Хадис

Кутуб ситтә, № 4825

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
739. Бәни Маруан
Нөмірі
№ 4825 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 1
4825
Кутуб ситтә, № 4825 · тараудағы реті: 1

عَنْ سَعِيدِ بْنِ عَمْرِو بْنِ سَعِيدِ بْنِ الْعَاصِ قَالَ: أَخْبَرَنِي جَدِّي قَالَ: كُنْتُ جَالِسًا مَعَ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ فِي مَسْجِدِ النَّبِيِّ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ بِالْمَدِينَةِ وَمَعَنَا مَرْوَانُ. فَقَالَ أَبُو هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ: سَمِعْتُ الصَّادِقَ الْمَصْدُوقَ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ يَقُولُ: هَلَكَةُ أُمَّتِي عَلَى يَدَيْ أُغَيْلِمَةٍ مِنْ قُرَيْشٍ. قَالَ مَرْوَانُ: غِلْمَةً؟ لَعْنَةُ اللَّهِ عَلَيْهِمْ؛ فَقَالَ أَبُو هُرَيْرَةَ: لَوْ شِئْتُ أَنْ أَقُولَ بَنِي فُلَانٍ وَبَنِي فُلَانٍ لَفَعَلْتُ. قَالَ سَعِيدٌ رَحِمَهُ اللَّهُ: فَخَرَجْتُ مَعَ جَدِّي إِلَى الشَّامِ حِينَ مَلَكَهُ بَنُو مَرْوَانَ، فَإِذَا رَآهُمْ غِلْمَانًا أَحْدَاثًا قَالَ: عَسَى أَنْ يَكُونَ هَؤُلَاءِ الَّذِينَ عَنَى أَبُو هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ. فَقُلْتُ: أَنْتَ أَعْلَمُ. أَخْرَجَهُ الْبُخَارِيُّ.

Қазақша аудармасы

Сағид ибн Амр ибн Сағид ибн әл-Ас атасының мына сөзін жеткізген: «Мәдинадағы Пайғамбар мешітінде Әбу Һурайрамен (р.а.) бірге отырдым. Қасымызда Маруан да бар еді. Әбу Һурайра: “Өзі шын сөйлейтін, сөзі расталған Алла елшісінің (с.а.с.) ‘Үмбетім Құрайыштан шыққан бір топ жастың қолынан күйрейді’ дегенін естідім”, – деді. Маруан: “Жастар дейсің бе? Алла оларды лағынет етсін!” – деді. Әбу Һурайра: “Қаласам, олардың қай әулеттен екенін бір-бірлеп айтар едім”, – деді».

Сағид сөзін жалғады: «Бәни Маруан билік құрған кезде атаммен бірге Шамға бардым. Атам олардың жас жігіттерін көріп: “Әбу Һурайра меңзегендер осылар болмасын?” – деді. Мен: “Өзің жақсырақ білесің”, – дедім»1.

Түсіндірме

1. Бұл риуаят Әбу Һурайраның екінші «қоржындағы» біліміне жарық түсіреді. Ол бір риуаятта: «Алла елшісінен (с.а.с.) екі қоржын ілім алдым. Бірін жеткізіп жүрмін. Екіншісін жеткізсем, мойнымды шабар едіңдер», – деген. Әбу Һурайра Алла елшісінен (с.а.с.) бүліктер жайында егжей-тегжейлі білген, бірақ оны жеткізуде аса сақ болған. Осы риуаят оның бүлік шығарушылардың аттарына дейін білгенін көрсетеді.

2. Хадистегі «уғайлима» – «ғилма» сөзінің кішірейту түрі, ал «ғилма» – «ғулам» сөзінің көпшесі. «Ғулам» деп балиғатқа жетпеген ұл баланы айтады. Бұл мағынада «балақайлар» деген сөз шығады. Ибн Хажардың айтуынша, балиғатқа жетсе де, ақыл-пайымы, іс тындыру қабілеті мен діндарлығы кем кісіге «сәби» немесе «ғулайм» деп те айтады. Хадистегі сөз осы мағынада. Ибн Хажар: «Бәни Үмәйя халифаларының ешқайсысы балиғатқа жетпей халифа болмаған. Олар қызметке қойғандардың арасында да балиғатқа жетпегендер жоқ. Демек, “уғайлима” деп халифа болған кей кісілердің бұзғыншылыққа себепкер ұлдары айтылған», – дейді.

3. Хадистегі «үмбет» сөзі сол дәуірде өмір сүрген үмбетке қатысты.

Хадистің мәнін Әбу Һурайраның Ибн Әбу Шәйба жеткізген мына марфуғ риуаяты аша түседі: «Жас балалардың билігінен Аллаға сыйынамын». «Жас балалардың билігі деген не?» – деп сұрағанда: «Оларға бағынсаңдар, діндеріңе зиян келеді. Қарсы шықсаңдар, өздеріңді құртады: малдарыңды, жандарыңды немесе екеуін де алады», – деген. Ибн Әбу Шәйба мына риуаятты да келтіреді: «Әбу Һурайра базар аралап жүріп: “Уа, Аллам, маған һижраның алпысыншы жылын да, жас балалардың билігін де көрсете көрме”, – деп дұға ететін».

Ибн Хажар былай дейді: «Бұл риуаятта сол жастардың алғашқысы һижраның алпысыншы жылы билікке келеді деген ишара бар. Солай болды да. Язид ибн Муғауия сол жылы халифалықты алып, һижраның алпыс төртінші жылына дейін билік етті. Ол қайтыс болған соң ұлы Муғауия халифа болып, бірнеше айдан кейін дүние салды. Язидтің ісі Әбу Һурайраның хабарын қуаттай түседі. Язид ірі өңірлердегі жасы үлкен басшыларды қызметтен алып, орындарына өзіне жақын жастарды қойды. Сөйтіп, билік басындағыларды жасартты».

4. Бұл риуаят Әбу Зурғаның Әбу Һурайрадан жеткізген «Жұртты Құрайыштың мына бір тармағы күйретеді» деген хадисінің кімдерге қатысты екенін айқындайды. Мұнда Құрайыштың бәрі емес, олардың арасындағы жастардың бір бөлігі меңзелген. Олар билікке таласып, соғыс ашады, жұрттың жағдайын нашарлатып, бірінен соң бірі келген бүліктен зардап шеккендерді көбейтеді. Оқиға Алла елшісі (с.а.с.) хабарлағандай болды. Жоғарыдағы хадистің жалғасында «Жұрт олардан аулақ жүрсе, өздеріне жақсы болады» делінген. Алла елшісі (с.а.с.) осындай бүліктен шет қалуға кеңес берген. Ибн Хажар мұны «Олардың ісіне араласпау, олармен шайқасқа түспеу, дінін бүліктен аман алып шығу» деп түсіндіреді. Осы хадистен күнә ашық жасалған мекеннен көшу мұстахаб деген үкім шыққан. Өйткені ол жерде қалу жұртқа ортақ апат әкелетін бүлікке ұрындыруы мүмкін. Имам Мәлик: «Бір жерде жамандық ашық жасалса, ол жерден кетеді», – деген.

5. Ибн Баттал былай дейді: «Бұл хадисте залым басшыға да қарсы шықпау керегіне дәлел бар. Алла елшісі (с.а.с.) Әбу Һурайраға олардың және әкелерінің атын білдірген. Үмбет сол басшылардың қолынан күйрейтінін хабарласа да, оларға қарсы шығуды бұйырмаған. Өйткені қарсы шығудың зардабы бағынудың зардабынан асып, елді түгел күйретуі мүмкін. Осылайша екі жамандықтың жеңілі, екі қиындықтың оңайы таңдалған».

Ибн Хажар соңында былай дейді: «Маруанның өзінің ұрпағы бола тұра, сол “жастарға” лағынет айтуы таңғаларлық. Алла тағала олардың өздеріне қарсы күштірек дәлел болсын, бәлкім, ғибрат алар деп, мұны Маруанның аузымен айтқызғандай». Ибн Хажар Маруанның әкесі Хакамның да лағынет айтқаны Табарәниде және басқа еңбектерде риуаят етілгенін жеткізеді.

  1. 1Бұхари, «Фитән», 3 (7058), «Манақиб», 25 (3605).