден сақтаудағы орнын аңғартады.

Келесі хадистегі ізгі іске асығу туралы бұйрық амалдың адамды дінінде берік ететінін көрсетеді: «Түннің тас қараңғысындай бүліктер келмей тұрып, ізгі амал жасауға асығыңдар. Ол кезде адам мүмін болып таң атырып, кәпір болып кеш батырады. Немесе мүмін болып кеш батырып, кәпір болып таң атырады. Олардың бір бөлігі дінін дүниенің өткінші пайдасына сатады».

Адамның таң мен кеш арасында осылай құбылуы сеніміне ғана емес, адамгершілігі мен мінезіне де әсер етеді. Бір риуаятта: «Адам бауырының қанын төгу, малын иемдену және жарына қол сұғу өзіне адал емес деп таң атырады да, кешке қарай соның бәрін адал санайды», – делінген.

14. Байлық артады

Кейбір хадистерде қиямет жақындағанда жер бетін түгел қамтитын молшылық болатыны айтылған. Қияметтің белгісі саналатын бұл молшылық бүліктің бір түрі немесе оған себеп болуы мүмкін. Бәлкім, бұл – кітаптың алдыңғы беттерінде айтылған молшылық бүлігі.

Хадистердің көбінде қиямет орнамас бұрын зекет берілетіндей жағдайдағы бірде-бір адам табылмайтындай, молшылық дәуірдің болатыны айтылған. «Ақырзаманда үмбетімнің арасынан бір халифа шығады. Бұл халифа мал-мүлікті есебінен жаңылатындай дәрежеде тарататын болады». Бұхаридің бір риуаятында осындай молшылықтың халифасы – әзірет Сағд екені айтылған. «Әзірет Иса шыққанда малды асқан жомарттықпен тарататын болады. Алайда ол мүлікті алатын адам табылмайды». Басқа риуаятта «Сендердің қайсыбірің садақа беруге ниет етіп (көшеге) шыққанда, оны беретін бірде-бір адам таппай кері қайтатын күн орнамайынша қиямет болмайды» делінген.

15. Сараңдық артады

Алла елшісі (с.а.с.) адамның дүние алдында әлсіз екенін айтқан. Адам қартайса да, оның кей қалауы кемімейді. Хадисте: «Адам баласы қартайған сайын бойындағы екі тілек жасарады: бірі – ұзақ өмір сүру, екіншісі – дүние жинау. Адамға алтынға толы екі аңғар берілсе, үшіншісін де тілейді. Оның ішін топырақ қана толтырады», – делінген.

عَنْ أَنَسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: «يَهْرَمُ ابْنُ آدَمَ وَتَشِبُّ مِنْهُ اثْنَتَانِ: الْحِرْصُ عَلَى الْمَالِ وَالْحِرْصُ عَلَى الْعُمُرِ». أَخْرَجَهُ مُسْلِمٌ.

Алла елшісі (с.а.с.) былай деген: «Адам баласы қартайған сайын бойындағы екі тілек жасарады: бірі – ұзақ өмір сүру, екіншісі – дүние жинау».5

وَعَنْ أَنَسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: «لَوْ كَانَ لِابْنِ آدَمَ وَادِيَانِ مِنْ مَالٍ لَابْتَغَى وَادِيًا ثَالِثًا، وَلَا يَمْلَأُ جَوْفَ ابْنِ آدَمَ إِلَّا التُّرَابُ، وَيَتُوبُ اللَّهُ عَلَى مَنْ تَابَ». أَخْرَجَهُ مُسْلِمٌ.

Алла елшісі (с.а.с.) тағы былай деген: «Адамға дүние-мүлікке толы екі аңғар берілсе, үшіншісін де тілейді. Оның ішін топырақ қана толтырады. Алла тәубе еткеннің тәубесін қабыл етеді».6

Пенде атаулының бұл әлсіздігі шариғат жолымен тізгінделіп тәрбиеленбесе, қоғамдық келеңсіздіктерге себеп болуы ықтимал. Адамның дүниеге деген тойымсыздығы – сараңдық. Бұл қисық мінездің болмысы жекелеген адамдардың бойынан көрініс бергенімен, бүткіл бір ұлтқа, жамағатқа қаратылып айтылмаған. Дүниеге деген қалыптан тыс махаббаттың пайда болуы, қоғамдағы адамдардың ақыретін ұмытып, негізгі мақсаттарын естен шығарып, дүниеде жарысып, бәсеке өмірге белшесінен кіргендіктерінің салдарынан. Тіпті Алла елшісі (с.а.с.) сараңдықтың көбейіп, адамдар арсында таралуын, олардың арасында амр бил-мағруфтың азайып жақсылыққа шақырып, жамандықтан тыю, үгіт насихаттың тоқтауымен туындайтынын айтып кеткен: «..Жақсылыққа шақырудан тыйылмаңдар. Керісінше, осы игі іске шақырып, жамандықтан тыйыңдар. Қашан адамдар тек міндет саналған амалдарды істеп, сараңдыққа қарай ойысып, дүниенің жылтырағына (мал-мүлік, атақ-абыройға) алданып, дүниені ақыреттен артық көріп, ілім адамдарын (Құран, хадис және ғұламалар ижмағын) бір тарапқа ысырып, өздерінің нәпсі-қалауларын алдыңғы қатарға қойғандарына куә болсаң, тек өз-өзіңмен алысып, өзгелермен айналысуды доғар». №4758 хадистен және жоғарыда айтып өткен себептердің салдарынан қоғамның рухани халі нашарлауымен қатар, сараңдықтың да артатынын аңғарамыз.

16. Ізгі жандар қаза тауып, билік азғындардың қолына өтеді

Хадистердің біршамасында фитнаға себеп болатын адамдардың бірінші кезекте жастар екені айтылған. Кейбір хадистерде текті, діндар, сенімді адамдардың саны тым азайып, олардың орнын пасық, сатқын, сөзінде тұрақсыз нашар адамдар басатыны сөз етілген. Діннің мемлекет тарапынан қолдау көруі тоқтап, дінді ұстау отты ұстағанмен бірдей халге ауысып, бейберекетсіздіктер арты-артынан орын алған қоғамның жағдайын сипатталған. Алайда №5036 Тирмизи риуаятында былай делінген: «Төрткүл дүниеде адамдардың ең бақыттылары (молшылықта өмір сүрген, малы көп, атақ-даңқы үстем, қарым-қабілеті жоғары) әрі ең қарапайымдылары көбеймейінше, қиямет орнамайды».

Түсіндірме жазған ғалымдардың айтуынша, хадистегі кемдік тек пен адамдық қадір-қасиет тұрғысынан айтылған. Қолданылған сөз тегі белгісіз, мінезінің кемелдігі танылмаған адамды да білдіреді.

Табарани жеткізген бір риуаятта Алла елшісі (с.а.с.): «Арсыздық пен сараңдық жайылып, адал әрі сенімді кісілер қорланып, сатқындарға сенім артылып, вуғулдар жойылып, тухуттар шықпайынша, қиямет орнамайды», – деген. Тыңдаушылар: «Уа, Алла елшісі, “вуғул” мен “тухут” деген не?» – деп сұраған. Ол: «Вуғул – жұрттың бетке ұстар, қадірлі адамдары. Тухут – жұрттың ең төменгі сатысындағы, аты-жөні естілмеген беймәлім кісілер», – деген. Басқа нұсқада «тухут» мінезі мен тегі төмен отбасылардан шыққан адамдар деп түсіндірілген.

Мүслимде қияметке таяу оқиғаларды сипаттайтын бір риуаятта: «Адамдардың ең жамандары қалады. Олар жамандық пен нәпсі қалауына ұмтылғанда құсқа, ал бір-біріне зұлымдық жасап, дұшпандық еткенде жыртқыш аңға ұқсайды», – делінген.

عَنْ عَبْدِ اللَّهِ بْنِ عَمْرٍو رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا، قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: «فَيَبْقَى شِرَارُ النَّاسِ فِي خِفَّةِ الطَّيْرِ وَأَحْلَامِ السِّبَاعِ، لَا يَعْرِفُونَ مَعْرُوفًا وَلَا يُنْكِرُونَ مُنْكَرًا». أَخْرَجَهُ مُسْلِمٌ.

Мүслим жеткізген риуаятта: «Адамдардың ең жамандары қалады. Олар құстай жеңілтек, жыртқыш аңдай зұлым келеді. Жақсылықты жақсылық деп танымайды, жамандықты жамандық деп білмейді», – делінген.7

Хадис кітаптарында «Жәбірейіл хадисі» деген атпен танылған риуаятта Жәбірейіл (а.с.) Алла елшісінен (с.а.с.) қияметтің белгілерін сұрайды. Алла елшісі (с.а.с.) өзге белгілермен қатар: «Жалаңаяқ, жалаңбас адамдардың жұртқа басшы болуы – қиямет белгілерінің бірі», – деген.

Бүліктің түрлері туралы сөз еткенде, молшылықтан туған бүліктен соң жұрт ілімі мен пайымы кем, ел басқаруға лайықсыз, шешімі тұрақсыз кісінің маңына жиналып, бітімге келетінін айтқанбыз. Бұл риуаят та бүліктен кейін іске қабілетсіз адамдардың күшпен не айламен билікке келетінін білдіреді.

Осы тақырыптағы риуаяттардың бәрін келтірудің қажеті жоқ. Келтірілгендер ақырзаманда қоғамдық келеңсіздіктердің салдарынан жұрттың мінезі бұзылып, басына өзіне сай адамдар келетінін аңғартады.

«Әрбір тайпаны (ұлтты) сол тайпаның екіжүзділері басқармайынша, қиямет орнамайды».

17. Бүлік кезінде жастардың ықпалы артады

Жоғарыда келтірілген бір хадисте кей ірі бүліктерде тәжірибесі аз, ойы таяз жастардың алға шығатыны айтылған. Олар жұрт құптайтын әдемі сөздерді, аят пен хадистен алынған ұстанымдарды алға тартады. Алайда олардың сөзі мен ісі қабыспайды.

Басқа да көптеген хадистерде қоғамдық немесе саяси ортада жастардың рөлі жоғары болатыны, жаманшылық пен бұзғыншылықта да жастардың салмағы аз болмайтыны баяндалған. Тіпті «жас бала ел басқарғанда жұрттың басынан лағынеттің арылмайтыны» айтылған. Бұл мағынаны растайтын мына бір хадисте былай делінген: «Қиямет белгілерінің бірі – ілімнің жастар қолында болатыны». Ал мына хадис Алла елшісінің (с.а.с.) осы тақырыптағы маңызды ескертулерінен болса керек: «Ардақты Пайғамбар бір сәтінде «Балалардың басшы болуынан Аллаға сиынамын» деген. Қасындағылар: «Балалардың басшы болуы қалай?» – деп сұрайды. Сонда Алла елшісі (с.а.с.) былай жауап берген: «Оларға итағат етсеңдер (діндеріңде) құрдымға кеткендерің! Ал егер қарсы келсеңдер (дүниелеріңнің) құрдымға кеткені. Бұл – не малдарыңды алуымен, не жандарыңды алумен немесе екеуін де алумен орындалуы мүмкін». Тіпті Бұхариде келген бір риуаятта мұсылман үмбетінің құрдымға кетуі, билік басына құрайыш тайпасының жастары келгенде шындыққа айналатыны баяндалған.

18. Кісі өлімі көбейеді

Жоғарыда айтқанымыздай, бүлік кезінде көбейетін «хәрж» – кісі өлтіру. Бүлік жайлағанда көп қан төгіліп, жазықсыз адамдар өлтіріледі. Алла елшісі (с.а.с.) үмбеті осындай күйге түспес үшін хәрж жайында жиі ескерткен. Көптеген хадисте бүлікке қосылмай, үйде қалуды және қару асынбауды насихаттаған. Бір риуаятта: «Адам мұсылмандар қатарында жүріп, бауырының малын тонайды, қанын төгеді, Раббысына қарсы келеді. Өз халқына қарсы шығып, өзіне тозақ отын әзірлейді», – делінген.

Бүлік кезінде адамның өз бауырына жау болып, адамгершіліктен айрылатыны хадистерде жиі айтылады. Бұрын келтірген №4760 хадистен мына үзіндіні еске түсірейік: «Уа, Әбу Зәрр! Жұрт арасында өлімнің көбейетіні сонша, қабірдің өзі қызметші құнына жететін кез болады». Бұхари мен Мүслим келтірген хадисте «Хәрж көбеймейінше, қиямет орнамайды» делінген. «Хәрж деген не?» – деп сұралғанда, Алла елшісі (с.а.с.): «Өлтіру, өлтіру!» – деп жауап берген.

19. Ұйымдар атынан кісі өлтіру

Бүлік туралы назар аударарлық риуаяттың бірі – №4780 хадис: «Жаным құдіретті қолында болған Алланың атымен ант етемін, адамдар сондай бір заманды бастан кешіреді, кісі өлтірген не үшін өлтіргенін, өлтірілген не үшін өлтірілгенін білмейді». «Бұл қалай болады?» – деп сұралғанда, Алла елшісі (с.а.с.): «Бұл – хәрж. Өлтірген де, өлтірілген де тозақта», – деп жауап берген.

Бұл хадисті бүлік жайындағы маңызды риуаяттардың қатарына қостық, өйткені онда айтылған жағдай бүгін де кездеседі. Белгілі ұйымдарға берілген кісілер кейде жоғарыдан түскен тапсырманың мәні мен мақсатын сұрамастан, оны орындауға тырысады. «Сауап аласың», «жәннатқа кіресің» деген сөздерге сеніп, жұрттың тыныштығын бұзатын әрекетке ойланбастан барады.

Алла елшісі (с.а.с.) жалдамалы жендеттен де мақсатсыз қылмыскердің қолынан болатын осы кісі өлімін «Өлтірген адам не үшін өлтіргенін, өлтірілген адам не үшін өлтірілгенін білмейді» деп сипаттаған.

Осы хадисті ұйым атынан жасалатын кісі өліміне қатысты түсінуге негіз болатын бір зерттеуде былай делінген: «Анархизмдегі кісі өлтіру саяси қылмыстан өзгеше. Онда құрбанның кінәлі не кінәсіз болуы маңызды саналмайды. Тіпті кінәсіз адамның өлімі анархистік қылмыста елеулірек саналады. Террорлық әрекеттің басты мақсаты – мемлекеттегі тыныштықты бұзу».

20. Қауіпсіздік пен сенім жоғалады

Алла елшісінің (с.а.с.) көптеген хадисінде бүлік кезінде қауіпсіздік азайып, адамдар бір-біріне сенуден қалатыны, жанашырды қастық ойлаған адамнан айыра алмайтыны айтылады. Абдулла ибн Амрдың риуаятында сенімді, адал, ізгі адамдарды қу, сұм адамдардан айыру қиындап, уәделер мен келісімдер бұзылып, сенім жоғалатын заман сипатталған.

Басқа риуаятта Ибн Мәсғуд бүлік туралы хабар берген Алла елшісінен (с.а.с.) сұрайды:

– Уа, Алла елшісі, бұл бүлік қашан болады?

– Хәрж, яғни жаппай кісі өлтіру кезінде.

– Ол заман қашан келеді?

– Адам өзінің жақын досына да сене алмай қалғанда.

Ибн Мәсғуд бұл хадисті Уабсаға жеткізгенде, Уабса одан сол заманның қашан келетінін сұраған. Ибн Мәсғуд ұстазының жауабын қайталаған: «Ол – адамның жақын досына да сене алмайтын заманы».

Басқа риуаятта қоғамдық бұзғындықтың салдарынан адамдар ﴿وَأَوْفُوا۟ بِعَهْدِ ٱللَّهِ إِذَا عَٰهَدتُّمْ﴾ «Әрі серт байласқандарыңда Алланың сертінде тұрыңдар»8, ﴿وَأَوْفُوا۟ بِٱلْعَهْدِ﴾ «Сертке берік болыңдар!»9 деген әмірлерді және өтірікке тыйымды ұмытып, сенімнен шығатыны айтылады. Алла елшісі (с.а.с.): «Сертін бұзып, сенімнен айырылған адамдардың ортасында қалсаң, не істейсің? Олар тәртібінен айрылған, бір-біріне ұқсамайтын, құбылмалы, уәдесінде тұрмайтын және өздеріне артылған сенімге қиянат жасайтын адамдар», – деген. Сосын саусақтарын айқастырып: «Міне, осылай араласып кетеді», – деп көрсеткен.

21. Адамдар өлімді тілейді

Ірі бүліктің бір сипаты – адамның өлімді тілеуі. Жоғарыда айтқанымыздай, бүлік – қоғамдық дерттердің асқынып, аласапыранның іс жүзінде көрінуі. Ол діни мінез, ақыл мен ар-ождан қағидаларын аяқасты етіп, адамзаттың кемелдігі үшін тізгіндеу қажет сезім, түйсік пен нәпсі қалауын үстем етеді. Жан мен малдың қауіпсіздігін жойып, кісі өлтіруді, ұрлық пен тонауды арттырған тұрмыстық және қоғамдық кеселдер өршігенде, тіршіліктің де мәні кетеді. Осындай ортада жұрттың дүние салғандарға қызығатыны таңғаларлық. Бұхари және басқа дереккөздерде Алла елшісінің (с.а.с.): «Адам бір марқұмның қабірінің қасынан өткенде: “Әттең, осы кісінің орнында мен болсам ғой!” – деп тілемейінше, қиямет орнамайды», – дегені жеткізілген.

عَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ، عَنِ النَّبِيِّ ﷺ قَالَ: «لَا تَقُومُ السَّاعَةُ حَتَّى يَمُرَّ الرَّجُلُ بِقَبْرِ الرَّجُلِ فَيَقُولُ: يَا لَيْتَنِي مَكَانَهُ». أَخْرَجَهُ الْبُخَارِيُّ.

Бұхари жеткізген риуаятта Алла елшісі (с.а.с.): «Адам бір марқұмның қабірінің қасынан өткенде: “Әттең, осы кісінің орнында мен болсам ғой!” – деп тілемейінше, қиямет орнамайды», – деген.10

Мүслим мен Ибн Мәжада бұл тілектің діндарлықтан емес, адамның тартқан тауқыметі мен көрген қасіретінен туатыны анық айтылады. Өзге риуаяттарда адамдардың қолда шоқ ұстағандай сабыр етуге мәжбүр болатын ауыр дәуірді бастан өткеретіні хабарланған.

Басқа бір риуаятта өлімді тілеуге жеткізетін бүлік тұрмыстың таршылығынан емес, байлықтың молдығынан күшейетіні, жұрттың тіпті кедейлікті аңсайтыны айтылады. Бұл бай адамдар көбірек қиындыққа ұшырай бастаған бүгінгі жағдайға ұқсайтындықтан, хадисті сол қалпында келтіреміз: «Сендер сондай заманды көресіңдер, ол кезде адам мал-мүлкінің аз болғанын аңсайды. Бүгін сендер мал мен ұрпақтың көп болғанына қалай қызықсаңдар, сол күні малдың аздығына солай қызығады. Араларыңнан біреу бауырының қабірінен өтіп бара жатып, жануардай жерге аунап: “Әттең, сенің орныңда мен болсам ғой!” – дейді. Онысы Жүсіп пайғамбардай Алламен тезірек қауышуды аңсағаннан да, бұрын жасаған ізгі істеріне сенгеннен де емес. Басына түскен қасіреттен».

22. Мемлекет мүлкін иемдену адал саналады

Мемлекет мүлкін түрлі жолмен тонауды адал санағандар да, «Бұл – соғыс аймағы, мұндай жерде зекет төленбейді» деп, салықтан жалтару сияқты харам істерге жол бергендер де болған. Алла елшісі (с.а.с.) мұндай жағдайды ақырзамандағы бүліктің бір белгісі деп көрсеткен. Әлидің (р.а.) риуаятында «Қиямет қашан орнайды?» деген сұраққа жауап беріп, оның белгілерін атай келе: «…Аманат олжа, садақа, яғни зекет пен салық, ауыртпалық саналғанда…», – деген. Әбу Һурайра жеткізген «Рихул-хамра» (қызыл жел) хадисінде де: «Аманат олжа, зекет жаза саналғанда… қызыл желді күтіңдер», – делінген.

23. Бүлік кірмеген бірде-бір үй қалмайды

Кейбір риуаяттарда қияметтің алдында бірде-бір үйді қалдырмай шарпитын фитна болатыны айтылады. Абдулла ибн Амр жеткізген бір хадисте қиямет белгілері жібі үзілген моншақтай бірінен соң бірі тізбектеле көрінетіні айтылған. Хадисте бірінен соң бірі келетін алты белгі аталады. Соның бірі – «бірде-бір арабтың үйін қалдырмай кіретін фитна». «Муснадта» келген екі нұсқаның бірінде «әрқайсыңның үйіңе» делінсе, екіншісінде «жүннен тігілген және топырақтан салынған әр үйге» делінген. Яғни бұл фитна қала мен ауылға бірдей тарайды.

عَنْ عَوْفِ بْنِ مَالِكٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ، عَنِ النَّبِيِّ ﷺ، فِي ذِكْرِ أَشْرَاطِ السَّاعَةِ: «ثُمَّ فِتْنَةٌ لَا يَبْقَى بَيْتٌ مِنَ الْعَرَبِ إِلَّا دَخَلَتْهُ». أَخْرَجَهُ الْبُخَارِيُّ.

Ауф ибн Мәліктен (р.а.) жеткен риуаятта Алла елшісі (с.а.с.) қиямет белгілерінің бірін «бірде-бір арабтың үйін қалдырмай кіретін бүлік» деп атаған.11

  1. 1Нәсәи, Тахрим 26, (7, 117).
  2. 2Бұхари, «Риқақ», №6497. Мүслим, «Иман», №143.
  3. 3Фатыр сүресі, 28-аят.
  4. 4Тирмизи, «Тәпсір», «Хижр», №3127. Хижр сүресі, 75-аят.
  5. 5Мүслим, «Зекет», №1047а.
  6. 6Мүслим, «Зекет», №1048а.
  7. 7Мүслим, «Фитән», №2940а.
  8. 8Нахыл сүресі, 91-аят.
  9. 9Исра сүресі, 34-аят.
  10. 10Бұхари, «Фитән», №7115.
  11. 11Бұхари, «Жизия», №3176.