وَعَنْهُ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: يَعْرِقُ النَّاسُ يَوْمَ الْقِيَامَةِ حَتَّى يَذْهَبَ عَرَقُهُمْ فِي الْأَرْضِ سَبْعِينَ ذِرَاعًا، وَإِنَّهُ يُلْجِمُهُمْ حَتَّى يَبْلُغَ آذَانَهُمْ. أَخْرَجَهُ الشَّيْخَانِ.
Әбу Һурайра (р.а.) Алла елшісінің (с.а.с.) мына сөзін жеткізген: «Қиямет күні адамдардың қатты терлейтіні сонша, тері жерге жетпіс шынтақ бойы сіңеді. Тері құлақтарына дейін көтеріліп, оларды ауыздықтайды»1.
Түсіндірме
Қиямет күні есеп беретін адамның халі жайында түрлі хадис жеткен. Бірқатары сол күнгі терді сипаттайды. Жоғарыдағы хадисте есептің ауырлығынан аққан тердің жерге жетпіс шынтақ бойы сіңетіні, жер үстінде де адамдардың құлағына жетіп, сөйлей алмайтындай халге түсіретіні айтылады.
Ғалымдар бұл жерде әркімнің өз тері айтылған ба, әлде жұрттың тері қосылып аққаны ма деген мәселені талқылаған. Қади Ияд былай дейді: «Адам басына түскен істің ауырлығынан терлейді. Сонымен бірге сөз адамның өз тері мен басқаның теріне де қатысты болуы мүмкін. Содан біреуі көбірек, біреуі азырақ қиналады. Жұрт бір-біріне тығыз сығылысып тұрғанда, тер әуелі жерге жетпіс шынтақ бойы сіңеді де, кейін жер бетіне жайылып, бір арнаға қосылады. Судың әуелі топыраққа сіңіп, кейін саймен аққаны сияқты».
Ибн Хажар бұл оқиғаны басқа хадиспен түсіндіреді: «Қиямет күні күн жерге бір милдей жақындайды. Адамдарды тер басады. Бірінің тері өкшесіне, бірінің сирағының ортасына, енді бірінің құйымшағына, бүйрегіне, иығына дейін жетеді. Кейбірінің тері аузына дейін көтеріледі». Мұны айтқанда Алла Елшісі (с.а.с.) қолымен көрсеткен. «Тер аузына дейін жеткен адам ауыздықталғандай күйде болады. Кейбірін тер түгел басып қалады». Мұны айтқанда ол қолымен төбесін көрсеткен. Кейбір риуаятта есептің ауырлығы соншалық, адамдардың: «Уа, Раббымыз, тозаққа жіберсең де, мына алапаттан құтқар!» – деп жалбарынатыны айтылады. Мүслімдегі риуаят бойынша, тердің мөлшері адамның амалына қарай болады.
Бір хадисте осы күтудің қырық жылға, басқа нұсқаларда жарты күнге немесе дүниенің есебімен елу мың жылға созылатыны айтылады. Мүмінге сол күн күннің батуы секілді жеңіл өтеді деген риуаят та бар.
Бәйхақи келтірген бір риуаятта бұл қасірет кәпірлерге тән екені айтылады.
عَنْ عَبْدِ اللَّهِ بْنِ عَمْرِو بْنِ الْعَاصِ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: يَشْتَدُّ كَرْبُ ذَلِكَ الْيَوْمِ حَتَّى يُلْجِمَ الْكَافِرَ الْعَرَقُ. قِيلَ لَهُ: فَأَيْنَ الْمُؤْمِنُونَ؟ قَالَ: عَلَى الْكَرَاسِيِّ مِنْ ذَهَبٍ، وَيُظَلِّلُ عَلَيْهِمُ الْغَمَامُ.
Абдулла ибн Амр ибн әл-Ас (Алла екеуіне разы болсын) былай деген: «Сол күннің қасіреті күшейіп, тер кәпірді ауыздықтайды». Одан: «Мүміндер қайда болады?» – деп сұрағанда: «Олар алтын орынтақтарда отырады, бұлттар оларға сая болады», – деп жауап берген.
Кейбір риуаятта мүміндерге амалдары сая болатыны айтылған. Басқа риуаяттарда күн адамдарға екі садақ бойындай жақындаса да, сол ыстықтың иманы кәміл мүміндерге қиындық туғызбайтыны баяндалған.
Есеп күні ұзақ әрі ауыр. Дегенмен мүміндер амалына қарай сол қиындықты әртүрлі дәрежеде өткереді. Ибн Әбу Жамра бұл хадисте сөз жалпы адамдарға қарата айтылғанымен, өзге хадистер қиындықтың жұрттың бір бөлігіне тән екенін көрсетеді дейді. Пайғамбарлар, шейіттер және Алла қалаған өзге кісілер бұдан тыс қалады. Ең ауырын кәпірлер, кейін ауыр күнә жасағандар, содан кейін қалғандары көреді. Бұл күйге ұшырайтын мүміндер кәпірлерге қарағанда аз болады.
«Бірінің тері тобығына да жетпесе, адамдардың бәрі қалай құлағына дейін терге малшынады?» деген сияқты сұрақтарға Ибн Әбу Жамра мұның ақыретке қатысты ғайып ісі екенін айтып жауап береді. Оны ақылмен түгел түсіндіру қиын, иманы берік адам хабарға сенеді. Содан кейін ғалым былай дейді: «Алдын ала хабар берудегі мақсат – адамдарды сақтандыру, мұндай халге түспеудің қамын қылуға, ізгі амал істеуге, күнәға тәубе етуге, кешірімді Жаратушыға жалбарынып, оттан сақтауды, жәннатын нәсіп етуді тілеуге шақыру».
- 1Бұхари, «Риқақ», № 6532. Мүслим, «Жәннат», № 2863. Мүслимдегі нұсқада өлшем «бағ» (құлаш) деп берілген.