وَعَنْ أَبِي مُوسَى رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: جَنَّتَانِ مِنْ فِضَّةٍ، آنِيَتُهُمَا وَمَا فِيهِمَا؛ وَجَنَّتَانِ مِنْ ذَهَبٍ، آنِيَتُهُمَا وَمَا فِيهِمَا؛ وَمَا بَيْنَ الْقَوْمِ وَبَيْنَ أَنْ يَنْظُرُوا إِلَى رَبِّهِمْ إِلَّا رِدَاءُ الْكِبْرِيَاءِ عَلَى وَجْهِهِ فِي جَنَّةِ عَدْنٍ». أَخْرَجَهُ الشَّيْخَانِ وَالتِّرْمِذِيُّ.
Әбу Мұса (р.а.) жеткізген хадисте Алла елшісі (с.а.с.) былай деген: «Екі бақ күмістен, ыдыстары мен ішіндегінің бәрі де күмістен. Екі бақ алтыннан, ыдыстары мен ішіндегінің бәрі де алтыннан. Адн жәннатында жұрттың Раббысын көруіне Оның жүзіндегі ұлылық жамылғысынан басқа бөгет жоқ»1.
Түсіндірме
1. Хадистің басқа нұсқасы: «Фирдаустың бақтары төртеу. Екеуі алтыннан, екеуі күмістен», – деп басталады. Өзге риуаяттарда алтыннан болған екі бақ Аллаға жақындарға, күмістен болған екеуі амал дәптері оң қолынан берілгендерге арналғаны айтылады.
Бұл хадис жәннаттың алтын және күміс кірпіштен, яғни бір қатар алтын, бір қатар күмістен қаланғанын білдіретін риуаяттарға сырттай қайшы көрінеді. Ғалымдар хадистерді өзара үйлестіріп, біріншісі әр бақтағы ыдыстар мен өзге нәрселердің, екіншісі барлық бақты қоршаған қабырғаның сипатын білдіреді деген. Оған «Алла Тағала жәннаттың қабырғасын бір қатар алтын, бір қатар күміс кірпіштен тұрғызған» деген риуаятты дәлел еткен.
2. Хадисте Алланы көру мәселесі де сөз болады. Әһлі сүннет уәл-жамағат ғалымдары Алланың қиямет күні мүміндерге дидарын көруді ең үлкен игілік ретінде нәсіп ететініне бір ауыздан келіскен. Мазири «жамылғы» сөзін былай түсіндіреді: «Алла Елшісі (с.а.с.) арабтарға олар ұғатын тілмен сөйлейтін. Рухани мағынаны түсініктеріне жақындату үшін сезіммен қабылданатын бейнелерді қолданатын. Мұнда да көруге бөгет болған нәрсенің жойылып, анық көру нәсіп болатынын осы бейнемен жеткізген». Қади Ияд: «Араб сөз өнерінде астарлы қолданыстың орны айрықша. Аяттағы “кішіпейілділік қанаты”2 соның бір мысалы. Алла Елшісінің (с.а.с.) “ұлылық жамылғысы” деуі де осыған жатады. Мұны аңғармағандар тосырқайды. Сөздің сыртқы мағынасына ғана сүйенгендер Аллаға дене сипатын таңуы мүмкін. Басқалары сыртқы мағынаның Аллаға лайық еместігін біле тұра, не рауилерді теріске шығарады, не орынсыз жорамалға барады. “Ұлылық жамылғысы” – Алланың ұлылығы мен айбынынан туатын көру бөгетін бейнелейтін сөз. Алла қаласа, адамдардың көзі мен жүрегіне қуат беріп, сол бөгетті алып тастайды», – деген.
Ибн Хажар осы түсіндіруден мынадай қорытынды шығарады: «Көруге бөгет болғаны – ұлылық жамылғысы. Хадистегі إِلَّا رِدَاءُ الْكِبْرِيَاءِ тіркесінен кейін сөз түсіп қалғандай. Алла сол бөгетті алып тастағанда, мүміндер Оны көру нығметіне кенеледі. Олар жәннаттағы орындарына жайғасқанда, Алланың айбынынан өзге бөгет қалмайды. Алла оларға игілік тілесе, мейіріміне бөлеп, Өзін көруге қуат береді. “Жақсылық жасағандарға ең көркем сый әрі одан да артығы бар”3 деген аяттың тәпсірінде келтірілген Суһайб хадисінен дәлел таптым. Әбу Мұса хадисіндегі “ұлылық жамылғысы” Суһайб хадисіндегі пердені білдіреді. Алла жәннаттықтарға сый ретінде оны ашады. Бұл хадисті Мүслім, Тирмизи, Нәсәи, Ибн Хузайма және Ибн Хиббан келтірген. Мүслімнің нұсқасында Алла Елшісі (с.а.с.) былай дейді: “Жәннаттықтар жәннатқа кіргенде, Алла Тағала: ‘Сендерге тағы бір нығмет қосқанымды қалайсыңдар ма?’ – деп сұрайды. Олар: ‘Жүзімізді жарқын етпедің бе? Бізді жәннатқа кіргізбедің бе? Бізді тозақтан құтқармадың ба?’ – дейді. Сонда перде ашылады. Оларға Раббыларының дидарына қараудан артық сүйікті нығмет берілмеген”».
Содан кейін Алла Елшісі (с.а.с.): «Жақсылық жасағандарға ең көркем сый әрі одан да артығы бар»4 деген аятты оқыды.
Құртуби: «Рида – ұлылықты білдіретін астарлы сөз. “Асқақтық – ридам, ұлылық – изарым”5 деген хадисте де солай. Мұнда денеге киілетін киім меңзелмейді. Рида мен изар арабтың бір-бірін толықтыратын екі киімі болғандықтан, асқақтық пен ұлылық солар арқылы бейнеленген», – дейді. Ибн Хажардың түсіндіруінше, Алланың ұлылығы және ешкімге мұқтаж еместігі тұрғысынан оны ешкім өздігінен көре алмайды. Мүміндерге дидарын көруді нәсіп етуі – Алланың рақымы мен нығметінің кемелдігі. Көруге бөгет алынғанда, бұл арадағы перде ашылғандай болады. Табаридың жеткізуінше, Әли (р.а.) «Оларға онда қалағанының бәрі бар. Құзырымызда одан да артығы бар»6 деген аяттағы «одан да артығы» – Алланың дидарына қарау, هُوَ النَّظَرُ إِلَى وَجْهِ اللَّهِ, деген.
Ибн Баттал: «Бұл хадисте Аллаға дене мен мекен таңитын мүжассима тобына дәлел жоқ. Аллаға дене мен мекен таңуға болмайтынының айқын дәлелдері бар. Риданы адамдардың Алланы көруіне бөгет болатын бір күй деп түсіндіруге болады. Сол бөгетті алып, дидарын көруді нәсіп ету – Алланың ісі. Бөгет барда Оны көре алмайды. Көру жүзеге асқанда, бөгет жойылады. Сол бөгет астарлап “рида” деп аталған», – дейді.
- 1Бұхари, «Тәпсір», «Рахман», № 4878, «Тәухид», № 7444. Мүслим, «Иман», № 180. Тирмизи, «Жәннат», № 2528.
- 2«Исра», 24-аят.
- 3«Юнус», 26-аят.
- 4«Юнус», 26-аят.
- 5«Рида» – иыққа жабылатын үстіңгі киім, «изар» – белден төмен оралатын киім. Осы сөздер айтылған құдси хадис Мүслимде («Ізгілік және туыстық байланыс», №2620), Әбу Дәуітте («Киім», №4090) келген.
- 6«Қаф», 35-аят.