Хадис

Кутуб ситтә, № 5099

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
809. Жәннат пен тозақ. Жәннат пен тозақтың ерекшеліктері. Жәннаттың ерекшеліктері
Нөмірі
№ 5099 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 3
5099
Кутуб ситтә, № 5099 · тараудағы реті: 3Риуаят етуші: Әбу Һурайра (р.а.)

وَعَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قُلْتُ: يَا رَسُولَ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ مِمَّ خُلِقَ الْخَلْقُ؟ قَالَ: مِنَ الْمَاءِ. قُلْنَا: الْجَنَّةُ مَا بِنَاؤُهَا؟ قَالَ: لَبِنَةُ فِضَّةٍ وَلَبِنَةُ ذَهَبٍ. وَمِلَاطُهَا الْمِسْكُ الأَذْفَرُ، وَحَصْبَاؤُهَا اَللُّؤْلُؤُ وَالْيَاقُوتُ، وَتُرَابُهَا الزَّعْفَرَانُ، مَنْ يَدْخُلُهَا يَنْعَمُ وَلَا يَبْأَسُ، وَيَخْلُدُ وَلَا يَمُوتُ، وَلَا تَبْلى ثِيَابُهُمْ، وَلَا يَفْنَى شَبَابُهُمْ: ثُمَّ قَالَ: ثَلَاثَةٌ لَا تُرَدُّ دَعْوَتُهُمْ: الْإِمَامُ الْعَادِلُ، وَالصَّائِمُ حِينَ يُفْطِرُ وَدَعْوَةُ الْمَظْلُومِ يَرْفَعُهَا اللَّهُ فَوْقَ الْغَمَامِ، وَتُفَتَّحُ لَهَا أَبْوَابُ السَّمَاءِ. وَيَقُولُ اللَّهُ: وَعِزَّتِي لَأَنْصُرَنَّكِ وَلَوْ بَعْدَ حِينٍ». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ». الْمِلَاطُ» الطِّينُ الَّذِي يُجْعَلُ فَوْقَ سَافِي الْبِنَاءِ يُمْلَطُ بِهِ الْحَائِطُ. أَيْ يُصْلِحُ. وَ«بَئِسَ يَبْأسُ» إِذَا افْتَقَرَ وَاشْتَدَّتْ حَاجَتُهُ.

Қазақша аудармасы

Әбу Һурайра (р.а.) былай дейді: «“Уа, Алланың елшісі! Адамдар неден жаратылған?” – деп сұрадым. Ол: “Судан”, – деді. “Жәннат неден тұрғызылған?” – дедік. Ол: “Бір кірпіші күмістен, бір кірпіші алтыннан. Оларды ұстастырған ерітіндісі – хош иісті миск. Малтатасы інжу мен жақұттан, топырағы зағыпыраннан. Оған кірген жан рақатқа кенеліп, қиындық көрмейді, мәңгі жасап, өлмейді. Киімі тозбайды, жастық шағы өтпейді”, – деді».

Алла елшісі (с.а.с.) сөзін жалғап: «Үш адамның дұғасы кері қайтарылмайды», – деді.

• Әділ басшы.

• Ауыз ашар сәттегі ораза ұстаушы.

• Жәбір көрген жан. Алла оның дұғасын бұлттардың үстіне көтереді, оған аспан есіктері ашылады. Алла тағала сол дұғаға: «Ұлылығыма ант етемін, біраз уақыт өтсе де, саған міндетті түрде жәрдем беремін», – дейді1.

Түсіндірме

1. Алла Елшісі (с.а.с.) бұл хадисте үш іске назар аударады: әділдік сақтау, ораза ұстау және жәбір көргенде сабыр ету. Алғашқы екеуі – құлшылық. Үшіншісі жәбір көрсетудің ауыр күнә екенін ұқтырады. Ғалымдар «жәбір көрген жан» деген сөздің кімге де қатысты екенін айтқан. Жәбір көрген адам кәпір, пасық немесе екіжүзді болса да, оның дұғасы қабыл етіледі. Оның сенімі не мінезі басқа адамға оған қиянат жасау құқығын бермейді. Бұл жөнінде бұған дейін де өзге хадис нұсқаларын келтірдік.

2. Хадистегі يَرْفَعُهَا فَوْقَ الْغَمَامِ тіркесін «Алла жәбір көрген жанның дұғасын бұлттардың үстіне көтереді» деп аудардық. Тіркес екі түрлі түсіндіріледі.

1) Бұлттардың үстіне көтерілетін әрі Алла ертелі-кеш жауап беретін дұға – жәбір көрген жанның дұғасы.

2) Бұл – хадисте аталған әділ басшының, ауыз ашар сәттегі ораза ұстаушының немесе жәбір көрген жанның дұғасы.

Әли әл-Қари екі түсіндіруді де ықтимал санайды. Оның пікірінше, бұл сөз тек жәбір көрген жанға қатысты болуы да мүмкін. Өйткені мұндай күшейте айту жәбірдің ауырлығын көрсетеді, ал қалған екеуінің дұғасы сонымен бірге аталған. Зұлымдық көрген адам күйігінен Аллаға налып, жалбарынады. Алла мұндай адамның дұғасына жауап беретінін аятта білдіреді: «Қиналған жан Өзіне жалбарынғанда, оның тілегіне жауап беріп, басындағы ауыртпалықты сейілтетін кім?»2

3. Хадистегі بَعْدَ حِينٍ дегенді «біраз уақыт өтсе де» деп аудардық. Алла дұғаларға жауап беретінін уәде еткен. Алла Елшісі (с.а.с.) осыны хабарлайды. Аяттар мен хадистер жауаптың дәл сол сәтте әрі дәл сұралған күйде келетінін айтпайды. Жаратушы – Хаким, әр істі даналықпен атқарады. Тілегенді сол сәтте беруі де, он, жиырма, қырық жылдан кейін беруі де мүмкін. Тілек ескерусіз қалмайды. Мағынасы: «Уа, жәбір көрген құлым! Аяққа тапталған ақыңды аяқсыз қалдырмаймын. Көп уақыт өтсе де, дұғаңды кері қайтармаймын. Мен – Халиммін, құлдарымды жазалауға асықпаймын. Бәлкім, тәубе етіп, жәбір көргендердің ақысын қайтарып, қиянаттан тыйылар деп мұрша беремін».

Хадис Алланың залымға мұрша беретінін әрі оның қиянатын ескерусіз қалдырмайтынын ұқтырады.

  1. 1Тирмизи, «Жәннат», № 2526. Тирмизи риуаяттың жеткізу тізбегі жөнінде ескерту келтіріп, Әбу Һурайрадан басқа тізбекпен де жеткенін айтқан.
  2. 2«Нәмл», 62-аят.