Хадис

Кәусар хауызы, Мизан және Сират

Кутуб ситтә, 11-том, 807-тарау · 9 хадис · № 5080–5088

ҚИЯМЕТ ЖӘНЕ СОҒАН ҚАТЫСТЫ МӘСЕЛЕЛЕР

Хадистер

5080
Кутуб ситтә, № 5080 · тараудағы реті: 1Риуаят етуші: Әбу Зәрр (р.а.)

عَنْ أَبِي ذَرٍّ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: قُلْتُ يَا رَسُولَ اللَّهِ! مَا آنِيَةُ الْحَوْضِ؟ قَالَ: وَالَّذِي نَفْسِي بِيَدِهِ آنِيَتُهُ أَكْثَرُ مِنْ عَدَدِ نُجُومِ السَّمَاءِ وَكَوَاكِبِهَا فِي اللَّيْلَةِ الْمُظْلِمَةِ الْمُصْحِيَةِ. آنِيَةُ الْجَنَّةِ، مَنْ شَرِبَ مِنْهَا لَمْ يَظْمَأْ آخِرَ مَا عَلَيْهِ. يَشْخُبُ فِيهِ مَيْزَابَانِ مِنَ الْجَنَّةِ. عَرْضُهُ مِثْلُ طُولِهِ، مَا بَيْنَ عَمَّانَ إِلَى أَيْلَةَ، وَمَاؤُهُ أَشَدُّ بَيَاضًا مِنَ اللَّبَنِ، وَأَحْلَى مِنَ الْعَسَلِ. أَخْرَجَهُ مُسْلِمٌ وَالتِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Әбу Зәрр (р.а.) былай дейді: «Уа, Алланың елшісі, хауыздың ыдыстары қандай?» – деп сұрадым. Ол: «Жаным қолында болған Аллаға ант етемін, оның ыдыстары бұлтсыз қараңғы түндегі жұлдыздар мен аспан шырақтарынан да көп. Олар – жәннаттың ыдыстары. Кім содан ішсе, енді шөлдемейді. Хауызға жәннаттан екі науа арқылы су сарқырап құйылады. Оның ені мен ұзындығы бірдей, Амман мен Әйла арасындай. Суы сүттен ақ, балдан тәтті», – деді1.

  1. 1Мүслим, «Фазаил», № 2300. Тирмизи, «Қиямет», № 2445.
5081
Кутуб ситтә, № 5081 · тараудағы реті: 2Риуаят етуші: Сәмура ибн Жундуб (р.а.)

وَعَنْ سَمُرَةَ بْنِ جُنْدُبٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: إِنَّ لِكُلِّ نَبِيٍّ حَوْضًا تَرِدُهُ أُمَّتُهُ، وَإِنَّهُمْ يَتَبَاهَوْنَ أَيُّهُمْ أَكْثَرُ وَارِدَةً، وَإِنِّي أَرْجُو أَنْ أَكُونَ أَكْثَرَهُمْ وَارِدَةً. أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Сәмура ибн Жүндуб (р.а.) Алла елшісінің (с.а.с.) мына сөзін жеткізген: «Әр пайғамбардың үмбеті келетін хауызы бар. Пайғамбарлар хауыздарына келетіндердің көптігімен мақтанады. Хауызға келетін үмбеті ең көп пайғамбар мен боламын деп үміт етемін»1.

Түсіндірме

Хадисте ақыретте әр пайғамбардың өз хауызы болатыны айтылған. Үмбеті сол хауызға келіп, суынан ішеді. Хауызға келетіндер қанша көп болса, үмбетінің де сонша көп болғаны. Пайғамбарлар осыны мақтаныш етеді. Алла Елшісі (с.а.с.) өз үмбетінің көп болуын тілеп, соны өзге пайғамбарлардың алдында мақтан етуден үміттенген.

Әли әл-Қари былай түсіндіреді: «Алла Елшісі (с.а.с.) бұл үмітін жәннатта өзінің үмбеті сексен сап, ал басқа үмбеттер қырық сап құрайтынын уахи арқылы білгенге дейін айтса керек».

  1. 1Тирмизи, «Қиямет», № 2443.
5082
Кутуб ситтә, № 5082 · тараудағы реті: 3Риуаят етуші: Әнәс (р.а.)

وَعَنْ أَنَسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: سُئِلَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: مَا الْكَوْثَرُ؟ قَالَ: نَهْرٌ فِي الْجَنَّةِ أَعْطَانِيهِ اللَّهُ، أَشَدُّ بَيَاضًا مِنَ اللَّبَنِ، وَأَحْلَى مِنَ الْعَسَلِ، فِيهِ طَيْرٌ أَعْنَاقُهَا كَأَعْنَاقِ الْجَزُورِ. فَقَالَ عُمَرُ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ: إِنَّ هَذِهِ لَنَاعِمَةٌ. فَقَالَ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: أَكَلَتُهَا أَنْعَمُ مِنْهَا. أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Әнәс (р.а.) былай жеткізген: «Алла елшісінен (с.а.с.): “Кәусар деген не?” – деп сұрағанда, ол: “Алла маған берген жәннаттағы өзен. Суы сүттен ақ, балдан тәтті. Онда мойындары түйенің мойнындай құстар бар”, – деді. Омар: “Ол құстар қандай рақатта!” – деді. Алла елшісі (с.а.с.): “Сол құстардың етінен жейтіндер одан да зор рақатта”, – деді»1.

Түсіндірме

Хадисте жәннаттағы Кәусар өзенінің маңын мекендейтін құстар сипатталған. Олардың мойны түйенің мойнына ұқсайды. Жәннаттықтар сол құстардың етінен дәм татады. Ахмад ибн Ханбал келтірген бір нұсқада толығырақ айтылған. Алла Елшісі (с.а.с.): «Жәннат құстары түйеге ұқсайды, жәннат ағаштарынан қоректенеді», – дегенде, Әбу Бәкір: «Уа, Алланың Елшісі, бұл құстар зор рақатта екен!» – дейді. Алла Елшісі (с.а.с.): «Олардың етінен жейтіндер одан да зор рақатта», – деп үш рет қайталайды да: «Дәм тататындардың бірі өзің боларсың деп үміттенемін», – дейді.

  1. 1Тирмизи, «Жәннаттың сипаты», № 2542.
5083
Кутуб ситтә, № 5083 · тараудағы реті: 4Риуаят етуші: Жундуб (р.а.)

وَعَنْ جُنْدُبٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: أَنَا فَرْطُكُمْ عَلَى الْحَوْضِ. أَخْرَجَهُ الشَّيْخَانِ.

Қазақша аудармасы

Жүндуб (р.а.) Алла елшісінің (с.а.с.) мына сөзін жеткізген: «Хауыз басына сендерден бұрын барамын»1.

  1. 1Бұхари, «Риқақ», 53-тарау. Мүслим, «Фазаил», № 2289.
5084
Кутуб ситтә, № 5084 · тараудағы реті: 5Риуаят етуші: Ибн Мәсғуд (р.а.)

وَعَنِ ابْنِ مَسْعُودٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: أَنَا فَرْطُكُمْ عَلَى الْحَوْضِ، وَلَيُرْفَعَنَّ إِلَيَّ رِجَالٌ مِنْكُمْ حَتَّى إِذَا أَهْوَيْتُ إِلَيْهِمْ لِأُنَاوِلَهُمُ اخْتُلِجُوا دُونِي. فَأَقُولُ: أَيْ رَبِّ أَصْحَابِي. فَيُقَالُ: إِنَّكَ لَا تَدْرِي مَا أَحْدَثُوا بَعْدَكَ. فَأَقُولُ: سُحْقًا، سُحْقًا لِمَنْ بَدَّلَ بَعْدِي. أَخْرَجَهُ الشَّيْخَانِ.

Қазақша аудармасы

Ибн Мәсғуд (р.а.) Алла елшісінің (с.а.с.) мына сөзін жеткізген: «Хауыз басына сендерден бұрын барамын. Араларыңнан біраз адам маған көрсетіледі. Оларға су ұсынбақ болып қол созғанымда, оларды алдымнан әкетеді. Сонда: “Уа, Раббым, бұлар менің серіктерім ғой!” – деймін. Маған: “Сенен кейін олардың не істегенін білмейсің”, – делінеді. Сонда: “Менен кейін өзгерткендер аулақ кетсін, аулақ кетсін!” – деймін»1.

  1. 1Бұхари, «Риқақ», № 6576 және «Фитән», № 7049. Мүслим, «Фазаил», № 2297. Соңғы «Аулақ кетсін» сөзі осы тақырыптағы өзге риуаяттарда да келген (Бұхари, № 6583).
5085
Кутуб ситтә, № 5085 · тараудағы реті: 6

وَفِي أُخْرَى لِمُسْلِمٍ، عَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ: تَرِدُ أُمَّتِي عَلَيَّ الْحَوْضَ، وَأَنَا أَذُودُ النَّاسَ عَنْهُ كَمَا يَذُودُ الرَّجُلُ إِبِلَ الرَّجُلِ عَنْ إِبِلِهِ. قَالُوا: يَا رَسُولَ اللَّهِ أَتَعْرِفُنَا؟ قَالَ: نَعَمْ، لَكُمْ سِيمَا لَيْسَتْ لِأَحَدٍ غَيْرِكُمْ، تَرِدُونَ عَلَيَّ غُرًّا مُحَجَّلِينَ مِنْ آثَارِ الْوُضُوءِ، وَلَيُصَدَّنَّ عَنِّي طَائِفَةٌ مِنْكُمْ فَلَا يَصِلُونَ إِلَيَّ، فَأَقُولُ: يَا رَبِّ أَصْحَابِي أَصْحَابِي؟ فَيُجِيبُنِي مَلَكٌ، فَيَقُولُ: وَهَلْ تَدْرِي مَا أَحْدَثُوا بَعْدَكَ؟ وَفِي أُخْرَى: وَإِنَّ حَوْضِي أَبْعَدُ مِنْ أَيْلَةَ إِلَى عَدَنَ، لَهُوَ أَشَدُّ بَيَاضًا مِنَ الثَّلْجِ وَأَحْلَى مِنَ الْعَسَلِ بِاللَّبَنِ، وَآنِيَتُهُ أَكْثَرُ مِنْ عَدَدِ النُّجُومِ.

Қазақша аудармасы

Мүслим келтірген басқа нұсқада Әбу Һурайра (р.а.) Алла елшісінің (с.а.с.) мына сөзін жеткізген: «Үмбетім хауыз басына келеді. Кісі өз түйелерінің арасынан бөтен түйелерді қуғандай, мен де хауыздан кей адамдарды алыстатамын». Отырғандар: «Уа, Алланың елшісі, бізді танисыз ба?» – деді. Ол: «Иә, сендерде өзгелерде жоқ белгі бар. Дәреттің әсерінен маңдайларың мен қол-аяқтарың жарқыраған күйде маған келесіңдер. Алайда араларыңдағы бір топты менен алыстатады, олар маған жете алмайды. Сонда: “Уа, Раббым, менің серіктерім, менің серіктерім ғой!” – деймін. Бір періште: “Сенен кейін олардың қандай жаңалықтар енгізгенін білесің бе?” – деп жауап береді», – деді1.

Басқа риуаятта: «Хауызым Әйла мен Аденнің арасынан да кең. Суы қардан ақ, сүт араласқан балдан тәтті. Ыдыстары жұлдыздардан да көп», – делінген.

  1. 1Мүслим, «Таһарат», № 247а–б.
5086
Кутуб ситтә, № 5086 · тараудағы реті: 7Риуаят етуші: Зәйд ибн Арқам (р.а.)

وَعَنْ زَيْدِ بْنِ أَرْقَمَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: مَا أَنْتُمْ جُزْءٌ مِنْ مِائَةِ أَلْفِ جُزْءٍ مِمَّنْ يَرِدُ عَلَيَّ الْحَوْضَ. قِيلَ: كَمْ كُنْتُمْ يَوْمَئِذٍ؟ قَالَ: سَبْعَمِائَةٍ أَوْ ثَمَانَمِائَةٍ. أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ.

Қазақша аудармасы

Зәйд ибн Әрқам (р.а.) Алла елшісінің (с.а.с.) мына сөзін жеткізген: «Сендер хауыз басына маған келетіндердің жүз мыңнан бір бөлігіне де жетпейсіңдер». Зәйдтен: «Ол күні қанша едіңдер?» – деп сұрады. Ол: «Жеті жүз немесе сегіз жүз едік», – деді1.

Түсіндірме

1. Әбу Дәуіттегі нұсқада Зәйд былай дейді: «Алла Елшісімен (с.а.с.) бірге келе жатып, бір жерге аялдадық. Сонда ол осы сөзді айтты». Бұл қосымша «Ол күні қанша едіңдер?» деген сұраққа Зәйдтің неліктен нақты санмен жауап бергенін ұғындырады. Онсыз сұрақ сол кездегі барша мұсылманның саны жайында қойылғандай көрінер еді, ал жауабы оған жеткіліксіз. Алла Елшісі (с.а.с.) бұл жерде нақты санды көрсету үшін емес, хауызға келетіндердің өте көп болатынын аңғарту үшін солай айтқан болуы да мүмкін.

2. Алдыңғы жеті хадис ақыреттегі хауыз жайында әр қырынан хабар береді. Ол Кәусар деп те аталады. Бұл түсіндірмеде Құранның «Кәусар» сүресіндегі атау осы хауызды да қамтиды деп қаралады. Кәусар – көптеген сахаба жеткізген, мүтауатир дәрежесіне жеткен ғайып ақиқаты. Оған иман келтіру қажет. Кей дерекке қарағанда, оны риуаят еткен сахабалардың саны елуден асады.

Алла Елшісіне (с.а.с.) «Кәусар» сүресінің түсуі – өзге пайғамбарлардан айрықша берілген құрмет. Риуаяттарда жәннаттағы Кәусар мен оның ыдыстары қазірдің өзінде жаратылғаны айтылады. Кәусар Сираттан бұрын ба, кейін бе деген пікірталасқа жоғарыда тоқталдық. Құп көрілген пікір бойынша, Кәусар екеу: бірі жәннат ішінде, екіншісі Сираттан бұрын, махшар алаңында.

№5081 хадисте әр пайғамбардың өз хауызы болатыны айтылған. Бұл түсіндірме бойынша, олардың ешқайсысы Алла Елшісінің (с.а.с.) Кәусарына тең келмейді.

Кәусар – осы түсіндіру бойынша, үмбет Сираттан өткен соң жиналып, Алла Елшісімен (с.а.с.) кездесетін жер. Ол сол жерге келген біраз адамның кейін қайтарылатынын айтқан (№5085). Олардың кім екені жөнінде бірнеше пікір бар. Бірі екіжүзділер мен діннен шыққандар десе, екіншісі Алла Елшісінің (с.а.с.) тұсында мүмін болып, кейін діннен тайғандарды атайды. Хаттабидің айтуынша, діннен шыққандар сахабалардан емес, шөлейтті мекендеген арабтардан болған. Тағы бір пікірде иманды күйде дүние салған ауыр күнә иелері және бидғаты күпірлікке жетпеген адамдар меңзелген.

Хауыздан қайтарылғандардың бәрі тозаққа барады деген анық үкім жоқ. Күнәсі үшін хауызға жолатылмаған адам Алланың рақымына бөленіп, жәннатқа кіруі де мүмкін.

Ибн Абдулбәрр хауыздан қайтарылатындардың қатарына харижиттерді, рафизилерді, дінге бидғат енгізгендерді, зұлымдықта шектен шыққандарды, біреудің ақысын әділетсіз жегендерді және ауыр күнәні ашық істегендерді жатқызған.

Олардың хауызға дейін жақындауы оқыған намазының және маңдайы мен дәретте жуылған мүшелерінен көрінетін нұрдың арқасы деп түсіндірілген.

  1. 1Әбу Дәуіт, «Сүннет», № 4746. Бұл дереккөзде рауи – Зәйд ибн Әрқам (р.а.). Жанан жинағында есімі Язид деп берілген.
5087
Кутуб ситтә, № 5087 · тараудағы реті: 8Риуаят етуші: Әнәс (р.а.)

وَعَنْ أَنَسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: قُلْتُ: اشْفَعْ لِي يَا رَسُولَ اللَّهِ يَوْمَ الْقِيَامَةِ. قَالَ: أَنَا فَاعِلٌ إِنْ شَاءَ اللَّهُ. قُلْتُ: فَأَيْنَ أَطْلُبُكَ؟ قَالَ: اطْلُبْنِي أَوَّلَ مَا تَطْلُبُنِي عَلَى الصِّرَاطِ. قُلْتُ: فَإِنْ لَمْ أَلْقَكَ عَلَى الصِّرَاطِ؟ قَالَ: فَاطْلُبْنِي عِنْدَ الْمِيزَانِ. قُلْتُ: فَإِنْ لَمْ أَلْقَكَ عِنْدَ الْمِيزَانِ؟ قَالَ: فَاطْلُبْنِي عِنْدَ الْحَوْضِ، فَإِنِّي لَا أُخْطِئُ هَذِهِ الثَّلَاثَ الْمَوَاطِنَ. أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Әнәс (р.а.) былай дейді: «“Уа, Алланың елшісі, Қиямет күні маған шапағат етіңізші”, – дедім. Ол: “Алла қаласа, шапағат етемін”, – деді. “Сізді қай жерден іздеймін?” – деп сұрадым. Ол: “Мені әуелі Сираттан ізде”, – деді. “Ол жерден таба алмасам ше?” – дедім. “Таразының жанынан ізде”, – деді. “Ол жерден де таппасам ше?” – дедім. “Хауыз басынан ізде. Осы үш орынның бірінен міндетті түрде табасың”, – деді1».

Түсіндірме

1. Басқа хадистерде Алла Елшісінің (с.а.с.) бүкіл үмбетіне ортақ шапағаты айтылған. Әнәс (р.а.) бұл жерде өзіне арнайы шапағат сұраған болса керек.

2. Тиби Әнәс: «Қай сын сағатта шапағатыңызға көбірек мұқтаж боламын?» – дегенді меңзеген болар деп жорамалдайды. Бұл түсінік бойынша, Алла Елшісі (с.а.с.) оның шапағатқа мұқтаж болатын үш орнын атаған: Сират, таразының жаны және хауыздың басы. Ақыреттегі ең қатерлі сәттердің осы жерлерде өтетінін ескерсек, Тибидің пайымы көңілге қонымды. Алдыңғы хадисте хауыздан адамдардың мал айдағандай қуылатыны айтылды. Келесі риуаятта Алла Елшісі (с.а.с.) осы үш орынға назар аударады. Айша (р.а.): «Қиямет күні отбасыңызды еске аласыз ба?» – деп сұрағанда, ол: «Үш жерде ешкім ешкімді еске алмайды», – деген.

Кейбір ғалымдар Айша (р.а.) мен Әнәс (р.а.) жеткізген хадистерді былай үйлестіреді: Алла Елшісі (с.а.с.) жұбайлары өздерін ерекше қамқорлыққа иеміз деп ойлап, құлшылықта босаңсып қалмауы үшін Айшаға осылай жауап берген. Әнәсті үмітсіз қалдырмау үшін оған өзге жауап айтқан.

3. Хадисте әуелі Сират, содан кейін таразы, соңында хауыз аталады. Кей риуаятқа қарағанда, хауыз Сираттан бұрын болады. Құртуби мұны Алла Елшісінің (с.а.с.) екі хауызы бар деп түсіндірген. Бірі мауқыфта, Сираттан бұрын, екіншісі жәннатта. Екеуі де Кәусар аталады. Ибн Хажар бұл пікірді құптамаған.

  1. 1Тирмизи, «Қиямет», № 2433.
5088
Кутуб ситтә, № 5088 · тараудағы реті: 9Риуаят етуші: Айша (р.а.)

وَعَنْ عَائِشَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا قَالَتْ: ذَكَرْتُ النَّارَ فَبَكَيْتُ. فَقَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: مَا يَبْكِيكِ؟ قُلْتُ: ذَكَرْتُ النَّارَ فَبَكَيْتُ. فَهَلْ تَذْكُرُونَ أَهْلِيكُمْ يَوْمَ الْقِيَامَةِ؟ قَالَ: أَمَّا فِي ثَلَاثَةِ مَوَاطِنَ فَلَا يَذْكُرُ أَحَدٌ أَحَدًا: عِنْدَ الْمِيزَانِ، حَتَّى يَعْلَمَ أَيَخِفُّ مِيزَانُهُ أَمْ يَثْقُلُ، وَعِنْدَ تَطَايُرِ الصُّحُفِ، حَتَّى يَعْلَمَ أَيْنَ يَقَعُ كِتَابُهُ، فِي يَمِينِهِ أَمْ فِي شِمَالِهِ أَمْ مِنْ وَرَاءِ ظَهْرِهِ. وَعِنْدَ الصِّرَاطِ إِذَا وُضِعَ بَيْنَ ظَهْرَانَيْ جَهَنَّمَ، حَتَّى يَجُوزَ. أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ.

Қазақша аудармасы

Айша (р.а.) былай дейді: «Тозақты ойлап жыладым. Алла елшісі (с.а.с.): “Неге жылайсың?” – деп сұрады. “Тозақты ойлап жыладым. Қиямет күні отбастарыңызды еске аласыздар ма?” – дедім. Ол: “Үш жерде ешкім ешкімді еске алмайды: таразының басында таразысы жеңіл ме, ауыр ма, соны білгенше, амал дәптерлері ұшқанда, дәптері оң қолына ма, сол қолына ма, әлде ту сыртынан ба, қай тұстан берілетінін білгенше және тозақтың үстіне құрылған Сираттан өтіп болғанша”, – деді»1.

Түсіндірме

Ғайып ақиқаттарының бірі – мизан, амал таразысы. Оған сену – ақыретке иманның бір бөлігі. Әһлі сүннет уәл-жамағат ғалымдары мизанның ақиқат екеніне бірауыздан келіскен. Мұны хадистер де, Құран да растайды. Аятта: «Қиямет күні сол күнге тән дәл тартатын әділет таразыларын құрамыз да, адамдардың дүниедегі істерін түгелдей тартамыз. Ол күні ешбір жанға титтей де әділетсіздік жасалмайды. Істелген (жақсы-жаман) іс қышаның дәнегіндей мысқалдай болса-дағы оны таразыға тартамыз. Біз жауапқа тартушылар ретінде жеткіліктіміз (яғни Біздің жауапқа тартқанымыз әбден жеткілікті болады)»2, – делінген.

Мизан қиямет күні құрылады. Оған пенделердің амал дәптерлері тартылады. Таразының бір басына жақсылық, екіншісіне жамандық салынады. Хасан Басриден жеткен бір хабарда таразының тілі де болатыны айтылған.

  1. 1Әбу Дәуіт, «Сүннет», № 4755.
  2. 2«Әнбия» сүресі, 47-аят.