وَعَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: مُنِعَتِ الْعِرَاقُ قَفِيزَهَا وَدِرْهَمَهَا، وَمُنِعَتِ الشَّامُ مُدْيَهَا وَدِينَارَهَا، وَمُنِعَتْ مِصْرُ أَرْدَبَّهَا وَدِينَارَهَا، وَعُدْتُمْ مِنْ حَيْثُ بَدَأْتُمْ، ثَلَاثَ مَرَّاتٍ، شَهِدَ عَلَى ذَلِكَ لَحْمُ أَبِي هُرَيْرَةَ وَدَمُهُ. أَخْرَجَهُ مُسْلِمٌ وَأَبُو دَاوُدَ.
Әбу Һурайра (р.а.) жеткізеді: «Алла елшісі (с.а.с.): “Иракқа қафизі мен дирхамы берілмейді. Шамға мүдиі мен динары берілмейді. Мысырға ирдәббі мен динары берілмейді. Сендер бастаған жерлеріңе қайтасыңдар”, – деді». Соңғы сөзін үш рет қайталады. Бұған Әбу Һурайраның еті мен қаны куә.1
Түсіндірме
1. Соңғы үш хадисте Алла елшісі (с.а.с.) үш өңірде қолданылған көлем және ақша өлшемдерін атаған.
• Қафиз – Иракта қолданылған көлем өлшемі. Ол сегіз мәккукке тең. Ибн әл-Әсир «ән-Ниһаяда» «мәккук» сөзінің «мүдд» мағынасында қолданылғанын және мөлшері туралы пікірлер әртүрлі екенін айтқан.
• Мүди – Шамда, яғни Сирия өңірінде қолданылған көлем өлшемі. Оның қырық бес ратлға тең екені айтылады.
• Ирдәбб – Мысырда қолданылған көлем өлшемі. Бір сағ бес бүтін үштен бір ратл деп есептелгенде, ирдәбб жиырма төрт сағқа тең.
• Ратл – кейбір есептер бойынша 2564 грамға тең салмақ өлшемі.
• Дирхам – күміс ақша.
• Динар – алтын ақша.
2. Ибн әл-Әсир «әл-Жамиғул-усулда» хадистің екі түсіндірмесін келтіреді.
1) Алла елшісі (с.а.с.) Ирак, Шам және Мысыр жұртының исламды қабылдайтынын хабарлаған. Исламды қабылдаған кезде мойнындағы жизия міндеті түседі. Бұған «Сендер бастаған жерлеріңе қайтасыңдар» деген сөз дәлел етілген. Өйткені әу бастан-ақ Алланың ілімінде, қазасы мен тағдырында олардың мұсылман болатыны белгіленген. Осылайша олар әуелгі бастауына қайтады.
2) Екінші түсіндірме бойынша, олар бағынудан бас тартады. Бұхаридің «Сахихындағы» мына риуаят осы мағынаны қуаттайды: «Дирхам мен динар жинай алмай қалған кезде не істейсіңдер?» – деп сұрады. «Оның боларын қайдан білесің?» – дегенде, ол: «Жаным құдіретті қолында болған Алланың атымен ант етемін, мұны шын сөйлеген және сөзі Алла тарапынан расталған кісіден жеткізіп отырмын», – деді. «Неге олай болады?» – деп қайта сұралғанда: «Алланың харамы бұзылып, елшісінің кепілдігі аяқасты болады. Сонда Алла мұсылман билігіндегі өзге дін өкілдерінің жүрегін қатайтады. Олар қолындағын бермейді», – деп жауап берді.
Ибн әд-Дәйбағ бұл хадис жөнінде былай дейді: «Хадисте әлі болмаған, бірақ Алланың ілімінде бар оқиға хабарланған. Алла елшісі (с.а.с.) келешекте болатын оқиғаны өтіп кеткен оқиға секілді, өткен шақпен жеткізген. Мұндай тәсіл оқиғаның сөзсіз орын алатынын білдіреді. Оны алдын ала хабарлауы – Алла елшісінің (с.а.с.) пайғамбарлығына дәлел. Хадисте әзірет Омардың мұсылман емес христиандарға жизия салығын белгілеп, оның мөлшерін бекіткеніне де дәлел бар».
- 1Мүслим, Фитән 33 (2896); Әбу Дәуіт, Хараж 29 (3035).