Хадис

Кутуб ситтә, № 758

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
87. «Иәсин» сүресі
Нөмірі
№ 758 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 1
758
Кутуб ситтә, № 758 · тараудағы реті: 1Риуаят етуші: Әнәс (р.а.)

عَنْ أَنَسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ «أَنَّ رَسُولَ اللَّهِ ﷺ قَالَ: لِكُلِّ شَيْءٍ قَلْبٌ وَقَلْبُ الْقُرْآنِ يَس؛ وَمَنْ قَرَأَهَا كَتَبَ اللَّهُ تَعَالَى لَهُ بِقِرَاءَتِهَا قِرَاءَةَ الْقُرْآنِ عَشْرَ مَرَّاتٍ دُونَ يٰسٓ». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Әнәс (р.а.) Алла елшісінің (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) мына сөзін жеткізеді: «Әр нәрсенің бір жүрегі бар. Құранның жүрегі – “Иәсин”. Кім осы сүрені оқыса, Алла оған “Иәсинді” қоспағанда, Құранды он рет оқығанның сауабын жазады».1

Түсіндірме

Хадистегі «жүрек» сөзі «өзек, негіз» дегенді білдіреді. «Иәсин» сүресі – Құран кәрімнің жүрегі» деген сөздер «Құран кәрімде айтылатын негізгі мәселелер осы сүреде жинақталып берілген» дегенді білдіреді. Имам Ғазали: «Құран кәрімнің ең маңызды идеясының иман екенін, ал оның хашырды (қайта тірілуді) растау арқылы кәміл болатынын, «Иәсин» сүресінде хашыр мәселесі өте керемет баяндалғаны, соған байланысты Құранның «жүрегі» деген сипатқа ие болғанын» айтқан. Атақты тәпсірші Фахруддин Рази де осы пікірді құптаған.

«Иәсин»-ді оқудың он есе сауапқа кенелтуіне келсек, былай деуге болады: қандай амалдың қанша сауапқа кенелтетіні Алланың қалауына байланысты. Алла Тағала «Иәсин» үшін осылай белгілеген екен, ардақты Пайғамбар да (с.а.с.) соны сол күйінде жеткізген, біз де соны солай қабылдап, иман келтіруіміз керек.

  1. 1Тирмизи, «Сауаб әл-Құран», 7 (№2887, Ибраһим Жанан нөмірлеуінде №2889).