وَعَنِ ابْنِ عَبَّاسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا فِي قَوْلِهِ تَعَالَى: «مَا جَعَلَ اللَّهُ لِرَجُلٍ مِنْ قَلْبَيْنِ فِي جَوْفِهِ. قَالَ: قَامَ نَبِىُّ اللَّهِ يَوْمًا لِيُصَلِّى فَخَطَرَ خَطْرَةً؛ فَقَالَ الْمُنَافِقُونَ الَّذِينَ يُصَلُّونَ مَعَهُ: أَتَرَى أَنَّ لَهُ قَلْبَيْنِ قَلْبًا مَعَكُمْ وَقَلْبًا مَعَهُمْ؟ فَنَزَلَتْ». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِىُّ.
Ибн Аббас (р.а.) «Алла бірде-бір адамның көкірек қуысында (біреуімен Аллаға, екіншісімен өзгелерге иман келтіріп, құлдық ұрсын деп) екі бірдей жүрек жаратпаған...»1 деген аят жайлы былай дейтін: «Бір күні Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) намаз оқып тұрғанда бір сәт жаңылысты. Жамағаттағы онымен намаз оқыған мұнафықтар дереу: “Оның екі жүрегі барын көрмейсіңдер ме? Бірі сендермен, екіншісі олармен бірге”, – деді. Міне, олардың осы сөзіне байланысты аталмыш аят түсті».2
Түсіндірме
Ғалымдар аяттың түсу себебі жайлы әртүрлі пікір айтқан. Бір бөлігі: «Онымен «Мұхаммедтің екі жүрегі бар» деген мұнафықтардың өтірігін әшкерелеу көзделген. Осылайша Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) жайлы жалған сөздері жоққа шықты» деген және ибн Аббастың (р.а.) жоғарыдағы риуаятын жеткізген.
Кейбіреулері: «Онымен өзінің екі жүрегі бар екенін айтып жүрген бір құрайыштық адам жайлы айтылған» деген. Айтылғандай, бұл кісі: «Менің екі жүрегім бар, солармен бүкіл нәрсені білемін. Олар Мұхаммедтің (с.а.с.) бір жүрегінен абзал» деп бөскен. Аят осыны жоққа шығарды», – деген.
Енді біреулері: «Онымен Расулалла (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) Зәйд ибн Харисаны асырап алғандықтан, соған мысал ретінде осылай айтылды» деген.
Айта кетейік, бұл жерде «жүрек» сөзі ағзадағы қан айналымының орталығы болып табылатын тәндік жүрек емес, керісінше, адамның болмысы, жан дүниесі, рухани ауаны.