وَعِنْدَ أَبِي دَاوُدَ قَالَ: «كَانُوا يَتَنَفَّلُونَ مَا بَيْنَ الْمَغْرِبِ وَالْعِشَاءِ؛ وَقَالَ الْحَسَنُ رَحِمَهُ اللَّهُ: هُوَ قِيَامُ اللَّيْلِ».
Әнәстен жеткен Әбу Дәуіт нұсқасында былай делінген: «(Мұсылмандар Расулалла (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) бар кезде) ақшам мен құптан арасында нәпіл намаз оқитын. Осыған байланысты “Түн ішінде төсектерін тәрк етіп, (Алланың) қаһарынан қорқып, шексіз мейірімінен үміт еткен күйде Раббыларына жалынып-жалбарынып дұға етеді...” аяты түсті».
Хасан Басри: «Мұнда түнгі намаз меңзелген», – деген.1
Түсіндірме
Осы аятта түнде ұйқысын қиып, төсегінен тұрып, Раббысы үшін құлшылық жасайтын адамдар мақталған әрі олардың қол жеткізетін марапаттары айтылған: «Олар түн ішінде төсектерін тәрк етіп, бір жағынан (Алланың) қаһарынан қорқып, екінші жағынан шексіз мейірімінен үміт еткен күйде Раббыларына жалынып-жалбарынып дұға етеді. Сондай-ақ өздеріне ризық-несібе ретінде берген нығметтеріміздің бір парасын ізгілік жолында жұмсайды. Дүниеде істеген игі істері үшін оларды (ақиретте) көзайым етіп, шаттыққа бөлейтін қандай құпия сый-сияпаттың, нендей тосын нығметтердің сақтаулы (жасырулы) екенін жан баласы білмейді».2
Әнәс (р.а.) аяттың ақшамнан кейін ұйықтамай, құптан намазын күткендерге қатысты түскенін айтқан.
Әбу Дәуіттің кейбір нұсқаларында يَتَنَفَّلُونَ («нәпіл намаз оқитын») деп берілген. Кейбір тәпсіршілер осы нұсқаны қолдаған.
Хадис түсіндірушілері көбіне يَتَيَقَّظُونَ («ояу болатын») нұсқасын дұрыс санаған. Ол Тирмизи риуаятына да сай келеді. Өйткені Тирмизи мәтінінде «күту» мағынасындағы «интизар» сөзі қолданылған.
Ал Хасан Басри аяттың құптанды күткендерге емес, тәһәжжуд намазына тұрғандарға қатысты түскенін айтқан.
Ибн Мардуя тәпсірінде Мәлик ибн Динардан мына сөз жеткен: Әнәстен (р.а.) «төсектерін тәрк етіп...» деген аятты сұрадым, былай жауап берді: «Расулалланың (с.а.с.) сахабалары ақшам намазынан құптан намазына дейін намаз оқитын. Осы аят соларға қатысты түсті». Әзірет Әнәстен осы мазмұндас басқа риуаяттар да келген.
Әзірет Биләл (р.а.) былай түсіндіреді: «Осы аят түскен кезде біз жамағат болып отырған едік, сахабалардан бір бөлігі ақшам намазынан кейін құптанға дейін намаз оқитын».
Ибн Әбу Шәйбаның «Мусаннафындағы» бір риуаятта да әзірет Әнәс (р.а.) ақшам мен құптан арасындағы намазды «нәшиат әл-ләйл» деп атағаны айтылады. «Нәшиат әл-ләйл» тіркесі «Муззәммил» сүресінде келеді және түнде тұруды білдіреді. Ол аят былай: ﴿إِنَّ نَاشِئَةَ ٱلَّيْلِ هِىَ أَشَدُّ وَطْـًٔا وَأَقْوَمُ قِيلًا﴾ «Шүбәсіз, түнгі құлшылықтың әсері әлдеқайда күшті, әрі оқу һәм оқылғанды түйсініп, көңілге тоқу тұрғысынан өте берекелі»3.
Түнгі намазды ақшам мен құптан арасында оқылатын намаз деп түсіндірген табиғиндердің қатарында Әбу Хазим, Мұхаммед ибн әл-Мүнкәдир, Сағид ибн Жубәйр және Зәйнулабидин бар.
Ахмад ибн Ханбалдың «Мүснадында» Хузайфадан мына риуаят келтірілген: «Алла Елшісімен (с.а.с.) бірге ақшам намазын оқыдым. Намаз біткен соң ол қайта тұрып, құптан уақыты кіргенге дейін намаз оқыды. Содан кейін құптан намазын оқып, мешіттен шықты».
Алла елшісі (с.а.с.) ақшам мен құптан арасында үнемі намаз оқымаған. «Түнгі намаз» бөлімінде (№3002–3015 хадистер) жазылғандай, Расулалланың (с.а.с.) құптан намазынан кейін ұйықтап, түнде қайтадан тәһәжжүд намазына тұрғаны көптеген сахих риуаяттарда айтылған.