عَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: مَنْ كَانَتْ عِنْدَهُ مَظْلَمَةٌ لِأَخِيهِ مِنْ عِرْضِهِ أَوْ شَيْءٍ مِنْهُ فَلْيَتَحَلِّلْهُ مِنْهُ الْيَوْمَ مِنْ قَبْلِ أَنْ لَا يَكُونَ دِينَارٌ وَلَا دِرْهَمٌ، إِنْ كَانَ لَهُ عَمَلٌ صَالِحٌ أُخِذَ مِنْهُ بِقَدْرِ مَظْلَمَتِهِ، وَإِنْ لَمْ تَكُنْ لَهُ حَسَنَاتٌ أُخِذَ مِنْ سَيِّئَاتِ صَاحِبِهِ فَحُمِلَ عَلَيْهِ. أَخْرَجَهُ الْبُخَارِيُّ وَالتِّرْمِذِيُّ.
Әбу Һурайра (р.а.) Алла елшісінің (с.а.с.) мына сөзін жеткізген: «Кімде-кім бауырының ар-намысына тисе немесе оған өзге қиянат жасаса, динар да, дирһам да болмайтын күн келмей тұрып, бүгін-ақ одан кешірім сұрап, ақысын өтесін. Әйтпесе оның ізгі амалдарынан қиянатының мөлшеріне сай алынады. Егер ізгі амалы болмаса, жәбірленген адамның күнәсінен алынып, оған жүктеледі»1.
Түсіндірме
Хадис мүмінге бауырына қиянат жасамауды, ал қиянат жасаған болса, кешірім сұрап, ақысын өтеуді өсиет етеді. «Ар-намыс» адамның рухани қадіріне тиетін қиянатты қамтиды. «Өзге қиянат» дегенге мүлікке қол сұғу, денесін жаралау, тіпті шапалақпен ұру да кіреді. Тирмизидегі нұсқада «ар-намыс пен дүние-мүлік» деп нақтыланған.
Мүслімде осы мағына былай жеткен: «Үмбетімнің тақырға отырған адамы (муфлис) қиямет күні намазымен, оразасымен және зекетімен келеді. Алайда ол біреуді балағаттаған, біреуге жала жапқан, біреудің ақысын жеген, біреудің қанын төккен, біреуді ұрған болады. Ізгі амалдары солардың әрқайсысына үлестіріледі. Мойнындағы ақы өтелмей тұрып сауаптары таусылса, жәбірленгендердің күнәлары алынып, оған жүктеледі. Содан кейін ол тозаққа тасталады».
Бұл хадис «Бір күнәһардың күнәсі басқаға артылмайды»2 деген аятқа қайшы келмейді. Өйткені ол дүниеде өзі жасаған қиянаты үшін жауап береді. Алла әділетімен оның сауабын ақы иелеріне береді.
Хумайди «Китабул-мууазана» еңбегінде былай дейді: «Адамдар үшке бөлінеді:
• Жақсылығы жамандығынан басым түскендер.
• Жамандығы жақсылығынан басым түскендер.
• Жақсылығы мен жамандығы тең түскендер.
Құранның айқын үкіміне сай, бірінші топ мұратына жетеді.
Екінші топтағылар күнәсінің аз-көбіне қарай азап шегеді. Оның мерзімі сур үрленгеннен бастап тозақтан ең соңғы адам шыққанға дейін созылуы мүмкін.
Үшінші топ – ағрафтағылар. Ағраф – жәннат пен тозақтың арасындағы мекен».
Кей ғалымдар бұл пікірді талдап, екінші топты «Алла азаптауды қалағандар» деп шектеу, ал үшінші топ жөніндегі тұжырымды «үш пікірдің ішіндегі ең қуаттысы» деп көрсету керек еді деген.
Хумайди жамандығы басым түскендерді де екіге бөледі: азап көріп, шапағатпен оттан құтылғандар және күнәсі кешіріліп, азап шекпегендер.