Хадис

Кутуб ситтә, № 740

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
84. «Ахзаб» сүресі
Нөмірі
№ 740 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 1
740
Кутуб ситтә, № 740 · тараудағы реті: 1Риуаят етуші: Ибн Омар (р.а.)

عَنِ ابْنِ عُمَرَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: «إِنَّ زَيْدَ بْنَ حَارِثَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ مَوْلَى رَسُولِ اللَّهِ ﷺ مَا كُنَّا نَدْعُوهُ إِلَّا زَيْدَ ابْنَ مُحَمَّدٍ حَتَّى نَزَلَ الْقُرْآنُ: ادْعُوهُمْ لِآبَائِهِمْ الْآيَة». أَخْرَجَهُ الشَّيْخَانِ وَالتِّرْمِذِىُّ.

Қазақша аудармасы

Ибн Омар (р.а.) былай дейді: «Біз Расулалла (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) азат еткен Зәйд ибн Харисаны “Зәйд ибн Мұхаммед” деп атайтынбыз. Осылай атауымыз «Асыранды балаларыңды өз әкелерінің атымен атаңдар»1 деген аят түскенге дейін жалғасты».2

Түсіндірме

Зәйд ибн Хариса жаһилият дәуірінде құлдыққа түскен. Хаким ибн Хизам оны Хадишаға сатып алып береді. Кейін Хадиша Зәйдті Алла Елшісіне (с.а.с.) сыйлайды. Пайғамбарлық міндет жүктелмей тұрған сол кезде Зәйд сегіз жаста еді.

Әкесі Зәйдтің Меккеде және Абдулмутталибтің немересі Мұхаммедтің жанында екендігін естігенде, өзінің бауырын ертіп, Зәйдті құлдықтан құтқару үшін Меккеге келеді. Олар өздерін таныстырып, Зәйдті азат ету үшін құнын төлеуге дайын екенін айтады. Көп ақша сұрамауын, жеңілдік жасауын өтінеді. Расулалла (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Мен сендерге одан да жақсысын жасаймын. Зәйдті шақырып, таңдауды оған қалдырамын, сендерді таңдаса, ешқандай ақы сұрамастан өздеріңе сыйлаймын. Алайда мені таңдаса, ол кезде бере алмаймын», – дейді. Расулалла (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) Зәйдті шақырып: «Оларды танисың ба?» – деп сұрайды. «Иә, біреуі – әкем, ал анау – көкем!» – дейді Зәйд. Пайғамбарымыз: «Міне, саған қалай қарайтынымды көрдің. Мені ме, әкеңді ме – өзің таңда», – дейді. Зәйд: «Мен олармен барғым келмейді, сенен басқа ешкімді де таңдамаймын», – деген кезде, әкесі мен көкесі таңғалып: «Құрып кеткір, Зәйд, отбасың мен азаттықты емес құлдықты таңдағаның ба?!» – дейді. Зәйд: «Иә, мен бұл кісіден сондай нәрсе көрдім: мен оны ешкімге айырбастамаймын!» – деп жауап береді.

Зәйдтің (р.а.) осы әрекетіне дән риза болған Расулалла (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) оны Қағбаның ауласына апарып: «Уа, халайық! Куә болыңдар, мына Зәйд бұдан былай менің ұлым. Ол маған, мен де оған мұрагер боламын!» – дейді.

Мұны көрген әкесі мен көкесінің көңілі орнығып, елдеріне қайтады.

Міне, Зәйд осы оқиғадан кейін «Зәйд ибн Мұхаммед» деп аталатын болды.

Расулалла (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) Үммі Әйманды Зәйдпен некелестіреді. Осы некеден Усама (р.а.) дүниеге келді. Расулалла Зәйдті және оның ұлы Усаманы өте жақсы көретін. Оларды өз отбасының мүшелері деп санайтын. Мұһажирлерді мәдиналықтармен бауырластырған кезде Расулалла Зәйдті өзінің көкесі Хамзамен бауырластырды. Әзірет Айша Алла елшісі (с.а.с.) жасаққа Зәйдті қосса, оны міндетті түрде қолбасшы етіп тағайындайтынын айтып, былай дейді: «Егер тірі болғанда, оны өзінің орнына қалдыратын еді».

Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) Шамға жасақ аттандырғанда Зәйдті қолбасшы етіп тағайындап: «Зәйд шейіт болса, орнына Жағфар, ол да шейіт болса, Абдулла ибн Рауаха қолбасшы болсын», – дейді. Зәйд осы жорықта, һижраның сегізінші жылы Мутада шейіт болды.

Зәйд – Құран Кәрімде есімі аталған жалғыз сахаба. Бұл – ол үшін зор абырой. Сондай-ақ құлдардан тұңғыш мұсылман болған ерекше абыройлы тұлға. Ол көпшілікке бұйырмаған сәттерде Пайғамбардың (с.а.с.) жанында болып, пайғамбарлықтың кейбір қырларына куә болған. Расулаллаға (с.а.с.) Жәбірейілдің (а.с.) дәрет алу мен намаз оқуды алғаш рет үйреткеніне қатысты риуаят әзірет Зәйд (р.а.) тарапынан жеткен: «Расулалланың (с.а.с.) риуаяты бойынша, Жәбірейіл (а.с.) өзіне келіп дәрет алу мен намаз оқуды үйретеді. Дәрет алып болған соң алақанына су алып, шалбарының ауына сепкен».

Аят асыранды баланы туған әкесінің атымен атауды бұйырады. Өгей әкесінің немесе қожайынының атымен шақырылған Зәйд қана емес еді. Әбу Хузайфаның азат еткен кісісі Сәлимнің жағдайы да Зәйдке ұқсайды. Онымен байланысты бірнеше мәселе де риуаят етілген.

Бұл аят жаңадан қалыптасқан мұсылман қоғамындағы туыстық қатынастарды реттеді. Зәйд мысалы арқылы қан жолымен туыстықты басқаша туыстық байланыстардан бөлген. Соның нәтижесінде туған ана, туған әке және туған бала ұғымдарының шегі айқындалды:

1. Қан туыстығы. «Алланың Кітабы бойынша ет жақын туыстар бір-біріне (мирасқорлық һәм өзара жәрдемдесу мәселесінде) өзге мүміндер мен мұһажирлерден де жақын тұрады».3

2. Туған ана. «Араларыңда әйелдеріне зиһар айтқандар (яғни, талақ айту ниетімен «Сен енді мен үшін анамның арқасындайсың» деп айтқандар) біліп қойсын, әйелдері олардың аналары емес. Олардың аналары өздерін тапқан әйелдер ғана».4

3. Туған әке. Бұған Зәйдке (р.а.) қатысты аят мысал: «Мұхаммед араларыңдағы бірде-бір еркек кіндіктінің әкесі емес»5. Осы аят түскен кезде Расулаллаға (с.а.с.) «әке» деп айтатын ұл баласы жоқ еді. Тек Зәйд (р.а.) қана осылай айтатын. Бұл аят солай атағанның өзінде туған әке мен балаға тән үкімдер жүрмейтінін көрсетті.

4. Туған бала. Бұл да Зәйдке қатысты аяттарда айтылған: «Сондай-ақ (аттарыңа жазғызып алған) асыранды балаларыңды да өз балаларың қылмады. Міне, мұның бәрі құр ауызбен айтқан негізсіз сөздерің ғана. Алла болса, тек ақиқатты ғана айтады һәм әрдайым тура жолға бағыттайды. Асыранды балаларыңды өз әкелерінің атымен атаңдар. Алланың құзырында ең дұрысы сол. Егер олардың әкелерін білмесеңдер, онда олар діндес бауырларың әрі достарың болады».6

  1. 1«Ахзаб» сүресі, 5-аят.
  2. 2Бұхари, «Тәпсір», «Ахзаб», 2 (№4782). Мүслим, «Сахабалардың артықшылықтары», 62 (№2425). Тирмизи, «Тәпсір», «Ахзаб» (№3209, Ибраһим Жанан басылымында №3207).
  3. 3«Ахзаб» сүресі, 6-аят.
  4. 4«Мужадилә» сүресі, 2-аят.
  5. 5«Ахзаб» сүресі, 40-аят.
  6. 6«Ахзаб» сүресі, 4–5-аяттар.