1. Бірінші хадис жан алқымға келген, «мұхтазар» деп аталатын науқастың жанында тәухид сөзін, кәлима-шәһадатты немесе екеуін де дауыстап оқып, тәлқин жасауды ұсынады. Ғалымдардың айтуынша, науқасқа: «Мынаны айт», – деп бұйырмай, қасында дауыстап айту жеткілікті. Тәлқинді тым жиі жасамаған жөн. Бір айтқан соң, іле-шала қайталамайды. Араға өзге сөз араласса, содан кейін қайта айтады.
Алла елшісі (с.а.с.) өзге бір хадисінде: «Кімнің соңғы сөзі “Лә иләһа иллаллаһ” болса, ол жәннатқа кіреді», – деп, жан тапсырар адамның соңғы сөзі тәухид болғанының маңызын білдірген. Тағы бір хадисте: «Ажал келмей тұрып “Лә иләһа иллаллаһ” сөзін көп қайталаңдар, ажалы таяғандарға да осы сөзді айтып, есіне салыңдар», – делінген.
2. Екінші хадис ажалы таяғандарға «Ясин» сүресін оқуды ұсынады. Кей ғалымдар мұның мәнін «Ясин» сүресінде ақыретке қатысты сөздердің көптігімен түсіндіреді. Олардың айтуынша, сүреде Алла еске алынып, қиямет пен қайта тірілу жайы баяндалады. Ажалы таяған адам осыны естігенде, сол күйлерге бойы үйренеді. Фахруддин әр-Рази «Тәпсир әл-кәбирде» Алла елшісінің (с.а.с.): «Әр нәрсенің жүрегі бар. Құранның жүрегі – “Ясин”», – дегенін келтіріп, ажалы таяғанға осы сүрені оқудың мәнін былай түсіндіреді: «Ол кезде адамның сөйлеуге дәрмені қалмайды. Ал жүрегі бар болмысымен Аллаға бет бұрады. Осындайда оған жүрегін қуаттандырып, иманын бекітетін, кәміл сенімін күшейтетін сөз оқу қажет. “Ясин” сүресінде осының бәрі бар. Онда қайта тірілу, қиямет, бұрынғы қауымдардың күйі мен ақыры, тағдырдың дәлелі, пенделердің ең абзалының Алла тағалаға сүйенуі, таухидтің дәлелі, Алланың теңі де, серігі де жоқтығы, қияметтің белгілері, қайта тіріліп, махшарға жиналу, Арасатта Алланың құзырына жиналу, есеп, жаза және есептен кейін барар мекендер баяндалады. Мұны оқу осының бәрін адамның есіне түсіріп, діннің негізгі мәселелерін аңғартады, қабір мен қияметте өзін не күтіп тұрғанын еске салады».
3. Хадисте «Ажалы таяғандарға оқыңдар» деп емес, «Өлгендеріңе оқыңдар» деп айтылған. Көпшілік ғалым «өлгендер» дегенді ажалы таяғандар деп түсінген. Кей ғалымдар сөздің тура мағынасын алып, дүниеден өткендерге оқу керегін айтқан. Екеуі де меңзелген дегендер де бар.
Ханафи ғалымдарының бір бөлігі осы хадиске сүйеніп: «Адам амалының сауабын басқа біреуге бағыштай алады. Ол Құран оқу, намаз, ораза, садақа немесе қажылық болсын, үкімі бірдей», – деген. Мұғтазила өкілдері وَأَنْ لَيْسَ لِلْإِنْسَانِ إِلَّا مَا سَعَىٰ «Әр адамға өз еңбегінің ғана қарымы тиесілі.»2 деген аятты алға тартып, бұған қарсы шыққан. Ғалымдар қарсы дәлелдер келтіріп, мұғтазиланың пікірін қабылдамаған.