وَعَنْ مُعَاوِيَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: قَامَ فِينَا رَسُولُ اللَّهِ ﷺ فَقَالَ: أَلَا إِنَّ مَنْ كَانَ قَبْلَكُمْ مِنْ أَهْلِ الْكِتَابِ افْتَرَقُوا عَلَى ثِنْتَيْنِ وَسَبْعِينَ مِلَّةً، وَإِنَّ هَذِهِ الْأُمَّةَ سَتَفْتَرِقُ عَلَى ثَلَاثٍ وَسَبْعِينَ فِرْقَةً: ثِنْتَانِ وَسَبْعُونَ فِي النَّارِ، وَوَاحِدَةٌ فِي الْجَنَّةِ، وَهِيَ الْجَمَاعَةُ. أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ. وَزَادَ فِي رِوَايَةٍ: «سَيَخْرُجُ مِنْ أُمَّتِي أَقْوَامٌ تَتَجَارَى بِهِمُ الْأَهْوَاءُ كَمَا يَتَجَارَى الْكَلَبُ بِصَاحِبِهِ لَا يَبْقَى مِنْهُ عِرْقٌ وَلَا مَفْصِلٌ إِلَّا دَخَلَهُ».
Мұғауия (р.а.) жеткізеді: «Алла елшісі (с.а.с.) ортамызда тұрып: “Біліп қойыңдар, сендерден бұрынғы кітап иелері жетпіс екі топқа бөлінген. Бұл үмбет жетпіс үш топқа бөлінеді. Оның жетпіс екісі тозақта, біреуі жәннатта болады. Ол – жамағат”, – деді».1
Әбу Дәуіттің бір риуаятында мына сөздер қосылған: «Үмбетімнен нәпсі қалауы бойын билеген топтар шығады. Құтырма ауруы науқастың бірде-бір тамыры мен буынын қалдырмай жайлағанындай, сол әуестік те олардың бүкіл бойын билейді».
Түсіндірме
«Бидғат» сөзіне бұған дейін тоқталғанбыз. Жалпы бұл атау сүннетте болмаған, кейін пайда болған жаңалықтарға қолданылады. Қоғамның дамуына ілесе туған жаңалықтарға қарсы болмаған ғалымдар да бар. Олар مَنْ سَنَّ سُنَّةً حَسَنَةً «Кім жақсы жол бастаса...» деген хадиске сүйеніп, кейбір жаңалықтарды енгізуге және қолдануға үндеген. Мұны «бидғатул-хасана» (жақсы бидғат) деп атаған. Ал жоғарыдағы хадисте сүннетке қайшы бидғат айтылған. Мұны «бидғатус-сәйиә» (жаман бидғат) дейді.
Мынаған да назар аударайық. Көпшілік бидғатты заттық жаңалықпен шектеп түсінеді. Ал бұл хадис заттық жаңалықты ғана сөз етпейді. Кейіннен пайда болған нанымдар, ой-пікірлер мен өз бетінше шығарылған үкімдер де бидғатқа жатады. Мұндай жаңалық әуелі адамның ойында туып, кейін іс жүзінде көрінеді. Дін ғалымдары әһлі сүннет уәл-жамағаттан тыс ағымдарды әһлі бидғат деп атайды. Мұнда жұрттың сыртқы түрі мен пайдаланған бұйымдарынан гөрі, сенімі мен ұстанымына қарайды.
2. Хадисте бидғат жұққан дененің бірде-бір мүшесін қалдырмай жайлайтын құтырма ауруына теңелген. Осы мысал сүннеттен айныған адамның халін түсіндіреді. Сүннетті тәрк ету рухани дүниесін шайқап, сеніміне селкеу түсіреді, адамды ақиқаттан алыстатады. Сөйтіп, бөтен ойлар мен нәпсі қалауына негізделген діннің жетегінде кетуге жол ашады. Ал сүннет адамның бүкіл тіршілігіне бағыт береді. Киім кию, жүріп-тұру, ішіп-жеу, ұйықтап-тынығу, сөз сөйлеу және ел басқаруға дейін Алла елшісі үлгі көрсеткен.
- 1Әбу Дәуіт, Сүннет 1 (4597).