وَعَنْ عَلِيٍّ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: كَيْفَ بِكُمْ إِذَا فَسَقَ فِتْيَانُكُمْ، وَطَغَى نِسَاؤُكُمْ؟ قَالُوا: يَا رَسُولَ اللَّهِ؛ وَإِنَّ ذَلِكَ لَكَائِنٌ؟ قَالَ: نَعَمْ وَأَشَدُّ. كَيْفَ إِذَا لَمْ تَأْمُرُوا بِالْمَعْرُوفِ وَلَمْ تَنْهَوْا عَنِ الْمُنْكَرِ؟ قَالُوا: يَا رَسُولَ اللَّهِ، وَإِنَّ ذَلِكَ لَكَائِنٌ؟ قَالَ: نَعَمْ وَأَشَدُّ. كَيْفَ بِكُمْ إِذَا أَمَرْتُمْ بِالْمُنْكَرِ وَنَهَيْتُمْ عَنِ الْمُعْرُوفِ؟ قَالُوا: يَا رَسُولَ اللَّهِ، وَإِنَّ ذَلِكَ لَكَائِنٌ؟ قَالَ: نَعَمْ وَأَشَدُّ. كَيْفَ بِكُمْ إِذَا رَأَيْتُمْ الْمَعْرُوفَ مُنْكَرًا وَالْمُنْكَرَ مَعْرُوفًا؟ قَالُوا: يَا رَسُولَ اللَّهِ، وَإِنَّ ذَلِكَ لَكَائِنٌ؟ قَالَ: نَعَمْ. أَخْرَجَهُ رَزِينُ.
Әли (р.а.) жеткізеді: «Алла елшісі (с.а.с.): “Жастарың пасықтыққа салынып, әйелдерің шектен шыққанда, жағдайларың қандай болмақ?” – деп сұрады. “Уа, Алла елшісі, осындай күн де туа ма?” – десті. Ол: “Иә, бұдан да ауыры болады. Жақсылыққа үндемей, жамандықтан тыймаған кезде жағдайларың қандай болмақ?” – деді. “Уа, Алла елшісі, мұндай да бола ма?” – десті. Ол: “Иә, бұдан да ауыры болады. Жамандыққа үндеп, жақсылықтан тыйған кезде жағдайларың қандай болмақ?” – деді. “Уа, Алла елшісі, мұндай да бола ма?” – десті. Ол: “Иә, бұдан да ауыры болады. Жақсылықты жамандық, жамандықты жақсылық деп білгенде, жағдайларың қандай болмақ?” – деді. “Уа, Алла елшісі, мұндай да бола ма?” – деп сұрағанда: “Иә”, – деп жауап берді».1
Түсіндірме
Руханият гүлденген дәуірде өмір сүріп, ғасырлардан кейін болатын бейберекетсіздіктер мен қоғамдық кемшіліктерді алдын ала көру – Алла жіберген пайғамбарларға тән мұғжиза.
Алла елшісі (с.а.с.) уақыт өте үмбетінің басынан өтетін қиындықтарды ретімен атаған.
1) Жастар пасықтыққа бейімделіп, әйелдер шектен шығады.
2) Жақсылыққа шақыру мен жамандықтан тыю тоқтайды.
3) Жамандыққа шақырып, жақсылықтан тыя бастайды.
4) Жақсылық пен жамандықтың орны ауысады.
Хадистен қоғамның іріп-шіруі мен рухани құндылықтардың әлсіреуі әуелі жастар мен әйелдердің рухани дүниесінен басталатынын аңғаруға болады. Демек, әйелдер мен өсіп келе жатқан жастардың тәрбиесі қоғам үшін айрықша маңызды.
Бұл мәселеге көңіл бөлінбесе, уақыт өте жұрт жақсылық жасауды да, оған шақыруды да қояды. Жақсылыққа шақырушылар азайған сайын жамандыққа шақырушылар көбейеді. Арсыз істер алдымен ашық айтылады, кейін ашық жасала бастайды.
Қоғам бұл дерттің емін таппаса, бара-бара жақсылық пен жамандықтың орны ауысады. Ізгі іс жасағандар айыпталып, жамандық жасағандар жұрттың мақтауына бөленіп, қоғамның қаһармандарына айналады.
Алла елшісінің (с.а.с.) мұғжизасы деп қарастырылған бұл хадистің тағы бір ескерер тұсы бар. Айтылған жайлар мұсылман жұртшылығының басынан өтеді. Бүгінде мұндай көріністер айналамызда да байқала бастады.
- 1Рәзиннен жеткен. Бұл риуаят қысқартылған күйде Әбу Яғланың Муснәдында және Табаранидің әл-Муғжәмул-Әусатында жазылған. Хәйсәми Мәжмауз-Зәуәидта жазып қалдырған (7, 281).