وَعَنْ حُذَيْفَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: كَانَ النَّاسُ يَسْأَلُونَ رَسُولَ اللَّهِ ﷺ عَنِ الْخَيْرِ، وَكُنْتُ أَسْأَلُهُ عَنِ الشَّرِّ، مَخَافَةَ أَنْ يُدْرِكَنِي. فَقُلْتُ: يَا رَسُولَ اللَّهِ إِنَّا كُنَّا فِي جَاهِلِيَّةٍ وَشَرٍّ فَجَاءَنَا اللَّهُ بِهَذَا الْخَيْرِ، فَهَلْ بَعْدَ هَذَا الْخَيْرِ مِنْ شَرٍّ؟ قَالَ: نَعَمْ. قُلْتُ: فَهَلْ بَعْدَ ذَلِكَ الشَّرِّ مِنْ خَيْرٍ؟ قَالَ: نَعَمْ، وَفِيهِ دَخَنٌ. فَقُلْتُ: وَمَا دَخَنُهُ؟ قَالَ: قَوْمٌ يَسْتَنُّونَ بِغَيْرِ سُنَّتِي وَيَهْتَدُونَ بِغَيْرِ هَدْيِي، تَعْرِفُ مِنْهُمْ وَتُنْكِرُ. قُلْتُ: فَهَلْ بَعْدَ ذَلِكَ الْخَيْرِ مِنْ شَرٍّ؟ قَالَ: نَعَمْ. دُعَاةٌ عَلَى أَبْوَابِ جَهَنَّمَ، مَنْ أَجَابَهُمْ إِلَيْهَا قَذَفُوهُ فِيهَا. قُلْتُ: يَا رَسُولَ اللَّهِ، فَمَا تَأْمُرُنِي إِنْ أَدْرَكَنِي ذَلِكَ؟ قَالَ: تَلْزَمُ جَمَاعَةَ الْمُسْلِمِينَ وَإِمَامَهُمْ. قُلْتُ: فَإِنْ لَمْ يَكُنْ جَمَاعَةٌ وَلَا إِمَامٌ؟ قَالَ: فَاعْتَزِلْ تِلْكَ الْفِرَقَ كُلِّهَا وَلَوْ أَنْ تَعَضَّ بِأَصْلِ شَجَرَةٍ؛ حَتَّى يُدْرِكَكَ الْمَوْتُ وَأَنْتَ عَلَى ذَلِكَ. أَخْرَجَهُ الشَّيْخَانِ وَأَبُو دَاوُدَ.
Хузайфа (р.а.) жеткізеді: «Жұрт Алла елшісінен (с.а.с.) жақсылық жайында сұрайтын. Ал мен жамандыққа тап болып қаламын ба деп қауіптеніп, одан жамандық жайында сұрайтынмын. Бір күні былай дедім:
– Уа, Алла елшісі! Біз надандық пен жамандық ішінде едік. Алла бізге осы жақсылықты нәсіп етті. Осы жақсылықтан кейін жамандық бола ма?
– Иә, болады, – деді ол.
– Сол жамандықтан кейін жақсылық бола ма?
– Иә, бірақ онда кірбің болады.
– Ол қандай кірбің?
– Бір қауым менің сүннетімнен өзге сүннет ұстанады, мен көрсеткен жолдан өзге жолмен жүреді. Олардың кей ісін құптайсың, кей ісін теріс көресің, – деді.
– Сол жақсылықтан кейін тағы жамандық бола ма?
– Иә. Тозақ қақпаларының алдында шақырушылар болады. Кім олардың шақыруына ерсе, оны тозаққа лақтырады.
– Уа, Алла елшісі! Сол күнге жетсем, маған не бұйырасыз? – деп сұрадым.
– Мұсылмандардың жамағаты мен имамынан ажырама. [Имам арқаңнан ұрып, мал-мүлкіңді тартып алса да, оны тыңда және оған бағын], – деді.
– Жамағат та, имам да болмаса ше?
– Онда ол топтардың бәрінен аулақ жүр. Тіпті ағаштың тамырына тісіңмен жармасуға тура келсе де, ажалың жеткенше сол күйіңде қал, – деді».1
Түсіндірме
Ибн Хажардың түсіндірмесіне сай, ғалымдар осы хадистен мұсылман жамағатынан ажырамау шарт, ал басшылар күнә жасаса да, оларға бағыну қажет деген үкім шығарған.
Бәйдауи былай дейді: «Жер жүзінде халифа болмаса, оңаша қалып, заманның қиындығына сабыр етуің керек. “Ағаштың тамырына тісіңмен жармасу” – “Пәленше қиналғаннан тас шайнайды” деген сөз секілді, қиындыққа төзуді білдіретін астарлы тіркес. Ол “ұстану” деген мағына беруі де мүмкін. Басқа хадисте “Оған азу тістеріңмен жармасыңдар” делінген. Ал “Ағаштың тамырына тісіңмен жармасқан күйде жан тапсырғаның бүлікші топтардың біріне ергеннен қайырлы” деген риуаят бірінші мағынаны қуаттайды».
Ибн Баттал былай дейді: «Бұл хадис мұсылман жамағатынан ажырамау және залым имамдарға қарсы бүлікке бармау керек деген фақиһтардың пікіріне дәлел. Хадисте соңғы топ “тозақ қақпаларына шақырушылар” деп сипатталған. Олар жайында “Кей ісін құптайсың, кей ісін теріс көресің” делінбеген. Өйткені олар ақиқат жолында емес. Соған қарамастан, хадисте жамағаттан ажырамау бұйырылған».
Табари былай дейді: «Ғалымдардың бұл әмір мен жамағатқа қатысты пікірі әртүрлі. Бір топ ғалым “Бұл әмір міндеттеуді білдіреді. Ал жамағат – пікірі бөлінген жұрттың көпшілігі” деген. Ибн Мәсғуд әзірет Осман қоршауда қалып, өлімі таяған кезде өзіне қойылған сұраққа: “Жамағаттан ажырамауға кеңес беремін. Өйткені Алла Мұхаммедтің (с.а.с.) үмбетін тұтасымен адастырмайды”, – деп жауап берген. Бір топ ғалым “Мұндағы жамағат – сахабалар” десе, екінші топ “Мұнда ілім иелері меңзеледі, өйткені Алла оларды жұртқа үлгі еткен және адамдар дін мәселесінде соларға ереді” деген».
Табари осы пікірлерді келтіріп, былай түйіндейді: «Дұрысы – ілім иелері бірігіп таңдаған имамға және соған ерген жамағатқа қосылу. Адалдық сертін бұзған адам жамағаттан шыққан саналады. Хадистен шығатын тағы бір үкім мынау: имам болмай, жұрт жік-жікке бөлінсе, адам жамандық жасаушыларға қосылып кетпеу үшін ол топтардың ешқайсысына ермеуі керек. Мұндай мазмұн басқа хадистерде де бар».
Ибн Әбу Жәмра хадистен мынадай тұжырымдар шығарған.
• Хадистен Алла Тағаланың құлдарына Өз қалауынша жол ашатынын көреміз. Олардың бір бөлігіне ізгі іс жасау, бір бөлігіне дінді жеткізу, енді бір бөлігіне жақсылық туралы сұрау нәсіп болған. Хузайфаға (р.а.) жамандықтың өзіне де жетуінен сақтанып, сол жайында сұрау нәсіп етілген.
• Хадис Алла елшісінің (с.а.с.) ілімі терең болғанын және сауал қойған әр адамға көңілі орнығатындай егжей-тегжейлі жауап бергенін көрсетеді.
• Алла кімнің көңіліне бір нәрсені салса, сол нәрсенің оған пайдасы көбірек. Хузайфаға (р.а.) өзге жұрт сұрамаған мәселелерді сұрау нәсіп болды. Сол себепті ол «сыр иесі» атанды. Ол мұнафықтардың кім екенін және кейін сөз ететін көптеген хадисті білген.
• Хадистің тәлім-тәрбиеге қатысты тұжырымы мынау: шәкірт рұқсат етілген ілімнің қай саласына бейім болса, соны үйрету керек. Өйткені бейімі бар салада жетістікке жету мүмкіндігі жоғары.
• Жақсылыққа бастайтын нәрсе жақсылық, жамандыққа бастайтын нәрсе жамандық деп аталады.
• Құран мен сүннетті екінші орынға қойып, өзге дереккөзді негізге алу орынсыз. Мұндай ұстанымға сүйеніп амал етуге болмайды.
• Пайғамбар көрсеткен тура жолды теріске шығаратын және ойдан шығарылған нәрсеге қарсы тұру міндет. Сүннетке қайшы сөзді атақ-дәрежесі жоғары не бай адам айтса да қабылдамау керек.
- 1Бұхари, Фитән 11, Манақиб 25; Мүслим, Имарат 51 (1847); Әбу Дәуіт, Фитән 1, (4244, 4245, 4246, 4247).