Хадис

Кутуб ситтә, № 741

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
84. «Ахзаб» сүресі
Нөмірі
№ 741 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 2
741
Кутуб ситтә, № 741 · тараудағы реті: 2Риуаят етуші: Әбу Һурайра (р.а.)

وَعَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ «أَنَّ رَسُولَ اللَّهِ ﷺ قَالَ: مَا مِنْ مُؤْمِنٍ إِلَّا وَأَنَا أَوْلَى النَّاسِ بِهِ فِي الدُّنْيَا وَالْآخِرَةِ، اقْرَءُوا إِنْ شِئْتُمْ: النَّبِىُّ أَوْلَى بِالْمُؤْمِنِينَ مِنْ أَنْفُسِهِمْ الْآيَة، فَأَيُّمَا مُؤْمِنٍ تَرَكَ مَالًا فَلْتَرِثْهُ عَصَبَتُهُ مَنْ كَانُوا، وَإِنْ تَرَكَ دَيْنًا أَوْ ضِيَاعًا فَلْيَأْتِنِى فَأَنَا مَوْلَاهُ». أَخْرَجَهُ الشَّيْخَانِ.

Қазақша аудармасы

Әбу Һурайра (р.а.) былай дейді: «Расулалла (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) былай деді: “Мен әрбір мүмінге фәни дүниеде де, ақыретте де адамдардан ең жақынымын. Қаласаңдар, (осы мәселеге қатысты) мына аятты оқыңдар: ‘Пайғамбардың мүміндердегі ақысы һәм оларға деген жанашырлығы, олардың өз ақыларынан әрі жанашырлығынан әлдеқайда артық, сондай-ақ (пайғамбар мүміндерге өз әкелеріндей, тіпті, одан да артық болғандықтан) оның жұбайлары да мүміндердің аналары болып табылады...’1 Мүмін дүние салғанда мал-мүлік қалдырса, оны әке жағынан жақын мұрагерлері алсын. Ал қарыз немесе қамқорлыққа мұқтаж отбасы мүшелерін қалдырса, маған жүгінсін. Мен оның қамқоршысымын”».2

Түсіндірме

Хадис Алла Елшісінің (с.а.с.) әр мүмінге бәрінен жақын екенін түсіндіреді. Мүмін қарызын өтеуге жететін мүлік қалдырмай дүние салса, оның қарызын өтеу, асыраушысыз қалған отбасы мүшелері болса, оларға қамқор болу Алла Елшісіне жүктелген.

Бұхаридің «Кәфәлат» бөлімінде мынадай хадис те келтірілген. Алла елшісі қарызы бар кісінің жаназасына келгенде былай сұрайтын:

– Қарызын өтейтін мал-мүлік қалдырып па? – дейтін. «Иә, қалдырыпты» десе, жаназасын оқитын. «Қалдырмапты» десе:

– Бауырларыңның жаназасын өздерің оқыңдар, – деп, өзі жаназаға қатыспайтын. Алла Тағала мұсылмандарға жеңістер нәсіп еткен соң:

– Мен мүміндерге өздерінен де жақынмын... – деді.

Көріп отырғанымыздай, Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) мұсылмандардың тұрмысы ауыр кезде, өтеуге шамасы жетпейтін қарыз алудан ісімен сақтандырған. Сондықтан қарызды өтейтін мүлкі жоқ адамның жаназасын өзі оқымаған. «Расулалланың намазынан мақұрым қалып қоямын» деген үрей мүминдердің жан дүниесіне қандай ой салатыны айдан анық. Осы әрекеті материалдық жағдай мәз емес кезінде адамдарды өтей алмайтын қарыз алудан қорғаған болу керек. Алайда жеңістерден кейін бұлай жасамауына материалдық жағдайдың жақсаруы ықпал еткен.

«Бұл тәжірибе Расулаллаға (с.а.с.) тән міндет пе әлде одан кейінгі ел басқаратын бүкіл басшыларды қамти ма?» деген мәселе көп талқыланған. Басым пікір бойынша, бұл міндет жалғасады. Қарыз басшының жеке мүлкінен емес, мемлекет қазынасынан өтеледі. Ибн Баттал сияқты кейбір ғалымдар Расулалла (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) бұны өзінің жеке мүлкінен төлегенін жеткізген. Ендеше, Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) бағыштау түрінде қарыз төлеген болса, онда өзінен кейінгі ел басшыларына біреудің қарызын төлеу міндеті жүктелмейді».

«Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) қарыздар адамның қарызын төлеуге тиіс пе еді, бұлай жасау оның міндеті ме еді?» деген сұраққа былай жауап берілген: «Кімде-кім қарыз қалдырса, оны төлеу – менің міндетім». Демек, бұл хадис қарыз қалдырған кісінің жаназасын Алла Елшісінің өзі оқымау жөніндегі бұрынғы амалдың тоқтағанын көрсетеді. «Оны төлеу – менің міндетім» сөзі «соғыстан түскен олжадан және садақалардан өзіне тиетін үлестен төлеу – менің міндетім» дегенді білдіреді. Демек, мұсылмандардың жауапкершілігін мойнына алған кісілер қарыз қалдырып кеткен кісілерге дәл солай қарауға тиіс. Төлемейтін болса, күнәһар болады, маңызды болғаны, өлген адамның мемлекет қазынасындағы үлесі қарызын өтеуге жетуі керек... Ибн Баттал бұған қоса былай дейді: «Имам қарыз қалдырып кеткен өлінің қарызын төлемесе, бұл кісінің қарызы жаннатқа кіруіне кедергі келтірмейді. Өйткені қарызы мемлекет қазынасындағы үлесінен көп болмаған жағдайда мемлекет қазынасынан өзінің қарызы мөлшерінде алашағы бар болып саналады».

Ибн Хажар былай дейді: «Мұндай кісінің жағдайы бір жағынан борышкер, екінші жағынан алашағы бар кісіге ұқсайды. Мұндай кісілер сырат көпірінен өткен соң, жаннат пен тозақ арасында көпірдің соңында тоқтатылады. Аласа-береселері сол жерде өтеледі. Қарызынан құтылғандарға жаннатқа кіруге рұқсат беріледі».

  1. 1«Ахзаб» сүресі, 6-аят.
  2. 2Бұхари, Тәпсір, Ахзаб 1, Кәфәләт 5, Истиқраз 11, Нафақат 15, Фараиз 4, 15, 25; Мүслим, Фараиз 14, (1619).