وَعَنْ أَنَسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: قُلْتُ: اشْفَعْ لِي يَا رَسُولَ اللَّهِ يَوْمَ الْقِيَامَةِ. قَالَ: أَنَا فَاعِلٌ إِنْ شَاءَ اللَّهُ. قُلْتُ: فَأَيْنَ أَطْلُبُكَ؟ قَالَ: اطْلُبْنِي أَوَّلَ مَا تَطْلُبُنِي عَلَى الصِّرَاطِ. قُلْتُ: فَإِنْ لَمْ أَلْقَكَ عَلَى الصِّرَاطِ؟ قَالَ: فَاطْلُبْنِي عِنْدَ الْمِيزَانِ. قُلْتُ: فَإِنْ لَمْ أَلْقَكَ عِنْدَ الْمِيزَانِ؟ قَالَ: فَاطْلُبْنِي عِنْدَ الْحَوْضِ، فَإِنِّي لَا أُخْطِئُ هَذِهِ الثَّلَاثَ الْمَوَاطِنَ. أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ.
Әнәс (р.а.) былай дейді: «“Уа, Алланың елшісі, Қиямет күні маған шапағат етіңізші”, – дедім. Ол: “Алла қаласа, шапағат етемін”, – деді. “Сізді қай жерден іздеймін?” – деп сұрадым. Ол: “Мені әуелі Сираттан ізде”, – деді. “Ол жерден таба алмасам ше?” – дедім. “Таразының жанынан ізде”, – деді. “Ол жерден де таппасам ше?” – дедім. “Хауыз басынан ізде. Осы үш орынның бірінен міндетті түрде табасың”, – деді1».
Түсіндірме
1. Басқа хадистерде Алла Елшісінің (с.а.с.) бүкіл үмбетіне ортақ шапағаты айтылған. Әнәс (р.а.) бұл жерде өзіне арнайы шапағат сұраған болса керек.
2. Тиби Әнәс: «Қай сын сағатта шапағатыңызға көбірек мұқтаж боламын?» – дегенді меңзеген болар деп жорамалдайды. Бұл түсінік бойынша, Алла Елшісі (с.а.с.) оның шапағатқа мұқтаж болатын үш орнын атаған: Сират, таразының жаны және хауыздың басы. Ақыреттегі ең қатерлі сәттердің осы жерлерде өтетінін ескерсек, Тибидің пайымы көңілге қонымды. Алдыңғы хадисте хауыздан адамдардың мал айдағандай қуылатыны айтылды. Келесі риуаятта Алла Елшісі (с.а.с.) осы үш орынға назар аударады. Айша (р.а.): «Қиямет күні отбасыңызды еске аласыз ба?» – деп сұрағанда, ол: «Үш жерде ешкім ешкімді еске алмайды», – деген.
Кейбір ғалымдар Айша (р.а.) мен Әнәс (р.а.) жеткізген хадистерді былай үйлестіреді: Алла Елшісі (с.а.с.) жұбайлары өздерін ерекше қамқорлыққа иеміз деп ойлап, құлшылықта босаңсып қалмауы үшін Айшаға осылай жауап берген. Әнәсті үмітсіз қалдырмау үшін оған өзге жауап айтқан.
3. Хадисте әуелі Сират, содан кейін таразы, соңында хауыз аталады. Кей риуаятқа қарағанда, хауыз Сираттан бұрын болады. Құртуби мұны Алла Елшісінің (с.а.с.) екі хауызы бар деп түсіндірген. Бірі мауқыфта, Сираттан бұрын, екіншісі жәннатта. Екеуі де Кәусар аталады. Ибн Хажар бұл пікірді құптамаған.
- 1Тирмизи, «Қиямет», № 2433.