Хадис

Шапағат жайында

Кутуб ситтә, 11-том, 808-тарау · 8 хадис · № 5089–5096

ҚИЯМЕТ ЖӘНЕ СОҒАН ҚАТЫСТЫ МӘСЕЛЕЛЕР

Хадистер

«Ән-Ниһая» еңбегінде «шапағат» біреудің күнәсі мен қателігі үшін кешірім сұрап, ара түсу дегенді білдіреді. Тілімізде оны «шапағат» дейміз. Ара түсуші «шафиғ» немесе «мушафиғ», шапағаты қабыл болған адам «мүшаффағ» деп аталады.

Хадистерде дүние және ақырет істеріне қатысты шапағат жиі айтылады. Бұл сөздің өзге мағыналары да бар. Шапағатқа қатысты кей түсіндірмелерді алдыңғы бөлімдерде келтірдік. Мұнда шапағат жайындағы хадистерді ұғынуға қажет бірнеше мәселеге тоқталамыз.

• Алла Елшісі (с.а.с.) дүниелік істерде біреуге араша түсуге шақырған. Діни жаза белгіленген ауыр қылмысты кешірту немесе жазасын жеңілдету үшін ара түсуге тыйым салынған. Өзгенің ақысын бұзбайтын басқа істерде араша түсу құпталады.

• Әһлі сүннет ғалымдары ақыреттегі шапағатты бірауыздан мойындаған. Кей ағымдар оны қабылдамаған. Шапағаттың ақиқат екеніне келіскен ғалымдар оның кейбір қырлары жайында әртүрлі пікір айтқан. Қади Ияд: «Әһлі сүннеттің пікірінше, шапағаттың болуы ақылға қонымды. Мына аяттар оны растайды: “Ол күні Рахманның өзі шапағат етуге рұқсат беріп, сөзіне разы болған жандардан өзгелердің шапағаты ешқандай да пайда бермейді”1. “Олар Алла разы болған жандарға ғана шапағат етіп, солардың ғана тілеуін тілейді”2. Өзге аяттар да бар», – дейді. Алла Елшісінен (с.а.с.) бұл жайында мүтауатир дәрежесіне жететіндей көп риуаят жеткен. Әһлі сүннеттің бұрынғы да, кейінгі де ғалымдары Алла Елшісінің (с.а.с.) ақыретте күнәһар мүміндерге шапағат ететінін мойындаған.

Күнәһарлар тозақта мәңгі қалады деген ұстанымдағы харижиттер мен мұғтазиланың бір бөлігі мұндай шапағатты қабылдамайды. Олар мына аяттарды дәлелге келтіреді: «Ендігі жерде оларға шапағатшылардың шапағаты түк те пайда бермейді»3. «Оларды таяп қалған алапат күннен хабардар етіп, ескерт. Ол күні жүректер ауызға тығылып, адамдар қайғы-мұңға батады. Сондай-ақ ол күні залымдар үшін бірде-бір жанашыр дос та, сөзі өтетін шапағатшы да табылмайды»4. Бұл түсіндірме бойынша, аталған аяттар кәпірлер жайында.

Олар шапағат жайындағы хадистерді «ақыретте дәреженің көтерілуі» деп жорамалдайды. Автор бұл жорамалды қабылдамайды, өйткені хадистерде тозаққа түскен кей адамдардың одан шығарылатыны анық айтылған. Шапағат бес түрлі болады.

1) Алла Елшісіне (с.а.с.) тән шапағат. Бұл мауқыфтағы үрейді басып, есептің басталуына және жеңілдеуіне қатысты.

2) Кейбір адамдардың есепсіз жәннатқа кіруіне себеп болатын шапағат. Мүслім келтірген бір риуаятта бұл да Пайғамбарымызға (с.а.с.) тән екені айтылған.

3) Тозаққа түсуге лайық болған кей адамдарға жасалатын шапағат. Оны Алла Елшісі (с.а.с.) және Алла қалаған өзге кісілер жасайды.

4) Тозаққа түскен күнәһарларға жасалатын шапағат. Көптеген хадисте олардың Алла Елшісінің (с.а.с.), періштелердің және мүмін бауырларының шапағатымен оттан шығатыны айтылады. Бір хадисте: «“Лә иләһа иллаллаһ” деген әр адамды Алла тозақтан шығарады», – делінген. «Тозақта тек кәпірлер қалады» деген де риуаят бар.

5) Жәннаттағылардың дәрежесін көтеретін шапағат.

5089
Кутуб ситтә, № 5089 · тараудағы реті: 1Риуаят етуші: Әбу Һурайра (р.а.)

عَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: لِكُلِّ نَبِيٍّ دَعْوَةٌ مُسْتَجَابَةٌ، فَتَعَجَّلَ كُلُّ نَبِيٍّ دَعْوَتَهُ، وَإِنِّي اخْتَبَأْتُ دَعْوَتِي شَفَاعَةً لِأُمَّتِي يَوْمَ الْقِيَامَةِ، فَهِيَ نَائِلَةٌ إِنْ شَاءَ اللَّهُ تَعَالَى مَنْ مَاتَ مِنْ أُمَّتِي لَا يُشْرِكُ بِاللَّهِ شَيْئًا. أَخْرَجَهُ الثَّلَاثَةُ وَالتِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Әбу Һурайра (р.а.) Алла елшісінің (с.а.с.) мына сөзін жеткізген: «Әр пайғамбардың қабыл болатын дұғасы бар. Әр пайғамбар сол дұғасын ертерек жасаған. Мен дұғамды қиямет күні үмбетіме шапағат ету үшін сақтадым. Алла қаласа, оған үмбетімнен Аллаға еш нәрсені серік қоспай дүние салғандар ие болады»1.

Түсіндірме

1. Хадисті алғаш оқығанда әр пайғамбардың қабыл болатын бір ғана дұғасы бар сияқты көрінуі мүмкін. Ал Алла Елшісінің (с.а.с.) және өзге пайғамбарлардың көптеген дұғасы қабыл болған. Ғалымдар мұнда сөз қабыл болатынына кепіл берілген дұға жайында екенін айтады. Өзге дұғалардың қабыл болатынына үміт етіледі.

«Әр пайғамбардың қабыл болатын бір дұғасы бар» деген сөзді ғалымдар әртүрлі түсіндірген.

• Кейбір ғалымдар: «Бұл – ең абзал дұғасы. Одан өзге дұғалары да бар», – деген.

• Енді бірі: «Әр пайғамбардың үмбеті жайында қабыл болатын бір дұғасы бар. Ол дұғаны үмбетінің жойылуы немесе игілікке жетуі үшін арнайды. Жеке дұғалардың бірқатары қабыл болады, бірқатары қабыл болмайды», – деген.

• Кейбірі: «Әр пайғамбардың өзіне немесе дүниеге қатысты бір дұғасы бар. Нұхтың (а.с.) “Уа, Раббым, жер бетінде кәпірлерден бірде-бір адам қалдырма”2 деген дұғасы, Зәкәрияның (а.с.) “Уа, Раббым, Өз тарапыңнан маған бір мұрагер нәсіп ете көр”3 деген дұғасы және Сүлейманның (а.с.) “Уа, Раббым! Мені кешіре көр әрі менен кейін ешкімге бұйырмайтын билік нәсіп ете көр”4 деген дұғасы осыған мысал болар», – деген.

2. Хадистен пайғамбарлардың да әр дұғасы өздері тілеген күйінде орындала бермейтінін аңғарамыз. Әр дұғаға жауап берілетінін бұған дейін айтқанбыз.

Алла Елшісі (с.а.с.) дінге шақырған адамдардың кейбіріне қарғыс айтқанда: «Бұл істе сенің билігің жүрмейді. Алла қаласа, олардың тәубесін қабыл етеді, қаласа, оларды азаптайды. Өйткені олар – залымдар»5 деген аят түсіп, Пайғамбарға (с.а.с.) бұлай істеуге тыйым салынды6.

3. Ибн Баттал: «Хадисте Алла Елшісінің (с.а.с.) бір артықшылығы айтылған. Ол қабыл болатын дұғасын өзіне де, отбасы мүшелеріне де арнамай, үмбетіне сақтады. Кей пайғамбарлар сол дұғасын қауымының жойылуы үшін жасаса, Алла Елшісі (с.а.с.) үмбетінің амандығын тіледі», – дейді. Ибн әл-Жәузи: «Бұл – Алла Елшісінің (с.а.с.) көрегендігі мен жомарттығының белгісі. Ол дұғасын ең лайық іске арнап, үмбетін өзінен жоғары қойды. Дұғасын үмбетінің ішіндегі оған ең мұқтаж жандарға, яғни күнәһарларға сақтады», – деп түсіндіреді.

Нәуәуи: «Бұл хадис Алла Елшісінің (с.а.с.) үмбетіне деген шексіз жанашырлығын көрсетеді. Ол үмбетінің қамын ойлап, қабыл болатын дұғасын олардың оған аса мұқтаж болатын шағына сақтаған», – дейді.

4. Әһлі сүннет ғалымдары хадистегі «Шапағатым үмбетімнің Аллаға серік қоспай дүние салғандарына жетеді» деген сөзді үлкен күнә жасауды қоймаған кісі де мүмін болып өлсе, тозақта мәңгі қалмайтынына дәлел санаған.

  1. 1Бұхари, «Дағуат», № 6304 және «Тәухид», 31-тарау. Мүслим, «Иман», № 198–199. Муатта, «Құран», 1-том, 212-бет. Тирмизи, «Дағуат», № 3602.
  2. 2«Нұх», 26-аят.
  3. 3«Мәриям», 5-аят.
  4. 4«Сад», 35-аят.
  5. 5«Әли Имран», 128-аят.
  6. 6Алла Елшісі (с.а.с.) Ухуд шайқасында жараланғанда: «Өз пайғамбарын жаралаған қауымға Алла қалай құтылу нәсіп етсін?» – деген. Сонда осы аят түсті. Кейін сол шайқасқа қатысқандардың біразы исламды қабылдап, оған үлкен қызмет етті. Халид ибн Уәлид (р.а.) солардың бірі.
5090
Кутуб ситтә, № 5090 · тараудағы реті: 2Риуаят етуші: Жәбир (р.а.)

وَعَنْ جَابِرٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: شَفَاعَتِي لِأَهْلِ الْكَبَائِرِ مِنْ أُمَّتِي. أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ وَالتِّرْمِذِيُّ. وَزَادَ التِّرْمِذِيُّ: قَالَ جَابِرٌ: مَنْ لَمْ يَكُنْ مِنْ أَهْلِ الْكَبَائِرِ فَمَا لَهُ وَلِلشَّفَاعَةِ.

Қазақша аудармасы

Жабир (р.а.) жеткізген хадисте Алла елшісі (с.а.с.): «Шапағатым үмбетімнің үлкен күнә жасағандарына арналады», – деген1.

Тирмизи Жабирдің (р.а.) мына сөзін қосып жеткізген: «Үлкен күнә жасамаған кісі шапағатты не етсін?»

Түсіндірме

Хадисте үлкен күнә жасағаны үшін тозаққа түсуге лайық болған адамның шапағат арқылы тозақтан аман қалатыны, «Лә иләһа иллаллаһ, Мұхаммадун расулуллаһ» дегендердің күнәсі үшін отқа түскендері де шапағат арқылы одан шығарылатыны айтылады. Тиби «Апатқа ұшырағандарды құтқаратын шапағатым үлкен күнә жасағандарға арналған» деп түсіндірген. Шапағатқа қатысты кеңірек мәліметті жалпы түсіндірмеде келтірдік.

  1. 1Тирмизи, «Қиямет», № 2436, Жабирдің риуаяты. Әбу Дәуіт, «Сүннет», № 4739, және Ибн Мәжа, «Зүһд», № 4310, Әнәстің риуаяттары.
5091
Кутуб ситтә, № 5091 · тараудағы реті: 3Риуаят етуші: Әнәс (р.а.)

وَعَنْ أَنَسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: إِذَا كَانَ يَوْمُ الْقِيَامَةِ مَاجَ النَّاسُ بَعْضُهُمْ إِلَى بَعْضٍ، فَيَأْتُونَ آدَمَ عَلَيْهِ السَّلَامُ، فَيَقُولُونَ: اشْفَعْ لِذُرِّيَّتِكَ. فَيَقُولُ: لَسْتُ لَهَا وَلَكِنْ عَلَيْكُمْ بِإِبْرَاهِيمَ عَلَيْهِ السَّلَامُ، فَإِنَّهُ خَلِيلُ اللَّهِ، فَيَأْتُونَ إِبْرَاهِيمَ، فَيَقُولُ لَسْتُ لَهَا، وَلَكِنْ عَلَيْكُمْ بِمُوسَى، فَإِنَّهُ كَلِيمُ اللَّهِ تَعَالَى. فَيُؤْتَى مُوسَى عَلَيْهِ السَّلَامُ: فَيَقُولُ: لَسْتُ لَهَا، وَلَكِنْ عَلَيْكُمْ بِعِيسَى، فَإِنَّهُ رُوحُ اللَّهِ تَعَالَى وَكَلِمَتُهُ فَيُؤْتَى عِيسَى عَليْهِ السَّلَامُ. فَيَقُولُ: لَسْتُ لَهَا، وَلَكِنْ عَلَيْكُمْ بِمُحَمَّدٍ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ. فَيَأْتُونِي، فَأَقُولُ: أَنَا لَهَا. فَأَنْطَلِقُ، فَأَسْتَأْذِنُ عَلَى رَبِّي، فَيُؤْذَنَ لِي فَأَقُومُ بَيْنَ يَدَيْهِ، فَأَحْمَدُهُ بِمُحَامِدَ لَا أَقْدِرُ عَليْهَا إِلَّا أَنْ يُلْهِمُنِيهَا اللَّهُ. ثُمَّ أَخِرُّ لِرَبِّي سَاجِدًا، فَيَقُولُ: يَا مُحَمَّدُ! ارْفَعْ رَأْسَكَ، وَقُلْ يُسْمَعْ لَكَ، وَسَلْ تُعْطَهُ، وَاشْفَعْ تُشَفَّعْ فَأَقُولُ: يَا رَبِّ أُمَّتِي أُمَّتِي. فَيَقُولُ انْطَلِقْ فَمَنْ كَانَ فِي قَلْبِهِ مِثْقَالُ حَبَّةٍ مِنْ بُرَّةٍ أَوْ شَعِيرَةٍ مِنْ إِيمَانٍ فَأَخْرِجْهُ مِنْهَا. فَأَنْطَلِقُ فَأَفْعَلُ. ثُمَّ أَرْجِعُ إِلَى رَبِّي فَأَحْمَدُهُ بِتِلْكَ الْمَحَامِدِ ثُمَّ أَخِرُّ لَهُ سَاجِدًا فَيُقَالُ لِي مِثْلُ الْأُولَى. فَأَقُولُ: يَا رَبِّ أُمَّتِي أُمَّتِي. فَيُقَالُ لِى انْطَلِقْ، فَمَنْ كَانَ فِي قَلْبِهِ مِثْقَالُ حَبَّةٍ مِنْ خَرْدَلٍ مِنْ إِيمَانٍ فَأَخْرِجْهُ مِنْهَا. فَأَنْطَلِقُ، فَأَفْعَلُ. ثُمَّ أَعُودُ إِلَى رَبِّي، فَأَفْعَلُ كَمَا فَعَلْتُ. فَيُقَالُ لِي: ارْفَعْ رَأْسَكَ مِثْلَ الْأُولَى، فَأَقُولُ: يَا رَبِّ أُمَّتِي أُمَّتِي. فَيُقَالُ: انْطَلِقْ، فَمَنْ كَانَ فِي قَلْبِهِ أَدْنَى مِنْ مِثْقَالِ حَبَّةٍ مِنْ خَرْدَلٍ مِنْ إِيمَانٍ فَأَخْرِجْهُ مِنَ النَّارِ. فَأَنْطَلِقُ فَأَفْعَلُ ثُمَّ أَرْجِعُ إِلَى رَبِّي فِي الرَّابِعَةِ، فَأَحْمَدُهُ بِتِلْكَ الْمَحَامِدِ. ثُمَّ أَخِرُّ لَهُ سَاجِدًا. فَيُقَالُ لِي: يَا مُحَمَّدُ ارْفَعْ رَأْسَكَ، وَقُلْ يُسْمَعْ لَكَ، وَسَلْ تُعْطَهُ، وَاشْفَعْ تُشَفَّعْ؛ فَأَقُولُ: يَا رَبِّ ائْذَنْ لِى فِيمَنْ قَالَ: لَا إِلَهَ إِلَّا اللَّهُ. قَالَ: لَيْسَ ذَلِكَ لَكَ، أَوْ قَالَ لَيْسَ ذَلِكَ إِلَيْكَ، وَلَكِنْ وَعِزَّتِي وَجَلَالِي وَكِبْرِيَائِي وَعَظْمَتِي لَأُخْرِجَنَّ مِنْهَا مَنْ قَالَ: لَا إِلَهَ إِلَّا اللَّهُ. أَخْرَجَهُ الشَّيْخَانِ.

Қазақша аудармасы

Әнәс (р.а.) жеткізген хадисте Алла елшісі (с.а.с.) былай деген: «Қиямет күні адамдар бір-біріне толқындай ұмтылады. Олар Адамға (а.с.) келіп: “Ұрпағыңа шапағат ет!” – дейді. Ол: “Бұл іс менің қолымнан келмейді. Ибраһимге (а.с.) барыңдар. Ол – Алланың сүйікті досы”, – дейді. Олар Ибраһимге (а.с.) барады. Ол: “Бұл іс менің қолымнан келмейді. Мұсаға (а.с.) барыңдар. Алла онымен тікелей тілдескен”, – дейді. Жұрт Мұсаға (а.с.) барады. Ол: “Бұл іс менің қолымнан келмейді. Исаға (а.с.) барыңдар. Ол – Алланың рухы әрі сөзі”, – дейді. Олар Исаға (а.с.) барады. Ол: “Бұл іс менің қолымнан келмейді. Мұхаммедке (с.а.с.) барыңдар”, – дейді. Олар маған келеді. Мен: “Бұл істі мен атқарамын”, – деп, Раббымның құзырына шығуға рұқсат сұраймын. Маған рұқсат беріледі. Оның алдында тұрып, Өзінің көкейіме салуымен ғана айта алатын мадақтармен Оны мадақтаймын. Содан соң Раббыма сәждеге жығыламын. Ол: “Уа, Мұхаммед! Басыңды көтер. Айт, сөзің тыңдалады. Сұра, сұрағаның беріледі. Шапағат ет, шапағатың қабыл болады”, – дейді. Мен: “Уа, Раббым! Үмбетім, үмбетім!” – деймін. Ол: “Бар, жүрегінде бидай не арпа дәніндей иманы барларды оттан шығар”, – дейді. Мен барып, айтқанын орындаймын. Содан соң Раббыма қайтып, Оны әлгі мадақтармен мадақтап, сәждеге жығыламын. Маған алғаш айтылған сөздер қайталанады. Мен: “Уа, Раббым! Үмбетім, үмбетім!” – деймін. Маған: “Бар, жүрегінде қыша дәніндей иманы барларды оттан шығар”, – делінеді. Мен барып, айтқанын орындаймын. Сосын Раббыма қайтып, алдыңғы істегенімді қайталаймын. Маған: “Басыңды көтер”, – деп, алғаш айтылған сөздерді қайта айтады. Мен: “Уа, Раббым! Үмбетім, үмбетім!” – деймін. Маған: “Бар, жүрегінде қыша дәнінен де аз иманы барларды оттан шығар”, – делінеді. Мен барып, айтқанын орындаймын. Төртінші рет Раббыма қайтып, Оны әлгі мадақтармен мадақтап, сәждеге жығыламын. Маған: “Уа, Мұхаммед! Басыңды көтер. Айт, сөзің тыңдалады. Сұра, сұрағаның беріледі. Шапағат ет, шапағатың қабыл болады”, – делінеді. Мен: “Уа, Раббым! ‘Лә иләһа иллаллаһ’ дегендерге шапағат етуіме рұқсат бер”, – деймін. Ол: “Бұл сенің құзырыңда емес”, – дейді немесе “Бұл іс саған тапсырылмаған. Алайда құдіретіме, айбыныма, асқақтығыма және ұлылығыма ант етемін, ‘Лә иләһа иллаллаһ’ дегендерді одан міндетті түрде шығарамын”, – дейді»1.

  1. 1Бұхари, «Тәухид», 19, 36, 37-тараулар, «Тәпсір», «Бақара», 1-тарау, «Риқақ», 51-тарау. Мүслим, «Иман», № 193e.
5092
Кутуб ситтә, № 5092 · тараудағы реті: 4

وَفِي رِوَايَةٍ لَهُمَا وَلِلتِّرْمِذِيِّ عَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ: كُنَّا مَعَ النَّبِيِّ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ فِي دَعْوَةٍ فَرُفِعَ إِلَيْهِ الذِّرَاعُ، وَكَانَتْ تُعْجِبُهُ، فَنَهَشَ مِنْهَا نَهْشَةً؛ وَقَالَ: أَنَا سَيِّدُ وَلَدِ آدَمَ يَوْمَ الْقِيَامَةِ. هَلْ تَدْرُونَ لِمَ ذَاكَ؟ يَجْمَعُ اللَّهُ الْأَوَّلِينَ وَالْآخِرِينَ فِي صَعِيدٍ وَاحِدٍ، فَيَنْظُرُهُمُ النَّاظِرُ، وَيَسْمَعُهُمُ الدَّاعِي، وَتَدْنُو مِنْهُمُ الشَّمْسُ، فَيَبْلُغُ النَّاسَ مِنَ الْغَمِّ وَالْكَرَّبِ مَا لَا يُطِيقُونَ وَلَا يَحْتَمِلُونَ. فَيَقُولُ النَّاسُ: أَتَرَوْنَ إِلَى مَا أَنْتُمْ فِيهِ؟ أَتَنْظُرُونَ مَنْ يَشْفَعُ لَكُمْ؟ فَيَقُولُ بَعْضُهُمْ لِبَعْضٍ: أَبُوكُمْ آدَمُ فَيَأْتُونَهُ فَيَقُولُونَ: يَا آدَمُ أَنْتَ أَبُو الْبَشَرِ، خَلَقَكَ اللَّهُ بِيَدِهِ، وَنَفَخَ فِيكَ مِنْ رُوحِهِ، وَأَسْجَدَ لَكَ مَلَائِكَتَهُ، وَأَسْكَنَكَ الْجَنَّةَ. أَتَشْفَعُ لَنَا إِلَى رَبِّكَ، أَتَرَى مَا نَحْنُ فِيهِ وَمَا بَلَغْنَا؟ فَيَقُولُ آدَمُ عَلَيْهِ السَّلَامُ: إِنَّ رَبِّي قَدْ غَضِبَ الْيَوْمَ غَضَبًا لَمْ يَغْضَبْ قَبْلَهُ مِثْلَهُ، وَلَنْ يَغْضَبَ بَعْدَهُ مِثْلَهُ، وَإِنَّهُ نَهَانِي عَنِ الشَّجَرَةِ فَعَصَيْتُ. نَفْسِي، نَفْسِي، نَفْسِي، اِذْهَبُوا إِلَى غَيْرِي، اِذْهَبُوا إِلَى نُوحٍ عَلَيْهِ السَّلَامُ. فَيَأْتُونَ نُوحًا عَلَيْهِ السَّلَامُ، فَيَقُولُونَ: يَا نُوحُ، أَنْتَ نُوحٌ أَوَّلُ الرُّسُلِ إِلَى أَهْلِ الْأَرْضِ، وَقَدْ سَمَّاكَ اللَّهُ عَبْدًا شَكُورًا، أَتَرَى إِلَى مَا نَحْنُ فِيهِ؟ أَتَرَى إِلَى مَا بَلَغَنَا؟ أَتَشْفَعُ لَنَا إِلَى رَبِّكَ؟ فَيَقُولُ: إِنَّ رَبِّي قَدْ غَضِبَ الْيَوْمَ غَضَبًا لَمْ يَغْضَبْ قَبْلَهُ مِثْلَهُ وَلَنْ يَغْضَبْ بَعْدَهُ مِثْلَهُ، وَإِنِّي قَدْ كَانَتْ لِي دَعْوَةٌ دَعَوْتُ بِهَا عَلَى قَوْمِي. نَفْسِي، نَفْسِي، نَفْسِي، اِذْهَبُوا إِلَى غَيْرِي، إِذْهَبُوا إِلَى إِبْرَاهِيمَ. فَيَأْتُونَ إِبْرَاهِيمَ عَلَيْهِ السَّلَامُ، فَيَقُولُونَ: يَا إِبْرَاهِيمُ أَنْتَ نَبِىُّ اللَّهِ وَخَلِيلُهُ مِنْ أَهْلِ الْأَرْضِ. اِشْفَعْ لَنَا إِلَى رَبِّكَ، أَلَا تَرَى إِلَى مَا نَحْنُ فِيهِ؟ فَيَقُولُ لَهُمْ: إِنَّ رَبِّي قَدْ غَضِبَ الْيَوْمَ غَضَبًا لَمْ يَغْضَبْ قَبْلَهُ مِثْلَهُ، وَلَنْ يَغْضَبَ بَعْدَهُ مِثْلَهُ، وَإِنِّي قَدْ كُنْتُ كَذَبْتُ ثَلَاثَ كَذَبَاتٍ، فَذَكَرَهَا. نَفْسِي، نَفْسِي، نَفْسِي. اِذْهَبُوا إِلَى غَيْرِي، اِذْهَبُوا إِلَى مُوسَى. فَيَأْتُونَ مُوسَى، فَيَقُولُونَ: يَا مُوسَى، أَنْتَ رَسُولُ اللَّهِ، فَضَّلَكَ اللَّهُ بِرِسَالَاتِهِ وَبِكَلَامِهِ عَلَى النَّاسِ. اِشْفَعْ لَنَا إِلَى رَبِّكَ، أَتَرَى إِلَى مَا نَحْنُ فِيهِ؟ فَيَقُولُ: إِنَّ رَبِّي قَدْ غَضَبَ الْيَوْمَ غَضَبًا لَمْ يَغْضَبْ قَبْلَهُ مِثْلَهُ وَلَنْ يَغْضَبَ بَعْدَهُ مِثْلَهُ، وَإِنِّي قَدْ قَتَلْتُ نَفْسًا لَمْ أُؤْمَرْ بِقَتْلِهَا. نَفْسِي، نَفْسِي، نَفْسِي، إِذْهَبُوا إِلَى غَيْرِي؛ اِذْهَبُوا إِلَى عِيسَى، فَيَأْتُونَ عِيسَى فَيَقُولُونَ: يَا عِيسَى! أَنْتَ رَسُولُ اللَّهِ وَكَلِمَتُهُ أَلْقَاهَا إِلَى مَرْيَمَ وَرُوحٌ مِنْهُ، وَكَلَّمْتَ النَّاسَ فِي الْمَهْدِ. اِشْفَعْ لَنَا إِلَى رَبِّكَ، أَتَرَى إِلَى مَا نَحْنُ فِيهِ؟ فَيَقُولُ عِيسَى: إِنَّ رَبِّي قَدْ غَضِبَ الْيَوْمَ غَضَبًا لَمْ يَغْضَبْ قَبْلَهُ مِثْلَهُ، وَلَنْ يَغْضَبَ بَعْدَهُ مِثْلَهُ، وَلَمْ يَذْكُرْ ذَنْبًا. نَفْسِي، نَفْسِي، نَفْسِي؛ اِذْهَبُوا إِلَى غَيْرِي، اِذْهَبُوا إِلَى مُحَمَّدٍ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ فَيَأْتُونَ مُحَمَّدًا صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ؛ وَفِي رِوَايَةٍ: فَيَأْتُونِي فَيَقُولُونَ: يَا مُحَمَّدُ: أَنْتَ رَسُولُ اللَّهِ وَخَاتَمُ الْأَنْبِيَاءِ، وَقَدْ غَفَرَ اللَّهُ لَكَ مَا تَقَدَّمَ مِنْ ذَنْبِكَ وَمَا تَأَخَّرَ؛ اِشْفَعْ لَنَا إِلَى رَبِّكَ، أَتَرَى إِلَى مَا نَحْنُ فِيهِ؟ فَأَنْطَلِقُ إِلَى تَحْتِ الْعَرْشِ، فَأَقَعُ سَاجِدًا لِرَبِّي، ثُمَّ يَفْتَحُ اللَّهُ عَلَىَّ مِنْ مَحَامِدِهِ وَحُسْنِ الثِّنَاءِ عَلَيْهِ شَيْئًا لَمْ يَفْتَحْهُ عَلَى أَحَدٍ قَبْلِي، ثُمَّ يُقَالُ: يَا مُحَمَّدُ، اِرْفَعْ رَأْسَكَ، وَسَلْ تُعْطَهُ، وَاشْفَعْ تُشَفَّعْ. فَأَرْفَعُ رَأْسِي، فَأَقُولُ: أُمَّتِي يَا رَبِّ، أُمَّتِي يَا رَبِّ أُمَّتِي يَا رَبِّ فَيُقَالُ: يَا مُحَمَّدُ، أَدْخِلْ مِنْ أُمَّتِكَ مَنْ لَا حِسَابَ عَلَيْهِ مِنَ الْبَابِ الْأَيْمَنِ مِنْ أَبْوَابِ الْجَنَّةِ، وَهُمْ شُرَكَاءُ النَّاسِ فِيمَا سِوَى ذَلِكَ مِنَ الْأَبْوَابِ. ثُمَّ قَالَ: وَالَّذِي نَفْسِي بِيَدِهِ إِنَّ مَا بَيْنَ الْمِصْرَاعَيْنِ مِنْ مَصَارِيعِ الْجَنَّةِ كَمَا بَيْنَ مَكَّةَ وَهَجَرَ، أَوْ كَمَا بَيْنَ مَكَّةَ وَبُصْرَى. وَزَادَ فِي رِوَايَةٍ، فِي قِصَّةِ إِبْرَاهِيمَ: وَذَكَرَ قَوْلُهُ فِي الْكَوْكَبِ: هَذَا رَبِّي، وَقَوْلُهُ لِآلِهَتِهِمْ: بَلْ فَعَلَهُ كَبِيرُهُمْ هَذَا. وَقَوْلُهُ: إِنِّي سَقِيمٌ. قُلْتُ: ذَكَرَ الْبَارِزِيُّ فِي تَجْرِيدِهِ حَدِيثَ أَنَسٍ وَحَدِيثَ أَبِي هُرَيْرَةَ هَذَيْنِ فِي الشَّفَاعَةِ بِاخْتِصَارٍ جِدًّا، وَقَدْ أَثْبَتَهُمَا بِكَمَالِهِمَا حِرْصًا عَلَى الْفَائِدَةِ وَاللَّهُ أَعْلَمُ.

Қазақша аудармасы

Бұхари, Мүслим және Тирмизи Әбу Һурайрадан (р.а.) мына риуаятты жеткізген: «Бірде Алла елшісімен (с.а.с.) бірге қонақта болдық. Оған өзі ұнататын қол етінен ұсынды. Ол еттен бір тістеп алып, былай деді: “Қиямет күні мен Адам ұрпағының мырзасымын. Мұның себебін білесіңдер ме? Алла бұрынғылар мен кейінгілерді бір жазыққа жинайды. Шақырушының даусы бәріне жетеді, қараған адам бәрін көреді. Күн жақындайды. Адамдардың қайғысы мен күйзелісі төзгісіз халге жетеді. Олар бір-біріне: ‘Басымызға түскенді көріп тұрсыңдар ма? Сендерге шапағат ететін біреуді іздемейсіңдер ме?’ – дейді. Бірі: ‘Аталарың Адамға барыңдар’, – дейді. Олар Адамға келіп: ‘Уа, Адам! Сен – адамзаттың атасысың. Алла сені Өз қолымен жаратып, саған Өз рухынан үрледі. [Саған барлық атауларды үйретті.] Періштелеріне саған сәжде еткізіп, сені жәннатқа жайғастырды. [Алла алдында мәртебең бар.] Бізге Раббыңның алдында шапағат етпейсің бе? Қандай күйге түскенімізді көрмейсің бе?’ – дейді. Адам (а.с.): ‘Бүгін Раббым бұрын-соңды болмаған дәрежеде қаһарланды. Бұдан кейін де бұлай қаһарланбайды. Ол маған бір ағашқа жоламауды бұйырған еді, ал мен тыйымын бұздым. [Сол қателігім үшін жәннаттан шығарылдым. Бүгін өзім кешірілсем, сол маған жетеді.] Өз басым! Өз басым! Өз басым! Басқаға, Нұхқа барыңдар’, – дейді. Олар Нұхқа келіп: ‘Уа, Нұх! Сен – жер бетінің тұрғындарына жіберілген алғашқы елшісің. Алла сені шүкіршіл құл деп атады. Қандай күйге түскенімізді көрмейсің бе? Бізге Раббыңның алдында шапағат ет’, – дейді. Нұх (а.с.): ‘Бүгін Раббым бұрын-соңды болмаған дәрежеде қаһарланды. Бұдан кейін де бұлай қаһарланбайды. Менің қабыл болатын бір дұғам бар еді. Оны өз қауымыма қарсы жасадым. Өз басым! Өз басым! Өз басым! Басқаға, Ибраһимге барыңдар’, – дейді. Олар Ибраһимге келіп: ‘Уа, Ибраһим! Сен – Алланың пайғамбары әрі жер бетінде Оның сүйікті досысың. Бізге Раббыңның алдында шапағат ет. Қандай күйге түскенімізді көрмейсің бе?’ – дейді. Ибраһим (а.с.): ‘Бүгін Раббым бұрын-соңды болмаған дәрежеде қаһарланды. Бұдан кейін де бұлай қаһарланбайды. Мен үш рет өтірік айттым’, – деп, сол сөздерін атайды. Содан соң: ‘Өз басым! Өз басым! Өз басым! Басқаға, Мұсаға барыңдар’, – дейді. Олар Мұсаға келіп: ‘Уа, Мұса! Сен – Алланың елшісісің. Алла сені елшілік беріп, тікелей тілдесуімен адамдардан артық етті. Бізге Раббыңның алдында шапағат ет. Қандай күйге түскенімізді көрмейсің бе?’ – дейді. Мұса (а.с.): ‘Бүгін Раббым бұрын-соңды болмаған дәрежеде қаһарланды. Бұдан кейін де бұлай қаһарланбайды. Мен бір адамды өлтіруге бұйрық алмаған күйде өлтіріп қойдым. [Бүгін өзім кешірілсем, сол маған жетеді.] Өз басым! Өз басым! Өз басым! Басқаға, Исаға барыңдар’, – дейді. Олар Исаға келіп: ‘Уа, Иса! Сен – Алланың елшісісің, Оның Мәриямға жеткізген сөзі әрі Одан келген рухсың. Бесікте жатып-ақ адамдарға тіл қаттың. Бізге Раббыңның алдында шапағат ет. Қандай күйге түскенімізді көрмейсің бе?’ – дейді. Иса (а.с.): ‘Бүгін Раббым бұрын-соңды болмаған дәрежеде қаһарланды. Бұдан кейін де бұлай қаһарланбайды’, – дейді. Ол өзіне қатысты бір күнәні атамайды. [Басқа риуаятта: ‘Мені Алладан басқа құдай деп таныды. Бүгін өзім кешірілсем, сол маған жетеді’, – делінген.] Иса: ‘Өз басым! Өз басым! Өз басым! Басқаға, Мұхаммедке барыңдар’, – дейді. Олар Мұхаммедке келеді. [Басқа риуаятта ‘маған келеді’ делінген.] Олар: ‘Уа, Мұхаммед! Сен – Алланың елшісі әрі пайғамбарлардың соңғысысың. Алла сенің бұрынғы және кейінгі күнәларыңды кешірген. Бізге Раббыңның алдында шапағат ет. Қандай күйге түскенімізді көрмейсің бе?’ – дейді. Сонда мен Арыштың астына барып, Раббымның алдында сәждеге жығыламын. Алла менен бұрын ешкімге нәсіп етпеген мадақ сөздерді көкейіме салады. [Раббымды сол сөздермен мадақтаймын.] Сонан соң: ‘Уа, Мұхаммед! Басыңды көтер. Сұра, сұрағаның беріледі. Шапағат ет, шапағатың қабыл болады’, – делінеді. Басымды көтеріп: ‘Уа, Раббым! Үмбетім! Уа, Раббым, үмбетім! Уа, Раббым, үмбетім!’ – деймін. Сонда: ‘Уа, Мұхаммед! Үмбетіңнің есепке тартылмайтындарын жәннаттың оң жақ есігінен кіргіз. Өзге есіктерден де олар басқалармен бірге кіре алады’, – делінеді”».

Алла елшісі (с.а.с.) сөзін былай жалғады: «Жаным қолында болған Аллаға ант етемін, жәннаттың бір есігінің екі жақтауының арасы Мекке мен Хажардың немесе Мекке мен Бұсраның арасындай»1.

Ибраһим (а.с.) жайындағы бір риуаятта шапағат тілеуге бөгет санаған үш сөзі аталады. Олар – аспанға қарап айтқан «Міне, менің Раббым осы»2 деген сөзі, пұттар туралы «Мұны, бәлкім, олардың мына үлкені істеген шығар»3 деген сөзі және «Менің сырқатым бар»4 деген сөзі.

Түсіндірме

1. Алла Елшісі (с.а.с.) хадисте: «Қиямет күні мен адамзаттың мырзасымын», – дейді. Түсіндірушілер өзге риуаяттарға сүйеніп, қиямет күні барлық пайғамбарлар Алла Елшісінің (с.а.с.) туының астына жиналатынын айтқан. Өйткені сол күні оның адамзаттың алдындағы орны айқын көрінеді.

2. Түсіндірушілердің айтуынша, пайғамбарлардың «күнә» деп атаған істері шын мәнінде күнә саналмайды. Олар бұл істері үшін Алланың кешіріміне бөленген. Өздерін кінәлі санауы – кішіпейілдіктің белгісі. Байзауи: «Алладан ең көп қорқатындар және дәрежесі жағынан Оған ең жақын тұрғандар – Оның кешіріміне ең көп бөленгендер», – деген. Қиямет күніндегі ұлы шапағат құқығы Махмуд мақамы мен Хамд туының иесі Мұхаммедке (с.а.с.) берілетіні осы риуаятта айқын айтылады. Махмуд мақамы – барша мадақтайтын теңдессіз дәреже. Хадистерде мадақтың ақиқатына айрықша жақындық пен Хамд туы астындағы ұлы шапағат осы дәрежеге байланыстырылады.

3. Өзге риуаяттардағы кейбір қосымшаларды жақшаға алып, қажетті түсіндірмелерді мәтін ішінде бердік. Сол нұсқаларда бұрынғы пайғамбарлардың әрқайсысы: «Бүгін күнәм кешірілсе, сол маған жетеді», – дейді. Есепке жиналған жердегі үрейлі халде тіпті пайғамбарлардың да өз басын ойлап алаңдайтыны аңғарылады. Ал Пайғамбарымыз (с.а.с.) Алланың өзіне нәсіп еткен айрықша дұғасын үмбетінің кешірімі үшін сақтайды.

4. Алла Елшісінің (с.а.с.) бұрынғы және кейінгі күнәларының кешірілгенін білдірген аятты5 тәпсіршілер әртүрлі түсіндірген.

• Кейбірі: «Бұрынғысы – пайғамбарлыққа дейінгісі, ал кейінгісі – күнәдан қорғалуы, яғни исмет», – деген.

• Кейбірі мұны ұмыту салдарынан немесе жорамалға сүйеніп жасалған істерге қатысты түсіндірген.

• Кейбірі бұрынғысы Адамның (а.с.) күнәсіне, кейінгісі үмбетінің күнәсіне қатысты деген.

• Кейбірі жаза басқан жағдайда кешірілетінін айтқан.

Бұдан өзге жорамалдар да бар.

5. Хадисте Нұхқа (а.с.): «Сен жер бетінің тұрғындарына жіберілген алғашқы елшісің», – делінеді. Ал алғашқы пайғамбар – Адам (а.с.). Бұл екі тұжырым былай түсіндірілген.

• Адам (а.с.) жаратылғанда жер бетінде өзге адам болмаған. Бүкіл адамзат – оның ұрпағы. Ал Нұх (а.с.) жіберілгенде жер бетінде адамдар бар еді.

• Кей түсіндірмеде Адамның (а.с.) пайғамбарлығы өз ұрпағын тәрбиелеумен байланыстырылады.

• Тағы бір жорамал бойынша, Нұх (а.с.) өз балаларына да, әр аймақтағы өзге қауымдарға да жіберілген. Ал Адам (а.с.) бір жерде шоғырланған өз балаларына ғана жіберілген.

Нұхтың (а.с.) көп шүкір ететін құл атануы осы мағынадағы аятқа меңзейді6.

Абдурраззақ жеткізген бір риуаят осы сипатын аша түседі: «Нұх (а.с.) дәретке отырғанда: “Маған дәмді ризық берген, денеме қуат дарытып, бойымдағы зиянды нәрсені шығарған Аллаға мадақ”, – дейтін».

  1. 1Бұхари, «Әнбия», 3, 8-тараулар, «Тәпсір», «Исра», 5-тарау, № 4712. Мүслим, «Иман», № 194a. Тирмизи, «Қиямет», № 2434.
  2. 2«Әнғам», 76-аят.
  3. 3«Әнбия», 63-аят.
  4. 4«Саффат», 89-аят.
  5. 5«Фатх», 2-аят.
  6. 6«Исра», 3-аят.
5093
Кутуб ситтә, № 5093 · тараудағы реті: 5

وَعَنْ يَزِيدَ بْنِ صُهَيْبٍ الْفَقِيرِ قَالَ: كُنْتُ قَدْ شَغَفَنِي رَأْيٌ مِنْ رَأْيِ الْخَوَارِجِ. فَخَرَجْنَا فِي عِصَابَةٍ ذَوِي عَدَدٍ نُرِيدُ أَنْ نَحُجَّ ثُمَّ نَخْرُجَ عَلَى النَّاسِ. فَمَرَرْنَا عَلَى الْمَدِينَةِ، فَإِذَا جَابِرُ بْنَ عَبْدِ اللَّهِ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا يُحَدِّثُ النَّاسَ، وَإِذَا هُوَ قَدْ ذَكَرَ الْجَهَنَّمِيِّينَ. فَقُلْتُ: يَا صَاحِبَ رَسُولَ اللَّهِ، مَا هَذَا الَّذِي تُحَدِّثُونَهُ؟ وَاللَّهُ تَعَالَى يَقُولُ: ﴿إِنَّكَ مَنْ تُدْخِلِ النَّارَ فَقَدْ أَخْزَيْتَهُ﴾؛ ﴿كُلَّمَا أَرَادُوا أَنْ يَخْرُجُوا مِنْهَا أُعِيدُوا فِيهَا﴾. فَمَا هَذَا الَّذِي تَقُولُ؟ فَقَالَ: أَتَقْرَأُ الْقُرْآنَ؟ قُلْتُ: نَعَمْ. قَالَ: فَاقْرَأْ مَا قَبْلَهُ، إِنَّهُ لَفِي الْكُفَّارِ. ثُمَّ قَالَ: فَهَلْ سَمِعْتَ بِمَقَامِ مُحَمَّدٍ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ الَّذِي يَبْعَثُهُ اللَّهُ تَعَالَى فِيهِ؟ قُلْتُ: نَعَمْ. قَالَ: فَإِنَّهُ مَقَامُ مُحَمَّدٍ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ الْمَحْمُودُ الَّذِي يُخْرِجُ اللَّهُ تَعَالَى بِهِ مَنْ يُخْرِجُ مِنَ النَّارِ. ثُمَّ وَصَفَ وَضْعَ الصِّرَاطِ وَمَرَّ النَّاسِ عَلَيْهِ. قَالَ فَقُلْنَا: أَتَرَوْنَ هَذَا الشَّيْخَ يَكْذِبُ عَلَى رَسُولِ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ؟ فَرَجَعْنَا. فَلَا وَاللَّهِ مَا خَرَجَ مِنَّا غَيْرُ رَجُلٍ وَاحِدٍ. أَخْرَجَهُ مُسْلِمٌ.

Қазақша аудармасы

Язид ибн Суһайб әл-Фақир былай дейді: «Харижиттердің бір пікірі мені баурап алды. Бір топ болып қажылыққа аттандық. Қажылықтан соң жұртқа қарсы шықпақ болдық. Жолай Мәдинаға соқтық. Онда Жабир ибн Абдулла (р.а.) жұртқа хадис айтып отыр екен. Ол тозақтықтарды сөз еткенде: “Уа, Алла елшісінің сахабасы! Бұл айтып отырғаныңыз қалай? Алла тағала: ‘Сен кімді отқа кіргізсең, оны қор қылғаның’1 және ‘Олар одан шыққысы келген сайын, оған кері қайтарылады’2 дейді. Сөзіңізді қалай түсінеміз?” – дедім. Жабир: “Құран оқисың ба?” – деді. “Иә”, – дедім. Ол: “Онда аяттың алдындағы тұсын оқы. Бұл кәпірлер туралы”, – деді. Сосын: “Алла Мұхаммедті (с.а.с.) қоятын дәрежені естідің бе?” – деп сұрады. “Иә”, – дедім. Ол: “Бұл – Мұхаммедтің (с.а.с.) мақтаулы дәрежесі. Алла сол арқылы тозақтан шығарғысы келгендерін шығарады”, – деді.

Содан кейін Жабир Сират көпірінің құрылуын және адамдардың одан өтуін сипаттады. Біз: “Мына қария Алла елшісі (с.а.с.) туралы өтірік айтады деп ойлайсыңдар ма?” – дестік те, райымыздан қайттық. Аллаға ант етейін, арамыздан бір-ақ кісі бұрынғы ниетімен жұртқа қарсы шықты»3.

Түсіндірме

Риуаяттан Язид әл-Фақирдің біраз уақыт харижиттердің үлкен күнә жасаған адам тозақта мәңгі қалады деген сенімін ұстанғанын көреміз. Ол осы сенімдегі бір топ кісімен қажылыққа аттанып, жолай Мәдинаға соғады. Сол жерде сахаба Жабирді (р.а.) тыңдайды. Жабир тозақта мәңгі қалу жайындағы аяттардың кәпірлерге қатысты екенін түсіндіреді. Осыдан соң топтағы бір адамнан өзгесі харижиттік пікірден бас тартады.

  1. 1«Әли Имран», 192-аят.
  2. 2«Сәжде», 20-аят.
  3. 3Мүслим, «Иман», № 191e.
5094
Кутуб ситтә, № 5094 · тараудағы реті: 6Риуаят етуші: Әнәс (р.а.)

وَعَنْ أَنَسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: يُؤْتَى بِأَنْعَمِ أَهْلِ الدُّنْيَا مِنْ أَهْلِ النَّارِ يَوْمَ الْقِيَامَةِ فَيُصْبَغُ فِي النَّارِ صِبْغَةً. ثُمَّ يُقَالُ: يَا ابْنَ آدَمَ، هَلْ رَأَيْتَ نَعِيمًا قَطُّ؟ هَلْ مَرَّ بِكَ خَيْرٌ قَطُّ؟ فَيَقُولُ: لَا، وَاللَّهِ يَا رَبِّ. وَيُؤْتَى بِأَشَدِّ النَّاسِ بُؤْسًا فِي الدُّنْيَا مِنْ أَهْلِ الْجَنَّةِ فَيُصْبَغُ فِي الْجَنَّةِ صَبْغَةً، فَيُقَالُ لَهُ: يَا ابْنَ آدَمَ، هَلْ رَأَيْتَ بُؤْسًا قَطُّ؟ هَلْ مَرَّ بِكَ مِنْ شِدَّةٍ قَطُّ؟ فَيَقُولُ: لَا وَاللَّهِ يَا رَبِّ، مَا مَرَّ بِي بُؤْسٌ قَطُّ. وَلَا رَأَيْتُ شِدَّةً. أَخْرَجَهُ مُسْلِمٌ.

Қазақша аудармасы

Әнәс (р.а.) жеткізген хадисте Алла елшісі (с.а.с.) былай деген: «Қиямет күні тозақтықтардың дүниеде ең рақат өмір сүргені әкелініп, отқа бір рет батырып алынады. Содан соң одан: “Уа, адам баласы! Өміріңде жақсылық көрдің бе? Бір игілікке кенеліп пе едің?” – деп сұралады. Ол: “Жоқ, уа, Раббым, Аллаға ант етемін, көрген емеспін”, – дейді. Жәннаттықтардың дүниеде ең көп тауқымет тартқаны әкелініп, жәннатқа бір рет кіргізіледі. Одан: “Уа, адам баласы! Өміріңде тауқымет тарттың ба? Қиындық көріп пе едің?” – деп сұралады. Ол: “Жоқ, уа, Раббым, Аллаға ант етемін, еш тауқымет тартқан да, қиындық көрген де емеспін”, – дейді»1.

Түсіндірме

Хадис дүниедегі рақат пен ауыртпалықтың ақыреттегі халдің алдында ұмыт болатынын көрсетеді. Дүниеде шалқыған адам тозаққа түскенде бұрынғы игілігінің еш пайдасын көрмейді. Жәннатқа кірген кісі де дүниеде тартқан ауыртпалығын ұмытады. Түсіндірмеде оны жәннатқа бір рет кіргізу Кәусарға бір батырып алуды білдіруі мүмкін делінген.

  1. 1Мүслим, «Мұнафиқтар», № 2807.
5095
Кутуб ситтә, № 5095 · тараудағы реті: 7Риуаят етуші: Әнәс (р.а.)

وَعَنْهُ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ، يَقُولُ اللَّهُ تَعَالَى لَأَهْوَنِ أَهْلِ النَّارِ عَذَابًا: لَوْ كَانَتْ لَكَ الدُّنْيَا كُلُّهَا أَكُنْتَ مُفْتَدِيًا بِهَا؟ فَيَقُولُ: نَعَمْ. فَيَقُولُ: قَدْ أَرَدْتُ مِنْكَ أَيْسَرَ مِنْ هَذَا وَأَنْتَ فِي صُلْبِ آدَمَ، أَنْ لَا تُشْرِكُ بِي شَيْئًا وَلَا أُدْخِلُكَ النَّارَ وَأُدْخِلُكَ الْجَنَّةَ. فَأَبَيْتَ إِلَّا الشِّرْكَ. أَخْرَجَهُ الشَّيْخَانِ.

Қазақша аудармасы

Әнәс (р.а.) жеткізген хадисте Алла елшісі (с.а.с.) былай деген: «Алла тағала тозақта азабы ең жеңіл адамға: “Егер бүкіл дүние сенікі болса, осы азаптан құтылу үшін соны өтемге берер ме едің?” – дейді. Ол: “Иә”, – деп жауап береді. Алла: “Сен әлі Адамның белінде болғанда, Мен сенен бұдан да жеңілін қаладым. Маған еш нәрсені серік қоспасаң, сені тозаққа кіргізбей, жәннатқа кіргізер едім. Алайда сен серік қосудан бас тартпадың”, – дейді»1.

  1. 1Бұхари, «Әнбия», № 3334, «Риқақ», № 6557. Мүслим, «Мұнафиқтар», № 2805a.
5096
Кутуб ситтә, № 5096 · тараудағы реті: 8Риуаят етуші: Ибн Омар (р.а.)

وَعَنِ ابْنِ عُمَرَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: إِذَا صَارَ أَهْلُ الْجَنَّةِ إِلَى الْجَنَّةِ وَأَهْلُ النَّارِ إِلَى النَّارِ، جِيءَ بِالْمَوْتِ حَتَّى يُجْعَلَ بَيْنَ الْجَنَّةِ وَالنَّارِ، فَيُذْبَحُ. ثُمَّ يُنَادِي مُنَادٍ: يَا أَهْلَ الْجَنَّةِ خُلُودٌ فَلَا مَوْتَ، وَيَا أَهْلَ النَّارِ خُلُودٌ فَلَا مَوْتَ. فَيَزْدَادُ أَهْلُ الْجَنَّةِ فَرَحًا إِلَى فَرَحِهِمْ. وَأَهْلُ النَّارِ حُزْنًا إِلَى حُزْنِهِمْ. أَخْرَجَهُ الشَّيْخَانِ وَاللَّفْظُ لَهُمَا، وَالتِّرْمِذِيُّ بِمَعْنَاهُ.

Қазақша аудармасы

Ибн Омар (р.а.) жеткізген хадисте Алла елшісі (с.а.с.) былай деген: «Жәннаттықтар жәннатқа, тозақтықтар тозаққа кіргенде, өлім әкелінеді. Оны жәннат пен тозақтың арасына қойып, бауыздайды. Сосын бір дауыс: “Уа, жәннаттықтар! Енді мәңгілік өмір бар, өлім жоқ! Уа, тозақтықтар! Енді мәңгілік бар, өлім жоқ!” – деп жар салады. Сонда жәннаттықтардың қуанышына қуаныш, тозақтықтардың қайғысына қайғы қосылады»1.

Түсіндірме

Хадисте ақыретте өлім болмайтыны өлімді бауыздау арқылы суреттелген. Ибн әл-Араби бұл бейненің түсіндірмесі жайында: «Өлім – денеге тән дерексіз сипат, яғни араз. Ол қалай денеге айналып, қалай бауыздалады? Осы мәселе себепті бір топ хадистің дұрыстығына күмән келтірді, екінші топ оны теңеу деп жорыды. Тағы бір топ шынымен бауыздалатынын, бауыздалатын нәрсе жан алуға міндеттелген және жұрт танитын тұлға екенін айтты», – дейді.

Ибн Хажардың айтуынша, кейінгі ғалымдардың көбі соңғы жорамалды орынды көрген. Жан алуға міндеттелген тұлға дегенді «Сәжде» сүресінің 11-аятында аталған өлім періштесі деп түсінген. Олар: «Ақыретте өлім періштесі қала берсе, жәннат тұрғындары алаң күйде болар еді», – деген. Осы түсіндіру бойынша, оның өлуі жәннат тұрғындарының қуанышын арттырып, тозақ тұрғындарының қайғысын тереңдетеді.

Ибн Хажар кей әлсіз риуаяттарда өлім періштесінің де өлетіні, тіпті жаратылғандардың ең соңында өлетіні айтылғанын келтіреді. Ол мұндай риуаяттарды жеткізуге келмейтіндей әлсіз санап, хадисті теңеу деп жориды. Мазири: «Біздің түсінігімізде өлім – араз, ал мұғтазила оны дербес мағына деп есептемейді. Екі ұстаным бойынша да өлімнің өзі қошқарға не басқа денеге айналмайды. Сондықтан мұны теңеу деп ұққан жөн. Алла сондай бір бейне жаратып, оны бауыздау арқылы жәннаттықтарға өлімнің енді болмайтынын көрсетеді», – дейді.

Құртуби «әт-Тәзкирада»: «Өлім – бір мағына. Мағыналар денеде көрініс тапқанда өз болмысын жоғалтпайды. Алла амалдардың сауабын бейнелейтін тұлғалар жаратады. Өлім де солай. Алла бір қошқар жаратып, оны “өлім” деп атайды да, жәннаттықтар мен тозақтықтардың көкейіне оның өлім екенін салады. Қошқардың бауыздалуы екі мекенде де мәңгілік орнағанын білдіреді», – дейді.

Басқа ғалымдар Алланың дерексіз сипатқа дене беруіне бөгет жоқ деген. Олар Мүслімдегі мына хадисті дәлел еткен: «“Бақара” мен “Әли Имран” сүрелерін оқыңдар. Қиямет күні ол екеуі екі бұлт секілді келеді».

Тозақтықтардың халі жөнінде жетіге дейін көзқарас айтылған. Әһлі сүннет ғалымдары тозаққа мәңгілікке кесілгендер онда өле де алмай, азабы жеңілдемей қалады деген пікірді қабылдаған. Аятта: «Күпірлік еткендер үшін жаһаннам оты бар. Онда оларға өлім бұйырылмайды әрі азаптары жеңілдетілмейді. Әрбір қасарысқан кәпірді осылай жазалаймыз»2 делінген. Тағы бір аятта: «Олар күйзелістен жаһаннамнан шыққысы келген сайын, оған кері қайтарылады да: “Күйдіргіш азапты татыңдар”, – делінеді»3.

  1. 1Бұхари, «Риқақ», № 6548. Мүслим, «Жәннат», № 2850. Тирмизи, «Жәннат», № 2557, мағыналас нұсқа.
  2. 2«Фатыр», 36-аят.
  3. 3«Хаж», 22-аят.