Хадис

Кутуб ситтә, № 739

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
83. «Сәжде» сүресі
Нөмірі
№ 739 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 4
739
Кутуб ситтә, № 739 · тараудағы реті: 4Риуаят етуші: Убәй ибн Кәғб (р.а.)

وَعَنْ أُبَيِّ بْنِ كَعْبٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ فِي قَوْلِهِ تَعَالَى: «وَلَنُذِيقَنَّهُمْ مِنَ الْعَذَابِ الْأَدْنَى. قَالَ: مَصَائِبُ الدُّنْيَا وَالرُّومُ وَالْبَطْشَةُ أَوِ الدُّخَانُ. شُعْبَةُ الشَّاكُّ فِي الْبَطْشَةِ أَوِ الدُّخَانِ». أَخْرَجَهُ مُسْلِمٌ.

Қазақша аудармасы

Убәй ибн Кәғб (р.а.) ﴿وَلَنُذِيقَنَّهُم مِّنَ ٱلْعَذَابِ ٱلْأَدْنَىٰ دُونَ ٱلْعَذَابِ ٱلْأَكْبَرِ لَعَلَّهُمْ يَرْجِعُونَ﴾ «Оларға осынау үлкен азаптан бұрын, бәлкім, райларынан қайтар деп, одан анағұрлым жеңіл сан түрлі азапты міндетті түрде таттырамыз»1 (Сәжде, 21) деген аят жайлы былай деген: «Жақын азап – дүниедегі кесапаттар, Рум оқиғасы және Батша немесе Духан». (Хадисті риуаят етуші «Батша деді ме әлде духан деді ме екен» деп күмәнданған кісінің Шуғба екенін айтады.)2

Түсіндірме

Үбәй ибн Кәғб «Сәжде» сүресінің 21-аятындағы «жақын азапты» түсіндіреді. Ал «үлкен азап» деп жаһаннам айтылған.

Сахаба жақын азапқа дүниедегі кесапаттар мен Құранның әртүрлі аятында баяндалған оқиғаларды жатқызған.

«Тәйсирдің» мәтінінде اللُّزُومُ («әл-лузум») деп жазылған сөз Мүслимдегі нұсқада الرُّومُ («әр-Рум») деп берілген. Абдулла ибн Мәсғудтан Бұхари, Мүслим және Тирмизи жеткізген риуаяттарда «әр-Рум» да, «әл-Лизам» да аталады. Бірақ соңғысы «Тәйсирдегідей» «әл-лузум» түрінде емес. Бұл сөздің жазылуында қате кетуі мүмкін.

Бұхариде Абдулла ибн Мәсғуд: «Бес нәрсе болып өтті. Олар – әд-Духан, әл-Қамар, әр-Рум, әл-Батша және әл-Лизам», – деген.

Бұхариге түсіндірме жазған Айни осы бес белгіні былай түсіндіреді:

Біріншісі: әд-Духан (түтін). Алла Тағала: ﴿فَٱرْتَقِبْ يَوْمَ تَأْتِى ٱلسَّمَآءُ بِدُخَانٍ مُّبِينٍ﴾ «Көктен анық қою түтін шығатын күнді күт!»3 деген.

Екіншісі: әл-Қамар (ай). Алла Тағала: ﴿ٱقْتَرَبَتِ ٱلسَّاعَةُ وَٱنشَقَّ ٱلْقَمَرُ﴾ «Қиямет жақындады және Ай қақ жарылды!»4 деген.

Үшіншісі: ар-Рум. Алла Тағала: ﴿الٓمٓ ۝ غُلِبَتِ ٱلرُّومُ﴾ «Әлиф, Ләм, Мим. Румдықтар жеңіліс тапты»5 деген.

Төртіншісі: әл-Батша. Алла Тағала: «Күні келгенде оларды пәрменді күшпен бас салып, сазайын береміз»6 деген. Бұл (батша) – Бәдірде болған қырғын.

Бесіншісі: әл-Лизам. Лизам үшін «қуаңшылық» делінген. «Бәдірдегі тұтқындардың бір-біріне байлануы» делінген, «Ол – Бәдірде олардың тұтқынға түсуі. Сол күні жетпіс кісі тұтқынға алынды» делінген. Қуртуби бұл жағдайда батша мен лизамның бірдей нәрсе екеніне назар аудартады.

Хасан Басри «батша» сөзін қиямет күні деп түсіндірген. Оның «өлім» деп түсіндіргені де риуаят етілген.

Сондай-ақ «Күнәларыңыз ажырамас азап болады» деп түсіндірілгені де бар. Айни «лизам» сөзінің «ажырамас», «жалғасымды» деген мағынасына сәйкес жорамалдарды да келтіреді.

«Лизам» сөзінің «жұт» деген түсініктемесіндегі жұт – Алла Елшісінің (с.а.с.) Мекке мүшріктеріне қарсы дұғасынан кейін басталған жұт. Мүслимнің риуаяты бойынша: «Жұт елді қатты күйзелткен, тіпті халық аштықтан тері, өлексе жеп кеткен. Солардың біреуі аспанға қарап, тұман тәріздес бір нәрсе көреді. (Әбден қиналған) Әбу Суфиянның Алла Елшісіне (с.а.с.) өтініш айтудан басқа амалы қалмайды: «Уа, Мұхаммед! Сен Аллаға құлшылық жасауды, туысқа жәрдем беруді бұйырып келдің. Алайда қауымым құрыды. Енді олар үшін Аллаға дұға етші!» дейді».

  1. 1«Сәжде» сүресі, 21-аят.
  2. 2Мүслим, Мунафиқун 42 (2799).
  3. 3«Духан» сүресі, 10-аят.
  4. 4«Қамар» сүресі, 1-аят.
  5. 5«Рум» сүресі, 1–2-аяттар.
  6. 6«Духан» сүресі, 16-аят.